• Руханият
  • 31 Қаңтар, 2013

Адалдығы алдында жүретін азамат еді

Несіпбек Дәутайұлы, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Қашан, қай кезде, қалай кездескеніміз есімде жоқ. Отызға жете қалған кезіміз, сірә. Менің тұңғыш әдеби шығармам – «Ақ көгершін» повесі жабық бәйгеде екінші жүлде алды. Сол кезде Баққожа Жазушылар одағында жолығып қалды. Құтты болсын айтты. Шын қуанып айтты. Сосын: – Жүр, мен сені ағаңмен таныстырайын, – деді. – Қай ағам? – Әкім Таразимен. Сыртынан бірді-екілі көргенім болмаса, ол кісімен бетпе-бет келген кезім жоқ. Рас, кітаптарын оқығанмын. Жазушылар одағының екінші хатшысы еді. Ағамызға кірдік. – Әкім аға, – деді Баққожа салған жерден. – Мына жігіт менен де жақын ініңіз. Кенен ауылынан. Ағамыз қабағын керіп қарады да қойды. – Повесі таяуда бәйге алды, – деді Баққожа. Енді маған не қыл дейсіңдер дегендей, Әкім аға сол суық қалпы: «Дұрыс болыпты» дегеннен ары асқан жоқ. Сыртқа екеуміз де көңілсіздеу шықтық. Ол кезде Әкім ағамыздың не ойлағынын кім білсін. Ал Баққожанікі бауырмалдық еді. Әдебиеттің басы-қасында жүргендерге мені таныстырып қою ниеті. Соны сездім, соған риза болдым. Осыдан кейін сирек жолығып тұрғанмен, бір-бірімізді жақын тартып жүрдік. – Қане, не жазып жүрсің? – деп сұрар еді. Мандытып айтар жауабым бола бермейді: – Сен жалқауланба, – дейтін. – Күнде жазуды әдетке айналдыр. Проза соны қалайды. Сосын, сен өлең де жазасың. Бір жағына шықпайсың ба? Бір қызығы, осы сөзді бірде Бексұлтан ағамыз да (Нұржекеев) айтып еді. Дауысы суып айтқан. Екеуінің де менің өлеңімді ұнатпайтынын аңғардым. – Айтарыңды қай жанрда жеткізіп айта аласың, тек сонымен болғаның дұрыс қой, – деген Баққожа. Жазушы ретінде біздің әрқайсысы­мыздың өз ұстанымымыз болды. Та­қырыпқа қалай келуге, шешімді қалай табуда, бір-бірімізге ұқсамадық. Менің байқағаным, Баққожа әңгіме жаза ма, повесть жаза ма, роман жаза ма, оларын қағазға түсірмей тұрып, бас-аяғын көріп отыратын сияқты еді. Қағазға тү­сіргенде, соны кесте тікккендей келістіріп орындап шығатын. Ол осымен ерекшелінген. Ол қоғамдағы құбылыстарды терең біле әрі оларды пайымдай алып, ақиқатын ақтарды, көркем зерттеп жазды. Ізденісі, еңбекқорлығы жағынан өзгемізден озық тұрды. Жігіттердің арасында: «Баққожа тәулігіне жиырма сағатқа дейін бас көтермей жазады» деген сөз болатын. Өзі де айтатын онысын. – Содан ба, басым шаншиды, – дейтін. – Сонша зорланбау керек шығар, – дейтінбіз. – Ғұмыр қысқа, – дейтін ол. – Жазушының жауы – ұйқы. Айтарыңды айтып үлгеру үшін, көбіне ояу ғұмыр кешу керек. «Өмірзая» романының жаңа жарық көрген кезі. Қолымызға әлі тие қоймаған. Уәлихан Қалижанның қызын ұзатқан тойы болды. Содан шыққан соң, Баққожа Қордай ауда­нының сол кездегі әкімі Құрманғали Уәлі екеумізді бой бермей Ленин даң­ғылындағы пәтеріне алып келді. Отбасы басқа пәтерде тұратын. Ал мына үйі оның жалғыз тұрып жазушылықпен айналысатын баспанасы еді. Осыдан қанша жылдар бұрын қазақтың көрнекті әдебиет сыншысы, марқұм Зейнолла Серікқалиев, сыншы Бақыт Сарбалаев үшеуміз Зекеңнің әйелі босанып, соны жуа-жуа ақыр соңында, түн жарымы ауғанда Алматыда ұйық­тамайтын бір-ақ адам бар – ол Мұқаев деп, Баққожаның осы пәтерінің есігін қаққан едік. Расында Баққожа бұрқыратып жазып отыр екен. Бізді көріп шын қуанған. Алдымызға ақаңды тізіп қойды. Менің білуімше, ол ақшасыз болған емес. Бар екен деп сыртқа шашып-төгіп жүргенін көрген кезім жоқ. Ал үйінде еш нәрсесін аямайтын. Сосын көп қаламгерден бір өзгешелігі басып-басып ішпейтін. Ұрттап, татты. Ол сонысымен отырып, біз сілтеп, таң ағарғанға дейін әдебиеттің әуенімен қазақ прозасын аударып-төңкеріп бітіріп, әлемдік інжу-маржандармен әбден әңгімелесіп едік. Содан бері талай жыл өткен. Сол баяғы пәтер. Сол жазу столы. Сол қалам, сол қағаз. Сол баяғы жазушыға керек тыныштық. Баққожа Құрманғали екеумізге қол­таңба жазып, жаңа романын ұсынды. – Әне-міне демей тез оқы, – деді маған. – Содан кейін міндетті түрде телефон шал. Айтпақшы, сен де роман жазыпсың ғой. «Жұлдыз» бен «Таңшолпан» журналдарынан үзінділерін оқыдым. Баспаға беріп пе ең? – Бергем. – Қай баспаға? (Айттым қай баспа екенін). – Қашан? – Сегіз жылдан бері жатыр. – Неге? – Білмеймін. – Жынды ма?! Айтайын оған ертең, – деді өңі бұзылып. – Біз қашан оңамыз? – Кіріспей-ақ қой, – дедім. – Жамандағандай боламын. – Біз қашан оңаламыз? – деді жаңағы сөзін қайталап. – Неге немкеттіміз? Неге өзімізді өзіміз бас салып басымызға көтермейміз? Әдебиет ортақ қуанышымыз емес пе?! Қайтар жолда Құрманғалидың айтқаны: – Адал жігіт екен, ә? – Менің ағам ғой, – деді әйелі Аңсаған. – Албандар адал болады. Күлдік. Адалдық деген, әрине, әркімнен-ақ аңсап, күтіп жүретін қасиет қой. Өзгені қайдам, ал талантты адамның адал болатыны күмәнсіз. Баққожа осындай еді. Өзі адал айналасынан адалды іздейді. Сырқаты білініп, жанына бата бастағанда жеке басылымы – «Парасат» журналын басқаруға мысалы, жазушы Жұмабай Шаштайұлын шақырды. Адам танығандықтан. Адалдығын білгендіктен. Ең соңғы рет жолығып қалғанымда: – Германияға барып, емделіп қайттым, – деді. – Қалам ұстағаннан бергі жерде жазбаған күнім жоқ еді. Соны сағынамын. Енді көңіл алаң. Үміт бұлдыр. Арман алыстады. Қиял қашқан. Не болады. Білмеймін... Осыны айтып тұрып: – Өзімді бұрынғыдан да мүлде оңашалап едім. Журналдың ғимаратын жекешелендіріп алғам ғой. Сонда жатын орын да дайындадым өзіме. Үлкен бір дүниеге кірісіп кеткен едім. Енді көрмейсің бе... Қазақ соңғы демі әне-міне түгесілгелі жатқанда да «бүгін әйтеуір, тәуірмін» деуші еді, Баққожа өйтпеді. Өзін-өзі өтірік емексіткісі келмеді. Адалын айтты. – Жазушының арманда кететіні, – деді, – талай-талай айтары мен жазары өзімен бірге кетеді екен. Жетпейді екен, ғұмыр... Деніміз сау, дегеніміз болып тұрғанда қайсымыз аламыз осыны, қаперге... Баққожаның сол айтқаны үнемі менің жадымда жүреді. Адалдығы да, тастан табаны таймайтын мінезі де, талантты бауырдың тау тұлғалы табиғаты да. Таудың ұлы еді ғой өзі де. Нарынқолдың тумасы. Сол жас кезімізде Нұрланның (Оразалин) ауылы – Алматы облысының Ұйғыр ауданына достың әкесінің асына барғанымыз бар. О кезде қайсымызда жай-күй бар. Нұрлан қазіргідей Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Әшірбек Көпішев «Өнер» баспасының директоры, Бақыт Сарбалаев «Сын» журналының бас редакторы емес. Арамызда марқұм Сайлаубек Жұмабеков те бар еді. Жер шалғай. Нұрланның ауы­лы – Үлкен Дихан (қазіргі Көкбастау) Қытай шекарасына тиіп тұр екен. Жалдаған автокөлігі – сол кездегі бүкіл сайманы ішінде әңгередей ескі автоклуб. Жылдамдығы сағатына 60-70 шақырым. Күн өртенген ыстық. Арамызда жалғыз әйел заты. Нұрланның зайыбы. Қазіргі филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева. Мен Баққожаны іздедім. – Ол бізді өз ауылынан күтеді, – деді Нұрлан. Нұрланның әкесінің асына қатысып, екі-үш күн аунап-қунаған соң, оның досы – сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Ризабек бастап бізді түнделетіп Баққожаның ауылына алып келген. Биік таулы өңір. Аспанға бір адым жақындап кеткендей болдық. Жұлдыздар да жап-жақын жерден мөлдірейді. Жаз, шілде дейтін емес, өте салқын. Баққожа көл-көсір дастарқан жайып тастаған екен. Әуелгі жыны басылмаған жастыққа не деуге болады. Енді-енді ақын, жазушы болып келе жатқан оң пері. Таусылмайтын армандар, таласып та, тақасып та қалатын кездер. Бүгінде олар бұлдыр елес. Ал менің есімде өшпей қалғаны Баққожаның: – Тауда туғандар таңдай қақтырады, – дегені. Рас болды сонысы. Хан Тәңірінің мұзбалағы Мұқағали ағасы анау. Өзі де көзі тірісінде таңдай қақтырып ғұмыр кешті. Қазақ әдебиетінің тарихында таңбасы қалды. Тағы бір есімде қалғаны: – Екеумізде бір ұқсастық бар, – дейтін ол. – Ырду-дырдуға жолай бермейміз. Топқа кірмейміз. Әләулайға әуестігіміз жоқ. Саған айтар достық кеңесім, сен де өзіңді оңашала. Қатын-бала өлмейді. Киер киім, ішер тамағын тауып бер де, оңаша тұрып жат та, тұр да жаз. Американың атақты Торо деген жазушысы у-шуы көп деп тұрған қаласын тастап, қиыр шеттегі бір мүйіске барып, басына шағын баспана тұрғызып алып жазған ең мықты шығармаларын. У-шуы көп деп қашқан қаласының сонда небәрі екі мың тұрғыны бар екен... Шыны керек, о кезде оның бұл сөзіне бейжай қараған едім. Кейінірек, жазушының жан досы – жалғыздығы, яғни өзін көп нәрседен оңашаланғаны екенін пайымдадым. Ол мұны бізден ерте түсінді. Ал біз кеш ұқтық. Біріміз қалада, біріміз далада дегендей, мына жарық дүниеде жұбымыз жазылмай жүре алмадық. Әңгімеміз оқтын-оқтын емес, оқта-текте болды. Әйтсе де сен менің есімдесің, Баққожа. Есен жүрген кезде есіміңді құрметпен атап жүремін, қандас қаламдасым! ТАРАЗ

3857 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6259

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5736

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3476

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2858

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2820

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2799

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2529

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2514

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы