• Әдебиет
  • 10 Қаңтар, 2013

Тарихи шындықтың шынайы суреті

Аты-жөні исі қазаққа мәлім зерттеуші қаламгерлер қай заманда да ұлтының тарихына бейжай қарамаған. Бір айыбы мұндай шығармалар кеңестік сүзгіден өтпей қалды, мұндай шығарма халықпен қауышса саналарға саңылау түсіруден үрейленген кеңестік цензура мен үш әріптің «қырағы жендеттеріне» шен алуға негіз болумен тынып, жарық көре алмады, оқырманға жеткен жоқ. Сондай шығармалардың бірі де, бірегейі, кеңес үкіметі құламай жатып-ақ «мызғымас одақтың» қазанамасын әзірлеген көркем шығарма – Мағира Қожахметованың «Жантәсілім» романы.  Бұл роман Жанғаным кейуананың бір қарағанда тұрмыстағы күйбең тірлік әрекетінен басталады. Сырттан кіріп келген Тоқсейіт әшейінде қолы әлденеге тиіп кетсе «опасыз боқ» деп қайталай жүріп бар шаруасын бітіретін кемпірінің бүгінгі әуре-сарсаңына таңғалады. Қазақ ырымында әлі дүниеге келмеген нәрестеге арнап киім-кешек немесе т.б. керек-жарақтарын түгендемейді. Дегенмен, он тоғыз жыл құрсақ көтермеген келіні Сананың бойына бала біткенін естіген енесі Жанғаным әкесінің замандасы Күжбан қарияның тұқымы көпбалалы Көпжасардың «шөп болсаң да көп бол» дегендей, өскен тұқым деп, ырым етіп балалары жатқан бесігін, он бала тапқан келіншегінің қырық жылғы сарғайған ескі шәлісін «болашақ немеремнің жөргегінің арасына салайын» деп жалынып сұрап әкеледі. Романда бүкіл бір атаның үрім-бұтағы жетпіс жыл бойына басынан кешірген дәуір Тоқсейіт шалдың көз алдынан тізбектеле өтіп, бұғылылықтардың тыныс-тіршілігі арқылы бүтін бір халықтың үш буыны (Дәмаға, оның балалары мен немерелері) басынан кешірген хал-жайды суреттеу арқылы кеңестік қоғамның болмысы баяндалады. Шығарма оқиғасы Тоқсейіт қарияның тебіреніс-толғанысымен өткенді барлау, бүгінді шолу, зерделеу арқылы өрбиді. Ойлап отырса, қуғын-сүргіннің зұлматын басынан кешірген кейіпкер кеңестік саясат нысанаға алып көзін жою­ды көздеген тұлға, ұлт қасиетін бойына жинаған текті тұқымның өкілі. Ал Нұрхан болса (Айғаным мен Жанғанымның туған бауыры) көзі ашық әрі зерделі, ұлтының болашағы. Мұндай тұлғалар қызыл саясаттың ұстанымына сәйкес жойылуы тиіс болды. Шығармада Тоқсейітпен қатарлас өзге кейіпкерлер – Құрман айтқанға көніп, айдағанға жүріп дегендей, жан сақтаудың жөнін білген, заманның ығына мойынсынған жан. Итемгеннің жөні басқа, мұндайлар мүлдем дүниеге келмесе ғой, әттең, шіркін! «Іштен шыққан жау қауіптірек!» Бұл қай заманда да ұранға айналатын сөз! Итемген не істемеді! Шығарманы оқып отырып оған зауал күтесің (пендеміз ғой). Бірақ жазушы Мағира оны анау айтқан зауалға кезіктірмейді, «иттен әрі, адамнан бері» тіршілік иесі ретінде жаңа заманға алып келеді. Рахман үйінің тұсында Итемгеннің атын сүріндіру, Теңдіктің зиратына барып, Құран бағыштауға ниеттендіру арқылы Итемгенге арғы-бергі өміріне ойша болжам жасатып, тәубесіне бет бұрғызады. Өмір шындығы солай. Роман – ертегі емес! Жанғанымның шала бүлінген әрекетінен Тоқсейіттің ойына қай-қайдағы оқиға оралып, мазасы кетеді. ...Көпжасар дүниеге келген шілдехана үстінде Итемгеннің сатқындығымен Нұрханды ұстап әкетеді үндеместер. Нұрханға шырылдап ара түсіп, тиісті орындарға шағымданып, қуынған Тоқсейіт те кешікпей қудаланып, өзі де ұсталады. Қызыл жендеттердің қолынан өзі құрысқан қоғамның жауы деп танылып, көрместі көреді. Ақыры істемеген ісін «мойындап» итқорлықпен айдалып кете барады... Рахманның шаңырағы опырылғанын әріректегі оқиғаға санағанның өзінде, бір мезгілде бір әулеттен үш шаңырақ (Нұрхан, Құрбан, Тоқсейіт) иесіз, төрт сәби (Октябрь, Кеңес, Қалқан, Дастан) әкесіз, үш ана (Жанғаным, Айғаным, Теңдік) халық жауының әйелі атанып шыға келеді. Соның бәрі Итемгеннің сатқындық «еңбегінің жемісі». Ең сорақысы – психологиялық тұрғыдан алғанда, Нұрханның жесірі – Теңдікті Итемгеннің азғыруына көндіруі – Рахман әулетіне күйрете соққы берумен барабар. Тарих тақырыбына айтулы қалам иелері толымды еңбектерін арнап, тер төгіп жүргенін баспасөз беттерінен оқып та, жарық көрген кітаптарынан қанығып, ащы да болса шындықтың беті ашылар күн туғанына тәубе қылып жүрміз. Ол еңбектері – көкейде жүрген, үн шығарсаң үндеместің құрығына ілігетін кеңестік кезеңде-ақ көкейкесті арман болған тақырып екенін де зерделі қауым жасыра алмайды... «Жантәсілім» атты романы желісі сымдай тартылған жып-жинақы екі кітап. Оқиғаның өрбуі оқушыны бір әулеттің тілегін тілете отырып, Бұғылы ауылының жетпіс жылдық тарихымен көздестіреді. Жиырма жылдай бір шаранаға зар болған келіні Сананың құрсақ көтергеніне жүрегі жарыла қуанып, жақсы ырымды жарым ырысқа балап ниеттеген Жанғаным ананың жанды бейнесін нанымды суреттеуден басталған тарихи көркем шығармада Рахман – Дәм-аға әулетінің жетпіс жылда басынан кешірген зобалаңы, тұтас бір ауылдың тыныс-тіршілігі арқылы баяндалады. Романның басты кейіпкерлері азып-тозған ауылдың тұрғындары, санасы сансыраған ұлт. Аналық, әйелдік, кісілік келбеттен айырылған келін (Жаңыл, Шекер екеуі де шаңырақты ұрпаққа кенелтіп, қойындары құтты болғанымен, діндері қатты. Бірі ішкілікке салынып, отбасының берекесін, азаматының абыройын қашырса, екіншісі ыдыс-аяқ сылдырынан айықпас дау-шар тудырып, ата-енесінің ішінен шыққан балаларының берекесін алады). Тәрбиені тәрк еткен ұрпақ. Шарасыз ер-азамат, жоғарыға бас шұлғудан басқаны білмейтін, мәңгүрттенген жергілікті билік өкілдері. Қалқан сияқты ұлттық санасы сарқылмаған бірлі-жарым ұлт перзентіне жабайы адамға қарағандай қоғамдағы көзқарас... Мағира Қожахметова шығармашы­лы­ғының ерекшелігі де, құпия сыры да, болашаққа бағдар нұсқайтын ұтымдылығы да оның өз кейіпкерлерінен идеал тұтарлықтай дара тұлға жасап шығаруға құлшынбайтындығында. Әр кейіпкерді (тіпті ол типтік бейне болсын, не елден ерекше дара тұлға болсын) өз толғанысы, ішкі тебіренісі арқылы ішек-қарынын жарқыратып рентген сәулесімен айқындағандай анатомиялық тұрғыдан емес, жан дүниесін, ішкі сарайын қалтарыссыз өзіне-өзін әшкерелетеді.

Қалампыр Кенжеғалиқызы, журналист

3761 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5815

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5482

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3220

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2606

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2567

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2546

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2279

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2261

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы