• Ақпарат
  • 10 Қаңтар, 2013

Италия билігі кімнің қолына өтеді?

римИталия Премьер-министрі Марио Монтидің мерзімінен бұрын отставкаға кетуіне байланысты осы жылдың 24-25 ақпан күндері кезектен тыс парламент сайлауы өтетін болды. 2011 жылдың қараша айында Сильвио Берлускони елді дағдарыстан шығара алмай қызметінен кеткен соң, Марио Монти парламенттің қолдауымен үкімет басшысы әрі қаржы министрі болып сайланған болатын. Берлускониден ауыр экономикалық дағдарысты мұраға алып қалған Марио Монти елді қиындықтан құтқару үшін мемлекеттік шығындарды қысқартып, сонымен бірге итальяндықтардың зейнетке шығу мерзімін 66 жасқа дейін ұзартуға мәжбүр болған еді. Премьерлік қызметі үшін жалақы алмауға уәде берсе де, М.Монтидің реформалары көпшіліктің көңілінен шықпады. Мемлекеттегі митинглер мен шерулер саны көбейіп кеткендіктен, үкімет жетекшісі 2013 жылғы бюджет жоспары бекітілген соң қызметімен қош айтысатынын өткен жылдың желтоқсан айында мәлімдеген болатын.  Парламенттен көп мандат иеленуге ұмтылып отырған негізгі үш топ бар: Біріншісі, социалист Пьера-Луиджи Берсани жетекшілік ететін Демократиялық партия. Екіншісі, премьерліктен кетсе де саясаттан кетпейтінін айтып, өз маңайына жаңа күштерді топтастырған Марио Монтидің центристік коалициясы. Үшіншісі, Сильвио Берлусконидің оңшыл бағыттағы «Халық Еркіндігі» партиясы. Ал Премьер-министрліктен дәмелі адам саны екеу – Пьера-Луиджи Берсани мен Сильвио Берлускони. Берсани басқаратын демократиялық партия солшыл центристік күш болып есептеледі. Пьера-Луиджи Берсани мырзаның өзі бұрын компартияның мүшесі болған, ол Берлускониға қарсы ­саяси бағыт ұстанады. Демократиялық партия саяси реформаларға баса ден қояды және әлеуметтік бағдарламаларды жақтайды. Бұл партия алдағы сайлауда 30 пайыз дауыс иеленеді деп күтілуде. Ал бір жылдан астам уақыт қана үкімет басшысы болған Марио Монти сайлауға қатысу үшін жаңа партия құрудан бастартып, оның орнына центристік коалиция қалыптастыруға кірісті. Ол «Италияны өзгертіп, Еуропаны реформалаймыз» атты бағдарламасын жариялағаннан кейін, экс-премьерді қолдауға Пьера-Фердинанда Касини басқаратын «Орталық Одағы» католиктік және центристік партиясы келісім берді. Біраз күн өткен соң Италияның бұрынғы сыртқы істер министрі Джан-Франко Фини жетекшілік ететін «Италияның болашағы мен бостандығы үшін» партиясы да центристік коалицияға келіп қосылды. Лука Кердеро ди Монтедземоло «Италия келешегі» деп аталатын саяси бірлестігімен бірге осы коалицияға кірді. Марио Монтидің блогы Ватикан тарапынан да үлкен қолдауға ие болады деп күтіліп отыр. Сарапшылар центристік коалиция 15 пайыз дауыс жинайды деп болжауда. Марио Монтидің коалиция құрудағы мақсаты Сильвио Берлусконидің «Халық еркіндігі» партиясына қарсы тұру. Өйткені 2012 жылдың желтоқсан айының басында Берлускони парламент сайлауында партиялық тізімді өзі бастайтынын мәлімдеп, Премьер-министрдің креслосынан үмітті екенін де жасырмаған. Ол бұған дейін бұл орынға үш рет сайланған (1994-1995жж, 2001-2006жж, 2008-2011жж.). Италияны ауыр экономикалық жағдайға душар еткеннен соң, тек оппозиция тарапынан емес, өз партияластары жағынан да сынға ұшырап, 2011 жылы қызметінен кеткен. Жеке өміріндегі қисық жүрістеріне байланысты бірнеше мәрте басы дауға қалған болатын. Мәселен, 2012 жылдың қазан айында салықтан жалтарғаны үшін С.Берлусконидің үстінен қылмыстық іс қозғалып, 4 жылға сотталады. Артынша амнистияға ілініп, соттау мерзімі 1 жылға дейін қысқарады. Берлусконидің екі рет апелляциялық шағым түсіруге құқығы болғандықтан, сот үкімі әлі күнге дейін толық күшіне енбеген. Центристік коалиция мен «Халық Еркіндігі» партиясының сайлау алаңы бір. Марио Монти «орталық» саясатта ойнау арқылы «Халық еркіндігі» партиясына тиесілі электоратты өзіне қаратып алуға кіріскендіктен, Монти мен Берлускони арасында ақпараттық «қырғи-қабақ» соғыс басталып та кетті. Монти Берлускони үкімет басқарған кездегі экономикалық реформаларды сынға алып, Берлусконидің өзін «жауапкершіліктен жұрдай, жүйесіз ойлайтын адам» деп айыптады. Берлускони өз кезегінде Монтидің партиялық базасы болмағандықтан, оның сайлауға қатысуға да мүмкіндігі жоғын айтып кінәлауда. «Халық еркіндігі» партиясы жетекшісінің де Марио Монтиға тап беретіндей жөні бар. Себебі Монти басқарған министрлер кабинеті сотталған азаматтарға барлық деңгейдегі сайлауларға қатысуға тыйым салатын заң жобасының қабылдануына бастамашы болған еді. Егер Берлусконидің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаса, ол парламент сайлауынан шеттетілуі мүмкін. Марио Монти мен Сильвио Берлусконидің арасына сызат түсуінің тағы бір себебі бар. Монти – еуропалық деңгейдегі саясаткер. 1995 жылдан 2011 жылға дейін Еуроодақта түрлі деңгейдегі қызметтерді атқарды. Сол себепті сайлауалды бағдарламаларын да еуропалық деңгейге сүйеніп жасаған. Сайлауда басты фаворит саналып отырған Демократиялық партияның көсемі Пьера-Луиджи Берсани Монтидің сайлауалды бағдарламасы жөнінде «Біз олармен кейбір мәселелер бойынша келісе аламыз, ал кейбіреулерін талқыға салмақ ойымызда бар» деп айтқанына қарағанда, солшылдар болашақта центристермен бірігіп, үкіметтік коалиция құратын сияқты. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, осылайша нағыз саяси дода үстіміздегі жылдың 24-25 ақпанында болғалы тұр. Бейбіт Нәлібаев, саясаттанушы

2806 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5913

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5546

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3284

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2668

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2630

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2606

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2340

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2323

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы