• Тіл
  • 10 Қаңтар, 2013

Латын қарпі: ұлт болып шешуге тиісті мәселе

Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында еліміздің даму жолындағы жаңа саяси бағытты белгілеп берді. XXI ғасырдың 10 жаһандық сын-қатеріне тоқталған Елбасы тарихи уақыттың аса жеделдей түсіп, әлем қарқынды түрде өзгеріп отырғанын, адамзаттың үшінші индустриялық революция табалдырығында тұрғандығын, технологиялық жаңалықтардың әлемдік нарықтың құрылымы мен қажеттіліктерін түбегейлі өзгертіп отырғанын, дүниеде дүниетанымдық құндылықтардың ауыр дағдарысы орын алып отырғанын айта келіп, ұлттық дамудың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынды. Президентіміз 2050 жылға дейін кезең-кезеңімен шешілуі тиісті міндеттерді ашып айтты. Мемлекетіміздің ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамыту ісін ынталандыра отырып, әлемдік ақпараттық ағындардың Қазақстан арқылы өтім қабілетін еселеп арттыруы қажеттігін ескертті. Сыртқы саясат мәселесіне тоқтала отырып, оның дәйекті және болжамды болуы, ұлттық мүдделерді ілгерілетуге, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қызмет етуі туралы ойларын ортаға салды. Біздің басымдықтарымыздың өзгермейтіндігін, оның көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылатынын қадап айтты. Сыртқы саясатты жаңғыртудың басты басымдықтары қатарында мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру ісін атады. Жаңа қазақстандық патриотизм мәселесінде «өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміздің керектігіне» тоқталды. «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» деген Елбасы мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра беретіндігімізге тоқтала отырып, сонымен қатар «осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүниежүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек» деген байлам жасады. «Қазақ тілі және тілдердің үш тұғырлылығы» туралы бөлікте: «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген ойларын ортаға салды. Елбасының жоғарыда аталған сындарлы ой-тұжырымдарының бәрі де біздің сөз еткелі отырған тақырыбымызға тікелей қатысты. Сол себепті оларды толық келтіріп отырмыз. Тарихи уақыттың жеделдеп, әлемнің қарқынды түрде өзгеріп бара жатқандығы, оған технологиялық жаңалықтардың, әсіресе ақпараттық технологиялардың тигізіп отырған әсері, әлемдік ақпараттық ағындардың Қазақстан арқылы өтім қабілетін арттыру талабы, сыртқы саясатта мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру талабы, заманауи ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздердің құрайтыны, ақпараттық технология дәуіріндегі ағылшын тілінің рөлі, кейінгі ұрпақтың болашағы үшін латын қарпіне көшуге тиістігіміз анық нәрсе. Мұның «бүкіл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға» жағдай туғызатындығын бір сәт ұмытуға болмайды. Жаңа жыл қарсаңында отандық телеарналар өкілдеріне берген сұхбатында Елбасы латын қарпіне көшуге дайындықтың бар екендігін айтып, сол себепті бұл істі 2025 жылға дейін созбауымыздың мүмкін екендігін ескертті. Енді осы мақсатты мүмкіндігінше тездетіп жүзеге асыру үшін не істеуіміз керек? Ең алдымен, әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жан-жақты үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген абзал болмақ. Оны Елбасымыздың өзі бастап берді. Екінші кезекте жазуды латын қарпіне көшіру мәселесі бойынша тұрақты жұмыс жасайтын мемлекеттік комиссия құрудың қажеттілігі анық нәрсе. Ол комиссияның құрамында ірі мемлекет, қоғам қайраткерлерімен бірге білім-ғылым, мәдениет-ақпарат, қаржы салаларының басшылары мен білікті мамандары жинақталса, нұр үстіне нұр болар еді. Латын қарпіне көшіру ісінің басты-басты мәселелерін (лингвистикалық, дидактикалық, мәдени-ақпараттық, баспаханалық, қаржылық, т.б.) айқындап алған соң, комиссия құрамына кіретін сала мамандары арнайы мақсатта іссапарларға шығып, осы мәселелердің латын графикасын тұтынушы елдердегі, соның ішінде түркі республикаларындағы шешілу тарихын зерделеуі қажет. Ол елдерде орын алып отырған тілдік, әлеуметтік, психологиялық, экономикалық, саяси жағдаяттардың тиімді-тиімсіз, жағымды-жағымсыз жақтары кешенді тұрғыдан зерттелгені жөн. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің ұйымдастыруымен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Философия және саясаттану институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Экономика институты, сондай-ақ Информатика және басқару институтының қатысуымен Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің латын қарпіне көшу тәжірибесін кешенді зерттеу қолға алынған еді. Енді осы мәселе түпкілікті қарастырылып, әсіресе 2007 жылдан бергі бес жыл ішінде болған өзгерістерге терең ғылыми талдаулар жасалғаны абзал. Ерекше жауапты істердің бірі – латын негізді әліпбидің ұлттық стандартын жасау. Қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің жекелеген жобаларын өзара салыстырып, өзге тілдердегі әліпбилермен салғастыру жолымен, олардың заманауи компьютерлік ақпараттық технологиялардың талаптарына сәйкесімділігін тексеру, дидактикалық, эстетикалық, т.т. ғылыми-практикалық талаптар тұрғысынан қолайлылығын сынақтан өткізу жолымен, әліпбидің ең тиімді құрамы анықталып, стандарты жасалады. Латын негізді әліпбидің ұлттық стандарты жасалғаннан кейін, ол мемлекеттік деңгейде бекітіледі. Ғаламторда орналастырылады. Стандартталған әліпби мен оның құрамына кіретін қаріптердің ерекшеліктері ескеріле отырып, жаңа жазудың тұжырымдамасы дайындалады. Тұжырымдаманы даярлау ісінде осы мәселе бойынша 2007 жылы жүргізілген ғылыми зерттемелер нәтижесінде жарық көрген «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» атты жинақта келтірілген тұжырымдардың ескерілгені жөн болар еді деп ойлаймыз. Ең үлкен жұмыс – жазуды латын қарпіне көшірудің мемлекеттік бағдарламасын жасау екені белгілі. Ол іс те абыроймен атқарылады деген сенімдеміз. Сонымен қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің жобалары қандай? Бүгінгі таңда жүзден астам жобаның ұсынылғаны белгілі болып отыр. Осы жобаларды принциптік тұрғыдан жүйелейтін болсақ, үш-төрт нұсқаның негізгі болып табылатынын байқау қиын емес. Бірінші нұсқа – төл дыбыстарымызды бейнелейтін қаріптерден құралған таза ұлттық дәстүрлі әліпби нұсқасы. Әрине, бұл нұсқаның да түрлі варианттары бар. Олар жекелеген қаріптердің бейнеленуіне байланысты ерекшеленеді. Профессор Ә.Жүнісбектің сөзімен айтқанда, «әлеми жазудың тәжірибесіне қарасақ, ешбір мемлекет, ешбір халық кірме дыбыс үшін арнайы таңба ойлап таппайды немесе сол кірме дыбыстың төркін таңбасын алмайды. Таңбаны сол өзінің төл әліпбиінің ішінен қарастырады. Кірме дыбысқа сол дыбыстың төркін таңбасын қоса алу деген бұрынғы кеңес түркі республикаларында (оның қақ төрінде өзіміз бармыз) ғана болды». Бұл нұсқаны қолдаушылар кірме дыбыстардың таңбалануын қосалқы ережеде көрсетуді жөн санайды, «ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналып жасалуы керек» деген көзқарасты ұстанады. Екінші нұсқа – қазіргі кезеңдегі қазақ тілінің төл дыбыстарын бейнелейтін қаріптермен бірге негізгі латындық тізбеге кіретін, сондай-ақ араб, парсы, түркі тілдеріне ортақ сөздік қордағы сөздерде жиі қолданылатын, ескі қазақ жазба тілінде қолданыста болған екі-үш қаріпті (f, v, h) қамтитын, ішінара ымыраластырылған әліпби түрі. Үшінші нұсқа – төл дыбыстарымызды бейнелейтін қаріптермен бірге бұл құрамға енбей қалған кірме қаріптердің біразын қамтитын, мүмкіндігінше толық ымыраластырылған әліпби түрі. Осы кезге дейін пайдаланылып отырған кирил негізді қазақ жазуы осы айтылып отырған мүмкіндігінше толық ымыраластырылған әліпби түріне жататын еді. Сол сияқты, бұл нұсқада да латын әліпбиінің негізгі құрамында бар қаріптер мүмкіндігінше толық алынады. Төртінші нұсқа – соңғы жылдары Түркі кеңесі ұсынған ортақ түркілік әліпби жобасы. Аталған нұсқалардың қай түрінің негізге алынғаны жөн? Ең алдымен ойға келетіні – қазіргі төл дыбыстарымызды бейнелейтін дәстүрлі әліпби нұсқасы. «Ұлттық жазудың әліпбиі ұлттық тілдегі дыбыстардың құрамын бейнелеуі керек» деген тұжырым біздің қай-қайсысымыздың да көкейімізге қонады. Қазақ тіл білімінің, оның фонетика саласының көрнекті маманы, белгілі түркітанушы ғалым профессор Ә.Жүнісбек ұсынып отырған әліпби жобасы осы «Ана тілі» газетінің бетінде жарияланған болатын. Сондықтан оқырман қауым таза ұлттық әліпби жобасының жай-жапсарымен таныс деп ойлаймыз. Екінші кезекте ойға келетіні – Түркі кеңесі ұсынып отырған жоба. Жалпытүркілік бірегейлікке, толық егемендікке ұмтылу – түркі халықтарының ежелден армандаған асыл мұраты. Өткен тарихқа назар аударар болсақ, түркі сөзінің құдіретін танытқан, түркі тілдерінің тазалығы үшін күрескен, түркі тілдерінің әлемдік деңгейде жұмсалып жүрген өзге тілдерден еш кемістігі жоқ екендігін дәлелдеген азаматтардың, жалпытүркілік деңгейдегі ірі тұлғалардың болғанын байқаймыз. Солардың ішінде біртуар бірегей тұлғалар ретінде Махмұт Қашқари мен Әлішер Науаиді ерекше атау қажет. М.Қашқари араб және түркі тілдерін бірге жегілген, бір-бірінен кемістігі жоқ, бір-біріне тең пар атқа балай отырып, түркі тілдерін әлемдік деңгейде қолданысқа шығарудың қажеттігін дәлелдейді. Кейбір түркі тайпалары тілінде сөз арасында парсылық элементтердің ұшырасуын сынай отырып, қай тілдегі қандай элементтердің парсы негізді екендігін көрсетіп отырады. Тіл тазалығы үшін күрес жүргізеді. Одан бергі кезеңде Әлішер Науаи да түркі тілдерінің ортағасырлық парсыдан еш кемістігі жоқ екендігін дәлелдеп, тіл тазалығы үшін күрес жүргізіп, түркілік пен парсылық қолданымдардың басын ашып, айқындап, ара-жігін ажыратып отырды. Түркі тілдерінің, түркі поэзиясының сәні мен сәулетін айғақтап, «түркі тілім», «түркілерім» деп ұрандап өтті. М.Қашқари туындысын ортағасырлық түркі тілінің бас сөздігі ретінде қабылдайтын болсақ, Ә.Науаи шығармаларының шағатайша түркінің негізін құрағаны мәлім. Қазіргі заман қайраткерлері арасынан Мұстафа Кемал Ататүріктің түркі тілдері туралы айтқан сөзі «Түрікше сөздік» атаулының ішкі мұқаба беттерінде беріліп келеді. Ататүрік 1930 жылы «Ұлттық сана-сезім мен тіл арасындағы байланыс өте күшті. Тілдің жалпыұлттық және бай болуы ұлттық сана-сезімнің табиғатындағы ең басты, әсерлі, көңіл толқытарлық жағдай. Түрік тілі – әлем тілдерінің ішіндегі ең бай тілдердің бірі. Сәйкесінше, бұл тілдің кеңінен қолданым табуы қажет. Елі мен жерін, биік егемендігін сақтауды білген Түрік ұлты өзінің тілін де өзге тілдердің қамытынан құтқаруы керек» деген-ді. Өзге тілдің қамытынан құтылудың бір жолы – төл дыбыстарды бейнелейтін ұлттық әліпби жасау болып табылады. Сондықтан түркі халықтарының өзара тілдік қарым-қатынастары үшін бұл әліпбидің маңыздылығы дау тудырмайды. Әлекең де (Ә.Жүнісбек) осы мәселені ескеріп отыр. Ортақ түркілік әліпбидің жаңа жобасының пайда болғанына ерекше ризалығымызды білдіреміз. Бұл жоба түркіаралық қарым-қатынаста айрықша маңызды рөл атқаратын болады. Ортақ әліпби осы мақсат үшін, түркі әлеміндегі өзара түсіністікті сақтап, оны әрі қарай дамыту мақсаты үшін жасалып отыр. Төменде ортақ түркілік әліпби жобасы беріліп отыр. Жоба профессор Ә.Жүнісбектің «Деловой Казахстан» газетінде (№50, 28 желтоқсан) жарияланған «К вопросу об алфавите казахского языка» атты мақаласынан алынды.

A a

J j

N n

T t

Ә ә

Z z

Ņŋ

W w

B b

Y y

O o

U u

Ğğ

Q q

Öö

Üü

G g

K k

P p

Şş

D d

L l

R r

Iɪ

E e

M m

S s

İ i

Бұл – түркі елдерінің жазуларындағы ортақ таңбалар алынып, сондай-ақ жекелеген түркі тілдерінде бар ерекше таңбалар ескерілген, түркі әлеміне арналып ымыраластырылған әліпби жобасы. Ұзақ жылдар бойы, сан ұрпаққа қызмет жасау мақсатында жасалып отырған жоба. Жоғарыда айтылғандай, ортақ түркілік әліпби түркі елдерінің арасындағы тілдік қатынастарда, ортақ ғылыми, мәдени басылымдар шығаруда, т.б. осылар тәрізді мақсаттарда қолданылуы мүмкін. Алайда біріншіден, бұл «бәріміз де өз әліпбилерімізді тастайық, осы әліпбиге бүгін дереу көшіп алайық» дегенді білдірмейді. Яғни бұл әліпби түркі халықтарын олардың төл әліпбилерінен айыруды мақсұт тұтпай­ды. Уақыты келгенше, ең тиімді әліпби жасалғанша әркім өз әліпбиінде қала береді. Осы мәселені естен шығармағанымыз абзал. Бұлай деуіміздің себебі бар. Бір мысал келтірейік. Ортақ түркілік әліпбидегі ә қарпі түркі тілдерінің бірқатарында кеңінен қолданылады. Әсіресе әзірбайжан тілінде. Сондықтан оларға өте қолайлы. Қазақ тілі үшін де қолайлы екені даусыз. Алайда латын графикасын пайдаланатын тілдер тізбесіне көз салсақ, бұл таңбаның әзірбайжан мен шешен тілдерінде ғана ұшырасатыны байқалады. Яғни латын графикасында өте сирек қолданылатын таңба. Керісінше, а қарпінің варианттары өте көп. Бұл «модаға» байланысты жағдай емес. Графикалық тұрғыдан туыстас а қарпінен алыстап кетпеудің жолы. Яғни заңдылық. Бұл – мәселенің бір жағы. Оның екінші жағы да бар. Түрік тілінде атамзаманнан бері ә қарпінің орнына е қарпі қолданылады. Бүкіл ортағасырлық жәдігерліктердің жазба нұсқаларында осындай жағдай байқалады. Қазіргі түріктердің ауызекі тілінде де ә дыбысы болғанмен, оның орнына е жазылады. Дыбыс тілде болғанмен, жазуда жоқ. Түріктердің жазба тілінде осы заңдылық сақталады. Түріктер осылайша ә-нің орнына е қолдана береді. Әліпбидегі ә қарпі өзге түркі тілдері үшін беріліп отыр. Ал түріктер «біз де өзге түркі тілдеріне жақындайық, жазуда е қарпімен жазылып жүрген ә дыбысы бар сөздерді ә-мен жазайық» десе ше? Онда не болады? Бәрі өзгереді! Бір қаріп бәрін өзгертеді! Тілдік жүйе бұзылады. Сондықтан осы жерде байқалып отырғандай, бір ғана қаріпті өзгертудің өзі оңай шаруа емес. Екіншіден, осы әліпбидегі қаріптер құрамына v, f, h қаріптерін қосу қажет сияқты. Себебі біріншіден, в – қазіргі кезеңде жалпы саны жүз миллионнан асып, жүз елу миллионға бара жатқан оғыздардың тілінде ежелден бар дыбыс. Екіншіден, түркі халықтарының бірнеше мыңжылдықтарға созылатын тарихи жолында түрлі мәдениет, өркениеттің араласуынан немесе жақын қатынасқа түсуінен болған, соның нәтижесінде пайда болған ортақ құндылықтар бар. Ежелгі замандардан бері араб, парсы, түркі елдерінің мәдениеті қоян-қолтық араласты. Орта ғасырлардағы арабы-парсы-түркілік ислам мәдениетіне, әсіресе оның асыл жауһар поэзиясына тең келер не ба?! Мәдени, діни негізде ұйысқан ортақ әлемге кіретін араб, парсы, түркі тілдеріне ортақ сөздер жеке тілдердегі сөз қорының басым бөлігіне айналды. Мұндай жағдай түркі жұртының көпшілік бөлігін құрайтын түрік, әзірбайжан, өзбек халықтарының тілдерінде айқын байқалады. Ежелден бері келе жатқан ортақ сөздік қорда ф, х қаріптерімен жазылатын сөздер ерекше мол ұшырасады. Олар өте көп. Бұлар кірме ме, әлде байырғы түркілерде бұрыннан бар дыбыс па? Кірме болса, сонау бағзы замандарда кімнен кімге кірді? Бұлардың кірмелігін әлі дәлелдеу керек. Тіпті кірме болғанның өзінде бағзы заманнан бері келе жатқан, «туыстасып», «бауырласып» кеткен кірмелер екендігі айқын. Біздің қазақтың ескі жазба әдебиет тілінде де, «кітәби тілде», араб графикалы тарихи мұраларымызда ескі түркіден, ортағасырлық түркіден бері келе жатқан в, ф, х дыбыстары таңбаланып келді. Сондықтан олардан біз де бастарта алмаймыз. Олар да қазағымыздың ұлттық мәдениет сарайының кірпіштері болып табылады. Латын қарпіне көшу мәселесі бойынша мақала жазып отырғандықтан, тікелей фонологияның, грамматологияның маманы болмасам да, ұлттық әліпби құрамы жөнінде өз ұсынысымды білдіруім қажет секілді. Бұл, әрине, 2007 жылы жарық көрген «Қазақ графикасы негізіндегі қазақ әліпбиі: тарихы, тағылымы және болашағы» атты еңбекте А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынған жобаларды қолдайтындығымды білдіреді.

кирилше

лат.

кирилше

лат.

1

2

3

4

5

6

7

8

9

10

11

12

13

14

15

16

А а

Ә ә

Б б

Ғ ғ

Г г

Д д

Е е

Ж ж

З з

Й й

Қ қ

К к

Л л

М м

Н н

Ң ң

А a

Ää

B b

Ğğ

Gg

D d

E e

J j

Z z

Y y

Q q

К к

Ll

Mm

Nn

Ņŋ

17

18

19

20

21

22

23

24

25

26

27

28

29

30

31

О о

Ө ө

П п

Р р

С с

Т т

У у

Ұ ұ

Ү ү

Ш ш

Ы ы

І і

Ф ф

В в

Х х (Һ һ)

O o

Öö

P p

R r

S s

T t

U u

Ū ū

Ü ü

Ş ş

I ɪ

İ i

F f

V v

H h

Жоғарыда сөз болғандай, ф, в, х қаріптері – қазіргі қазақ тілі үшін бөгде, жат, тілімізге кейінгі кезде батыс тілдері арқылы енген кірмелер тәрізді көрінгенмен, шындығында ежелгі мәдениетіміздің алтын қорына кіретін қаріптер екенін байқадық. Қазіргі кезде кірме тәрізді көрініп отырғаны үшін ғана оларды тізбенің ең соңында бердік. Ана тіліміздегі, сондай-ақ өзге тілдердегі сөздердің құрамында кездесетін құрама, тіркесті дыбыстарды таңбалайтын Құранды қаріптердің бәрі де қосымша еміле-ережеде беріледі. Мырзаберген Малбақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

5269 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5877

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5522

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3259

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2643

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2605

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2582

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2316

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2299

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы