• Ақпарат
  • 04 Қаңтар, 2013

Ұлы дала атаулары

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ Деркөл – Шаған өзенінің саласы. Е.Қойшыбаевтың сөздігіне сүйенер болсақ, «дыр~жер + күл~көл» сөздерінен құралған гидроним «толағай жерас­ты суы» деген мағынаны береді). Ал Б.Базылханның сөздігінде дер – үлкен, мол, көлемді деген мағынаны білдіреді. Соған қарағанда, жерасты суларынан нәр алатын бұл өзеннің Деркөл атауының өзі моңғол тіліндегі мағынамен өте жақын екенін көреміз. Біздің ойымызша, қазақ тіліндегі «толысқан, кемеліне келген» деген мағынадағы «дер шағы, дер кезі», т.б.салыстыруға болады. Бұлдырты – Сырым ауданындағы елді мекен және өзен атауы. Б.Базылханның сөздігіндегі «бұлдруу» – бұдыр жер, қатпарлы, бұжырлы жер деп берген пікіріне қосылып, мұны да түркі-моңғол туыстығының бір көрінісі деп қарауға болады. Демек, бұлдыр//бұлдруу//бұды//бұжыр, т.б. сөздерді гомогенді түбірлер деп қарастырып, олардың тегін, өзгеру процесін тереңірек зерттеу қажет екенін айтқымыз келеді. Жымпиты – Сырым ауданының орталығы, елді мекен. Бұл топонимнің құрамындағы сөздің жымпию етістігімен еш байланысы жоқ. Бұл атаудың көне түркі тіліндегі «чим» – қорған, бекініс мағынасын беретін сөзі мен қосымша арқылы жасалған деген Е.Қойшыбаевтың пікірінің негізі бар. Жым сөзі моңғол тілінде де бар. Б.Базылхан сөздігінде оны «жым жол» деп береді. Жымпиты топонимінің моңғолдық тегі туралы айтылған пікірге толық қосылуға болады. Оның төмендегідей себептері бар: біріншіден, Өлеңті, Бұлдырты, Аңқаты, Қалдығайты, Жымпиты, Шідерті топонимдері бір аймақ көлемінде орналасқан; екіншіден, бұл топонимдердің барлығының да моңғол тілінде баламалары бар; үшіншіден, бұл топонимдердің барлығына да -ды, -ты көне топоформанты жалғанып тұр. Осы дәлелдемелерді негізге ала отырып, Жымпиты топонимі де моңғол тілінен енген деп айта аламыз. Аңқаты – Сырым, Ақжайық аудандарын кесіп өтетін өзен атауы және елді мекен аты. Аңқаты атауын түркі тілдерінде кездесетін мына сияқты сөздермен түбірлес әрі мағыналас деп қараймыз. Қырғыз тілінде – «аң» – шұңқыр, ор; якут тілінде – «аңхай» – жыра, жылға, сай, ор», т.б. Осы деректерге сүйенсек, якут тілінде сақталған жыра, сай мағынасындағы аңхай мен қазіргі қазақ тілінде фразеологиялық тіркес түрінде сақталған «аңқа – аңқасы кебу» дегендегі аңқа «аң – ауыз қуысы, саңылау, өңеш, жұтатын тесік» мағынасындағы түбірден шыққандығын көреміз. Ал сөз соңындағы -қа В.Котвичтің зерттеуінде, кішірейту, еркелету мағынасын беретін -қан, -кен, -ған, -ген жұрнақтарымен тығыз байланысты да, -ты зат есімнен қатыстық сын есім тудырушы қосымша деп көрсетілген. Осыған орай, екінші пікірді де келтіре кетуді жөн көрдік. Б.Базылханның сөздігінде «анга» – қуаң жер, жаңбыр ­сирек жауатын жер мағынасын білдіреді. Олай болса, «аңқасы кебу» мен «қуаң жер» сөздері синонимдес болып келеді. Аңқаты топонимі – ХІІ ғасырға дейін, түркі даласына Шыңғыс әскері келгенге дейін қалыптасқан атау. «Итак, мы переправились через реку Йаганды именно таким способом. После этого таким же образом переправились через реку Джам (Бұл Жем өзені – Ұ.Е.). Затем перешли через реки Джахыш, Узил, Эрдэн, Варыш, потом Анхаты, Вабна – большие реки» деп жазды А.ибн-Фадлан өзінің күнделік жолжазбасында. Демек, осы деректерге сүйене отырып, Аңқаты атауы көне дәуірлерде, түркі-моңғол тілдері туыстастығы кезеңінде қалыптасқан деп топшылаймыз. Қотантал – Шыңғырлау ауданын­дағы елді мекен. Осы күрделі топоним­нің бірінші сыңары «қотан» туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Ә.Әбдірахманов бұл сөзді хатын//қадын//қадұн//қайың тұлғасында келген сөздегі р>д>т>з>й дыбыс алмасуы­на сәйкес пайда болған қайың атауы деп топшыласа, Э.М.Мурзаев бұл сөздің шығу тегін (кут//кат – бекініс, биік дуалмен қоршалған алап) Үнді-иран тілдеріне жатқызады. Алайда көптеген ғалымдар бұл сөздің шығу төркінін моңғол тіліндегі «қоршау», «дөңгелене орналасу» мағынасымен байланыстырады. Бұл сөз моңғол тілдерінде де, түркі тілдерінде де кездеседі. Мысалы, қазақ тілінде «алқа-қотан отыру» деген тіркес бар. Әдетте, дөңгелене отыруды қазақтар осылай атайды. Көне моңғол тілінде «хотан» – қала, киіз үйлер тобы, қала сыртындағы қорған мағынасын берсе, бурят тілінде «хотон» – мал қорасы және ауылдың топтана, дөңгелене қонуы ұғымында қолданылады. Осы салыстыруларға назар салатын болсақ, моңғол тіліндегі «хотан, хотон» сөзі мен қазақ тіліндегі «қотан» сөзінің алғашқы мағынасы «топтала, дөңгелене орналасу» болса керек. Бұл ұғымдар Э.Мурзаев ұсынып отырған кут//кат сөзімен де мағыналас болып келеді. Бекініс немесе қорған дөңгелене салынады. Яғни орыс тіліндегі хутор (күтір) сөзі де осы кут//кат сөзінің негізінде қалыптасқан деп есептейміз. Олай болса, «қотан» сөзі «тал» сөзімен бірігіп, «дөңгелене, топталып өскен тал» ұғымын беріп тұр. Қотантал топонимін Шығыс Қазақстандағы Қотанқарағай атауымен салыстыру да оларды семантикалық ортақ модель деп қарауға негіз береді. Сайқын – Орал қаласының оңтүстік-батысындағы көл атауы және Орда ауданының орталығы. Ә.Әбдірахманов бұл топонимді қалмақтың «сәәхн» (әдемі) деген сөзінен шыққан деп есептейді. Шынында да, жан-жағын құм қоршаған шөлдегі көл де, сайын далаға көлбей сұлаған Нарын құмының бұйраттары да әдемі көрінетіні рас. Бұл сөздің бірнеше түркі тілдерінде кездесуі оның моңғол тілінен енген сөз екендігін көрсетеді. Біздің ойымызша, бұл сөз де моңғол тілінен енген. Моңғол тілінде де сайқы сөзі бар. Мысалы, Сібірдегі Сайқы өзенінің атауы да моңғол тілінен енген. Е.Қойшыбаев бұл атауды Алакөл ыл­диынан соғатын Сайқан желінің атауымен байланыстырады. Сайқан деп Семей, Талдықорған жерлерінде дүлей желді айтады. Бұл жерлерде «Сайқанның желі­нің ылаңы» деген тіркес те бар. Е.Қойшыбаев Сайқан, Сайқын тұлға­ла­рын бір ұғымның екі түрлі айтылуы деп есептейді. Бірақ ғалымның бұл топшылауымен де келісу қиын. Орда ауданында оңтүстік-шығыстағыдай дүлей жел соқпайды. Нарын ұғымы – ежелден мал қыстағына қолайлы жер. Қысы жайлы, өткір, өкпек желі болмайды. Мүмкін Сайқын атауын қазақ тіліндегі «сайын дала» (кең дала) деген тіркестің құрамындағы сайын (сайын//сайхын) сөзімен салыстыруға болар. «Ақ жайық» өңірінің топонимиясы кітабы бойынша дайындаған Ұлдай Ержанова

6799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6841

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6031

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3770

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3158

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3116

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3092

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2820

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2806

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы