• Мәдениет
  • 21 Ақпан, 2013

Дирижер

Оркестр және дирижер. Егіз ұғым. Бір-бірінсіз елестету мүмкін емес. Құрманғазы оркестрінің орын­дауын­дағы Құрманғазының «Са­рыарқа» күйін тыңдап отырып, көз алдыңа қазақтың кең байтақ даласы, ауыздығымен алысқан арғымақтар елестейді... Тыңдарманына шығарманы терең түсініп, қадірін кетірмей, саф алтындай таза күйінде жеткізу, әр дыбысты назардан тыс қалдырмай, әр аспапты өз тілінде сөйлету нағыз таланттың ғана қолынан келетін іс. Балалық шағынан қасиетті қара домбыраның үнін естіп, көз ашқан­нан-ақ күйдің құдіретіне бөленіп өскен біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Қа­зақ­станның еңбек сіңірген артисі, Шамғон Қажығалиев атындағы 1-республикалық дирижерлер байқауының лауреаты, профессор, көрнекті дирижер Жалғасбек Әмірханұлы Бегендіков. Жалғасбек Әмірханұлы Беген­діков ұлы Ахмет Жұбановтан бастау алған, қазақтың кәсіби дирижерлік мектебінің алыптары Шамғон Қажығалиев, Нұр­ғиса Тілендиев сияқты дара тұлға­лардың төл шәкірті, ісін жалғастырушы ізбасары, талантты дирижер. Маңғыстау топырағында ата­лары дарабоз күйшілер Өскенбай, Мұраттармен қатар жүріп, күй тартысса, нағашы атасы қобызшы әрі атағы елге мәлім қолөнер шебері болған. Бала кезінен музыкаға бейім жігіт мектеп қабырғасында жүріп-ақ нота үйреніп, музыкалық білім алған. Оркестрде домбырада, балалайкада, үрмелі аспаптарда ойнаған. Суретке деген қызығушылығын музыкаға құштарлығы жеңеді. Шымкенттегі музыкалық училищеге түсіп, оны үздік тәмамдап шығады. Сәнен Ажиева, Мұхит Айтқалиев, Клим Расқалиев, Қасымхан Байтеменов секілді білікті мамандардан тәлім алады. Шәкіртінен үміт күткен ұстаздары оны жолдамамен Мәскеудің Гнесиндер атындағы музыкалық институтына оқуға жібереді. Әке көңілі баласын алыс Мәскеуге жіберуге қимай, ақырында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түседі. Өнер майталмандары Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мырзабеков, Кенжебек Күмісбеков секілді ұстаздар тәлім-тәрбие беретін белді ортаға тап болған бала Жалғасбекке түркі әлемінің дарабоз дирижері Шамғон Қажығалиевтің класында оқу бақыты бұйырып, оқу орнын дирижерлік мамандық бойынша тәмамдап шығады. Құрманғазы оркестрінің өзі бір жеке академия. Музыкант болып қалыптасу үшін оркестрден бастаған жөн. Дирижердің есту қабілеті, оркестрмен жұмыс жасауы, керісінше оркестрдің дирижерге қарым-қатынасы, көзқарасы – жас дирижер үшін үлкен мектеп. «Осы мектептен өту үшін көп еңбектендім, білікті маман болып қалыптасуыма бағыт-бағдар берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Мен алғаш дирижерлікті бастап жүрген уақытта профессор Газиз Дугашевтің: «Саған дирижерлік қабілетті табиғаттың өзі тарту еткен. Осы бағытты ұстап, жалықпай іздене беру керек» деген сөзі есімде қалып қойыпты. ...Ғазиза Жұбанованы өнер адамы ретінде, қамқор ана ретінде қатты құрметтеймін, өте ғажап адам еді. Отбасы жағдайыммен басқа жаққа кетемін деп жүргенде қоярда-қоймай алып қалған. Сол бетінде Алматыда қалып қойдық. Қазір ойлап отырсам, сол кісілердің көрегендігі, болашақ маманды тани білуі таңдандырады. Міне, 35 жыл болды, өзім де шәкірт тәрбиелеп, ұстаз деген атты иемденіп жүрмін. Танымал кісілердің қасында жүру, тәлім-тәрбие алу екінің біріне бұйыра бермейді. Шамғон аға мен Нұрғиса ағаны мен өзіме пір тұттым. Екеуі екі бөлек дара тұлға, дана тұлға. Қазақтың марғасқа азаматтары ғой. Жауапкершілікті талап ететін Шамғон аға ол уақытта кафедра мең­герушісі, үлкен профессор, аса лауазымды адам. Құрманғазы оркестрінің бас дирижері. Ол кісінің жанына жа­қындаудың өзі оңай емес. Өте білімді, парасатты. Сөйлеген сөзі, сыртқы болмыс-бітімі, киім киісі, жүріс-тұ­ры­сы, адамдарға қарым-қатынасы – мұның бәрі мен үшін үлкен бір мектеп болды» деп ерекше ілтипатпен еске алады өнер иесі. Жалғасбек Әмірханұлының еңбек кітапшасы студент кезінде ашылып, Құрманғазы оркестрінде еңбек жолын бастайды. Шамғон аға шәкіртіне жас кезінен көңіл бөліп, аса мән берген. 1978 жылы кон­серваторияны бітірген жас маманды бірден кафедраға ұстаз­дық қызметке қалдырып және Құрманғазы ор­кестрінде өзіне көмекші дирижер ретінде жұмысқа қабылдайды. Яғни жас маманның дирижерлік баспалдағы осы консерваторияны бітірген жылдан бастау алады. 1987 жылы Ресейде, Новоси­бирскіде симфониялық дирижерлік тә­жірибені профессор А.М.Кацтың класынан өтеді. 1993-1995 жылдары опера-симфониялық дирижерліктен аспирантураны профессор В.Д.Руттер класынан бітіріп, сол жылдары Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрында да қызмет атқарып, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек», С.Мұхамеджановтың «Ақан сері – Ақтоқты», Аданның «Жизнь», т.б. бірқатар опера, балет спек­такльдерінде дирижерлік еткен. Кейіпкеріміз ұлы композитор, дарынды дирижер, дәулескер күйші Нұрғиса Тілен­диев­пен қызмет­тес болғанын аса бір мақтаныш се­зіммен жеткізді. «Әлі есімде. 1975 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 50 жылдық мерейтойына байланысты Құрманғазы оркестрі бірнеше мәрте концерт берді. Ағамызды алғаш рет пультта сол кезде көрдім. Оның оркестрді үйіріп алып кетуі мені таңғалдырды. 1980 жылдары «Отырар сазы» оркестрі құрылып, сол жылда­ры оркестрге жетекші болып Нұрғиса Тілендиев келді. Кейде Құрманғазы оркестрі мен «Отырар сазы» оркестрін қосатын. Ол кезде осы екі оркестр ғана бар. Мен екеуіне де дирижерлік жасап, көмек­тесетінмін. Осы кездері Нұрғиса ағаның көзі түсіп, өзіне жұ­мысқа шақырып жүрді. Жақсы сый­ластықта, жақсы қарым-қатынаста болдық. Кейіннен 1990 жыл­дар ішінде ол кісімен бес жылдай қызметтес болдым. Нұрағаңның оркестрмен жұмыс істеу тәсілі керемет еді. Музыканы оркестрге лайықтап жаза білу, аспаптандыру, оранжировка, шығармаға трактовка жасау дегенді өте шебер жасағандығынан ол кісі кез келген шығарманы ажарландырып жіберетін. Осы бес жыл мен үшін үлкен мектеп болды. 1998 жылы 15-қазанда Нұраға дү­ниеден өтті. Мәдениет ми­нистр­лі­гінің бұйрығымен мен «Отырар сазы» оркестріне көр­кемдік жетекшілікке және бас дирижерлікке тағайындалдым. Нұрғиса Тілендиев ұйымдастырған ұжымда – «Отырар сазы» ор­кестрінде жеті жыл қызмет еттім. Үлкен тұлғадан кейін оркестр басқару оңай емес. Бірақ жемісті еңбек атқардым деп ойлаймын». Жалғасбек Бегендіков бас­қар­ған жылдары оркестр жоғары кәсіби біліктілігі үшін ака­демиялық атаққа ие болды. Жалғасбек Әмірханұлы шәкірт тәрбиелеп келе жатқан тәжірибелі ұстаз. Көптеген шәкірттері еліміздің әр аймағында еңбек етеді. Атап айта кетер болсақ, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер, профессор Әли Алпысбаев қазір Талдықорғандағы оркестрдің бас дирижері болса, бірнеше байқаулардың лауреаты Рахила Құлсариева Атыраудағы Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінде дирижерлік қыз­мет атқарады. Жексен Айсын биыл консерватория­ны бітіреді, бола­ша­ғынан үміт күттіретін талантты жас. Қазір Құрманғазы оркестрінде төрт мыңға жуық шығарма бар. Жалғасбек Әмірханұлы да өзінің жасаған шығармаларымен оркестрге өз үлесін қосты. Қажыр-қай­ратының арқасында еліне, халқына жасаған еңбегі де елеусіз қалмады. 1994 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі құрметті атағы, 1997 жылы доцент ғылыми атағы берілді. 2001 жылы Шам­ғон Қажығалиев атындағы 1-республикалық дирижерлер бай­қауының лауреаты атанды. Жоғары кәсіби дирижер ре­тінде қайталанбас қолтаңбасы бар, көпшіліктің көңілінен, жұрт­шылықтың жүрегінен терең орын алған, арқалы дирижер Жалғасбек Әмір­ханұлы әлі талай биік белес­терді бағын­дырары сөзсіз. Бағдагүл БАЛАУБАЕВА P.S. Наурыздың 1-інде Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен Құрманғазы атындағы оркестр ғимаратында Жалғасбек Бегендіковтің 60 жасқа толған мерейтойына орай шығармашылық кеші өтеді. Кешке Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі (дирижері – Ж.Бегендіков), Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Дәуірбаева, Бек Күнтубаев, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Батыржан Мықтыбаев (домбыра), халықаралық байқаулардың лауреаты, Мәдениет қайраткері Жанар Ермағамбетова (қобыз), т.б. өнер иелері қатысады. Алдаберген Мырзабеков, дирижер, Қазақстан Республикасының халық артисі, профессор: – Дирижер – терең ойды, сезімталдықты, қабілетті талап ететін мамандық. Кейінгі уақыттарда аты шығып, халыққа танымал болып, көп еңбек сіңіріп жүрген азамат осы біздің – Жалғасбек. Жалғасбек өте шебер, өз шыңына жеткен дирижер. Жұмыс істеуге ешқашан ерінбейді, үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бұл кейінгі буынға үлгі боларлық қасиет. Нұрғали Нүсіпжанов, Қазақстан Республикасының халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Жалғасбек Бегендіков Құрманғазы консерваториясының дирижерлік мамандығын Шамғон Қажығаливтің класында оқып бітірді. Жолдамамен оркестрге келіп орналасты. Мен ол кезде оркестрде істеп жүрген кезім, содан білемін. Жалғасбек тәжірибелі, жақсы ұстаздардың алдынан өтті. Соның арқасында классикалық шығармаларды меңгеретін дәрежеге жетті. Өзінің мамандығы бойынша өзіміздің консерваторияда опера-симфония дирижерлігінің аспирантурасын бітірді. Одан кейін Новосибирскіде Арнольд Михайлович Кацтан тәжірибеден өтті. Ұжымдағы дирижердің еңбегі өте жауапты. Өйткені оркестрдің орындау шеберлігі дирижерге байланысты. Бұл жағынан алғанда Жалғасбек кәсіби жоғары деңгейге көтерілді деп айтуға болады. Дирижерлерге қойылатын талаптардың деңгейінен көрініп жүр. Жалғасбекті Қазақстандағы бетке ұстайтын мықты дирижерлердің бірі деп есептеймін. Темір Тікішев, гобойшы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, профессор: – Жалпы дирижерлік – сирек мамандық. Оған ұшқыр талант керек. Бұл жағынан алғанда Жалғасбек Әмірханұлы туа біткен талант иесі. Көп ізденеді. Қазақтың күйлерін, қазақтың музыкасын жақсы түсінеді. Классикалық музыка жағынан да сауатты. Дирижерлік мәдениеті, деңгейі өте жоғары, рухы биік, білікті маман.

8972 рет

көрсетілді

15

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7242

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6221

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3962

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3352

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3310

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3279

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3007

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2996

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы