• Тұлға
  • 31 Қаңтар, 2013

Шежіре жанашыры

Туған жеріңді сүю, қастерлеу – оның қасиетті топырағын, сол топырақта өсіп-өнген біртуар перзенттерін ардақтаудан басталса керек-ті. Біз бұл сөзді белгілі журналист, этнограф Тынышбек Дайрабайға қатысты айтқан болар едік. Өйткені ол саналы ғұмырын кіндік қаны тамған жер – Сыр өңірінің тарихи шежіресін, даңқты ұл-қыздарының өмірін зерттеуге арнап келеді. Ізденімпаз қаламгердің оқырман қауымға ұсынып келе жатқан сүбелі еңбектері аса бағалы, құнды. Ол еңбектерінде ел өмірінің әрқилы кезеңдерін, тарихи уақыт бедерін арқау етіп келеді. Қаламгердің осы уақытқа дейін жазған туындылары соның айғағы. Т.Дайрабайдың көпшілікке таныс «Оңғар жырау», «Тоғанас батыр», «Сайраған бақта бұлбұлдай» (Қаңлы Жүсіп туралы), «Кете-Шөмекей шежіресі», «Тереңөзек», «Жолбарысты Төребай би», «Сейітжан ақын мен Жорықбай жырау», «Сырдың сырлы сыры», «Сыр перзенттері», т.б. еңбектері бар. Зерттеуші ғалымның жеке мұрағатында есімдері осы уақытқа дейін елеусіз қалып келген тұлғалар туралы деректер мол. Қаламгердің жеке қорында Жорықбай жырау, Сейітжан ақын, Асқарбай Қожахметов, Жарылқап ақын сынды ақын-жыраулардың мұралары сақтаулы. Тәкең Сыр өңірінің би-шешендері, ақын-жырауларының өнегелі өмірлерін толғай отырып, тарихи тұлғалар жөніндегі жеке пайымдауларын да ортаға салады. Кешегі уақытта ғұмыр кешкен ақын-жыраулардың шығармашылығын байыпты зерттеп келеді. Мұндай тақырыптарды әңгіме өзегі етудің бір қиын тұсы – ол кезеңдерден біздің соншалықты алыстап кеткендігіміз. Сол себепті де біз көбінесе ауыз әдебиетіне, жыраулық дәстүрге, өлең-жырға иек артқан халқымыздың баға жетпес бай мұрасын әлі күнге дейін толық жинақтай алмай келеміз. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, Сыр бойынан түлеп ұшқан ақын-жырауларды, дін ғұламаларын, саф өнердің дарынды өкілдерінің шығармаларын, тағдыр-талайларын еліне таныстыруда зерттеушінің еселі еңбегі ересен. Кешегі заманнан сақталып қалған сол бір асыл мұраларды іздеп тауып, жинақтауы өнегелі іс. Қаламгер еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап өнікті де өнімді еңбек етіп, қазақ халқының батырлары мен билерін, от ауызды, орақ тілді шешендерін, ақын-жырауларын, ел-жұртқа дін ислам рухын сепкен ғұлама-ахундар мен ишандар туралы жазып, өнегелі істі қолға алды. Кеңестік кезеңде мұндай тақырыптар жабулы күйінде қалғанынан болар, жұртшылық зерттеушінің туындыларын үлкен қызығушылықпен қабылдады. Сондықтан да оның атына жұртшылық тарапынан ризашылық сезімін білдірген хаттар легі толассыз келіп жатты. Зерттеушінің өткен жылы жарық көрген «Жеті тараудағы жеті анық» атты кітабынан да біз тынымсыз ізденісті, өзекті мәселені арқау еткен тың дүниелерді аңғарамыз. Т.Дайрабайдың ел тізгінін ұстаған азаматтарға мәселе етіп көтерген хаттар жолдап, қажетті дүниелердің елеусіз қалмауына үлкен мән бере қарағанынан қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтиже шығарғанша тыным таппайтынын байқаймыз. Бір айта кетерлігі, қалам иесінің жазғандары халық ауыз әдебиетінен, әртүрлі мұрағат деректерінен, көне рухани мұралардан бастау алады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі жаңа ұрпақ өздерінің ата-бабаларының кім болғанын, қандай ерліктер жасағанын, не болмаса қандай саф алтындай өнер тудырғанын көп біле бермейді. Бұл бір жағы олар туралы құнды деректердің уақытында шықпай, қолдарына тимей, тасада қалып қойғандығынан болар. Тәкең өз кітаптарында осы олқылықтың орнын толтыру мақсатын көздеп, халықтық маңызы бар іске батыл кірісе білген қайраткер азамат. Оның жазған еңбектерінен қазіргі жастар өз ата-бабаларының арғы-бергі тарихын молынан білуге мүмкіндік алып отыр. Заманында Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов әрі әріптесі әрі соңынан еріп келе жатқан дарынды інілерінің бірі Тынышбек Дайрабайдың шығармашылық ізденістеріне оң бағасын берген, қолдау көрсетіп отырған. Қал-аға Тынышбек Дайрабай туралы жазған бір пікірінде: «Елге барғанда (Қызылорда) әртүрлі жиындар мен басқосуларда кездесіп тұрсам да Тынышбек інімнің алтын қазынаны жинастырып жүргенін кейінірек білдім. Кездесулердегі сұхбат үстінде байқағаным – Тынышбек маған Сыр шежіресі тұнып тұрған тарих иесіндей көрінді. Содан бері шығармашылық жолымен жақсы таныспын. Бұл кітабын баспаға берер алдында ақ батамды беріп, мол табыс, зор денсаулық тілеп отырғаным да содан. Бүгінгідей қиын кезеңде нардың жүгін көтеруге талпынып жүрген Тынышбектің ізгі ниетіне қуана қосылам» депті. Т.Дайрабайдың этнограф, әдебиетші, журналист ретіндегі еңбектері қазақ тарихында ойып орын алған кесек соқталы туындылар. Бұл баға жетпес асыл қазыналар бүгінде жер-жерге тарап, жұртшылық игілігіне айналды. Қаламгердің 1995 жылы «Түркістан» газетіне келуі оның журналистік жұмысына ғана емес, жалпы шығармашылық-зерттеушілік ізденістеріне де соны серпін әкелді. Ол басылым беттерінде елді елең еткізетін тарихи-тағылымды, өзекті мақалалар жариялады. Бұл жағынан алғанда, этнографтың қалам тербеген тақырыптары оқырман жүрегіне жол тауып жатты. Тәкеңнің іргелі еңбектері мен тарихи-танымдық мақалаларынан, белсене араласып жүрген қоғамдық істерінен ұлтжанды азамат екенін де байқау қиын емес. Ол не жазса да елдік мақсатқа, халықтық мұратқа бағыштай отырып, қалам тербейді. Жоғарыда айтқанымыздай, Сыр бойының әр кезеңдерде ғұмыр кешкен даңқты тұлғаларының өмір деректерін тірнектеп, жинастырып, оқырманға ілкімді дүние ретінде ұсынып келеді. Тынышбек Дайрабайды білетіндер, қаламгерлік еңбек жолына сүйсіне қарайтындар «Тынышбек – тұнып тұрған шежіре ғой» деп тамсанады. Осылай деп әділ бағасын береді. Еліміз үшін жоғары маңызға ие «Түркістан» фотоальбомы ұлан-ғайыр қазақ жері үшін ғана емес, көршілес жатқан ортаазиялық аймақ үшін де аса құнды еңбек саналады. Фотоальбомның қолымызға тиюіне ерекше қызмет еткен де Тынышбек Дайрабай болғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл туралы әлгінде тілге тиек еткен Қалтай Мұхамеджанов кезінде былай деп жазған: «...Қазақстан халқының көбі біле бермейтін, атын естігені болмаса, затын көрмеген алтын қазынамыздың бірі емес – бірегейі «Түркістан» өлкесіндегі (1866-1877) маңызы зор археологиялық тарихи-этнографиялық фотосуреттер қамтылған «Түркістан» фотоальбомы бүгінде Тынышбектің қолында. Бұл жұмыс ерлікке пара-пар іс демекпін». Т.Дайрабай қазақтың жер-су атауларын терең зерттеп жүрген ғалым. Оңайлықпен табыла бермейтін Қазақстанның өткен ғасырлардағы картасы, жер-су атаулары және соған қатысты өзге де мәліметтер Тынышбек ағаның жеке мұрағатында жинақталған. Қаламгердің 300-ден астам тарихи-танымдық мақаласы, зерттеу этногра­фиялық шығармалары, оншақты жинақ кітаптары оқырманына жол тартқан. Көзі ашық, көкірегі ояу, кеудесі толған қазына Тынышбек Дайрабайдың туған жеріне деген перзенттік махаббаты өз еңбегі арқылы көрініс тауып келеді. Ол бүгінгі таңда кемеліне келіп, парасат биігіне көтерілген азамат. Демек, алдағы уақытта да қарымды қаламгердің бергенінен берері мол болатыны еш күмәнсіз. Дәуіржан Төлебаев

3981 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6314

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5764

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3504

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2886

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2848

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2827

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2557

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2542

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы