• Әдебиет
  • 07 Ақпан, 2013

Бір ғасырдың келбеті кестеленген

Мен өзіммен КазМУ-де бес жыл бірге оқыған курстас жазушы достарымның мақалалары, жаңа кітаптары жайлы жылы лебіздер жазылса, өздерімен жүздескендей қуанып қаламын. Өкінішке орай, олардың жаңа туындылары аз таралыммен шыққандықтан, оқырмандарына жете бермейді. Кейде курстас достардың шығармаларын еш жерден таба алмағанымда қиналып қалатыным да рас... Өмірдің сыры – жүректің жыры Жазушы Болат Бодаубай­дың «Тұлға» кітабынан үзінділерді өзім жарты ғасыр рухани жан азығым болып келе жатқан «Егемен Қазақстаннан» оқыдым. Курстас достың жаңа туындысын таппақ болып, дереу орталық кітапханаға жүгірдім. «Таңдамалысы» да, «Тұлғасы» да жоқ. Шерхан ағаның «Бірі кем дүниесін» сұрайын. Жоқ. Қадыр Мырза Әлінің «Иірімін» іздейін. Жоқ. Құдай-ау, оқырмандарға кітаптары жетпесе, жазушы қайдан танымал болсын?! Мұндайда жазушы мен халық бір-бірінен көз жазып қалғандай әсерде болады екенсің. Адасқанның алды жөн, арты соқпақ десек те олар бір-бірімен енді қашан табысады? Кеңес өкіметінің тұсында дүние мен киім-кешек қат еді. О, Алла, енді жақсы кітап қат болды. Бүгінде ақшаң болса, іздегеніңнің бәрі табылады. Бәрі. Тек ақын-жазушының жақсы кітаптары ғана табылмайды. Болат Бодаубайдың «Тұлғасын» іздеу маған осындай ой салды. Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевтың былайғы жұртқа жұмбақ өмір сырын білгім келгенін әрі Болаттың жазушылық болмысын танығым келгенін несіне жасырайын. Жалпы қазақ халқы ұлттың қасиетті келбетін танытатын жұлдызы жан­ғандардың ғұмырын білуге аса құштар ғой. Бірде курстасым Болат Бодаубай телефон соқты. Бір-бірімізді көрмегелі жарты ғасыр өткендіктен, арамызды 50 жыл бөліп тұрған соң аман-саулық сұрастық та қойдық. Сөз орайы келгенде: – Айналайын, Бөке, Қараталға бір кітап сыйласаңшы, – деп өтінейін. Өтінішім аяқсыз қалмады. Өткен жылы Жазушылар одағының кезекті съезінде Бөкең жаңа туындысын сол мәжіліске қатысқан жазушы сіңлім Нұрила Бектеміровадан беріп жіберіпті. «Тұлғаны» қайта-қайта оқимын. Жалықтырмайды. Таныс өмір. Таныс оқиғалар. Таныс тұлғалар. Жарайсың, Болат мырза! Бірнеше жыл ғұмырыңды арнаған шығармаң сәтті шығыпты. Роман кейіпкерінің ұсынысын қабылдап, батылдық танытқаның қандай жақсы болған. Бір таңғаларлығы кейіпкер «Ақиқатты жаз» деп шарт қояды. Жазушы келіседі. Сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман деп жазылса да, оны өткен ғасырдың шежіресін шерткен тарихи роман деуге болады. Жаратқанның құпиясы Өркениет қаншама дамыса да, ғылым мен білім шарықтап алға басса да, адам жаратылысының құпиясын то­лық анықтап білген ешкім жоқ. Біле де қоймас. Неге? Өйткені Жаратушының өзі жұмбақ. Әлемі – тылсым. Адам сол әлемнің туындысы болғандықтан да бір-біріне ұқсайтын жан таппайсыз. Кейбіреу «Алланың сүйген құлы». Кейбіреу «Мұхаммед пайғамбардың үмбеті». Кейбіреудің бағы зор, ай­рықша талантты. Тек жақсылық үшін жаратылған ба дерсің. Мұндай жұлдызы жанған адамдарға ұлтты ұйытатындай міндет жүктелетін болса керек. Соны жүзеге асырарда, бел-белден, асу-асудан, басқа да сынақтардан сүрінбей өтсе, халықтың сүйіктісіне, ұлттың ұлысына айналады. Міне, осындай сирек тағдыр иесі туралы ғұмырнамалық деректі роман жазу жазушы Болат Бодаубайға бұйырыпты. Ол сауал қойып, жан сырын айтқызып, кейіпкердің адами кескін-келбеті толығынан ашылатын, дәуірді жырлататын, ғұмырбаяндық кітап жазуды мақсат еткен. Басты кейіпкер етіп, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, КСРО халық артисі, композитор Еркеғали Рахмадиевті алған (ғажап). Мені жазушының талғамы таңғалдырды. Кейіпкеріне сұрақ қоя отырып, болашағының нышаны болған балалық шағындағы ең нәрлі оқиғаларды теріп-теріп айтқызады. Мәселен, Ерағаң Семейдің Шұбартауында туып, ата-анасы Балқаш өңіріне аштық жылдарында күнкөріс іздеп келіп, «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей, қарапайым ғана қоңырқай тірлік кешкен. Ерағаң шыққан әулетке әуелден-ақ Алла Тағаланың оң көзі түсіп, шешендікті де, ақындықты да, домбырашылықты да сыйлаған ғой. Сондай бір айрықша қасиет – сазгерлікті осы шаңырақтағы кішкене сары ұлға дарытқан. Бірде ауыл тойында жас балаларды жарыстырады. Үкідей ұшып келе жатқан Еркеғали кірпішке сүрініп, құлап түседі. Ойбай салып, жылап, «Құдайдың жөні болмады, мені қайта жарыстырыңдар» деп айқайлайды. Балаларды қайта жарыстырғанда, бірінші болып келіп, жеңімпаз атанады. Сонда «Құдайдың жөні жаңа болды» деп, ол елге мәтел болып тараған көрінеді. Бірде жеті жасар бала Еркеғали мал бағып отырған әке-шешесін іздеп шығады. Кездескеннің бәрінен «Рахмади деген ақын шалдың үйі қайда? Рахмади деген қойшы шалдың үйі қайда?» деп сұрай берген ғой. Солардың бірі: – «Рахмадидың ана жынды баласы безектеп жүгіріп барады. Қаңғып кетіп, адасып, бір жерге құлап қалады-ау» деп жаны ашып, артынан қуыпты. Күдігі расталып, құлап жатқан жерінен көтеріп үйіне алып келіпті. – Бірінші сыныпта сондай батыр­лық жасағанмын, – дейді Ерағаң. Шынында да, балалық шағында-ақ Ерағаңның бойынан қайсарлық, қалыпқа сыймайтын батылдық сияқты оғаш мінездер байқалған. Бұл оқиғалардың астарында Жаратқан­ның тылсымдық құпиясы жатыр. Тума талант иесі қазақ еліндегі біртуар зиялылардың ортасында ғұмыр кешіп, шапағатына бөленеді. «Құдайдың жаңа жөнімен» қоғамдық дамудың жаңа белесіне шыққан елімізде бұрын опера да, балет те, симфония да болмаған ғой. Ол сондай музыка өнерінің қалыптасуына өзіндік үлес қосумен қатар, түрлі лауазымды қызметтер атқару бақытына ие болады. Мансаптарға да қазақтың марқасқалары ұсынып, демеушілік жасап отырған. Алла да өз жақсылығын жақсы адамдардың қолымен жасамай ма? Сондықтан да мен оларды және осы кітаптың авторын да «Мұхаммед пайғамбардың үмбеттері» деп атадым. Солардың бірі де бірегейі композитор Еркеғали Рахмадиев мырзаның сыйласы да сырласы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Міне, ертегідей өмір! Жолы болар жігіттің... Жазушы сыр-сұхбатқа құрылған деректі романына кейіпкердің өсу кезеңіне орай тақырыптар қойып отырған. «Тұлға» төрт бөлімнен тұрады, олар – «Есімде әлі жас күнім», «Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып», «Қызметпен өткен қызықты жылдар», «Қазақтың марқасқалары-ай!» Өз ғұмырын шешен тілмен әңгіме­леген Ерағаңның бүкпесіз жан жырынан өткен ғасырдың тірлігін, қоғамның әлеуметтік жағдайын анық көріп отырасыз. Әсіресе махаббат қызық мол жылдарындағы оқиғаларға қазіргі жастар сенбес те еді. Бірақ солай болған. 1957 жылы Еркеғали бо­лашақ жарын той үстінде көреді. Көп ұзамай, бір топ достарымен Клараны айттыруға «Жетісу» кеңшарына аттанады. Бір қызығы Шора деген Клараның өз ағасы Ерағаңды ертіп, өз қарындасына өзі құда түсуге барған ғой... Ата-анасы да, 20 жасар қыз да келісімін береді. Күндердің күнінде, наурыздың екісінде қыз ауылдан жолға шығады. Ерағаң автобустан күтіп алып, жалдамалы пәтерінде бес-алты адам ғана дастарқан жайып, той рәсімін жасайды. Наурыздың жетісінде ЗАГС-ке барып некеге отырады екеуі. Бар болғаны сол. – Ағайын санап, ақша санап, мал-мүлік санап қосылғанымыз жоқ, – дейді Еркеғали Рахмадиев. Содан жігіт Мәскеуге аспирантурасын бітіруге кетеді де, қыз консерваториядағы оқуын жалғастырып, Шора ағасының үйінде қала беріпті. Тек екеуі де оқуын бітірген соң ғана Кларасын ел-жұртына апарып, ағасы көршілерін шақырып, шағын той жасап береді. Заманына сай адамы ғой. Ару қыз Клара барға риза болған ғой. Жоқты сұрамаған. Алматыда пәтерден-пәтер жалдап, бірде аш, бірде тоқ жүргенде де, айлықтары ешнәрсеге жетпейтін кезде ағасының үш кішкентай баласын алып жұбайының шешесі қолына келгенде де керемет шыдамдылық танытқан. Жататын жер болмаса да ағылып келіп-кетіп жатқан қонақтарға Клара келін қабақ шытпаған. Ақ дастарқаны жиылмаған. Осыншама қиындық көргенде бет жыртыспай күліп-ойнап жүре береді екен... Автор осының бәрін өздеріне айтқызып, өзі де қазіргі заманмен салыстырып, кейде өз сырын, пікірін қосып, кітаптың желісі оқырманын баурап алады. Ерлердің ісі біте ме? «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме?» деп Махамбет ақын жырлағандай, қай ғасырда да, қай заманда да ерлердің ісі бітпейді. Ұрпақтар арқылы болашаққа жалғасын тауып жатады. Бірақ әрбір Ерге жүктелген міндеттің өзіндік салмағы бар ғой. Еркеғали Рахмадиев Қазақстанның Еңбек Ері атағының иегері. Айтуға оңай болғанмен, оның астарында ұлан-ғайыр еңбек пен жырға бергісіз рухани ерлік жатыр. Атқарылған істері нардың жүгінен де ауыр. Соны жазушы кейіпкердің өзіне баяндатып, өткен-кеткен оқиғаларды заман тынысымен өріп, кезең-кезең бойынша енгізіп, бүгінгі ел Тәуелсіздігімен сабақтастырып, бір ғасырдың шежіресін жазып шыққан. Автор бір адамның ғұмырына бір ғасырдың тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен сыйғызған. Еркеғали ағамыздың айтқан әңгімелерін шынайы қалпында сақтауды көздеген. Жадыда сақталып, жүрекке жазылған жан толқытар оқиғаларды ғана қағазға түсірген. ...Билік басындағы ұлағатты адамдардың қазақтың талантты ұлдарына жанашырлығы да кеңінен қамтылған. Мысалы, Димекеңнің тапсыруымен Үкімет Шәмшіге үй беріп, арнаулы стипендия тағайындап, консерватория ректоры Ерағаңа айтып, жасы асып кеткеніне қарамастан, оны консерваторияға оқуға қабылдатқаны, жоғары білімі жоқ болса да консерваторияда сабақ беріп, талантты жас­тарды сахна өнеріне баулып жүрген Құрманбек Жандарбековке профессор атағын алып беру үшін Саяси бюро мүшесі Қонаевтың Кеңес Одағы жоғары және арнаулы орта білім министрі әрі ВАК-тың төрағасы Елютинге телефон соғып, мәселені шешуі, консерватория бітірген дипломы жоқ деп Мәскеу Нұрғиса Тілендиевті де Композиторлар одағына мүшелікке қабылдағысы келмегенде, Ерағаң Мәскеуге ұшып барып, Композиторлар одағы басшыларына мәселе етіп қойып, билетті әкеп бергені неге тұрады?! Қызыл империяның тұсында бұлар оңай шаруа болмаған еді деп пікір қосады автор Болат Бодаубай. Композитор Еркеғали ­Рахмадиев екі тізгінді бір қолда ұстаған сирек тағдыр иесі. Бірі – шығармашылық, екіншісі – лауазымды қызмет. «Қамар сұлу», «Алпамыс», «Абылай хан» сияқты классикалық опералар, көптеген әндер, поэмалар, кантаталар, симфониялар жазып, қазақ елінде өнерді дамытуға зор үлес қосқаны бір төбе. Ал биліктің мүмкіндігін пайдаланып, ұлттық өнерді өркендету үшін қосқан үлесі, симфониялық оркестрлер құрып, театрлар ашқан, ел ішінен таланттарды іздеген күресі тіпті таңғаларлықтай. Автор бабалар тарихынан бас­тап әңгімелеп кететін сырды тарихи кезең бойынша баяндатып, қалайша жүйелеген деп ойлайсың. Өз өмірін өзіне әңгімелетіп, өз образын өзіне сомдатып отырып, салмақты сауалдар беріп, оған өз өмірінен сыр қосып, тарихты терең білетінін, ой-өрісінің кеңдігін айқын байқатып отырады. Мұнда жазушының өз образы да сүйсінерліктей болып шыққан. Ол кейіпкермен терезесі тең адам ретінде сұхбаттаcады. Қорыта айтқанда, автордың Еркеғали Рахмадиевпен жүргізген сыр-сұхбаты өткен ғасырда басталып, бүгінгі заманмен ұштасады. Ғабит Мүсірепов бастаған қазақтың марқасқа тұлғалары Кеңес дәуірінде тағылымды тәрбие беріп, композиторлық тұсауын кесіп (Брусиловский), классикалық музыкалар жаздырып, Мұқан Төлебаев билікке ұсынып жолын ашып, Д.Қонаев тұсында бес рет Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа сайланып, саяси қайраткер болса, абыздық жасқа жеткенде Нұрсұлтан Назарбаев «Абылай хан» операсын жаздыртып, Астанаға алдыртып, талантын бағаласа, онда Ерағаңның бойында сирек талант та, ерекше қасиет те болғаны ғой. Жазушының бұл ­туындысына әріптестері жоғары баға берген. ­Сауытбек Адрахманов: «Тұлға» атты кітап – қазақ мемуаристикасының үздік үлгілерінің бірі», Темірғали Көпбаев: «Ғаламат дүние, тұтас ғасырды алып шыққан», Қуандық Түменбай: «Кітапты оқығаннан кейін ол кісінің (Рахмадиевтің) нағыз қоғам қайраткері екеніне көзім жетті», Жүсіпбек Қорғасбек: «Оқырманның талабына сай кітап», мұндай пікірлерге менің қосарым – «Бір ғасырдың келбеті кес­теленген заман шежіресі». Мәкен ӨСЕРБАЕВА, Қазақстанның Құрметті журналисі Алматы облысы

3477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5845

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5503

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3240

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2624

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2585

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2563

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2297

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2280

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы