• Руханият
  • 31 Қаңтар, 2013

«Көйлекшең туған бала»

Көршіміз Жұмабай қарияның екі қыз, бір ұлы бар еді. Қосағы Зергүл апа екеуі тәрбиелеген ұл-қыздар ибалы да, инабатты, ізетті, үлкеннің алдын қия баспайтын. Оқып, жоғары білім алған балалары да қарттардың жүзіне ешқашан  қаяу түсіріп көрген емес. Тек кенжесі – ұлы мезгілсіз қайтыс болып, бір күннің ішінде бұл отбасы қара жамылды. Қос қария да бірер айдың ішінде көрген көз танымастай болып өзгерді. Себебі күн-түн демей көз жастарын көл қылып жүргендері... Ақыры ұлының қазасы ауыр тиіп, көп ұзамай Жұмабай ақсақал да көз жұмды.  Кейін келе білдік, тәрбиелеп өсірген үш баланы да Жұмабай ақсақал бауырына басып алған екен. Яғни Зергүл апа екеуіне тағдыр бала сүюді жазбаса да, олар сол сынаққа мойынсынбай үш бауырынан бір-бір баладан бағып алыпты. Әуелі мұны естіген біздер қатты таңғалдық. Себебі қос қарттың аузынан ешқашан «бұл менің балам емес» деген сөзді естімеген едік. Қайта әрқашан сол үшеуінің жақсылығын асырып, ел алдында мақтаныш қылып айтып отыратын. Сөйтсек, бұл балаға деген ата-ананың шынайы махаббаты екен. Мұны ауылдағы көнекөз қарттар білгенімен, сыр ашып ешкімге айтпайды да. Балалары да ол жайдан хабардар екен. Қос қария да өсірген ұл-қызына тәлім-тәрбие беріп, ешкімнен кем қылмай азамат етіп өсірді. Қыздарын қияға қондырды. Біз бұл әңгімені бекер қозғап отырған жоқпыз. «Балалы үй базар» дейтін халқымыз баланы байлықтан да бағалы санаған. Бала санына да шектеу қоймай «әр баланың өз несібесі бар» деп, көп балалы отбасын құруды басты мақсат ете білген. Бірақ Алланың әміріне шек бар ма? Тағдырдың ол да бір сынағы болар, кей отбасына Жаратқан Иеміз бала сүюдің бақытын жазбайды. Ондай жағдайда қазақ қоғамында бала асырап алу мәселесіне ерекше мән берілген. Көп жағдайда ұрпақтар жалғастығы үзіліп қалмасын деген ақ ниетпен, шынайы ықыласымен перзент сүюге қабілетсіз отбасына ет жақын, сүйек шатыс туыс­тары бала беріп, қамқорлық жасаған. Мұны көбіне екі жақ та құпия ұстауға міндеттеніп, серттескен. Кейде баланы өз ата-анасынан ажыратпай, екі үйде де тең ұстап, әлпештеп өсірген жандар да болған. Қашанда сөзге үлкен мән беретін ата-бабаларымыз ол баланы «асырап алған», «баққан бала» деп атамай, «бауырына басу» болмаса «баланы көйлекшең туу» деп астарлап жеткізген. Міне, біздің кейіпкеріміз Жұмабай қарт та «бауырына басқан» балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай өсіреді. Ет жақын адамының бауырына бала салып берген жандар біріншіден, келесі бір отбасына ұрпақ жалғастыруға мүмкіндік беріп, бақыт сыйласа, екіншіден, екі отбасы арасындағы қарым-қатынастың неғұрлым етене жақын болуына үлес қосады. Ежелгі қазақ салтында нәрестелі бола алмаған жандар баланы кімнен, қайдан асырап алатындықтары жөнінде үлкендермен ақылдаса отырып шешкен. Көп жағдайда қазақта сәби сүймеген шаңырақ иелері баланы жақын туған-туыстарынан, яғни бір әулеттегі қаны бір бауырларынан асырап алуға тырысқан. Егер де баланың аты қойылса, оның атын өзгертіп қойып, қолына асықты жілік ұстатып, ұлан-асыр той жасап, етегіне түсіріп асырап алған жағдайлар қазақ отбасыларында жиі болған. Жақынына баласын бергендер ол баланы қайтарып алуға әрекет етпеген де. Себебі баланы нәрестесі жоқ туысына қиып бер­гендіктен, ағайын-туғанның алдында балаға таласпаған. Егер де бағып алған ата-ана балаға дұрыс қарамай, шеттетіп, өз дәрежесінде тәрбиелемеген жағдайда ғана ағайын-туғанның араласуымен бұл мәселені бір жақты етіп шешуге тырысып баққан. Бірақ ондай жағдай өте сирек кездескен. Өйткені балаға аңсары ауып, бір шарананың жылаған даусына зар болып, балаға енді ғана қол жеткізген отбасы мұндай өрескелдікке бара қоймасы анық. Осылайша бауырына басылған бала сол отбасының болашағы, сол шаңырақтың иесі саналған. Қазақ ырымшыл халық қой. Кей кездері көп уақыт сәби сүймеген отбасылар да жақын жұрағаттарынан бала асырап алып, бауырына басқан. Кейіннен шынымен де сол отбасында баланың былдыры мен күлкісінің сыңғыры естіліп жатқан жайттар да кездеседі. Балалы отбасылар да ағайын-туысынан бала асырап алып, араларын одан сайын жақындастырып жатады. Мәселен, «Абай жолы» роман эпопеясында: «Араларың алыс болса, қыз алысып, құда болысыңдар дер едік. Ағайынсың, жақынсың, бірақ сол жақындығың қайта жаңғырсын! Екеуің бала алысыңдар! Бөжей Құнанбайдан бала ауысып, бауырына салсын. Сөйтіп, иістерің аралассын!» деп Құнанбай мен Бөжей арасын татуластыратын эпизод бар. Яғни араздасқан екі ағайынның арасын да осы баланы бауырға салу арқылы жақындастырған. Белгілі академик Серік Қирабаев та ақпарат құралдарына берген сұхбатында да осы жайды былай баян етеді: «Ағайынды адамдар арасында бірінің баласын бірі бауырына басып асырап алу – бұл біздің әкелерімізден қалған дәстүр болатын. Мен де солай, әкемнің ағасының қолында өстім. Оны есейген кезімде ренжіп, әкеме де айттым. «Осының керегі не жатбауыр жасап, әр бала өз әкесінің бауырында жүрмей ме?» дегенімде, әкемнің айтқаны: «Еее, сен түсінбейсің ғой. Біздің саясатымыз сендерді жат қылмау, бөлініп кетпесін дегеніміз», – деді. Әкемді сонда бірақ түсіндім. Мысалы, менің өзіммен бірге туысқан балалар бар. Ол бауырларыма жат емеспін, қанша дегенмен, мен туған әкеден олар да туды. Ал мені асырап алған әкемнің балаларымен бір төсекте өстім, бұлармен тіпті жақынмын. Сондықтан телқоңыр, екеуіне де ортақ құлын секілді қос әкемнен де кете алмаймын. Міне, шалдардың жатбауыр қылмау деген саясаты осы еді ғой». Көріп отырғанымыздай, «бауырға басу» дәстүрінің өзіндік маңызы, өзіндік ерекшелігі бар. Мұндай жағдайда баланы асырап алған ата-ана ол сәбиге үлкен жауапкершілікпен қарап, өгейсітпей, өзге деп өзектен теппей өсіруге тиісті. Ол солай болған да. Ал бүгінгі күн қандай? Өзгені өгейсітпеу – ерлік Заманның ағымы ма, жаһан­данудың жалыны ма, нарықтың қыспағы ма, таршылықтың қысқаны ма, әйтеуір қазіргі отбасын құрған жастар туыс-туғанға бала бермек түгілі, өзіне де өлшеп-тамап бір-екі баланы ғана дүниеге әкеледі. Бірінің денсаулығы жарамаса, енді бірі жұмысбасты, яғни сәби сүйіп, ошақ қасы, от басында отыруға уақыт жоқ. Сондықтан өзінің бір-екі баласын айналып-толғанып отырғанда өзгеге қайдан бала берсін? Бірақ бүгінде шаранасын дүниеге әкеле сала күл-қоқыстың арасына, біреудің босағасына, балалар үйіне тастап кететін «көкек» аналар көбейді. Жетімін жылатпай, жесірін жырақтатпаған қазақтың бүгінгі қаракөздері неліктен мұндай қадамға баруда деген сауал туындары хақ. Бұған тағы да заманды кінәлаймыз. Бірақ сол жетімді жебеп, қолтығымыздың астына алып, қорғауға кім кедергі? Кей деректерге көз жүгіртсек, жетімдер үйіндегі сәбилердің 90 пайыздан астамы – қазақтың қаракөздері. Сол өзгенің баласын өгейсітпей, бауырына басып, ұйқысыз түндер мен мазасыз күндерді өткізуге бел шешкен алтын жүректі аналар саны артып отырғаны да анық. Бұл асқан ерлік деуге тұрарлық. Себебі өзімшілдік пен қатыгездік үстем еткен нарықтық заманда өзгенің баласын бауырға басып, оны адам қылып жетілдіру оңай шаруа емес. Бұл арқылы бір жетімнің болса да өміріне қуаныш сыйлап, ата-ананың мейірімін көруге мүмкіндік берсе, екіншіден игілікті іс атқарып, сауап алары сөзсіз. Дінімізде ата-ананың жылы алақанына, жәрдеміне мұқтаж жетім балаларды асырап алу, оларды жақсы азамат етіп тәрбиелеп өсіру, жетімдерге қамқорлық жасау – үлкен сауап, адамгершілік парыз. Оған Ислам діні де рұқсат етеді. Бұл орайда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Ешкімі жоқ жетім балаларды өз асырауына алған адам, менімен жұмақта екі саусақ сияқты көрші болады» деген екен. Ендеше «суррогат ана» арқылы ұрпақ сүйем деп күнәға батқанша, жетімді жебеп, сауап алған ләзім болар. Біздің міндет – айту болса, ой елегінен өткізіп, шешім шығару оқырманның өз еншісінде... А.ҚАБИ Оқырман пікірі Е.Сәрсенбаев, Алматы облысының тұрғыны: «Ана тілі» газеті – қай кезде де ұлт мүддесін алдыңғы орынға қойып келе жатқан басылым. Газеттің ай сайын беріліп отыратын «Шаңырақ» әлеуметтік-отбасылық пікір алысу отауында ата мен әже, апа мен келін, бала мен немере, күйеу бала, т.б. мәселелер әңгіме арқауына айналып келеді. Жарық көрген әрбір мақала оқырманын бейжай қалдырмайды. Бұл орайда өз ойымды ортаға салып, пікір бөліскенді жөн санадым. Өткен жылдың желтоқсан айының 21-і күні «Ана тілі» газетінде жарық көрген Анар Дүйсенбайқызының «Бесік жыры» атты мақаласында орынды мәселе көтерілген. Өйткені жас ұрпаққа ана тілі ана сүті арқылы бойына дарып, қалыптасады емес пе? Мұны өмірдің өзі көрсетіп отыр. Мамандардың болжамы бойынша ана құрсағындағы сәби сырттағы тіршілікті сезіп, одан рухани азық алып, жетіледі екен. Сол себептен болар, ата-бабамыз сәбилерді бесікке бөлеп, бесік жырын айтып өсірген. Жақсы ән мен жарасымды әуен тыңдаған сәбидің сана-сезімі жақсы жетіліп, қабілеті жоғары болатын көрінеді. Жас сәбиді неше түрлі тербеткішке салып, памперс кигізіп, шетелдің әуенін тыңдатып, санасын улағанша, мақала авторы айтып өткендей бесікке салып, бесік жырымен өсіргенге не жетсін? Сәбиді бесікке бөлеп, бесік жырымен сусындату – дана қазақтың, яғни ата-бабаларымыздың ұлы дәстүрі. Сондықтан оны жоғалтып алмайық. Қайта жандандырып, ұрпағымыздың бойына бесік жыры арқылы рухани рух беріп, олардың сана-сезімінің жетік болуына бүгіннен атсалысуымыз қажет. Ол үшін «Ана тілі» ұлт газеті сынды ұлттың мақсат-мұратын алдыңғы орынға қоятын барлық басылымдар өзекті мәселелерді ұдайы жария етіп, ұрпақ санасына соның ерекшелігі мен құндылығын сіңіре беруі керек.

4606 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6251

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5731

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3471

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2853

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2815

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2794

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2524

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2509

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы