• Мәдениет
  • 21 Ақпан, 2013

Домбыра аты – «Түркістан»

Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған Түріктің Тәңірі берген несібі ғой, – деп Мағжан ақын жырлағандай Түркістан жері халқымыз үшін қашанда қасиетті. Қазақтың арғы-бергі тарихына көз жүгіртсек, Түркістанды құрмет тұтпаған, оған тағзым етпегендер кемде-кем. Түркістан – ақын-жыраулар мен би-шешендердің, батырлар мен көсемдердің басын қосқан, халқымыздың рухани орталығына айналған, береке-бірліктің ұйытқысы бола білген, құт дарыған қасиетті өлке. Осынау ардақты жерге өзінің перзенттік махаббатын, оған деген құрметін өнер туындысы арқылы білдірген қолөнер шеберлерінің бірі – Гаухарбек Күнхожаев. Гаухарбек Баянбайұлы – Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Мақташы ауылының тумасы. Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтының түлегі. Халықаралық қолөнер шеберлігі одағының мүшесі, Халықаралық «Бейбітшілік Әлемі» бірлестігінің қолөнер аталымы бойынша «Жыл лауреаты» атағының иегері. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, еліміздегі этнодизайн саласының негізін салушы, профессор Аманжол Найманбайдың 60 жылдығына арналған «Ұлы дала жауһары» атты республикалық байқаудың жүлдегері. Гаухарбек таяуда «Түркістан» атты домбыра жасап, оны 78 көріністі қамтыған «Қасиетті көк түйе – ана өсиеті» композициясына ұластырған. Композициясының өмірге келуіне Гаухарбекке түс арқылы берілген аян әсер етіпті. 2003 мамырда аян алдым, Бірақ бейне көрмедім таяғанын. «Киелі бір домбыра жаса» деді, Алладан болса, несін аянамын, – деп автордың өзі жырлағандай, берілген аянның тегін емес екенін сезген Гаухарбек «келешек туындымды неден және қалай бастаймын» деп ұзақ толғаныпты. Күндердің күнінде терең ойдың құшағында отырып жерде жатқан әлдебір тасты ала салып, ойындағы сызбаларды түсіре бастайды. Болашақ туындысының нобайын келтіруге тырысады. Көз алдына Ахмет Яассауи, Арыстан баб кесенелері келе беріп, шығармасын жасауға ерекше бір рух сыйлапты. Кесенелерді туындыға негіз етіп, тарихқа, елге қатысты өзге де көріністерді біріктіріп, біртұтас композиция жасап шығаруды ұйғарыпты. Сонда барлығын байланыстырып тұрушы – Көк түйе бейнесі болады. Көк түйе туралы аян арқылы берілген соң, «Бұл қалай, Көк түйе деген болушы ма еді?» деп білімділерден кеңес сұрайды. Сөйтсе, Көк түйе Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманында болған екен деседі. Сызба жасап отырған тасы – жай тас болмай, кәдімгі құрмасүйегі болып шығыпты. Күн сайын сыпырылып, тазаланып жататын жерде құрма сүйегінің тап болуы қалай? Осылардың арасында бір байланыстың бар екенін сезеді. Сөйтіп, ғажайып өнер туындысын өмірге келтірген. Көргенде көз сүйсінетін композиция шетелдің кез келген атақты көрме­леріне ойланбай апаруға болатын, еліміздің тарихын, ұлттық нақыштарын, халқымыздың дүниетанымын молынан қамтыған ғажайып туынды. Композициядағы әрбір өрнек, нақыш өзара шебер қиюласып, жарасымды стиль тапқандай. Алуан түрлі тақырыпты өзек етіп алған туындының күрделілігі сол, ондағы әрбір көріністен автордың тынымсыз ізденісі байқалады. Мына бір кереметке назар аударып көрелік, туындының төменгі жағында тоғыз қақпа орналастырылған. Бұл тоғыз қақпа «адам философиясымен» астасып жатыр. Олардың арасындағы маңыздысы болып келетіні «ауыз қақпасы». Гаухарбек өз туындысында бұл бөлікті таспен бастыра бейнелеген. Мұндағы ойы ауыз қақпаның жабық болуы – адамды күнәдан сақтайды. Өйткені адамның сөйлеген сөзі оның бұл дүниедегі сауапты істеріне өлшем болмақ. Сонымен қатар туындыдағы өзге де көріністер, «Ана мен бала», «Абыз адам», «Ел мен жер», «Арыстан баб кесенесі», небір тарихи жәдігерлер және т.б. көріністер адамды әсерлі ойларға жетелейді. Әрбір көрініс өзінше бір сыр бүгіп жатқандай, тілдесуге, сырласуға шақырады. «Дәстүріңді біл, әдет-ғұрпыңды сақта, ата-баба аманатына адал бол, өмірдегі қиындықтармен күресе біл, адамдық қалпыңнан айырылма, дүниені мәңгіліктей көрме, Жер-Ананы құрметте» деп тұрғандай. Композиция қазақ даласының дарқандығын, ұлттық ерекшелігі мен бай тарихын тамаша жеткізе білген. Туындының өн бойындағы кейіпкерлер жарасымды үйлескен. Біреуіне мұқият зер салсаңыз, оның ішінде өзге де көріністердің байланысып жатқанын аңғарасыз. Осыған қарап тұрып, Гаухарбек Күнхожаевтың әрі шебер қолөнерші, әрі шебер суретші, ойы ұшқыр, таланты биік азамат екеніне көз жеткізесің. Өнер иесінің тағы бір ерекшелігі – ақын­дығы, күйшілігі, жыршылығы. Қысқаша қайырғанда, «сегіз қырлы, бір сырлы». Сөз соңында айтарымыз, келешек ұрпақ үшін маңызы ерекше мұндай туындылардың шетел асып кетпей, өз елімізде, өз жерімізде қалғаны жөн. Ұлттық келбетімізді айшықтауға лайық дүние мұражайларымызда сән беріп тұрса, жарасымды болмай ма? Өзгенің қаңсығына таңсық болмай, осындай жауһар дүниелерді әспеттеп, ардақтап жүргенге не жетсін?! Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

3994 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6859

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6038

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3777

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3165

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3123

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3099

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2827

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2813

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы