• Руханият
  • 04 Қаңтар, 2013

Мешіт жамағатымен көрікті

мешитҰлттың иманын ұйытып, рухани байы­татын жері – мешіт. Егемендік алған кезде еліміз қайтадан имандылыққа бет бұра бастады. Содан бері қарай республикамыздың түкпір-түкпірінде мешіттер салынып, олардың саны күні бүгіндері екі мыңнан асып та кетті. Мұндай үрдістен атыраулықтар да қалыс қалған емес. Қазір Атырау облысының көптеген елді мекендерінің орталықтарында Алланың үйі бар. Киелі Нарын құмы ерекше шипагерлік қабілетімен танылған аруақ иелері – халық емшілеріне кенде болмаған ғой. Солардың ішінде, әсіресе сынықшы, емші Сәт әулие есімі халық арасында айрықша аталады. Сәт әулие – ХVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген атақты батыр әрі қолбасшы Жайық Беріш Құттығайдың шөбересі әрі руы Тағашы Есентемір, оның ішінде Әжімбет бөлімінен шыққан Көккөз есімді әулиенің жиені. Сәт атадан Биден, Жақия, Бексейіт, Мыңсейіт, Темірқұл, Құрас, Малмақ дүниеге келеді. Сәт атаның қасиеті ұлы Құрасқа қонып, немересі Зинеденге дариды. Жалпы ел аузында Зинеден атаның емшілік қасиеті жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер өте көп, ерекше қасиет иесін көзі тірісінде-ақ әулие атаған. Зинеденнің қасиет дарыған ұлдары Уәлитхан мен Рысбай өмірден жас кетсе де, екеуі де ардақты әкесінің абырой-атағына қылау жуытпай, оның сенімін ақтады. Рысбай жоғары білімді мал дәрігері мамандығын алған соң, туған ауылында біраз жылдар абыройлы еңбек етті. Мал шаруасымен қоса 2000 жылы «Сәт ата» ЖШС-ін құрып, мұнай өңдеу, оны халық қажетіне жарату ісіне де атсалысты. Шаруашылық жүргізудегі шеберлікпен бірге Рысбай қоғамдық өмірден де сырт қалмады. Екі мәрте халық қалаулысы болып сайланды. Кәсіпкерлігімен бірге қоғам алдындағы пайдалы істері жоғары бағаланып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қолынан «Парыз-2008» конкурсы жеңімпазы атанып, арнайы сыйлық алды. Тіпті батылдық танытып, Исатай ауданының орталығы Аққыстауда мешіт құрылысын бастаған болатын, оны аяқтауға тағдыр жеткізбеді. Рысбай ағаның ғұмыры келте болса да, аяқсыз қалған мешіт құрылысының жұмысы жүргізіле берді. Енді, міне, бүкіл қалың ағайын-туыстың, жанашыр ел азаматтарының, демеуші кәсіпорын-мекемелердің, кәсіпкер­лердің арқасында төрт жылға созылған барша мұсылмандардың ғибадат ететін киелі орны, көркіне көз тоймайтын әсем де зәулім ғимарат пайдалануға берілді. Сол күні мешіттің ашылу салтанатына Астанадан келген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет қатысты. «Зинеден ата» атындағы мешіт үйінің қызыл кермесін салтанатты түрде қиған ол ақ тілегін айтып, дұғасын оқыды. Осы жерде бір айта кететін жайт – Бас мүфтимен бірге керме лентаны қию құрметіне Сәт баба немересі Күнтуған Құрасұлы, облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров, Ділдә қажы Матайқызы, ал мешіттің есігін ашу құрметіне Күнтуғанұлы Бауыржан мен Рысбайұлы Есенаман ие болды. – Бүгінде ешбір мемлекет руханиятсыз өмір сүре алмайды. Ислам діні халқымызға мыңдаған ғасырлар бойы таяныш болды. Себебі бұл елді бірлікке, тыныштыққа, имандылыққа, адалдыққа, әділдікке, парасаттылыққа, байсалдылыққа шақыратын ғажап дін. Бұрын еліміз бойынша 68 мешіт болса, қазір олардың саны 2300-ге жетті. Бүгінгі бүкіл жамағат ортақтасып отырған мешіт соның бір көрінісі десем, артық айтпаған болар едім. Ал халықты имандылық пен бірлікке шақыратын орынның бірі – осы бүгінгі ашылып отырған мешіт үйі. Бүгінгі мешітке есімін бергелі отырған Сәт атаның ұрпағы Зинеден деген есім арабша «дінге адалдық» деген мағынаны береді. Ендеше, бауырларым, тағы да айтамын, Ислам діні – дұрыс жол. Ол сондай-ақ ғылым жолы. Мешіттеріңіз құтты болсын! Ел аман, жұрт тыныш болсын. Елбасымызға амандық тілейік! Мешіттеріңіз жамағатымен көрікті болсын! – деп сөзін аяқтаған ол жаңа мешіттің имамы Құрметқали Бақтығұловқа өзінің қолы қойылған діни ғимараттың сертификаты мен аса таяғын табыс етті. Сондай-ақ Бас мүфти мұсылманшылық ғибадат шарасын жасап, барша жамағатпен бірге намазға тұрды. Шараның екінші бөлімі жазушы-драматург Рақымжан Отарбаевтың «Сәт баба ұрпақтары» атты кітабының тұсаукесеріне жалғасты. Рекең: – Алладан аян боп келетін осы ғаламат қасиет пен Сәт әулие, шипагер Зинекең, шарапат иесі Уәлитхан мен Рысбай, бүгінгі Бауыржан хақында кеңінен толғап көсілгім келген. Бірақ осы жинаққа үн қосқан, ақтарыла сыр айтқан азаматтардан асырып лебіз жарыстыру мүмкін болмады. Сондықтан бұл кітапқа ел азаматтарының естелік әңгімелері топтастырылып, өзімізше ой қорыттық, – десе, Ділдә қажы Матайқызы имандылық тақырыбында өз ойын өрбіте келіп, кітап жөніндегі пікірін ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Асқар Әбдіров облыс әкімі Бақтықожа Ізмұханбетовтің құттықтаухатын оқып берсе, жанбайлық ақын, атаның жиені Адайбек Сәдірұлы мешіттің ашыл­уы мен кітапқа байланысты жүректен шыққан өзінің ақжарма өлеңін арнады. Бұдан кейін Сәт баба ұрпақтары рухына бағышталып ас берілді. Қасиетті ата-бабалар рухына дұға оқылғаннан кейін Күнтуған Құрасұлы аға сөз сөйлеп, барша ағайын-туысқа, Астана және Атырау қаласынан келген құрметті қонақтарға, Астана әкімі И.Тасмағамбетовке, Бас мүфти Ә.Дербісәлі хазіретке, мешітті тұрғызуға атсалысқан демеуші кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға, жанашыр азаматтарға, құрылысшыларға, екі інісі Уәлитхан мен Рысбай мезгілсіз дүниеден өткенде қолдау білдірген халқына арнап ақ тілегі мен алғысын айтты. А. САЛИХОВ Атырау облысы Исатай ауданы

6403 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6845

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6033

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3772

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3160

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3118

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3094

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2822

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2808

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы