• Тіл
  • 31 Қаңтар, 2013

Келісіп пішкен тон келте болмас

ЖАҢА ҚАРІПКЕ КӨШУДЕ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ЕСКЕРІЛУІ ТИІС Жақан Молдабеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі осы уақытқа дейін бірнеше рет айтылып та, жазылып та келді. Елбасы  «Қазақстан – 2050» Cтратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында және де отандық бұқаралық ақпарат құралдарымен өткізген кездесуінде латын әліпбиіне көшудің еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін айтып өтті. Осыған орай, қазіргі таңда латын қарпіне көшудің бірнеше қажеттіліктері айқындала түсті. Олар – әлемдік ақпараттық байланыс кеңістігіне ену; түркі тілдес халықтардың мәдени мұраларын бір-біріне жақындастыра түсу; болашақта Қазақ мемлекетін қалыптастырудың көпке бірдей тетігін іске қосу. Сол себепті «Латын қарпіне көшу – еліміз үшін қай жағынан алғанда да тиімді» деген пікірді зерделей түссек, бұл кезеңге өту өзімен бірге көптеген қиындықтарды алып келетіні түсінікті бола бастайды.   Олай дейтін себебіміз, қандай да бір маңызды реформаға бетбұрыс жасау – күрделі де жауапты мәселе екендігі талассыз. Бұған ең біріншіден кәсіби сауаттылық, қоғамдық қолдау мен талқылау, мемлекеттік басқару қажет. Бұл үштік өлшемге ұлттық мүдде және ха­лықара­лық тәжірибе тұрғысынан қарау да артықтық етпейді. Өйткені қаріпті ауыстыру барысында осындай факторлар есепке алынуы тиіс. Ендігі таңда латын қарпіне көшетініміз анық болып белгіленген соң, осыған бүгінгі қоғам дайын ба деген сауал өздігінен туындайды. Әрине, 2025 жылға дейін біраз уақыт бар. Дегенмен, оған дейін көптеген ғылыми, әдістемелік жұмыстарды қазірден бастап қолға алғанымыз жөн. Бізде латын қарпіне көшуді қолдай­тындар да, қолдамайтындар да, оған әлі бейжай қарайтындар да баршылық. Олардың бойында «Латын әліпбине көшу қажет пе, қажет емес пе?» деген күдіктердің бар екендігін жасыра алмаймыз. Расында да, болашақ тағдырымызбен, тарихымызбен өзектесіп жатқан міндетті жүзеге асыруда «кемшілік пен қателікке ұрынбаудың жолы қандай?» деген сауал әрқайсысымызға ой салады. Әзірге бұл сауалдарға берілетін жауаптың ғылыми негізі қалыптаса қойған жоқ. Демек, латын қарпіне көшуге байланысты ғылыми тұжырымдама әзірленбей, әліпбиге көшуге байланысты шаралардың нәтижелі бола қоюы қиын. Екіншіден, бұл мәселені ұрандатып, науқаншылдыққа салып, асығыстыққа жол беруге әсте болмайды. Өйткені шешімін таппаған сауалдар кейбір топтардың күдігін сейілткен жоқ, қайта екіұштылық пен енжарлық туындатуда. Ал күдікке түрткі болатын белгілі немесе белгісіз жайттарды жан-жақты әрі терең зерттеу – адам бойында сенімді қалыптастырудың және қоғамды осы рухани бетбұрысқа дайындаудың бірден-бір шарты болмақ. Латын қарпіне көшуді негізгі үш бағытта – мемлекеттік, ұлттық және мәдени саясаттың деңгейінде жүргізу қажет. Бұл үш бағыт латын әліпбиіне көшудің негізі бола отырып, оның мәселелерін кеңінен қамтуға мүмкіндік береді. Әрине, латын қарпіне көшудің әдістемелік негізін жасау тіл мамандарына тиесілі дүние. А.Байтұрсынов атындағы Тіл институтының ғалымдары осы мәселеге қатысты бес жобаны әзірлеп қойған екен. Жобалар өз ұлтымыз бен латын қарпіне көшкен көрші елдердің тәжірибесін мұқият зерттеу барысында әзірленіпті. Сондықтан да латын тілінің әдістемесін тіл мамандары кәсіби деңгейде дайындағандары сөзсіз. Бірақ осы бес жобаның қайсысына тоқтағанымыз дұрыс? Жобаларды қоғамдық талдаудан қалай өткізуге болады? Осыған байланысты кәсіби мәселені арнайы құрылған топ шешуі керек деген пікір бар. Бірақ қоғамдық талқылау болған кезде айтылған ұтымды көзқарастарды арнайы комиссия (комиссия мүшелерін түрлі мамандықтың өкілдері құрғаны жөн) іріктеп, әрбір айтылған ұсыныс-пікірге жіті мән береді деген ойдамыз. Осылайша, бұл мәселе тіл мамандарының ауқымынан да шығып кетуі әбден мүмкін. Өйткені әліпби мәселесі – бұл халықтық мәселе. Мамандар (тек тілшілер ғана емес) осы кезеңнің кемшіліктері мен қателіктерін мейлінше толық және нақты саралап, айқындап берсе құба-құп болмақ. Латын әліпбиіне көшкен көрші республикаларда ұлттық тәжірибе біршама жинақталған. Осы елдердегі оңтайлы тәжірибені өзіміздің ұлттық мәдениетіміздің аясында қарап, түбегейлі зерттеп, содан кейін ғана ендіру мәселесіне көшсек мұның пайдасы мол болар еді. Отандық мамандар көрші елдердің ғалымдарымен, ұлттық комиссия мүшеле­рімен кеңес өткізіп, өзара талқылауды дәстүрге айналдырып жатса, бірлескен іс-шараның тиімділігі де арта түсер еді. Бұл орайда латын қарпіне өтудің этнолингвистикалық, коммуникативті, технологиялық мәселелері де назардан тыс қалмайды деп сенеміз. Әліпбиді халқымызды топтастыратын, әрбір буын ұрпақтарын өзара үндестіретін, елдігімізді ұлықтайтын құрал ретінде қарап бағалағанымыз жөн. Бұған тек лингвистикалық емес, әлеуметтік-мәдени мәселе тұрғысынан келуіміз керек. Тілдік реформаның сәтті жүргізілуі әрқайсысымыздың азаматтық белсен­ділігімізге, ортақ іске орайлы ой тас­тауымызға да байланысты болатыны белгілі. Жаңа бастама патриоттық сезіммен, белсенді атсалысумен толықса, онда ол ұлтымыздың даму траекториясын кеңейте түспек. Ұлттың әлеуметтік ұстанымы ұлтжанды мамандардың ортақ мүддесі болса, бұл әрбір игі бастаманы қозғаушы күшке айналдыратыны белгілі. Тағы бір айтатын мәселе, латын қарпіне жауапкершілікпен қарау керек, оның мәдениетті өркендетудегі үлесі қандай деген сауалға жауап іздеген жөн. Көптің күтетіні – рухани байлығымызды шашып алмай, оған тың серпіліс әкелу. Рухани мұраны іріктеу, жаңа қаріпке көшіру, оны сақтау мен тарату мәселесі де оңай шешілетін мәселе емес. Осы уақытқа дейін «Мәдени мұраның» қаншасы жинақталынды? Оларды жаңа ұрпаққа жеткізудің нақты шаралары қандай болмақ? Бұл бағытта келісілген, бірлесе шешілген шаралар қабылданбай, олар жер-жерде жаппай қолға алынбай, жайбарақат отыруға болмас. Оған қанша уақыт, қаражат және қандай негіз (база) керек деген де мәселе ойландырмай қоймайды. Бұл әзірге сарапталмаған жай. Жоспарланатын іс-әрекеттер ұлттық мәдени дамуға, рухани жаңаруға жол ашуға бағытталса, нұр үстіне нұр болар еді. Нақтылық жетіспеген ортада әртүрлі сауалдар да толастамайды. Латын әліпбиіне көшудегі ойлантатын үшінші бір мәселе – ХХ-ХХІ ғасырлардағы мәдени-рухани сабақтастық мәселесі. Міне, осы сабақтастық үзіліп қалмай ма? Осы уақытқа дейін жасалған әдеби, ғылыми, т.б. мұраларды жаңа ұрпаққа қалай, қанша уақыт аралығында жеткізе алатынын ел Үкіметі айта ала ма? Қазақстандағы мәдениаралық қатынастарды жалғастыру­дың, жетілдірудің қандай жаңа жолдарын ұсынбақ? Бұл әзірге шешімін күтіп тұрған мәселелер екені анық. Ұлттық және мәдени саясатты нақтылайтын, қоғамдық қажеттілік пен ұлттық мүддені үйлестіретін тұтқа мемлекет саясаты екені белгілі. Мемлекеттік саясат қазақты ел және ұлт ретінде танытуға, біртіндеп қазақ мемлекетінің негіздерін нығайтуға бағытталатынын біздер ұмытпауымыз керек. Жобаны жүзеге асыруда мемлекеттік саясат нақты, сатылы, жүйелі және баламалы болуы оның тиімділігін арттырмақ. Расында, мамандарды қайта даярлаудан өткізу, оқу жүйесін материалдық-техникалық жабдықтармен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету күрделі практикалық мәселелер болып табылады. Оны кім және қанша уақыт аралығында дайындай алады? Осы тектес міндеттерді, сондай-ақ жоғарыда аталған ұлттық және мәдени жұмыстарды жүзеге асыру үшін қазіргі әлеуметтік институттар құрылымы жеткілікті ме, әлде жаңа әлеуметтік құрылымдар құрыла ма? Айтуға жеңіл болса да, мұны жүзеге асыру үшін қанша мекемелердің басын тоғыстыру керек екенін кім есептеп көрді? Қалай десек те, латын қарпіне көшуде әлеуметтік институттардың функционалды қызметі айқын болуы тиіс және олар бір-бірінің жұмыстарын жалғастыратын немесе толықтыратын деңгейде болуы абзал. Олай болса, бұл бағыттағы жоспарлау жұмыстарының ауқымын, әрбір кезеңдерін, салаларын анықтау ғылыми негізге, ұлттық тәжірибеге сүйене отырып жүргізілуі керек. Бүгінгі ғылыми зерттеу мен ұлттық тәжі­рибенің деңгейі жаңа бағдардың сұранысын өтеуге дайын ба? Бұл – ойланатын мәселе. Салалық және салааралық, өлкелік, республикалық деңгейде әлеуметтік-мәдени, этникалық-психологиялық талдауларды тұрақты жүргізу – адасудан, қателікке бой алдырудан сақтандырады. Зерттеудің уақытаралық бағдары жасалып, белгіленуі керек. Жаңа міндеттерді орындау қай ведомствоға, қандай кәсіби мамандарға жүктелінбек? Ұйымдастыру, жоспарлау және бақылау жұмыстары, біріншіден, қаражатқа тіреледі, екіншіден, мемлекет тарапынан басқаруды жетілдіру жұмыстарына тәуелді. Ұлттық мүддені үйлестіру дегенде, алдымен «республикамыздағы басты этностар латын қарпіне көшеді ме, әлде қалай?» деген сауал ойға оралады. Бұл мәселе әзірге назардан тыс қалған сияқты. Бұған этносаралық әлеуетті немесе олардың өкілдерін қалай тартуға болады? Осы сауалға жауап табу қажет. Мемлекеттік саясат қоғамдық пікірді оятуға, халық ұсыныстарын жинақтауға, тіптен мезгіл-мезгіл жариялауға араласып жатса, мұндай серпіліс адамның сенімін арттыруға, ұлттық мүдденің ықпалын күшейтуге септігін тигізері даусыз. Бәлкім, ХХІ ғасырда тілдік мәдениетті дамытуға арнайы сайт ашылса артық болмас. Халық тарапынан ынта-ықылас артқан сайын латын қарпіне көшу жұмыстарының нәтижелі болатынына, мәдениетіміздің өрлей түсетініне деген сенім күшейе түседі. Тілдік реформаны жүзеге асыру тіл мамандарының ғана емес, қоғам зиялыларының маңызды мәселесі, ал латын қарпіне көшу ұлттық мүддені ескеру дегеніміздің мән-мағынасы осында деп ойлаймын.

6163 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6273

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5742

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3482

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2864

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2826

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2805

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2535

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2520

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы