• Әдебиет
  • 07 Ақпан, 2013

Жазудан жақсылықты жалықпаған

Күнделікті күйбең тірліктен қолың қалт еткенде, ең алдымен, аудандық газетке үңілу әдетке айналғалы қашан. Жай қарап қана қоймай, толымды тақырыптарға көңіл марқайып, жазылған жайды жіліктің майын шаққандай бүге-шігесіне дейін сүйсіне оқып, соңындағы авторынан бір-ақ шығасың.Сондайда, бірде шана сүйреткен балаға, бірде бала сүйреген шанаға, ал бірде ақ қарлы далаға арнаған жыр шумақтарымен, енді бірде ауданның ұлан-ғайыр аумағындағы табиғи қазба байлықтарды, ондағы елгезек еңбек адамдарының қажырлы қызметін, Нарын құмына сүңги қоныстана шаруа баққан берекелі елдің мерекелі тұрмысын, бәрі-бәрін тәптіштей жазып, мерейіңді өсіріп, мейіріңді қандыратын Жоламанның – Жоламан Дәулетиярдың көңілді риза ететіні бар. Өйткені ол табиғат құбылыстарын дөп басып, жүрекжарды жырының арқауына айналдырса, жылдың төрт мезгілінде төрт түлік малдың жайын, бала-шағаның қамын ойлаған қазыналы қазақтың қажымас қайсар тірлігін көз алдыңа әкеледі, сонымен қатар өскелең ұрпаққа ата-баба дәстүрін, атакәсіптің сыры терең тұңғиықтарын журналистік шеберлікпен ғана емес, ақындық сезімталдықпен сезіндіргендей әсерге бөлейді... Иә, Жоламан жайлы толғансам, ой иі­рімдерінің тереңіне бойлап, өткен-кет­кен кейбір жайлар жадыма орала береді. Қайсысынан бастарыңды білмей, тарамдан­ған тірліктің тылсым тереңіне сананы сапарға аттандырып, толғанасың келіп. Жоламан – өмірге ерте қалам сермеген ақын. ...Енді бүгін қарасам, Өзен суы қатыпты. Тоңғандықтан болар-ау, Мұз жамылып жатыпты. Бұл – Жоламанның небәрі бесінші сы­ныпта оқып жүргенде республикалық «Қа­зақстан пионері» газетінде жарық көрген тыр­нақалды туындысы. Бұл – болашақ журналист-ақынның шығармашылық әле­міне алғашқы талпынысы, сәтті талабы. Сәби қиялы сол кездің өзінде-ақ табиғат құбы­лысының сырын ұғынуға ұмтылып, өлең өрмегін құрып, оны көпшілікке газет арқылы ұсынуынан ертеңгі күнге үмітпен қараған ұланның табиғи талпынысын байқа­ғандайсың. Бұл табиғат ақындықты, жазуды бойына ананың сүтімен, әкенің қанымен дарытқан дара дарынның алғашқы сәулесі еді десе де болғандай! Ол кезде Жоламан он екі жастағы ойын баласы еді-ау. Содан бері тоқтаусыз жылжыған өмір ағысы, кешегі қыраулы қысқа қызықтай қарап, оны сәби жүрегінің сүзгісінен өткізіп, ойына оралған өлең өрнегімен кестелеген балғын Жоламанды бүгін, міне, еліне елеулі жігіт ағасы жасына жеткізіп отыр. Еңбек жолын өткен ғасырдың сексенінші жылдары Новобогат (қазіргі Исатай. Авт.) аудандық «Нарын таңы» газетінде бастаған Жоламанның табиғи талантын сол кездің өзінде-ақ танығандай едік. Кейін ауданның белді құрылыс мекемелерінде құрылыс ісіне шеберлігін танытып, Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосындағы, жалпы аудан аумағындағы түрлі мекемелер ғимараттары мен тұрғын үйлер құрылысында бригадаларға жетекшілік еткен ол ауыл ажарына өзіндік қолтаңбасын да қалдырды. Халық қалаулысы атанды, аудандық атқару комитетінің мүшесі ретінде де сан-салалы іске араласқаны да бар. Ол қай салада еңбек етсе де сүйікті газе­тінен, табиғаттың берген сыйы - өлең өлкесінен алыстаған емес. Сол бір жылдарда марқұм Нұралы Әжіғалиевтің ұйымдастыруымен аудандық, облыстық ақындар айтыстары өткізіліп, Жоламан бәріміз азды-көпті қатысқанымыз бар-ды. Әр совхоздан бір ақын шығып, елінің жетістігін, өзін, ауылын таныстырып, қарсылас совхоздың кемшіліктеріне сын айту басты талап болатын ол уақытта. Сексенінші жылдардың орта шені, жиырмадан жаңа асқан жастармыз, Аққыстаудағы «Мұнайшылардың мәдениет үйі» деген сол кезде дардай орын болды, қазір оның жұрты, ұмытпасам, мұнайшылардың көпқабатты үйлерінің астында қалды немесе сол маңда болар деп шамалаймын. «Новобогат» сов­хозынан шығатын ақынның реті болмай, Жоламан өзі Чапаев селосында тұрса да сол «Новобогат» совхозы атынан айтысқа шықты. Сахна төріне көтерілген барлық ақындар тізіліп отырмыз, кезек Жоламандарға келді. Қарсылас ақыны: – Бұл заман кезің бе еді жалданатын, Атанып қайтасың-ау жалдама ақын... – деп әп дегеннен жас ақынның пысын басып алуға қадам жасады, сөйтті де кезекті Жоламанға берді. Көпшілік сілтідей тынып, әр сөздің салмағын саралаулы. Жоламан сәл шамырқанғандай кейіп танытты. Мен де «кемедегінің жаны бір» дегендей, оның үстіне құрдастық, сыйластығымыз бар, тақымымды қысып, іштей «Алла, аузыңа шұрайлы сөз салғай!» деп тілеп отырмын. Жоламан да осы кезде: – Бұл ойға мені қалай қимақ едің, Жалданып дүния-мүлік жимап едім. Ежелден көрші жатқан ел болған соң, Көңілін ағалардың қимап едім, – деп сайрап қоя берді. Көпшілік орындарынан тұра келе ду қол шапалақтады. Бұл айтысқа арналған барлық жыр жолдарын қағазға түсіріп, тексеруден өткізіп, сөйтіп, ақынын ноқталап ұстаған заманның қылбұрау қысымынан босануды аңсауы еді оның. Қазіргі айтыстың болмыс-бітімі сол кездерде болса, Жоламандардың жүрегінен жанған жыр жолдарының қаншама жерге жететінін бір Алла ғана білер... Содан бері де ширек ғасыр өтіп кетіпті. Иә, мен білетін сол Жоламан ер жасы – елудің биігіне көтеріліп отыр. Бұл белеске әркім әртүрлі жолмен, әртүрлі жағдайда жетеді. Менің Жоламаным тек биіктеу, өсу, көтерілу, даму жолымен халқының көз алдында қалтарыссыз жетіп отыр. Өйткені ол елі шаттанса шаттанды, қол жеткізген жетістіктерге жаршы бола білді, аудан көлеміндегі жылт еткен жаңалықты жібермеді. Көргенін көпшілікке елден бұрын жеткізуге асыққан журналист жұмысы – екінің бірінің еркіне көне бермейтін, еліктіргеннің жетегіне ере жүрмейтін, қара қылды қақ жарар туралықты талап ететін шандоз мамандық. Оның үстіне екінің бірінде емес-ау, мыңның бірінде бола бермейтін ақындық қасиет қосылса, оның жүрегінен әділдік пен адалдықтан басқаға орын табылмайтынын сезіне түсесіз. Жоламанның тәлім алған, үйренген, еңбек көрігінде қайнаған ортасы өзіндік орны бар, алдыңғылар бұрылып, кейінгілер тоқ­тап бас иетін өзгеше ыстық орта еді ғой. Ке­шегі күркіреген Күзембай, жыр түнеген Нұралы, шарболаттай Шапхат, жалынды Жоламан (Әбішев), бекзат Бауыржан сынды мықтылармен ұзақ жыл бірге жүріп, біте қайнасу – қабілетсізді қарымды, жылуы азды жалынды қылатын қызулы орта, мәдениетті мектеп еді-ау. Сол ортадан сомдалып шыққан Жо­ламанның осал түсер жері болмасы анық-ты. –Еске алып жатқан дария көңілі дір ете Есінде мәңгі жұртыңның қалдың, Нұреке. Ескірмес жырың есігін де ашып ертеңнің, Есіміңді жылдар көшінде жүрер ірі ете, – деп Нарынның наркескені атанған ақиық ақын, бәріміздің ұстазымыз Нұралы ағаны мұңая жоқтайды ол. Оның да себебі бар, бір терінің пұшпағын бірге илеген жұмыстастығын қоспағанда, ауданның дүйім жұртының көз алдында Жоламан туралы: «Ақындығымен мені мойындатты. Тума таланттар деп осыларды айтады» деп еді-ау қайран Нұрағаң. Ал туған жер, өскен ел, оның өндірісі, еңбек адамдары Жоламан ақынның, Жоламан журналистің шабытының қайнар көзі десе де болады. Басталған Қара шүңгіл мұнайынан, Ырысым бар дейтіндей қылайын ән. Әр күні көрінеді әрі бөлек, Ертеңге ұмтылған ел шырайынан. Жақсы ісін жан-жағына жайыпты ұдай, Басқарма құрылғалы «Жайықмұнай». Қосты үлес көтеруге ел еңсесін Мың, миллион тонналап алып мұнай, – деп ел байлығын еселей арттырған өн­ді­ріс орнын жырлай келіп, ондағы еңбек май­талмандарының өлшеусіз маңдай терін: Сибағат, Рая мен Қалиялар, Депутат болған ісі жария бар. Ондаған орден, медаль таққандардың Есімін айтпай ел-жұрт тани алар, – деп өзіндік өрнекпен, кәдімгідей келістіре кестелейді. Аяз да жетер ертең салып өрнек, Ақша қар, алақанға түсер терлеп «Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай», Желтоқсаның осылай жатыр төрлеп, –деп ақынның табиғаттың ажырамас бөлшегі екенін сезіндіре тұрып, табиғат құбылысын жалпақ жамағатқа жеткізе жариялағандай болады. Жоламан осылай толғайды, өзін көрсетейін демейді, өзінің көргенін жазады, өзін жарнамаламайды, көрген жаңалықты жариялайын дейді. Сол үшін күндіз көп жортады, түнде ой қорытады. Қарапайымдылығынан, адамгершілігінен ауытқымайды, «бетегеден биік, жусаннан аласа» күй кешеді. Өзіндік болмысы, бітімі осы оның. Шүкір, еңбегі жеміссіз емес, аудан, облыс әкімдерінің, Елбасының Алғысын иеленді, Қазақстан Журналистер одағының Тұрар Құрманғалиев атындағы жүлдесінің жеңімпазы. Тағдыр сыйлаған Гүлжияндай қырмызы қызғалдақты келісті түр-өңімен, жыр тұнған жүрегімен жаулап, нұр тұнған болашағын бекемдеген жайы да бар. Адам­ның бауыр еті бала деген, шаңырақта Нұрға­был, Нұрлыгүл, Нұрсұлтан, Нұртілек сынды өмір жалғасы, алтын асықтай ұл-қыздары өсіп-өнуде. Айтпақшы, Нұрсұлтаны – Тәуелсіздіктің құрдасы. Осы ұлына арнап: Ұлым, сен де шықтың, міне, он жасқа, Бүгін мені толғандырған жыр басқа. Бұл белесті бірге аттады өзіңмен Бір жылғы төл – Тәуелсіздік құрдас та, – деп ақтарылады. Соза берсе, ақын жүректің толқынысы мен бұлқынысы біраз жерге жетіп жығылар, біз де әріптеске деген көңілімізді мына жыр шумақтары арқылы білдіргенді жөн көрдік: Қолына күндіз-түні алып қалам, Жазудан жақсылықты жалықпаған. Асыға «Нарын таңын» оқығанда Авторын сөз саптаудан танып қалам. Бұл жігіт таба білген бәріне уақыт, Туған жер тыныштығын деген бақыт. Жұрттан бұрын Елуді көремін деп Жеті түнде қойды ғой жыр арнатып. Сөзіңді жалпақ жұртың құп алғасын, Ойлаумен төбе шашың жұқарғасын. Сілтей бер, сеңді бұзар қуатың бар, Қарымы қаламыңның мұқалмасын. Жалындаған жүректен жыр атып ең, Көздегенді қапысыз құлатып ең. Жүзге дейін тарта бер бұрылмастан Жиырма бестің екі есе қуатымен! Бекемдеп бес ондықтың отын алып, Сәт тілеп сапарыңа отыралық. Байқайық, не тындырар екеніңді Елуге елден бұрын жетіп алып! Адайбек ЕСЕКЕШ Атырау облысы Исатай ауданы

4365 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5780

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5462

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3200

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2586

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2547

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2525

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2258

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2241

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы