• Әдебиет
  • 14 Наурыз, 2013

Алдында үлгі – үш заңғар

Әркімнің өзі шыққан тауы биік болуын қалайтыны белгілі ғой. Әсіресе газет-журнал басшылығында жүрген азаматтар өз басылымының басқалардан оқ бойы озық болуын қалайды. Сол себепті төңірегіне қиялынан ой самғаған, қаламынан сөз саулаған сайыпқыран журналистерді жинауға тырысады. Сонау жылдары біз де «СҚ»-ға әр облыс­тан, әр баспа орнынан ойы ұшқыр, қиялы қанатты сайдың тасындай өңкей бір «сен тұр, мен ­атайын» жазғыш жігіттерді тартқанбыз. Көбіне көзіміз жастар басылымында қабілетін шыңдап, қаламын ұштап, еркін көсіліп, ерек көрініп жүрген жас қаламгерлерге жиі түсетін. Солардың бірі бүгінде белді де белгілі қаламгерлер қатарына қосылып, отандық журналистикамыздан өз орнын ойып тұрып алған жазушы Жанболат Аупбаев болатын. Кезінде қазіргі «Жас Алаш» газетінің беделін биіктетіп, абыройын асқақтатуға айтарлықтай үлес қосқан сол Жанболаты­мызды сексенінші жылдардың орта шенінде «Қазақстан коммунисі» (бүгінгі «Ақиқат») журналы қағып кеткені ғой. Ести салысымен сол тұста журналға бас редактор болып келген көрнекті қоғам қайраткері, сырлас, сыйлас досымыз, ақылшы ағамыз Кәкімжан Қазыбаевқа телефон шалдым: – Журнал аппаратын жасартуға кіріскен қада­мыңыз құтты болсын! Баспадан Болат Бабақовты, жастар газетінен Жанболатты алыпсыз. Бастамаңыз баянды болып, басылымыңыздың абырой-атағы артсын! – Рахмет! Қалай, кісі таңдай білем бе екем?! Қалам қарымын көптен қадағалап жүрген жігіттер ғой. Журналдың бет-бейнесін өзгертіп, беделін өсіруге септігі тиер деп ойлаймын, – деп ол өз қадамына разылығымен қатар алға қойған мақсатын да білдіргендей болды. Шынында да, кісі тани білетін тәжірибелі тарлан төңірегіне ылғи бір ығай мен сығай қаламгерлерді топтастырып, аппаратын жасартып қана қоймай, журналын да жасантып, жаңа өрістерге шығаруға жан салды. Бұрын партиялық қатаң саясаттың шеңберінен шыға алмай, қасаң тартып, өзі де, сөзі де сіресіп сықырлап тұратын басылым көп ұзамай адамша сөйлеп, заман ағымын терең зерделеуге ден қойды. Тақырып ауқымы кеңіп, белгілі адамдар жайында очерк-эсселер, алқақотан мәжілістерінен есептер, әлемнің айтулы тұлғалары туралы деректі дүниелер бере бастады. Бұл арада журналдың басты бөлімін басқарған алғыр да тапқыр әрі ізденгіш Жанболаттың үлесі аз болмағаны аян. Сонан да болар, үш-төрт жылдан соң ол редакцияның жауапты хатшысы болып жоғарылатылды. Журналда жүрген жылдары бұрын қазақ журналистикасында шет қақпай қалып, анда-санда көрінетін сәтті дүниелері көзге ілінбей келген табиғат тақырыбын түбегейлі қозғап, «Жанарымда – туған жер» атты жинақпен жеріне жеткізген ол тағдыры таңғажайып замандастарымыз жайында ой толғап, ізденістің жаңа бір қырын танытты. Оның қаламына кілең бір сирек мамандықтың иелері ілікті. Адамның бассүйегіне қарап, қадым заманда өткен кісілердің бейнесін жасап беретін антропологы, құстар әлемін зерттейтін орнитолог, Антарктидаға барып қайтқан ғалым-физик, халықтың зергерлік өнерін қайта тірілткен хас шебер, жер шарындағы ең биік Эверест шыңына алғаш шыққан қандасымыз, Берлин ратушына бірінші болып ту тіккен қазақ жауынгері сияқты халқымыздың қайнаған ортасынан жарып шығып, бұрын-соңды жұртқа белгісіз болып келген тың мамандықты игергендер оның құнарлы қаламымен қалың елге таныс болды. Елге атын алғаш ол жайған жат жерде жүріп генерал болған қазақтардың өмір жолына үңілгенде, жазба әдебиетіміз ерте дамып, журналистикамыз ерте қалыптасқан, осындай ізденгіш журналистер көп жұрт болсақ, бағзы заманда Египетті билеген Бейбарыс пен Үндістанды билеген Әкбар бабаларымыздың ізгі есімі мен игі істерін баяғыда-ақ білетін едік қой деген ой келеді. Өмір бойы ізденуден, үйренуден жалықпай, оқырман жадын дәйім тың деректермен нұрландырып, жарқын жаңа тұлғаларды таныстыруды шығармашылық мұраты санайтын осындай қаламгерлеріміздің қатарын толықтырып, бағбандай баулып өсіре білсек қой. Кейде келешегінен үміт күт­тіретін сондай бір талапкерлерді болмашы қылы­ғына қарап, қытығына тиіп, арбадан шығарып аламыз. Әлбетте бір мінезсіз адам болмайды. Мінезсіз кісі құлақкесті құл деген сөз: қайда айдасаң, сонда барады. Ал мінезді болмай қаламгерден мінсіз дүние тумайды. Сондықтан жарқ еткен жалыны бар жігіттерді асып кетсе шаужайламай, қалып қойса айғайламай, қыранның түлегі сияқты еркін самғатып, қанатынан демеп қана отыру керек. Шығармашылық ұжымға жетекшілік ететін азаматта ондай қасиет болмай, жұрттың бәрін уысында ұстаймын деп әлектенсе, қабілетті қаламгердің қой аузынан шөп алмас ең момынының өзін ертоқымын бауырына түсіріп, тулатып алуы кәдік. Қайран Кәкең, қарауындағыларды жаңсақ басса жебеп, шалыс басса түзеп, ешқайсысын да алаламай, қамқорлық құшағына алатын жаны жомарт, жүрегі ізгі басшы еді. Ол көз жұмған соң арқа тірер арысы сынып, асқар тауы құлағандай болған Жанболат та журналда көп байыздаған жоқ. Өзін елге алғаш танытып, сөзін елге алғаш таратқан жастар газетіне қайтып барды. Бірақ қаламы саржелісінен танбай, бұрынғыша еркін көсілгенімен, өзінің жарты жасындағы қыз-жігіттердің арасында ойы сыйғанмен, бойы сыймай жүргенін іштей сездім. Іштей сездім де Қазақстан Парламентінің тұңғыш тілі – өзім бас редакторы болып жүрген «Халық кеңесі» газетіне орынбасарлыққа шақырдым. Ұшып-қонып жүргенді суқаны сүймейтін, болмысынан ұстамды ол ұсынысқа бірден әп-бәрекелді деген жоқ. Басшы қызмет байлаулы бұзау тәрізді еркін жүріп-тұрғызбай, жазуға бөгет болар, одан да үйренген жерімде жүре берейін, әзір қолымнан ешкім қағып жатқан жоқ деген уәж айтты. – Өркениетті елдердегідей журналисті шын мәніндегі төртінші биліктің тұтқасында тұрған жан деп танып, санасатын шақ әлі алыс. Сондықтан бір кітабың бірнеше жылға азық болып, бір мақалаң бір ай асырай алмайды. Бүгінде ондай қаламақы қол жетпес қиял, түске ғана кірер елес. Ендеше Василий Песков сияқты жастар газетінде шау тартып шал болғанша отыра беру бізге келе бермейді. Ал жа­лақысы жақсы қызмет алдымен отбасың үшін қажет. Басшылық жұмыс берекесіздің ғана қолын байлайды, қарымды қаламгердің қайта жауапкершілігін арттырып, қабілетін шыңдап, жани түседі, – деп алды-артын орай айтқан соң ғана көнді. Оның үстіне орта мектепті бітіріп, алыс ауданнан оқу іздеп келгенде мінездеме жазып, университеттің журналистикасына түсуіне қолұшын ұсынғаным, Жазушылар одағына өтуде жолдама бергенім де есінде болса керек. Міне, содан бері ағалы-інілідей боп бір тілек, бір ниетте еңбек етіп келе жатқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Одан бері ол «Ақиқат» журналының, «Астана ақшамы» газеті бас редак­торының орынбасары болса, ал қазір «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқарып келеді. Бірақ басшы болдым деп мейманасы тасыған, жұмысбастымын деп жазуын ақсатқан жері жоқ. Зады, басшы қызмет кабілеті ет пен терінің арасындағы шелдей ғана адамның қадамын тұсап, қаламын тотықтырса керек. Ал жанкешті еңбеккер, жампоз қаламгер Жанболаттың қуаты қанаттанып, қаламы құдіреттеніп, шабыты шарықтай түсті. Солардың ішінен кіндігін өзім кесіскен үш шығарманы айрықша бөліп алып, бөлек талдауды қол көріп отырмын. Олар төл журналистикамыздың ту ұстаушы тарланы Шерхан Мұртаза, әлем поэзиясының ақиық сұңқары Олжас Сүлейменов, қазіргі қазақ көркем ойының бесаспап көшбасы Әбіш Кекілбаев туралы сыр-сұхбат сарындас очерк-эсселер. Үш кейіпкерінің үшеуі де аты Алты Алашқа әйгілі аса көрнекті қоғам қайраткерлері. Үшеуі де қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мәуелі үш бәйтерегі. Былайша айтканда, топ жарған үш дүлдүл, қол жетпес үш заңғар. Үшеуінің де өмірі мен өнері, еңбегі қалың елдің алақанында. Сондықтан олар жайында жаңа бірдеңе айтып, тың деректер таба қою қиын. Тіпті олар туралы жазбақ тұрсын, жақындап барып тілдесуге жүрегі дауалайтындардың өзі кемде-кем. Жанболат болса, көңілді күпті қылар сол кедергілердің бәрін жеңіп, өзі жете игеріп, жаңа өрістерге шығарып жүрген сұхбат жанры арқылы сыр суыртпақтап, ашық-жарқын әңгіме арқылы олардың өмірінен небір үлгі болар құнды деректер тауып, оқырман кәдесіне жаратады. Алғаш Шерхан жайында очерк жазғалы үйіне іздеп барғанда, жазушы қадалып теледидардан Тенгиз Абуладзаның «Зауал» фильмін көріп отыр екен. Ерекше ынта-ықылас қойып, құлай беріліп қарауына қарағанда, ондағы оқиғалардың өз өміріне қатысы бары бірден байқалғандай. Әкелері «халық жауы» болып ұсталып кеткендердің жаутаңкөз мүшкіл халі белгілі ғой. Сібірден күн сайын әкеп түсіріп жататын станса басындағы таутөбе бөренелердің түбіне, қабығы аршылмаған самырсынның бүйіріне жазылған «Реваз», «Надор», «Давид» деген есімдерді оқыған жарымкөңіл жетімектер «мынау менің әкем, мынау ағам» деп жансыз жазулардан қамкөңіліне жұбаныш тапқандай шуласып кетеді. Қандай аянышты ауыр көрініс десеңізші! Фильмнің осы тұсына келгенде жазушы да қатты күрсініп, теледидарды сырт еткізіп өшіріп, бағанадан бері мұның ойын бөлмейін деп, шеткері бір орындыққа үнсіз келіп жайғасқан журналистке карайды. Әңгіме кілті де дәл осы тақырыппен ашылып, Шәкеңнің сталиндік зұлматтың құрбаны болып кеткен әкесінен басталады. Әкесі Мұртаза елге сыйлы, көзі ашық сыпа кісі екен. Ұсталар алдындағы жаздың бір күні басында қырғыздың айырлы ақ қалпағы үстіндегі ақ китілімен әдемі жарасып, үй алдындағы мама ағаштан шешіп-ап ақбоз атына мініп, құмырсқа илеуін шимен шұқып ойнап отырған бес жасар бұны алдына алып, тауға қарай тартады. Тау ішінде ұйысқан жалбызды аршып, астындағы ботаның көзіндей мөлдіреген бұлақтан қос қолымен су алады да, шөлдеген балаға ішкізіп, өзі де бірер рет ұрттайды. Қайтарда көне зираттың басына аялдап аят оқиды. Сондағы мұңлы сынық жүзі мұның күні бүгінгідей көз алдында. Одан кейін есінде қалғаны – түн ортасында тарс-тұрс дыбыс­тан шошып оянғаны. Оянғанда көргені – кернейі қисайып ауызы түтінденген темір пеш... Жүкаяқтан аударыла құлаған көрпе-жастық... Топсасы жұлынып, шалқасынан ашық қалған сықырлауық есік... Жылап сыртқа шыққанда өзен жақтан: «Көкесі-ау, бұлардың мұнысы несі? Қайда әкетіп барады сені?» деп шырылдаған анасының ащы дауысы құлағына келеді. Ертеңіне ауылда естігені: «Түнде Мұртазаны ұстап әкетіпті, рысқұловщинаға қатысы бар екен» деген сыпсың сөз. Содан ұшты-күйлі хабар-ошар болмай кеткен әке туралы хат 1940 жылы келеді. Онда әкесінің Сібірдегі Зея өзені бойында ағаш дайындаушылар бригадасында жүріп, құлаған қарағайдың астында қалып, қаза тапқаны айтылған. Одан әрі сұрапыл соғыс жылдарындағы жарым құрсақ, жетімек шақ желі тартады. Бұл алпысыншы жылдары әдебиет босағасын аттаған біразымыздың-ақ басымыздан өткен сұмдық. Осы кезең Шерханның «Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан» хикаяттарында шынайы көрініс тапқан. Соғыстан кейін сол тағдырластар «жетім қозы, тасбауыр, түңілер де отығар» дегендей білім айдынына құлаш ұрады. Әрі қарай жоғары оқу орны тұр. Анасы Айша екі ешкісін сатып, ақша ғып қалтасына салып беріп, Алматыға аттандырған Шерханның Мәскеуден бір-ақ шығып, МГУ-ге түсуі де қызық. Сонда жүріп батыр ағасы Бауыржан Момышұлымен ұшырасуын айтсайшы! Осылардың бәрін шыжымдап сыр ғып шерткізе отырып, автор жазушының шығармашылық шеберханасына да енгізіп жібереді. Шерханның жазу тәсілін ол қаламдас, қадамдас досы Сейдахмет Бердіқұловтың сөзімен береді. «Жазудың «ақ бурасы ойнағанда» ол кешкі сағат алтыдан соң редакция­да қалып, бас көтермей мақалаға кіріседі, сөйтіп, түннің әлде бір уағында редактордың қабылдау бөлмесіндегі диванға қисая кетеді. Оның сол сәттегі бейнесі найзаның сағағында ұйықтаған баяғының батырларын көз алдыңа елестетер еді» дейді ол. Ал жазушының жиырма жылдай өмірін сарп еткен «Қызыл Жебе» тетрологиясын жазу үшін Алматы, Бішкек, Ташкент, Орынбор, Самара, Баку, Мәскеу, Ұлан-Батор архивтерін ақтарып, деректерді тірнектеп жинағанын қайда қоясың. Тәртіптің қатал кезі, архивтен көшіріп жазып алуға рұқсат жоқ. Бәрін баста ұстауға тура келген. Тетрологияның, әсіресе үшінші кітабы – «Жұлдызды көпірді» шығару қатты қинайды. Тек Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтың араласуымен ғана жарық көреді ол. Бұны қатардағы қарапайым оқырман қайдан білсін. Бұлардың бәрі-бәрі қаламы жүрдек, зердесі зерек журналистің шеберлігі арқылы ғана жұртшылық кәдесіне асып отыр. Ал Олжас тағдыры осыған ұқсас болғанымен сәл бөлектеу. Оның да әкесі 37-нің нәубетінде кеткенімен, ол қазақтың белгілі бір жаны жайсаң, білікті де білімді зиялысының бауырында өсіп тәрбиеленді. Өз әкесі атты әскер полкінің офицері Омар Сүлейменов зұлмат басталған бетте ұсталып, содан ізім-ғайым жоқ болып кетті. Белгілі ғалым, ғұлама тарихшы Лев Гумилев бертін Олжасқа түр-түсі ақынның өзіне ұқсас, осы аттас бір қазақпен отызыншы жылдардың аяғына таман түрмеде бірге отырғанын айтыпты. Бар-жоғы осы ғана. Әке жағынан ақын Абылайдың атақты қолбасшыларының бірі Олжабай батырдың жетінші ұрпағы. Жоңғар шапқыншыларына қарсы шешуші айқастың қарсаңында іркіліп тұрған ханға келіп, қолына ұстаған жыланның басын кірш еткізіп тістеп түкіріп тастап: «Мынау улы жыланның байрағында аждаһа белгісі бар анау жоңғарлардан айырмашылығы не?! Жау қанша қаһарлы, қанша қатерлі болса да оның уын қайтарып, бетін тойтарар күш бізде бар. Дереу аттанайық!» дейтін Олжабай баһадүр кәдімгі. Оның осындай отауыз орақ тілін байқап жүретін Бұқар жыраудың «Сенің сегізінші ұрпағыңнан өзің аттас есімі әлемге әйгілі ақын шығады» деген сөзі бар екен. Сол ақын осы Олжас. Олжасты ауызға алсам ойыма әсте Сырағаң, Сырбай Мәуленов оралады. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» үшін лениндік сыйлық алғанда аңғал ақын алғашқы құттықтаушылар легінен қалып қойса керек. Артынан кімнің келген-кеткенін Мұқаң есептеп отырады екен дегенді естіп жазушының үйіне жалғыз өзі барады. Үй иесі оң қабақ таныта қоймаса да бірден төрге озып, жаюлы дастарқанда тұрған бір коньяктың аузын тісімен ашып, екі стаканға толтыра құяды да: «Мұқа, коньяктағы мына жұлдыз еліміздің эмблемасы, ал сіз біздің, ұлтымыздың эмблемасысыз. Мен осы эмблема жұлдыздары үшін ішемін» деп тартып салыпты. Сонда Мұқаң: «Пәлі, ақын деген осылай болса керек еді» деп жайылып сала беріпті. Сол айтқандай, Олжас еліміздің эмблемасы, ұлтымыздың туы емес пе. Ол бұдан қырық-отыз жыл бұрын тілімізді түлетіп, тарихымызды тірілтейік деп жар салғанда, «Аз и Я» кітабы үшін қуғынға ұшырай жаздағанда, көлеңкесінен қорқып, тырс етіп тіс жармағандар еліміз егемендік алып, тәуелсіздік жариялағаннан кейін шетінен тілдің жанашырлары, тарихтың жасаушылары болып шыға келді. Солар бүгінде заман ағымына орай Олжас өзіндік бір ой айтса, «Ойбай, ұлт мүддесін аяққа басты» деп байбалам салады. Адамды өзіндік оқшау ойы емес, өрескел қылығы үшін жазғырмас па. Осындай орынсыз оспадарлық ақынның ақ жүрегіне көлеңке түсіріп, жанын жаралайтынын түсінбейтіндерге таңмын. Очеркін Жанболат ақынның сондай бір жаны жабырқап, жалғызсырап жүрген сәтінде жазған. Шығарманың ақын ортаға салған өкінішті жайлардан сабақталып, сыртта күн бұлыңғырланып, қар жауып тұруы, жазықсыз жәбір көріп, әріптестерінен әділетсіз сөз естіген қайраткердің әлсін-әлі күрсінуі оқиғаға шым батырып жібереді. Түпкілікті ұлттың түлектері оқитын мектеп некен-саяқ тұста Олжастың орта білімді орысша алуына тура келеді. Бір қызығы орысша оқыған қазақ балаларының ұлттық намысы күшті болады. Ақын М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында оқыған жылдары өзгелерге өз ұлтын танытуға барын салды. Одан шығармашылық алғашқы қуанышқа бөленіп, тұңғыш ғарышкер туралы дастаны әлемді шарлап кетті. 1962 жылы Д.А.Қонаев жазықсыз орнынан алынғанда намысқа шапқан жиырма бестегі жас ақын оны қызғыштай қорғап, Орталық Партия Комитетінің Пленумында сөз сөйледі. Араға ширек ғасыр салып, Димекең тағы да қызметінен босап, өзі тәрбиелеген шәкірттері түгел дерлік орталықтың сойылын соғып, оған қарсы сөйлегенде жалғыз Олжас қана қорғап, қолдап шығады. Міне, оның бабадан дарыған батырлығы, ақындық батылдығы осындай. Семей полигонын жаптыру кезіндегі қат-қабат қимыл-қарекеті соның жалғасы іспетті. Журналистің жүрек жалынымен, қалам қарымымен соның бәрі көз алдыңа келеді. Кезіндегі Парламент басшысы, Мемлекеттік хатшы, ірі қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевпен сұхбаты бұл екеуінен өзгеше. Ол сыр суыртпақтап, сұхбат жүргізу кезінде Әбіштің көңіл-күйі дәл бүгінгідей болмайтын. Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып жүрген тұста оған жалпақтаушылар жыртылып-айырылатын еді. Ал Парламент таратылып, ол орнынан түскенде әлгілердің көбі теріс айналып, көнекті сырттан салды. Көңіл енді қайтып қоңылтақ тартпасын. Сондай сәтте емен-жарқын сырласып, ой бөлісудің өзі не тұрады. Қашанда жыртық көңілге жамау, жабыққан жанға медеу болғысы кеп тұратын Жанболат онымен сондай күндері жолықты. Бұдан қаламгердің қылаусыз адамгершілігін, кіршіксіз адалдығын айқын көруге болады. Айналадағы ортасына, алқақотан қоршаған әріптестеріне, ең алдымен ту тұтқан мамандығына адалдық оның өмірде ұстанған ең ізгі мұраты. Өз басым Жанболаттың Әбіш туралы керемет көп білетініне тәнті болдым. Бала Әбіштің сонау Маңғыстауда сегізінші сыныпта оқып жүріп, бір қазақ жазушысының орыстың бір хикаятын көшіріп алып, өз атымен бергенін әшкерелеп, дүйім Жазушылар одағын дуылдатқанын біраз жұрт біледі. Ал оның әдебиетіміздің үш арысы Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталғанда Биағаңа арнап жазған студенттік өлеңі кімнің есінде бар дейсің. Соны Жанболат архивтен тауып алып мөлдіретіп алдына тартқанда, жазушының өзі таңғалыпты. Жалпы Әбіш білімі телегей-теңіз, бар саладан хабардар жан. Онымен өрелес болмасаң да, үзеңгілес отырып ой тиегін ағытпасаң, кез келгенмен сырласып, сыр ашып, сұхбаттаса қоюы неғайбыл. Ең бастысы Жанболат соның тетігін таба білген. Демек, жазушының ағыл-тегіл ақтарылуы тегін емес. Көз алдыңнан кино таспасындағыдай тізбектеліп, отызыншы-жиырмасыншы жылдардың аумалы-төкпелі алашапқын сапырылысы, әкесін соғыс жалмаған сәбидің жүдеубас балалық шағы, оқуға деген іңкәрлік, білімге деген құштарлық, университет қабырғасындағы түн ұйқысын төрт бөлген ізденіс, жанкешті шығармашылық еңбек, қазақ киносын бір белге көтеру жолындағы күрес, мәдениеттің алуан саласына атсалысу, елдің дербестігін нығайту бағытындағы қайраткерлік қам-қарекет, тарихты тереңдеп зерделеу... – бәрі-бәрі кезек-кезегімен, түйдек-түйдегімен өтеді де жатады. Мен бүгінгінің бас қатырар жұмбақтарының шешуін өткеннен іздеп табуға мәжбүр кезеңдерде ержеттім. Өз тұсымның өзек күйдірер философиялық мәселелерін өткен болмысқа бойлай отырып пайымдадым. Әдебиеттің міндеті – заманды ұғыну емес, адамды ұғыну. Заманалық ақиқаттар неғұрлым терең ашылған сайын адам табиғаты солғұрлым жұмбақтана береді. Адамның тұрмыс әшкерелей алмайтын ең бір тұңғиық құпияларын өнер мен білім ғана әшкерелеп береді. Құштарлықтың бұл екеуінен асқан парасат майданы жоқ. Махаббатта дегенге жетуге, құмардан шығуға болады. Ал өнер мен билікте дегенге жету, құмардан шығу еш мүмкін емес. Өкімет табиғатын терең зерттеу арқылы шығыстық сананың, шығыстық мінез-құлықтың шыңырауларына бойлап, адамзаттың артта қалған бөліктері саналып келген халықтардың рухани ізденісі бағзы замандардың өзінде қандай мәңгілік мәселелерді қамтығанын көрсету менің екінші бір мақсатым болды. Мені әлімсақтан бүгінге дейінгі кезеңдердің бәрі де қызықтырады, – дейді Әбіш. Оның екінің бірі, егіздің сыңарына бұлай ағынан ақтарыла бермейтіні даусыз. Журналистің білімі мен білігі, міне, осындайда керек. Жанболаттың өзі үлгі ұстанар, ұстаз тұтар үш заңғар, үш зергер туралы ойды қорытындылай келгенде, осыны жазған журналистің өзі де біраз биікке көтеріліп қалғанына көз жеткізесің. Ал оның Қасым Қайсенов пен Рақымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілер кезеңіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, тағы да тың деректер жинап, неше мәрте мәселе көтеріп, қанша мақала жазды десеңші. Алған бетінен қайтпайтын тапжылмас табандылық деп осындайды айтса болар. Сол табандылығы мен тапқырлығы «Егемен Қазақстанның» қазіргі етженді сандарынан да менмұндалап тұрады. Алайда журналист деген күші адал, сүті арам сияқты еңбегі еш, тұзы сор халық қой. Қиял сауып ойдан шығарған адам жайында жазған жазушы бірінші дәрежелі қаламгер саналады да, өмірдің өзінен алып нақты тұлғаларды танытатын журналист дәйім екінші деңгейде жүреді. Көретін сый-сияпаты да соған сәйкес болады. Күні бүгінге дейін бірде-бір журналистің республикамызда «Мемлекеттік сыйлыққа» ие болмауы содан. Мейлі, қаламгерді билік басындағылар көзге ілер-ілмес, тек қалың елі, қаумалаған оқырман қауымы танып, қадір тұтса болғаны да. Бүгінде ақылман аға жасын еңсеріп отырған Жанболат Аупбаевтың қадір тұтар ондай қауымы бар қаламгер екенінде күмән жоқ. Сарбас АҚТАЕВ, жазушы

4986 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5820

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5486

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3224

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2610

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2571

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2550

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2283

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2265

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы