• Мәдениет
  • 14 Наурыз, 2013

Жарқын жобалар жүзеге асуда

«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Ақтөбе жол бөлімшесінің директоры, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Жарас ІЗҒҰЛОВПЕН сұхбат – Сіз «Құрметті теміржолшы» атағының иегерісіз, Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 21 жылдығына орай «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Газет оқырман­дарына өзіңіздің еңбек жолдарыңыз жайында мағлұмат берген артық болмас... – Орта мектепті бітірген соң Самара темір жол көлігі институтын темір жол көлігінде тасымалды ұйымдастыру және басқару инженері мамандығы бойынша бітірдім. Алғашқы еңбек жолымды Атырау стансысының пойыз құрастырушысы болып бастадым. Кейін стансы кезекшісі, пойыз диспетчері, стансы бастығының орынбасары, бас инженер, Атырау тасы­мал­дау бөлімшесі бастығының бірінші орын­басары болдым. Бұл жылдар мен үшін кәсіби тұрғыдан шыңдалу кезеңі болды. 2001-2005 жылдары Атырау тасымалдау бөлімшесін басқардым. Ал 2005 жылдың тамыз айынан бері «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының филиалы – Ақтөбе жол бөлім­шесінің директоры қызметін атқарып келемін. – Өзіңіз басқарып отырған Ақтөбе жол бөлімшесінің 2012 жылды қорытындылау нәтижелері туралы не айтасыз? – Ақтөбе жол бөлімшесі өзінің көр­сеткіштерін жақсартуды мақсат етуде. Бұған дәлел ретінде бөлімшенің жүк айна­лы­мы және жүк тиеу бойынша негізгі көр­сеткіштерінің жылдан-жылға өсуін айтуға болады. Өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда жүк айналымы 1 377,2 млн. тон­наға артты. Бұл 7 пайыздан артық деген сөз. Жүк тиеу жоспарлы тапсырмадан асып түсті, яғни 171,2 мың тоннаға артты. 2011 жылмен салыстырғанда 4 пайыздан көп, яғни 563,8 мың тоннаны құрады. Батыс Еуропа-Батыс Қытай автожолының құрылысы жобасын жүзеге асыруға байланысты құ­рылыс жүктерін тасымалдау көлемі едәуір артты. Бөлімше жұмысының сапалы көрсет­кіштерін байқауға болады. Мысалы, жүк операциясында тұру, техникалық стансыда тұру, жергілікті вагон айналымы, жүк тиел­ген вагонның динамикалық жүктемесі, жүк вагонының тәулігіне орташа жүрісі мен өнімділігі жоспарлы тапсырмаға қарағанда 100 пайыздан асыра орындалды. Ағымдағы жылы жолды жақсартуға байланысты жоспарланған жұмыстардың барлығы атқарылды. 75,3 шақырымға жоспарланған күрделі жөндеу толығымен орындалды. Сонымен бірге 9,6 шақырым жолды көтеріп жөндеу, 4 шақырым жолды орташа деңгейде жөндеу, 74 жиынтық бағыттамалы бұрма мен 82 жиынтық ауыс­тырма білеулерді алмастыру жұмыстары жүр­гізілді. Бірқатар жол австриялық «Дуа­мат» жол машиналары кешендерінің кө­ме­гімен қалыпқа келтіріліп, «РМ» қиыр­шық тас тазалағыш машинасын қолдану арқылы 74,8 шақырым қашықтықта лас­тан­ған қа­йырды тазарту жұмыстары жүзеге асырылды. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігі саласында да оң нәтижелер байқалады. Мысалы, өткен жылдың осы кезеңіне қара­ғанда пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін және еңбекті қорғау талаптарын бұзу көрсеткіші кеміп отыр. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясы – қа­лып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауындағы нұсқаулығына сәйкес жүк тасымалын арттыру үшін теміржол салуға ерекше маңыз берілмек. Осы ретте ғасырдың екпінді құрылыстарының бірі саналатын Жезқазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу темір жолының үлкен бөлігі Ақтөбе об­лысы арқылы өтеді. Шалқар стансасынан бас­талған құрылыс бүгінде қай деңгейге жетті? – Жезқазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу темір жолының құрылысы 2012 жылы басталды. Ұзындығы 988 шақырым болатын жол Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары арқылы өтеді. Бұл біз үшін алғашқы сынақ емес. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Хромтау-Алтынсарин темір жолын іске қосқан болатынбыз. Елбасының Жолдауында теміржол жобаларына да айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Соған орай Шалқар-Бейнеу темір жолы Ақтөбе облысының Шалқар және Байғанин аудан­дары арқылы өтетін болады. Аумағында 14 бөлу бекеті орналасады. Оның ішінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компа­ниясы» акционерлік қоғамының филиалы Ақтөбе жол бөлімшесінің құрамына 217 шақырым жол мен 9 бөлу бекеті (Сарыжиде, Аққайтым, Бегімбет, Домбар, Жанақ, Көмпола разъездері және Байқадам, Шұқыр, Тассай стансалары) кіретін болады. Жаңа темір жол желісі құрылысының жобасында тиісті әлеуметтік, мәдени және тұрмыс­тық ин­фрақұрылымдардың (әрқайсы­сы екі пәтерлік тұрғын үйлер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, балабақшалар, мектептер, дүкендер және басқалары) құрылысы да қарастырылған. Шалқар-Бейнеу темір жолы құрылысы­ның бас мердігері «Темір жол жөндеу» акцио­нерлік қоғам болып табылады. Қосалқы мердігер ретінде төрт ұйым жұмыс істейді. Олардың әрқайсысына белгілі бір жұмыс көлемі бөлінген. Мысалы, жер төсемін салуды, жасанды құрылыстарды, өнеркәсіп ғимараттары мен әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандарды салуды «Өнеркәсіп құрылыс» ЖШС, «Казахдорстрой» ЖШС және «АБК Автодор НС» ЖШС жүзеге асырады. Ал жолдың үстіңгі құрылысымен «СМП Шалқар» ЖШС айналысады. Құрылыс алаңында 115 техника бірлігі қолданылуда. «СМП Шалқар» ЖШС буын құрастыру базасын және вахта кентін (қызметкерлеріне арналған жатақ­хана, 100 орындық асхана) тұрғызды. «Өнер­кәсіп құрылыс» ЖШС ұйымы Шалқар стан­сасында әрқайсысы екі пәтерлік 33 тұрғын үйдің құрылысымен шұғылдануда. Бүгінгі күні рельс-шпал шарбағын төсеу үшін 23,7 шақырым жер дайындалса, 18,5 шақырым жолға құмды-қиыршықтасты қоспа төгіліп, 19,3 шақырым жолға рельс-шпал шарбағы төселді. – Келешекте бұдан өзге қандай жұмыстар жоспарлануда? – Ағымдағы жылы біз алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Бірінші кезекте күрделі жөндеу жүргізу арқылы 82 шақырым жолдың үстіңгі құрылысын жақсарту. 2012 жылдың желтоқсан айында Ақтөбе-Астана бағытындағы «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы жолға шыққан болатын. Ағымдағы жылы жүрдек пойыздар санын көбейту жұмысы жалғасын табады. Мысалы, мамыр айында Атырау-Астана бағытында, 2014 жылы Ақтөбе-Алматы бағытында жүрдек пойыздар жүретін болады. Ағымдағы жылы Қандыағаш-Никельтау пойыз учаскесіндегі пойыздар қозғалысын интервалдық реттеу жүйесінің құрылысын аяқтау және Никельтау-Әйтеке би пойыз учас­кесінде осындай жүйенің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде өткі­зілетін жүк және жолаушылар пойызда­рының санын арттыруға мүмкіндік беретін болады. – Сіз темір жол саласының білікті мама­нысыз, мол тәжірибеңіз бар басшысыз. Темір жол саласындағы күні бүгінге дейін жүзеге асырылған жаңғыртулар өзіңізді қанағат­тандыра ма? Сізді қандай мәселелер толғандырады? – Соңғы жылдары темір жол саласында көңіл толтырарлықтай істер атқарылып, маңызды жобалар қолға алынып жатқаны белгілі. Жетіген-Қорғас темір жолының құрылысы аяқталып, Астанада электровоз құрастыру зауыты іске қосылды. Көліктегі технологиялар оқу орталығы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының тапсырма­сымен тағы екі жаңа жолдың құрылысы басталады. Темір жол көлігін жасау саласы құрылды. Экономикаға пайдасын тигізетін осындай жобаларды жүзеге асыруда алдына жан салмаған компаниямыз екі жыл қатарынан «Алтын сапа» белгісімен марапатталды. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Компанияның келешегі кез келген теміржолшыны толғандырады. Темір жол кәсіпорындары өзінің сандық және сапалық көрсеткіштерін орындауға, мемлекеттік тұрғыдан жүктелген үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға жұмыла кіріссе оң нәтиже берері анық. – Темір жол – экономиканың күре тамыры. Оның бойында халықтың біраз бөлігі шоғырланған. Бұрынғы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қатары жаңа, озық технологиямен жарақтандырылған кәсіпорындармен, мекемелермен толықты­рылуда. Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы іс-шараларға тоқталсақ... – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қа­лып­тасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыра беретіндігіміз туралы атап өтті. Мұндай шаралар тізбегі темір жол саласында та жалғаса беретіні сөзсіз. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде «Қазақ­стан Темір Жолы» ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамы мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын басшылыққа алады. Бөлімше қызметкерлерін мем­лекеттік тілде іс жүргізуге үйрету жұмысы тұрақты сипатқа ие. Құжаттарды мемлекет­тік тілде дайындауға жағдай жасау үшін орта­лықтан жіберілген сөздіктер мен оқулықтар барлық бөлімдерге таратылды. Қызметке жаңадан қабылданатын үміткердің қазақ тілін білу деңгейі де назардан тыс қалмайды. Әр аптаның жұма күні арнайы қазақ тілі күні болып белгіленді. Бұл күні филиал бөлімдері ішкі байланыс торабы арқылы бекітілген кесте бойынша әртүрлі қысқа­ша жаңалықтар мен хабарлар топтама­сын мем­лекеттік тілде оқиды. Өндіріс­тік лез­де­­мелер мемлекеттік тілде жүргізіледі. Бө­лім­­ше кітапханасы мемлекеттік тілдегі газет-журналдармен, сөздіктермен, энци­кло­педиялармен тұрақты түрде толық­тырылады. Бұл да қазақ тілін үйренушілерге үлкен көмек. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, журналист Ақтөбе

2948 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6166

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5690

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3430

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2811

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2775

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2752

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2483

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2468

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы