• Руханият
  • 21 Ақпан, 2013

Төрт түлік бақтым – теңселе бастым

Қазақтың ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы, дауласа – құны болған төрт түлік мал көшпенділер тіршілігінің тінін құраған, өмір салты мен дүниелік танымында зор маңызы болған. Қазақтар әрқайсысының жаратылыс ерекшелігіне сай азығы мен жайылымы, күтімі мен бабы бөлек болатынын ертеден-ақ білген. Соған сәйкес жыл он екі ай мал қамын жасап, суыққа ұрындырмай, аптапқа қаталатпай, бабын таба білген. Төрт түлік малдың оттауы мен жусауына, жайылысы мен желдеуіне, шабысы мен шалысына қарап, олардың табиғи қасиеттерін ажыратқан. Ел аңызында жылқының – желден, түйенің – сордан, сиырдың – судан, қойдың – оттан, ешкінің – тастан жаралғаны айтылады. «Мұнымен қоса ел ішінде түйе күннен, ешкі атасы шығыпты шырмауықтан деп те айтылады. Ал ескілікті дүниетанымда қой баласы тіпті бұдан да көп текте сипатталады. Мысалы, қой – бейіштің малы, қой – көктен түскен көк қошқар, қой атасы жантақтан өсіпті, қой Меккеден шығыпты деген де сөз бар. Бұл аталғандардан ата-бабаларымыздың қой түлігінің шығу тегін тек отпен (яғни орта әлеммен) ғана емес, аталған тұтас төрт тектің (яғни тұтас үш әлемнің) бәрімен байланыстыратынын көреміз» (1,3). Осы түсінік бойынша әр малдың өзіндік қасиетін өмір тіршілігіндегі қажетіне жаратып отырған. Мәселен, суық тигенде қойдың құйрық майын денеге жаққан, сынған сүйекті салуда жылқы қазысының майы қолданылған. Ал түйе сүті шұбат бойға нәр беріп, тоғайтса, жылқы сүті қымыз көңілді көтеріп, бойға қуат қосқан. Қорғасын саналған қойдың етіне қарағанда, сиыр еті қорытуға жеңіл келетіндіктен, әлсіз науқастарға жұмсақ етіп, пісіріп ұсынған.Түлік сөзінің өзі kir. tylyk: торт тулук мал четыре рода скота; Sag. Tylyk запас, средства питания (5) дегенді білдіреді. Олай болса, тіліміздегі төрт түлік пен азық-түлік дегендердегі түлік формасы төркіндес болып шығады. Өз бетінше жайылып, тіршілік ете алу қабілетіне қарай оларды ақ мал,қара мал деп топтастырған: сыртта ақ қар, көк мұзда өз бетінше жайыла беретін жылқы ақ мал, қолдағы түйе, сиыр, қой, ешкі қара мал саналған. Төрт түліктің тұрмыстық-әлеумет­тік өмірде жұмсалатын орнына қарай қазақтар түйені салтанат санаса, жылқыны мақтан еткен, қойды байлыққа баласа, сиырды қанағат еткен, ал ұсақ мал ешкіні өлместің күніне санаған. Осыған сәйкес ел аузында мынадай мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестер жатталған: түйе бақтым – қоңырау қақтым, жылқы бақтым – желең қақтым, сиыр бақтым – сидаң қақтым, қой бақтым – қорғасындаттым, ешкі бақтым – елбең қақтым;ер қанаты –ат; ат жалын тартып мінген; ат тұяғын тай басар; мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір; айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады, т.б. Ел сенімінде әр түліктің қолдаушы пірі (иесі) болған: түйенің Ойсылқарасы, жылқының Қамбар атасы (кейде Жылқышы атасы), сиырдың Зеңгі бабасы, қойдың Шопан атасы, ешкінің Шекшек атасы бар деген мифтік наным болған. Қазақ ұғымында ара-тұра бұдан да басқа түсінік кездеседі. Оны Балқы Базардың мына бір өлең жолдары растайды: Ойсылқара келенің бурасы екен, Буралығын білдірген шудасы екен. Жылқышы ата үйірдің айғыры екен, Құлындатқан қысырақты байлық екен. Зеңгі баба сиырдың бұқасы екен, Ет пен майға өн бойы тұтас екен. Шопан ата қойлардың қошқары екен, Егіздетіп жылда төл қосқан екен... Қазақ халқының түсінігінде бұл төрт түлік малдың ішінде ең асылы қайсы дегенге келсек, Мұхтар Әуезовтің мына жазбасы назар аударуға тұрарлық: «Бұрынғы бақташы қазақ көшпелі тірлігінде түйеде жампоз, жылқыда тұлпар, сиырда тынжы, қойда құтпан,келепан дейтін ерен-ерек жан иелерін арман еткен» (Оңтүстік сапарынан). Кейінірек зерттеуші Т.Тұрсынұлы осы сұрақ төңірегінде ой қорытып, «жылқыдан тұлпар, түйеден желмая, қойдан келепан, сиырдан қара тіл деген жүйріктер шығады» деген пікір қосады («Ана тілі» газеті, 03.09.1992). Ел қадірлеген жампоз, тұлпар, тынжы, қара тіл, құтпан, келепан секілді таңдаулы мал атауларының сырына үңіліп көрейік. Алдымен жампоз лексемасына келсек, оны тілімізде сирек қолданылатын сөз қатарына қосуға болады. Көбінесе диалектілік қолданыста кездеседі. Мысалы, түсіндірме сөздікте былай көрсетіледі: 1. Нар мен айыр түйенің будандасуынан туған асыл тұқымды түйе. Айырдан туған жампоз бар. 2.ауыс. Жігіттің төресі, асылы. Небір жайсаңдар мен жампоздар (Б.Аманшин) (3).Жамбоз (Атырау, Маңғыстау.) Айыр түйе мен лөктен туған түйе тұқымы. Айырдан туған жамбоз бар, Нарға жүгін салғысыз. Жаманнан туған жақсы бар, Адам айтса нанғысыз; Жампоз (Орал, Чап.) өткір, алғыр, пысық адам. Ой, Бәкең деген Жампоз адам ғой (Х.Есенжанов) (ҚТДС -1999, 14-15 бб.). Жанпозы (Жамб,. Шу) өткір, алғыр, пысық. Ахмет жанпозы жігіт еді (ҚТДС – 1969, 109). Жоғарыдағы деректерден жанпоз сөзінің қазақ тілінде жамбоз, жанбоз, жанпоз, жанпозы түрінде бірнеше дыбыстық нұсқаларда қолданылғанымен, мағыналық тұрғыдан еш өзгеріссіз қала беретіні байқалады. Ал қырғыз тілінде мүл­дем басқаша: қарастырылып отырған лексема екі түрлі нұсқада қолданылады және мағынасы да екі түрлі келеді: жампоз – один из видов сильного беркута. Жамбоз ир. см. Койбоз: койбоз-жамбоз южн. сказочная страна изобилия и благоденствия (то же, что Бумба у калмыков) (ЮСл: 225, 394). «Жампоз – жанпоз – жамбоз – жанбоз лексемасының морфологиялық (құры­лымдық) табиғатына келетін болсақ, оның қырғыз тілінде койбоз сөзімен құрамдасып, яғни оны жетегіне алып, қос сөз жасасуына қарағанда, қарастырылып отырған форманы бір жай түбір емес, композита бітіміндегі күрделі жасалым ретінде сипаттауға, бұдан да гөрі таратыңқырай айтсақ, жеке-жеке ирандық жам және түріктік поз (боз) деген екі бөлек сөзге мүшелеуге болады. Мұндағы жам бөлігі иран тілдерінің дерегі бойынша ертеде «феодалдық және буржуазиялық қоғамда» аса құдіретті патшаларға берілетін «титул» (құрметті атақ, лауазым) мағынасындағы сөз болған. Демек, қазақ, қырғыз, тағы кейбір түрік тілдерінде кездесетін жампоз//жамбоз композитасын шамамен «асыл тек, асылзада, бекзат, бекзада, ақсүйек» сияқты мазмұнда сипаттауға болады деп ойлаймыз» (1,5). Осындай асыл тұқымды түйе түлігі ел аңызы бойынша мүшелдік жыл қайыру цикліне енбей қалған, яғни жылдан құр қалған. Құр қалғаны бойына сенгенінен деседі ел. Ал шындығында ел аузында айтылып жүрген жұмбақ айтыста көрсетілгендей, түйе бойында жыл қайыру цикліне кіретін жануарлардың барлық қасиеті бар: Өлеңнің ұзыны бар, қысқасы бар, Сөздің де айта алатын ұстасы бар. Қарағым, сен білмесең мен айтайын, Түйеде он екі жылдың нұсқасы бар. Шешуі: құлағы – тышқан, бақайы – сиыр, тірсегі – барыс, ерні – қоян, шөккені – ұлу, көзі – жылан, төбесі – жылқы, тісі – қоян, жүні – мешін, мойны – тауық, табаны – ит, құйрығы – доңыз (2). Бұл халық даналығына қарағанда, түйе жылдан құр қалмаған, қайта оны жоғарыда аталған он екі түрлі жан иесінің жиынтық бейнесі, яғни мүшел он екі жылдың символдық тұтастығы деуге болатындай. Ботасын он екі ай көтеруінде де осыған орайлас заңдылық бар шығар. Діни сенім бойынша адам баласы Жаратушының тоқсан тоғыз есімін білсе, жүзіншісін осы түйе малы біледі екен, ал жүз бірінші есім тек Алланың өзіне аян. Әулие-әнбиелер мініп, дүние кезген, Қорқыт абыз мініп, көрден қашқан, Асанқайғы желіп, жерұйығын іздеген желмаялар көп сырды ішіне бүгіп жатқандай. Ыстық пен суыққа төзімді, аштық пен шөлге шыдамды, жердің өзіндей маңғаз, даланың өзіндей аруақты, асыл текті түйенің жаратылыс сыры әлі күнге толық ашылған жоқ. Ал тұлпар – бітімі бөлек, ең жүйрік жылқы. Қазақ ғасырлар бойы жылқының жүйріктерін, мықтыларын сұрыптап, іріктеп тұлпар өсірген. Оны негізінен батырлар мінген. Мысалы, ел аузындағы Алпамыстың Байшұбары, Қобыландының Тайбурылы, Ер Тарғынның Қарақасқасы, Қабанбайдың Құбасы, Бұғыбайдың Қарасеркесі, Наурызбайдың Ақазуы, Исатайдың Ақтабаны, т.б. жүйріктердің ерен бітімі мен жел тұяқты желісі, асқан ақылы мен қанатты шабысы айта жүрер аңызға айналған. Небір қиян-кескі жорықтар мен қантөгіс қырғындарға иесімен бірге кірген, сындарлы шақтарда арқа жонын тосып, оққағар болған адал ақыл иелері де осы жануарлар болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Абайды шабыттандырған: Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ, Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ. Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды, Ой желке, үңірейген болса сағақ. Теке мұрын, салпы ерін, ұзын тісті, Қабырғалы, жотасы болса күшті, Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы, Тояттаған бүркіттей салқы төсті. Жуан, тақыр бақайлы, жұмыр тұяқ, Шынтағы қабырғадан тұрса аулақ. Жерсоғарлы, сіңірлі, аяғы тік, Жауырыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ...– деп келетін жылқының асылы ерлер таңдап мінген қас жүйрік тұлпардың сыны болса керек. Ал «Сиыр деген бір мал бар, Зеңгі атаның баласы. Қасиеті май берер, өзгеше екен бағасы» деп Мәшһүр Жүсіп Көпеев жырға қосатын аша тұяқты, мүйізді ірі қара малдың ішінде сүті мол, асыл тұқымдысын тынжы деп атаған. Сиыр малының жүйрігі қара тіл немесе құнжын аталады (6). Сиыр өнім бағытына қарай етті (симменталь сиыр), сүтті сиыр (сауын сиыр) деп бөлінеді. Бірнеше бұзаулап, сауында жүрген үлкен сиырды мама сиыр дейді (Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Алматы, 2011. 13-том, 248-б.). Келепан лексемасы жалпыхалықтық тілде екі түрлі мәнге ие: бірі аймақтық қолданыс болса, екіншісі мифтік таным көрінісі. Келепан: зат. 1. Қозыны айыра білу үшін арқасында қырықпай қалдырылатын шоқ жүн. Қозыны қырыққанда құйрығының үстіне келепан қоюды ұмытып кетпе (Қазақ тілін. аймақтық сөздігі). Шайланған қойдың бөсірмесі базданбау үшін құйрығының ұшынан қырқылмай қалдырылған шоқ жүн «келепанға» жіп жалғап, арқасындағы жүнге тартып байлап қояды (3). 2. миф. Халық мифологиясындағы қазақ шопандары армандаған идеалды мал түлігінің атауы (4). Баянөлгий аймағының қазақтары шоқпар тұмсықты, кең маңдайлы, дөңгелек әрі кең танаулы, үлкен құйрықты, арқа жоны тегіс, жалпақ, жіліншігі жуан әрі қысқа, іші үлкен, ені ұзын және ұшынан айырлы келетін, терісі қалың, жүні қою, ширақ денелі, басы жуан, желкесі шүйделі, мұрны еңкіш, ұяң түбіт жүнді, арқар мүйізді, мықты сирақты, қара баран тұяқты, қара көзді еркек тоқтыны келепан атап, қошқар қояды да: Ұрық төлің көп болсын, Өнімің сенің мол болсын. Мың қойдың басы бол, Заңғар таудың шөбін же, Тұнық таза суын іш. Табын басы болып, Табынға ие болатын қошқар бол, – деп бата береді екен (7). Жинақтай келгенде, көшпенділік тірші­ліктің арқауы болған төрт түлікке қатысты қазақы таным даналыққа толы дала пәлсапасы мен уақыттың өзі үйреткен халықтық тәжірибе сырларын ұғындырады. Әдебиет: Жанпейісов Е. Төрт түлік төңірегінде. ҚР ҰҒА Хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы. 2005, №3. -3-12 бб. Жігітке жеті өнер де өнер, өлең де өнер: қазақтың қара өлеңдері. Үрімжі, 1989. 342 б. Кәмалашұлы Б. Маңғыстау қазақтарының салт-дәстүрі. Алматы, 1978. Кеңесбаев І.К. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. Алматы, 1977. Радлов В.В. Опыт словаря тюркских наречий. СПб., 1893-1911. Т. I-IV. Тоқтабай А., Сейітқұлова Ж. Төрт түліктің қасиеті. Алматы, 2005. –192 б. Тоқтабай А. Баянөлгий қазақтарының қой өсіру әдістері мен тәсілдерінің ерекшеліктері. Жанат Исаева, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

23443 рет

көрсетілді

104

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7114

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6158

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3897

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3289

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3244

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3218

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2946

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2933

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы