• Тарих
  • 10 Қаңтар, 2013

Ұлы дала атаулары

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Сарман – Орда ауданындағы елді мекен, татар тілінен енген топоним. Беретін мағынасы – мифтік ұғым. Халық арасында қалыптасқан жынның атын білдіретін сөзді осылай атаған. Ауыз әдебиетінде «Шақырайын шалғайдан сарманымды» деген тіркес осы ұғымға байланысты айтылған. Айбарқұдық – Батыс Қазақстанның сусыз, құмды аудандарының бірі – Қаратөбе ауданында кездесетін топоним. Бұрын осы жердегі халықтың тұрмыс-тіршілігінен бейхабар адам бұл сөзді термин түрінде емес, «Айбардың құдығы» мағынасында қабылдауы мүмкін. Дұрысына келетін болсақ, «Айбарқұдық» атауы құмды жерде қазылатын орасан үлкен құдықтың формасына сәйкес қалыптасқан. Топырақ қабаты құмды, құламалы болғандықтан және оны қаптайтын қажетті шикізаттың жоқтығынан, осы жердің құдықтары үшбұрышты түрде, өте үлкен етіп қазылатын болған. Әдетте мұндай құдықтардың жер бетіндегі ауызы төмендегі кезінен бірнеше есе үлкен келеді. Айбарқұдық кез келген кедей шаруаның пайдаланатын құдығы болмаса керек. Малы көп, ауқатты адам ғана өзіне «Айбарқұдық» қаздырып, малын сол құдықтан суаратын болған. Оның үстіне, бұндай құдықты қаздырудың өзі ауқаттылықтың белгісі болып саналған. Көктемдегі су тасқыны кезінде (олар үнемі ойпатты жерден қазылған. Себебі тұщы қар суы ойпатты жерге ғана жиналады) айбарқұдық опырылып құлаудан аман қалып, бірнеше жыл пайдалануға жараған. Ал айбар сөзін «айбат шегу», «айбат көрсету» тіркесімен салыстыра қарап, «айбат» сөзімен вариант, синонимдес екенін көруге болады. Казталовка – Қарасу өзенінің бойына орналасқан аудан орталығы. Бұл атаудың шығу тарихы төңірегінде бірнеше жорамал бар. 1)Бұл аймақта тал мол болса керек. Әлбетте, тал егілмесе өз-өзінен ешқашан шықпайды. Демек, ол талдарды біреу еккен деген сөз. «Тал екпе» (дұрысы – Екпе тал) сөзі қалыптасып, ол қазақ және орыс Таловкасы деп атау дағдысының негізінде «Казталовка» атауы қалыптасқан. Бұл аймақта ертеде екпе талдың мол өскендігін растайтын мәлімет осы жерлерге жақын елді мекен атауларында тал терминінің көп кездесетіндігі арқылы дәлелденеді. Мысалы, Жалпақтал, Талдықұдық, Талдыапан, т.б. 2)Казталовка атауының шығуын қар суымен байланыстырып, «Таловая вода» сөзінен шыққан дейтін пікірлер де бар. Егер бұл атау осы сөзден шыққан болса, топонимнің негізі орыс сөзі болып шығады. Алайда бұл аймақтың қазақтардың көне мекені екендігі белгілі. Сондықтан ол жерде орыс тілінде топонимдер қалыптасуы мүмкін емес. Русская таловка – кейін пайда болған атау. Бұланды, Бұлан – топонимдері осы аумақты кезінде бұландар мекендегенін білдіретін деректер деп қарауға болатын сияқты. Демек, зоотопонимдер тек жер-су атаулары қызметін ғана атқарып қоймайды, сондай-ақ ол атаулардың қалыптасу кезеңін, сол аймақ фаунасының ерекшелігін де сипаттай алады. Мысалы, Шыңғырлау ауданындағы Шошқалы топонимі (бұл арада – жабайы шошқа, қабан). Саралжын – Қаратөбе, Казталовка, Орда аудандарындағы елді мекен атаулары. Бұл топонимді саралжын деген өсімдік атауынан қалыптасқан деп келдік. Алайда сөздің түбіріне талдау жасаған кезде көне моңғол тілінде де «сиралджин» (қурай) сөзінің бар екендігін анықтадық. Сар (сары) сөзі моңғол тілінде сұр мағынасын беріп, қазақ тіліндегі құла, сұр түстерімен мағыналас келеді. Ал «-алжын» – сын есімнің шырай категориясының көне жұрнағы (қараңыз: -ылтым, -ылжым, -ілдір). Бұл сөздердің мағыналар шөптің түсіне байланысты берілген деген пікір бар. Біз де осы пікірді қолдаймыз. Қайыңды – Орда ауданындағы елді мекен, Қамыстыкөл, Бозоба – Казталовка ауданы, Қарақамыс, Қамыскөл, Шөптікөл, Ақбидайық, Жусандыой – Қаратөбе ауданы, Алмалы – Тайпақ ауданындағы елді мекен, Жалпақтал, Талдыапан, Талдыбұлақ – осы аудан орталығы мен елді мекендер. Сырым ауданындағы Жосалы деген елді мекенінің атауы құрамындағы Жоса өсімдігі көне замандардың өзінде косметикалық бояу ретінде халыққа таныс болған. Қалмақ қыры – Жаңақала ауданындағы Маштексай кеңшарының Екпінді бөлімшесіндегі елді мекен. Қалмақтар жайлы дерек тарихта ертеден белгілі. Біздің заманымызға дейінгі бірінші мыңжылдықта қалмақтар солтүстік Қытай мен қазіргі Моңғолия жерін мекендеген. Тарихтан қалмақтардың Шыңғысхан империясының құрамында болғаны белгілі. Батыс Моңғолияның Ойрат аталатын халқы Жоңғар жерінде өз алдына хандық құрады. Жоңғар хандығы нығайып, жаңа жерлерді басып ала бастады. Ойраттардың торғауыт князы Хо-урлюк 40 мың үймен Сібірдің оңтүстік шекараларына жетіп, Оралдан өтіп, Еділ өзенінің сағасына қалмақ хандығын құрады. Батыс Қазақстан даласы арқылы қалмақтардың өткендігін, олардың қазақ жеріне шапқыншылық жорықтарын жасап тұрғандығын, қазақтардың қалмақ басқыншыларына ойсырата соққы бергендігін және т.б. оқиғалар туралы Қалмақ қыры, Бесқалмақ, Қалмақшағыл (Жаңақала ауданы), Қалмақ (Тасқала ауданы), Қалмаққырған (Орда ауданы), Калмыково (Тайпақ ауданы) топонимдері хабар беріп тұр. Ханкөл – Қаратөбе ауданының Қоскөл кеңшарының бөлімшесі. Бұл атау 1829-30 жылдары Жәңгір ханның осы жерге келіп, өз нөкерлерімен жиын өткізуіне байланысты шыққан. Ханның осы жерге келетінін естіген ел жуандары көл жағасынан құдық қазған. Сол уақыттан бері ауыл Ханкөл, ал құдық Ханқұдық деп аталады. Мұхит атындағы кеңшар – атақты қазақ халық сазгері, әнші Мұхиттың туған жері. Оның мүрдесі де, зираты да осы жерде. Бұл жер – академик Қажым Жұмалиевтің де туып-өскен жері. Сол сияқты белгілі қазақ заңгері, саясаткер Бақытжан Қаратаев пен «Үш жүзге ән оздырған» Мұхит Мералыұлының атақонысы саналатын жердің атауы енді мәңгілік топоним атауы болып қалады. Аққұм – Қаратөбе ауданындағы құм. Құм орнында бұрын қала болған деген аңыздың негізсіз емес екенін археологтардың зерттеулері де көрсетеді. Себебі археологтар құм ішін аралап, қазба жұмыстарын жүргізген кезде тот басқан ақшалар, көптеген алтын білезік, сақиналар мен моңғолдың қайқы қылыштары, садақтың ұшы, темір сынықтары табылған. Ол мұрағаттар өлкелік мұражайда сақтаулы тұр. Қала заманында шапқыншылықтан қираған деген жорамал бар. Ел арасындағы әңгімелерге сүйенсек, Аққұм шаһарын Алшағырдан өшін алған Қобыланды қиратқан екен дейді. Аққұмнан 60-70 шақырым жерде Қобыланды мазары, Қобыланды ауылы дейтін жерлер бар. Аққұмның ортасында көл бар. Ол бірде жарқырап көрініп жатса, бірде көзден тасаланып жоқ болып кетеді екен. Сол себепті ол көл Жұмбақкөл атанған. Әрине, осындай аңызға негізделген жер атауларының сыры терең, салыстырмалы, кешенді зерттеуді қажет етеді. Аққұммен қатар орналасқан Хан орны, Шәр, Оқ атқан, Шымылдық, Едіге тоғайы, Қаратал, Қарауылтөбе елді мекендері де көне тарихтан сыр шертеді. «Ақжайық топономиясы» кітабы бойынша дайындаған Ұлдай ЕРЖАНОВА

5044 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5830

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5493

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3229

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2615

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2576

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2555

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2288

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2270

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы