• Тұлға
  • 21 Ақпан, 2013

Парасатты мінезде ғой көріктік...

Қазақ елінің металлургиясында бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып отырған КСРО-ның Құрметті металлургі, Қазақстан Рес­публикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен басқа да мәртебелі марапаттардың иегері Төлеген Мұсаұлы Әбдірахмановтың да лайықты орны бар. Біздің кейіпкеріміз қарапайым теміржолшы отбасында дүниеге келді. Теміржолшы дегеннен шығады, Төлеген ағаның әкесі Мұса алты ағайынды болатын. Алтауы да жігіт жасына келгенде әкелері Әбдірахман секілді теміржолшылықты қалады. 1960 жылы Алматыда очерктер жинағы жарық көрді. Міне, осы кітапта «Әбдірахмановтар жолы» деген мақала бар. Осы мақалада ағайынды теміржолшылар өмірі туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Журналист жазбасында назар аударарлық мынадай деректер келтіреді. Әлгі ағайынды алты жігіттің төртеуінің әрқайсысы сол кезеңде жоғары награда саналатын – Ленин орденімен марапатталған. Бұл жерде олар кеуделеріне жарқырата таққан басқа орден-­медальдарды айтқымыз келіп отырған жоқ. Таңда­нарлық-ақ жайт. Әрине, бұл наградалар жайдан-жай беріле салмағаны анық. Басқаларға үлгі-өнеге боларлық ерен еңбек, қажымас күш-қайрат бағаланып отыр. Әйтпесе, Ленин ордені балаларға сыйлық үлестіргендей беріле салатын жай нәрсе емес. Орта мектепті күміс медальмен тәмам­даған жас жігіт – Төлегеннің де теміржолшы болып кетуі мүмкін еді. Алайда әкесі ақыл берді: «Әулетімізбен теміржол саласында жүрміз. Енді ар­тықтау болар. Сенің басқа маман­дық­ты игергеніңді қалаймын. Жақсы инженер болсаң – ол да жаман емес». Бұған қарсы ештеңе демеді. Әке сөзіне құлақ асты. 1950 жылы Алматының тау-кен-металлургия институтының металлургия факультетіне түсіп, оқу орнын ойдағыдай бітіріп шықты. Диплом қорғар алдындағы соңғы өндірістік практика Шымкенттегі қорғасын зауытында өткен. Практика көңілден шықты. Қала да ұнап қалды. Оқу бітірген соң Шымкентке баруды көздеген. Бұл ойы аяқастынан өзгеріп шыға келді. Бірге оқыған студент жігіттер арасында жақынырақ араласқан қарсақ-байлық Шакуар Оразбеков деген жолдасы болған. Сол қолқа салды: «Сенің ауылың Жосалы Қарсақбайға жақын. Қатынап тұруыңа жақсы. Біздің ауылға бірге барайық». Шакуардың осы сөзін қимады. Сөйтіп, алдын-ала ойластырған жоспары бұзылып, алыс Қарсақбайға жолтартты. Бұл 1955 жылдың тамыз айы еді. Қарсақбай мыс қорыту зауытында еңбек жолын аға мыс балқытушының көмекшілігінен бастады. Одан әрі ауысым шебері, бөлімше бастығы, цех бастығының орынбасары, зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы, партия ұйымының хатшысы секілді сатылардан өтті. 1964 жылдың 1-қаңтарында зауыт директорлығын атқару жүктелді. Зауыт басшылығында жүргенде өндірістік жұмыстармен қатар әлеуметтік мәселелердің де оңтайлы шешілуіне баса көңіл бөлді. Поселке тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету күрмеуі қиын мәселелердің бірі еді. Бұл да өз шешімін тапты. Мәдениет ошақтарының талаптағыдай жұмыс істеуі жолға қойылды. Сол жылдардағы тындырылған келелі бір іс – ұлтымыздың дана ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мұражайын ашуға байланысты атқарылған жұ­мыстар. Алдында естігені бар. Жез­қазған комбинаты Қанекеңнің үш мүсініне тапсырыс беріп жатыр екен. Комбинат басшысы В.Гурбаға арнайы кіріп, Қарсақбайда Қаныштың мұражайы ашылайын деп жатқанын, тапсырыс берілген мүсіндердің бірін осы мұражайға қойғылары келетінін айтып, өтініш білдірді. Гурба қарсылық білдірмеді. Сөйтіп, Қанекеңнің мүсіні Қарсақбайға әкелінді. Зауыт басқармасының жанындағы кезінде Қаныш Сәтбаев тұрған үй көзге жылы ұшырайтын. Бір басында отбасымен жайғасқан, екінші басында кеңсе болған. Өзара келісімнен кейін үй тұрғындардан босытылды. Күрделі жөндеу жүргізілді. Қағаз, кітаптар, киімдер орналасатын шкафтар жасалды. Қанекеңнің тірі кезінде пайдаланған жеке заттары, құжаттары, кітаптары, суреттері сұралып, жан-жаққа хабар берілді. Қаныш ағаның отбасына, балаларына осы жөнінде арнайы хат жазылды. Олар өтінішті аяқсыз қалдырмады. Көптеген заттар, суреттер, кітаптар қолға тиді. Елдегі Гео­логия институты тиісті қол ұшын берді. Әсіресе, Қанекеңнің қызы Ханисаның жанашырлығы айтып жүретіндей-ақ болды. Мұражай ашылар алдында Алматыдан әдейі келіп, қандай көмек-жәрдем керектігін сұрады. «Әкем тұрған қасиетті шаңырақ қой» деп болашақ мұражай болатын үйдің есік-терезелерін, еденін өз қолымен жуып, тазартты. Мұның бұл әрекеті көпшілікті қатты толқытты. Кейін мұражай салтанатты жағ­дайда ашылды. Ол жұртшылықтың аса ынты­зарлықпен бас сұғатын ордалы орнына айналды. Әсіресе, жас­тарды, мектеп оқушыларын туған жерді, ұлттың ардақ­тыларын сүйіп, құрметтеуде мұражайдың тәрбиелік ықпалы зор еді. 1973 жылы сәуірде жаңадан Жезқаз­ған облысы отау көтерді. Сол кезде Төкеңе осы аймақтағы айтулы өндіріс орны – Жезқазған кен-металлургия ком­бинатының партия комбинатын басқару ұсынылды. Жауапты, болашағы зор қызметке келгенімен көңілі өндіріске кетті де жүрді. Партия жұмысынан гөрі кәсіпорында, мамандығы бойынша еңбек ету әлдеқайда маңыздырақ көрінді. Содан Қазақстанның Орталық Комитетіне, обкомға шығып, партия қызметінен босатып, зауытқа жұмысқа жіберу туралы өтініш жасады. Орталық Комитеттің ауыр өндіріс бөлімінің меңгерушісі Т.Мұхамедрахимов алғашқыда бұл әрекетін ұната қойған жоқ. «Партия жұмысына арыз беріп орналаспайды және арыз беріп босамайды» деді. Сәлден соң райынан қайтып: «Әрине, өндіріске де кадрлардың керек екені рас. Егер обком қолдаса келісейік» деді. Обком хатшылары қарсы бола қоймады. 1977 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженерлігіне бекітілді. Ал арада он екі жыл өткен соң баламалы сайлау нәтижесінде зауыттың директорлығына сайланды. Бұл қызметті Жезқазған кен-металлургия комбинатының бас металлургі болып тағайындалғанға дейін атқарды. Жезқазғандағы мыс ширатпасы зауы­тының өмірге келуінде Төлеген Мұсаұлының еңбегі зор. Осы маңызды жұмысты атқару өзіне тапсырылғанда жүрексінген. Алайда бәрі де ойдағыдай болды. Бірнеше шетелдерде болып, әртүрлі фирмалармен жүргізілген келісім өз нәтижесін берді. Жаңа кә­сіпорын ашылғанда Елбасының өзі қа­тысып, жүрекжарды тілегін жеткізген: – Көптен бері айтып жүргенім осы еді ғой, – деп қуанышын жасыра алмаған. Нұрсұлтан Әбішұлының қуанатын да реті бар. Мемлекет басшысы шикізаттың сыртқа ағыла беруіне разы емес. Жергілікті жерде сол шикізаттан дайын өнім шығарғанды жөн санайды. Дайын өнім шығару дегеніңіз бұл бір жағынан жаңадан жұмыс орнының ашылуына себепкер. Дайын өнім болған соң оның бағасы да қымбаттырақ. Мұның өзі кәсіпорынға да, мемлекетке де едәуір пайда. Елбасы қуанышының мәні осында жатыр. Айтпақшы, кейінірек жаңа зауыттың директоры болып Төкеңнің ұлы, жүрегі таза азамат, білікті инженер Болат Әбдірахманов бекітілді. Болат басшылыққа келгенде ширатпадан мыс сымдарын өндіруді қолға алды. Бұл өндіріс тиімділігін одан әрі арттыруға мүмкіндік берді. Елбасы мысты өңірге аяқ басқанда осындағы мыс зауытына соқпай кеткен емес. Содан да шығар Төлеген Мұсаұлының қызметінен жақсы хабардар. Соңғы бір келгенінде арқасынан қағып: «Бұл кісі ертеден таныс қой» деп жылы лебізін білдірген. Азаматтың жүрген ортасында абы­ройға, жақсылыққа кенелуінде оның Құдай қосқан қосағының да алар орны ерекше. Төлеген аға зайыбы Күлжаханмен студент кезде танысқан еді. Содан қосылып, шаңырақ көтеріп өнегелі отбасын құрады. Күлжахан тәтеміз Төкеңнің кәрі анасын қашан көзі жұмылғанша жас баладай мәпелеп, бақты. Қас-қабағына қарап, келіндік парызын ойдағыдай орындай білді. Өзі де өмірге бес перзент әкеліп, ағамызбен бірге оларды тәрбиелі, саналы етіп өсірді. Балаларының бәрі қазіргі күні өз мамандықтарының үздіктері. Кенжелері Алматтан өзгелерінің отбасылары бар. Ата-аналарына немере, шөбере сыйлап, берекелі ғұмыр кешуде. Енді Төкең мен Күлекең «Қазақмыс» корпорациясында жауапты қызмет ететін Алматтың отау құрар тойын асыға күтуде. Көптің құрметіне бөленген, еліне елеулі еңбек сіңірген азамат Төлеген Мұсаұлы жөнінде көбірек айтуға болар еді. Өкінішке орай, оны газет беті көтермейді. Бұл кісі тау мінездес. Қашан көрсең де байсалды, сабырлы қалпынан еш өзгерген емес. Ағамыз ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға...» деген сөзін өмірінің берік қағидасына айналдырғандай. Тау мінездес дегеннен шығады. Әнебір жылдары ардақты азаматқа арнап осындай тақырыппен жыр жолдарын қағазға түсіргеніміз бар еді. Осы арнау-жырда ағаның бейнесі біршама ашылатын болу керек... Басқаға емес тауға ұқсатам ағаны, Көріп тұрмын тау мінездес дараны. Тауларға тән биіктік пен алыптық, Алып таулар асқақтатар даланы. Тау секілді тұлғасы да, тұрысы, Тағдырластар арасынан ірісі. Қара жердің өзін-дағы теңселтіп, Өткендей ме алп-алп жүрісі. Тау секілді салмақтық бар бойында, Ел-жұртының есендігі – ойында. Сабыр сақтап салқындылық сездірер, Жармасса да кедергілер жолында. Тау секілді тектілігін көремін, Жұрнағындай жақсылардың – көненің. Жабырқаған жүрек болса жұбатып, Қиналғанның қолтығынан демедің. Ар асқарлы тұруы үшін болысқан, Арды аяққа тебетінмен алысқан. Өзгелерден өрелілеу болған соң, Тау секілді көрінеді алыстан. Тау секілді. Тау дегенім биіктік, Парасатты мінезде ғой көріктік. Жай емесін білем жайсаң жандардың, Ғүмыр бойы келе жатқан жүріп тік. Туған еліне адал қызмет етіп, азамат­тықтың, адамдықтың биік деңгейінен көрініп жүрген алдымыздағы асқар таудай ағаларымыз аман болғай деп тілейік. Нұрперзент Домбай

4043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6735

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5980

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3719

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3109

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3064

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3041

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2770

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2755

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы