• Қоғам
  • 07 Ақпан, 2013

Жасанды түсік немесе болашақ ана – бойжеткен тағдыры жөнінде

Жасанды түсік. Құлаққа түрпідей тиеді. Осының түбіне терең бойлап, мән беріп жатқан ешкім жоқ. Қарбалас тіршілікте әркім бұл өмірдің құлы. Күнкөріс қамымен жүргенде, ұят, ар, намыс бір шетте ысырылып қалып қоятындай. Жап-жас қыздарымыздың осындай тірлікке баратынына сенгің келмейді-ақ. Бұған кінәлі кім? Ата-ана ма, әлде орта ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп, шама-шарқымызша зерттеп көрген едік. ...Алматы қаласындағы бірнеше емханаға бас сұқтық. Дәрігерлер қауымы жасөспірімдер арасында жасанды түсік көп жасалатынын жасырмады. Білгеніміз, жасанды түсік жасататындардың көпшілігі тіркелмейді екен, яғни жасырын түр­де жасататындықтан көбінесе жеке емханаларды таңдайтын көрінеді. Өміріне келетін қауіпті түсіне бермейтін қыздардың әрекеттерінен ата-анасы бейхабар. Әрине, мұндай қадамға білімсіздіктен, сауатсыздықтан баратыны белгілі. Өзіне деген сенімі жоқ қыздарымыз алдына белгілі бір мақсат қоя алмағандықтан сезімге ерік беріп жатады. Оның арты неге әкеліп соғатынына, бүкіл өмірі опық жеумен өтетініне мән бермейді. Операция арқылы түсік жасату – адам өміріне өте қауіпті. Айтыла бермейтін, тек дәрігерлер арасындағы ащы шындықтың бірі – жүкті әйелдің жатырын мүлдем алып тастау немесе тігіп, бекітіп тастау. Сорақысы сол оны қыздарымыз білмейді, яғни жатыры жоқ екендігінен хабарсыз. Жақында біраз жасқа келген танысым Алма көп жылдан бері бала көтере алмай жүрген соң Қытайға барып қаралғанын, ондағылар жатырың жоқ дегенде, төбесінен жай түскендей болғанын айтып налыған еді. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қазақта мәтел бар. Қанша дәрігерге барғанын, бірақ біреуі де тіс жармай, үндемей қалуының себебін енді түсінгендей. Бұл жас кезіндегі кінәсі екенін білгенімен, қолынан келер шара жоқ, дәлелдейтін дәлел жоқ. Қазіргі дамыған уақытта көпшілік жастар дәрі-дәрмектер арқылы түсік жасату жолын таңдайды. Алайда оның да өзіндік ережелерін сақтап, денсаулығына аса мән беруі қажет. Болашағының күңгірт екеніне мән бере бермейтін қыздарымыз «барахолкадан» дәрі-дәрмектер сатып алып, сол арқылы өз беттерінше әрекет етеді. Оның арты жақсылыққа апармайды, зардабын өмір бойы тартатындарын түсінгісі келмейді. Бірінші баланы алдыру бедеулікке әкеледі, яғни өмір бойы ана болу бақытынан айырылады. Онымен қоса бүкіл ағзаға теріс әсерін тигізеді. Мамандардың айтуынша, 23-30 жастағы келіншектер арасында бала көтере алмай жүргендер көп. Себебін анықтағанда жас кезінде түсік жасатқанын жасырмай айтып, «бірақ оны күйеуіме айтпай-ақ қойыңызшы» деп өтінетін көрінеді. Он алты жасар Анел аяғы ауырлап, ата-енесімен бірге қуықтай бір бөлмені жалдап тұрады. Жігіті басқа қызға үйленіп кеткен, оның да аяғы ауыр екен. Мұнан хабардар болған Анелдің анасы түсік жасатуға белін бекем буады. Бірақ дәрігер кеңесінен кейін ғана райынан қайтады. Жігіттің ата-анасы сәбиді алатын болып келіседі. Анелдің ажырасатыны белгілі. Жеке бизнесі бар, үйдегі үш баланың үлкені Анелдің осы әрекетіне анасы өзін кінәлайды. Таңның атысы, күннің батысы қызмет бабымен жүрді. Ал үйдегі балаларға әкелері бас-көз болып еді. Тағы бір мысалды келтірсек, жасы әлі он алтыға толмаған, үздік оқушы Сымбат үйдегі кикілжіңнен, ата-анасының арасындағы түсініспеушіліктен зардап шегеді. Әкесі тарапынан жасалған қысымға шыдай алмай, көңілін аулап, ойын бөлу үшін кәріс жігітімен кездесіп жүреді. Аяғы ауырлаған қыз, сол кездері тесттен де өте алмай қалады. Осының барлығы жүйкесіне салмақ түсіріп, шизофрения ауруына шалдығады. Жігіті «сен аурусың» деп ат-тонын ала қашады. Дәрігер мен анасының арқасында емдеу орталығына тіркеуге тұрып, аман-есен шарананы өмірге әкеледі. Шарананы анасы өзінің атына жаздырып, бағып-қағып отыр. Сымбат қазір жоғары оқу орнының студенті. Сырттай қарағанда әп-әдемі қыз, дәрігерге уақытымен барып қаралып, қажет кезінде емін алып отырады. Оның болашақ өмірі қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді. Бұлар көрер жарығы бар сәбилер… Ал өмірге келе алмай, қолдан тұншықтырып өлтірілгендер қаншама. Он тоғыз жастағы Аяулымға ғашық жігіт асты-үстіне түсіп, уәдені үйіп-төгеді. Мәдениетті, сүйкімді қызды сыпайы сөйлейтін жігіт өзіне қаратып, айтқанына көндіреді. Тіпті үйленетінін де жасырмайды. Өзінің бойындағы өзгерісін білген Аяулым, сүйіктісіне хабарласқанда, оның басқа қызбен отау құрып кеткенін естиді. Әке-шеше бетіне тура қарауға дәті шыдамаған қыз өз жолын таңдады, болашағы бұлыңғыр екеніне өкінгенімен, бәрі кеш еді. Наргиз есімді жасы жиырма бестегі қыздың айтуынша, жігіті «сен біраз жасқа келдің, бала көтере алмауың мүмкін» дейді. Аяғы ауыр екенін естіген күннен бастап сүйіктісі ізім-ғайым жоғалған. Наргиз көз жасына ерік бере отырып, жасанды түсік жасату жолын таңдаған. Келесі кейіпкеріміз – Дана. Құда бала, құдаша болып жүріп, туыстыққа сызат түсті. Дананың сөзімен айтқанда, туыстықтың арты сүйіспеншілікке, махаббатқа ұласқан. Сезімдерін тия алмаған екі жас, бірін-бірі сүйіп тұрса да қосыла алмайтын болғандықтан түсік жасатқан. Мұндай сорақылықтарға жол беріп, жасырын түсік жасаған дәрігерлерге қатысты қандай да бір қылмыстық іс қозғалып немесе заң тұрғысынан жазаланып, сотталғандар бар ма деген сауалымызға Алматы қаласындағы адвокаттар коллегиясының мамандары өз тәжірибелерінде мұндай жағдайдың кездеспегенін айтты. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының берген мәліметіне қарағанда, 2012 жылдың қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында он бес жастағы 1 қыз, он сегіз жастағы 331 қыз жасанды түсік жасатқан. Ал «Экомед» орталығының бас дәрігері, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарованың айтуынша, орталыққа келетін емделушілердің 70-80 пайызы жасанды түсіктен кейін бала көтере алмай жүргендер болса, қалғаны қабыну процестерінен, күйзелістен, гармониялық өзгерістерден, жыныстық қабыну ауруларынан зардап шеккендер екен. Мұндай жүректі сыздатар мысалдарды көптеп келтіруге болады. Әр кейіпкердің артында адам тағдыры тұр. Қыздарымыз намыстан жұрдай болса, жігіттеріміз жауапкершіліктен мүлдем ада. Бұдан шығатын қорытынды тәрбиенің ақсауы. Бүгінгі күнде отбасы тәрбиесі – өзекті мәселе. Бала тәрбиесінде әке мен бозбала, ана мен бойжеткен өзара еркін пікір алмасып, ашық түрде кез келген тақырыпта ой өрбітулері керек. Яғни бұл тұрғыдан алғанда, отбасы тұтас болуы қажет. Отбасының ажырасуы, әкенің немесе шешенің болмауы, олардың арасындағы түсініспеушілік, орынсыз кикілжің бала тәрбиесіне, психологиясына кері әсер етері сөзсіз. Қанша жерден өбектеп өсіргенімен әке анасының орнын, ал анасы әкесінің орнын баса алмайтыны ақиқат. Көп жағдайда қыз балаға да, ер балаға да әке тәрбиесі, тіпті жай ғана әкенің мысы жетпей жататын сияқты. Соның өзінен қыз баланың қаймығып, теріс әрекеттерге аяқ баспауы да мүмкін. Тәрбиенің ең үлкені – жастардың уақыттарын қалай өткізетіндігінде. Кітап оқып, білімге бас қойған жас мұндай теріс қылықтарға бармайды. Баланың уақытын босқа теледидар, компьютер алдында өткізбей, белгіленген кесте бойынша үйірмелерге қатыстырып, жан-жақты білімді азамат етіп шығаруды қадағалау қажет. Әйел заты табиғатынан жылы сөзді, еркелеткенді, аялағанды, құрмет көрсеткенді ұнатады. Мұны жігіттеріміз әлсіздікке балап, шектен шықпаса, әдепті болса екен дейміз. Қазақ қыздары арын, намысын ешқашан таптатпаған. Өзінің инабаттылығы, кішіпейілдігі, ұяң­дығы жағынан да басқаларға үлгі болған. Осыны ұмытпа, бойжеткен! Мақалаға орай Айнұр Мыңжасарқызы, Алматы қалалық №8 емхананың акушер-гинеколог дәрігері: – Жасанды түсік жасатудың басты себебі – тәрбиенің жоқтығы. Мен ең бірінші анасын кінәлаймын. Қыз балаға қатаң тәртіп пен тәрбие керек. Олар әлі жас болғандықтан, болашақтарын ойлауға саналары жетпейді. Жасанды түсік жасату организмге өте қауіпті. Біріншіден, бедеулікке әкеліп соғады. Сонымен бірге бүкіл ағзаға, мысалы жүйке жүйесіне салмақ түседі, емшек бездері өзгеріске ұшырайды. Жастарға айтарым, қандай жағдай болса да өз беттерінше әрекет етпей, міндетті түрде дәрігер мамандармен кеңескен дұрыс. Өз беттерінше дәрі-дәрмек қолдануға мүлдем тыйым салынған жөн, оның зардабын өмір бойы тартатындарын өкінішке орай көпшілігі түсіне бермейді. Мені маман ретінде қыздарымыздың болашағы алаңдатады. Әр дәрігер кез келген қызға өз баласындай жанашырлықпен қараса деп тілеймін. Тағы бір айтарым, жасөспірімдерге арналған телеарна ашылса. Онда кез келген сұрақтарға жауап беріліп, ақыл-кеңес айтылып тұрса. Зардабы, өмірге қауіптілігі айтылып, алдын алу жұмыстары жүргізілсе. Бинұр Мұратқызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті: – Біріншіден, қыз баланың тәрбиесіне анасы тікелей жауапты. Отбасын сақтай алмаған анадан қызы қалай тәрбие алады. Өз-өзін, отбасын ұстай алмаған ана қызына қалай тәрбие бере алады. Әр ана қызымен құрбысындай сырласып, ішкі жан дүниесіне үңілу керек. Батысқа еліктеген еркіндік те, қатарынан қалмасын деген «шектен шыққан еркелік» те қажет емес. Бұл жерде әкенің де рөлі жоғары, әкесі өзінің қыз балаға деген құрметімен, қабағымен тәрбиелей білуі керек. Екінші мәселе – мектептегі қыз бала тәрбиесі. Менің мектеп оқушылары, сүйкімді қыздарымыздың биік өкшелі аяқкиім киіп жүргенін көргенде жүрегім ауырады. Тіпті кішкентай қыздарымызға дейін өкшелі аяқкиімге, опа-далапқа құмар. Ерте есеюге ұмтылу ғой. Бұл мүлдем өзіне қарамасын дегенді білдірмейді. Өзін күте білуі, табиғи әдемілікті сақтай білуі қажет. Айтжан Рахманқұлкеліні, ардақты ана: – Бала тәрбиесі, оның ішінде қыз тәрбиесі үлкен жауапкершілікті қажет ететін іс. Қыздарымыз отбасылық өмірге үлкен дайындықпен келіп, дұрыс көзқарас, жақсы қарым-қатынас қалыптастыру қажет. Ар-ожданы кіршіксіз таза болуы тиіс. «Бір жылдық жоспар құрған – күріш егер, он жылдық жоспар құрған – ағаш отырғызар, өмірлік жоспар құрған – ұрпағын біліммен сусындатар» дегендей, ұрпағымыз тәрбиелі болса, жасанды түсік жасату да, тастанды бала да, қарттар үйі де болмас еді. Баланы жасынан қазақы әуендерді, термелерді тыңдатып өсіру керек, оның әр сөзіне мән беруін, мағынасын түсінуін қадағалау қажет. Ең үлкен тәрбие құралы салт-дәстүрімізді, қазақтығымызды сақтау деп айтар едім. Оқу мен еңбекті қатар алып жүрген ұл-қыздарымыз ешқашан жаман болып өспейді. Баланың жаман-жақсы болуы тікелей ата-ананың тәрбиесінен, бала болған соң ата-анасынан көргенін істеп өседі. Бағдагүл Балаубаева

10029 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5919

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5551

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3289

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2673

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2635

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2611

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2345

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2328

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы