• Әдебиет
  • 10 Қаңтар, 2013

Ақындық мінез немесе көрнекті ақын Қанипа Бұғыбаева туралы

БугыбаеваИә, бәрі есімде... Сонау өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасы болатын. Студент кезім. Тұңғыш өлеңдерім мерзімді басылымдарда Әбу ата Сәрсенбаевтың, Фариза апа Оңғарсынованың жылы лебіздерімен жарық көріп, қанаттанып жүрген кезім. Барша қалам ұстаған жастардың қамқоршысына айналып кеткен Әбу атаның үйіне барып тұратынмын. Арада біраз уақыт көрінбей кетсем Әбу атаның «неге келмей кеттің, жиі-жиі келіп тұр, балам» деген тілегіне орай уақытым бола қалса қалт жібермейтінмін. Алайда той-думаны тынбай жағасып жататын студенттік шақтың қызығы да көп мүмкіндік бере қоймайтын. Бара қалғандағы Ләзиза апамның балдай дәмі таңдайымнан күні бүгінге дейін кете қойған жоқ. Осы бір киелі шаңырақта ұлтымыздың талай марқасқаларын көрдім, таныстым. Солардың ішінде белгілі ақын Қанипа Бұғыбаевамен алғашқы кездесуім айрықша есте қаларлықтай болды. Бір күні Әбу атаның үйіне барсам аласа бойлы, қараторы келіншек отыр екен. Әбу атам өзіне тән мейірімге толы жылы сөздерін айта келіп: «Қазақтың мықты ақындарының бірі – Қанипа апаңмен танысып қой» деді. Ақын апам көңілсіз ғана басын изегендей болды. Алғашқы жүздесудің қызығы сәл кейінірек болды. Сол жылдары Әбу атаның көп томдығы жарық көріп жатқан. Әбу ата өзі бастап, Қанипа апа, мен болып сол кітаптардың біразын сатып әкелмек болдық. Онда үлкен кітап дүкені кәзіргі Райымбек батыр көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында болатын. Кітап дүкенінде Әбу атаммен ұзындау бойлы, ақсары кісі жылы шыраймен амандасып жатты. Кейінірек білсем, ол сол кездегі Баспа және полиграфия жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы (қазіргіше министр) ­Шериаздан ­Елеукенов ағамыз екен. Үйге сол кісінің «Волгасымен» қайттық. Алдыңғы орынға Әбу ата, артқы орынға Шериаздан аға, Қанипа апа және мен жайғастым. Жол бойы Әбу ата мен Шериаздан аға екеуі әңгімелесіп келе жатты. Сөз арасында Әбу атам: «Қанипа, қасыңда отырған министр ағаңмен танысып, жарық көретін таңдамалы жинағыңның таралымын көбейту жөнінде өтініш айтсаңшы» деп қалды. Сонда Қанипа апам: «танысып не істеймін, кітабым бір-ақ дана болып шықса да маған жетеді» деді. Әбу ата мен Шериаздан аға үнсіз қалды. Қатты ыңғайсыз болғанын сездім. Соның арасынша үйге де келіп қалыппыз. ­Шериаздан аға бізбен жылы қоштасты да жүріп кетті. Дастарқан басында Әбу ата Қанипа апама қатты реніш білдірді. Әдеттегідей Ләзиза апам: «Әбеке-ау, Қанипаның мінезін білесіз ғой, аңқау, адал ғой. Сіздің айтпағыңызды түсінбей қалған болар» деп араша түсті. Айтқандай сол жылы Қанипа апаның «Көк белестер» атты алғашқы таңдамалы жинағы жарық көрді. Әңгіме осы жинақ төңірегінде болыпты. Адал, сәбидей ақкөңіл Қанипа апамның қызық мінездеріне кейін де бірнеше рет куә болдым. Ал оның орнында басқа бір адам болса, министрге жата-жабысып, кітабының таралымын көбейтіп алар еді. Ал таралым деген сол кезде қып-қызыл ақша болатын. Әлқисса. Әңгімені Қанипа апаның 2011 жылы «Баянжүрек» баспасынан жарық көрген «Адасқан жапырақ» атты жинағындағы күнделіктеріне бұралық. Оны оқып отырғанда ақын ғұмырының тереңіне бойлай түсесіз. Жоғарыда айтқанымыздай, ақын өзінің сенгіштігі, адалдығынан айналасындағы «екі аяқты қорқаулардан» әбден запы болғанын байқаймыз. «...Ойпырмай, адамдардың бәрі саудагер болып кеткен бе? деп ойлаймын. Кімге ісі түссе, соған жағынады. Кімнен қорықса, соған бағынады. Адамның көлеңке жағын көбірек көрген сайын өмір сүру ауырлай береді екен» дейді. Немесе «Өз басынан жақсылығы аспаған, ұсақ қулықтың құлы болғандарды бір-екі-ақ сөзінен танимын. Жанымды өз жанындай түсінетін жанды іздеймін». Осындай ойларды оқып отырып, барарға жер, сырласарға жан таппай шарқ ұрып, мазасызданған ақын жанын көз алдыңызға келтіресіз. «Маған келгенде күннің көзін бұлт бүркеп алады» дейді бір толғанысында. Қарап отырсаңыз, шынайы, шын талантты ақындардың жырлары ғана емес, олардың бастарындағы тағдыр-талайы да ұқсас болады екен-ау. Кешегі Қасым, Мұқағалилардың күнделіктері осылай сыр шертпеуші ме еді?!. «Менің қателіктерім – аңқаулығым, білмегендігімнен. Оттың ыстық екенін білсе, жас бала да жоламас еді ғой. Кейбіреулер адамның бойынан жақсылық көрудің орнына, тек жаман жағын, кірін көргіш, тергіш келеді». Бұл да ақын күнделіктерінің беттерінен. Несін айтасыз, өзгелерді қойғанда қаламгерлер қауымы бір-бірімізді жете түсініп, таланттыларымыз­дың қадіріне жете алып жүрміз бе? Әй, қайдам... Топ құрып, «бей таланттарды» тұмсығынан тесіп, төрге сүйреп жүрген жоқпыз ба?! Болмаса, Қанипа ақын да әдеби ортамыздағы келеңсіздіктерді күнделіктеріне жазып қалдырмас еді-ау. «Кімге не жаздым, кімге қиянат көрсеттім. Ешкімге ешқандай жамандығым жоқ бола тұра, неге мені жәбірлейді, неге мені кеудемнен итереді» демес еді ғой. Жасыратыны жоқ, әдеби ортада Қанипа ақынның «Қожанасыр мінездері» жөнінде аз айтылмайды. «Шын ақын – аңғал, періште сезімде» деген сөз дәл Қанипа ақын жайлы айтылса керек. Оған Әбу баба Сәрсенбаевты, Мұқағалиды, тағы басқаларды қосыңыз. Ал бүгін «заманына қарай күйлеген» (Абай) қаламгерлерден аяқ алып жүре алмайсыз. Абыройы, атақ-даңқы бар «аталарын» пана тұтып, барынша өз мүддесіне пайдаланып, салтанатты сарайларда кеш өткізіп, кеудесіне «сөлкебайлар» таққыштардың біразын біз де білеміз. Дегенмен, әдебиетіміздің көр­некті өкілі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қанипа Бұғыбаеваның дүниеден өткен соң Алматы облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген «Адасқан жапырақ» атты жинағына қайта оралсақ. Осыған дейін 20-дан астам жыр жинағы жарық көрген көрнекті ақынның баспа бетінде жарияланбаған жырларына орын беріліпті. Жалпы Қанипа ақынның шығармашылығы жөнінде таңды таңға жалғастырып, әңгіме өзегіне айландыруға әбден болады. Ендігі мәселе Қанипа ақынның жырларына әдебиет зерттеушілерінің ден қою қажеттігін еске салғымыз келеді. Ешкімге ұқсамайтын, өзіндік мәнері, дара дауысы бар ақынның жырларына ғылыми тұрғыдан баға беру. Әрбір ақын – жеке бір әлем. Қанипа ақын әлемі де өзінің асыл құндылықтарын бойына жасырған асыл қазыналарымыздың бірі. Болашақ ұрпақтың, өлеңсүйгіш жұртшылықтың ақын рухы алдындағы парызы осы болса керек. Серікжан ҚАЖИ, ақын

7359 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5753

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5444

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3182

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2570

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2530

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2508

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2241

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2225

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы