• Қоғам
  • 14 Наурыз, 2013

«Ақпақұлаққа айтсаң...»

Қазекемнің тілі мұхиттай терең ғой. Әзіл-қалжыңға, мақал-мәтелге келгенде де алдымызға жан сала қоймаймыз. Иә, солай! Мәселен, «Құймақұлаққа айтсаң құйып алады» деген мәтелді білеміз. Әрине, дұрыс пікірді ойына түйіп алатындарға арналған іспетті. Ал енді «Ақпақұлаққа айтсаң ағып кетеді» дегені тағы бар емес пе? Мұны да тегін айтпаған екен. Оның дәлелін күнделікті өмірден көріп, көңіліміз күпті болып жүргенін жасырып керегі не? Сөзіміздің дәлелін түп қазығынан түстейікші. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанында мемлекеттік ономастика комиссиясы бар ғой? Бар. Құдайға шүкір, комиссия мүшелері көп тілегін ескеріп, бір кезде қызыл империя тауқыметін тартқанда қаптап кеткен елді мекен, жер, көше атауларын өзгертіп, тәуелсіз атымызға сай өзгертулер енгізіп жатыр ма? Енгізіп жатыр! Сонда жетіспей тұрғаны не дейсіз ғой? Ықтияттылық, тәртіпке бойұсыну, ескертуді ескеру... Алайда, ақпақұлақтықтың тигізіп отырған зардабы мол. Айлап, жылдап сарғая күтіп, ақыры шешімін тапқан, тапқан емес-ау тайға таңба басқандай етіп газет бетінде жарияланған, көшелерге жазылып, қағылулы тұрған атаулар, есімдер әлгі ақпақұлақтардың кесірінен жүзеге асырылмай жүр. «Дәлел?» – дейсіз ғой, әрине. Дәлел үшін бас ауыртып, балтыр сыз­датпай-ақ қойыңыз. Қаланың қақ ортасындағы тоғыз жолдың торабы саналатын Абылай хан даңғылы мен Райымбек даңғылының қиы­лысындағы автобус аялдамасына барсаңыз болды. Әлгі күдікті көзіңізбен көріп, жағаңызды ұс­тамасаңыз мына қалқиған құла­ғымды кесіп-ақ тастайын. Айтпақшы, Райымбек бабамыздың атымен аталған бұрынғы Ташкент көшесі екені белгілі. Әне, керуендей тізіліп автобус­тар келе жатыр. Бірінің соңынан бірі келеді. Бір толастаса ше! Бүйірінде және маңдайында «Барахолка» деген жазуы бар автобустар шашылған тарыдай дерсің, көп-ақ. Өйткені мына күйбең тірлікте асай-мүсей, бұқу-сықуларын алып жаймабазарда саудалайтындар, не болмаса керегін сатып алу үшін баратындар да жетіп жатыр. Күшейтілген дыбыстан кондуктордың дауысы барқ ете қалды. Бір айтқанын қайталай береді. – Барахолка! Барахолка! Ба-ра-хол-ка... прямо по Ташкентской! Әлгі автобус соңынан кішірек сегіз орындақ мәшине кеп тоқтайды. – Барахолка, барахолка! – деп ол да бақырып тұр. Ол да жағынан жаңылмай: «Прямо по Ташкентской!» деп қояды. Ол аз болғандай дөңкиген көнетоз бір автобус тоқтасын. – Барахолка! – деп сайрай жөнелді. Жолсерігі қыз бала екен, қазақ қызы! Түрі де әп-әдемі, келіскен. Ол да «ташкентскийін» төпеп тұр. – Қарағым, қызым, көшенің аты Райым­бек емес пе? – деп едік. – Голову не морочьте! – деп жылжып кете барды. Сенбі-жексенбі күндері саяжайларына баратын жолаушылар әлгі аялдамада ұзақ тұрып қалады. Неге десеңіз, автобустың дені «Ташкентскийлерімен» барахолкаға беттеседі. Тіпті саяжайларға баратындардың біразы бағыттарын өзгертіп, барахолкаға тартады. Жүргізуші мен жолсерікке керегі ақша. Солардың көбісі қазақ жігіттері мен қыздары. Бірі де қазақша сөйлемейді. Тек орысша. Қазақша білсе де сөйлемейді. Неге? Иә, ана тілін аяққа басқан, дінін, тілін сыйлауды білмейтіндер! Жарты сағаттан аса бергенде бізді саяжайға таяу апарып тастайтын автобус келіп тоқтай қалды. Адам көп екен, «көкпар» тартқандай кеу-кеулеп иық тіресе, тізе түйістіре ендік-ау ішіне әйтеуір. – Уһ, – дейді зайыбым, – бұған да шүкір. Сөйткенше болған жоқ қазақ жігіті: – Прямо по Ташкентский, әвтобке, Қалқаман, Пірәмой пүт! – демесі бар ма? Ал керек болса, бір-екі орыс мырс етіп күліп қойды. Күлмегенде қайтсін, орысша сөзінің түрі анау. Сірә, шалғайдағы қазақ ауылынан келіп жұмысқа орналасқан болу керек. Автобус ырғала келіп Райымбек бабамыздың түйесі шөгіп жатқан тұстан өте бергенде мұсылман қауымның бет сипасатын әдеті ғой. Әлгі жолсерік бала да бетін сипап жатты. – Аллаға сенесің бе? — дедім. – Сенемін, – деді ол. – Райымбек бабаның аруағын сыйлайсың ба? – Сыйлаймын! – Е, ендеше жолаушыларға неге «Тәшкенскі» дейсің? Райымбек даңғылы десең өтің жарыла ма? – Ой, атай, жұрттың бәрі тәк коворят... – деп желкесін қасыды жігіт. – Сен ақпақұлақсың! Өзге серіктестеріңе де айт. Тәшкенскі емес, «Райымбек!» десін, ұқтың ба? Жолсерік жігіт басын изеді. Автобус бұрынғы Софья Ковалевская көшесіне бағыт алған. – Следучи Сопа Кәвәлевскі, – деді әлгі жігіт. Манағы ерлі-зайыпты екі орыс көздерінен жас шыққанша күліп жатыр. Олардың неге күліп жатқаны жас жігіттің ойына да кірер емес. – Бұл Софья Ковалевская емес, атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев көшесі болып өзгертілген, ақпақұлақтықты қашан қоясыңдар! – деп ашу шақырдым. Сонда ғана барып әлгі жігіт: – Ата, кешіріңіз, мен алыстағы қазақ ауылынан жұмыс таба алмай осында орналасқаныма екі апта ғана болды, – деп кінәсін жуып-шайып жатыр. Артынша-ақ жігіт сыннан қорытынды жасады ма кім білсін: – Автобус тура Райымбек даңғылымен Қалқаман ауруханасына келіп тоқтамақ, түсушілер бар ма? – деп сайрай жөнелді. Сол сәтте манадан ыржыңдап отырған ерлі-зайыпты екеудің мысы басылғандай еді. Жалғыз әлгі айтылған көшелер емес-ау, мемлекеттік ономастика комиссиясының ұйғарымымен өзгертілген Шәмші Қалдаяқов, Қалижан Бекқожин, Ұзақбай Құлымбетов көшелері «Восьмой март, Городская, Роза Люксембург, Мате Залка» деп айтылып жүр әлі күнге дейін. Сирек кездесетін сергек азаматтар болмаса өзіміздің «ақпақұлақтарымыз» мән бере қоятын түрлері жоқ. Жүздеген, мыңдаған жолаушылар атынан айтарымыз: – Ақпақұлақтарды кімдер құймақұлаққа айналдырады? Қалалық автокөлік басқармасы басшылары бұған неге мән бермейді. Ономастика комиссиясы он ойланып, жүз толғанып зорға шешкен шешімдер неге жүзеге аспайды? Басшылар кезекті бір мәжілісін қазақтың ана тілін ардақтауға арнап неге өткізбейді? Диспетчерлер мен жолсеріктерге арнайы неге айтылмайды? Олар жүйелесе, әңгіме басқаша болар еді, ақпақұлақтар азаяр ма еді, қайтер еді?! Мыңбай Рәш

4184 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6136

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5674

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3415

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2796

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2760

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2737

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2467

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2453

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы