• Тұлға
  • 14 Наурыз, 2013

«Өмірің – ақындардың дастанындай...»

Маған ұстазым туралы жазсам деген ой келді. Бұл кісі республикаға еңбегі сіңген қоғам қайраткері, ұстаз. 1954 жылы Қайнар орта мектебін 82 бала бітірген едік. Бүгінде солардан 20 шақтысы ғана тірі. Ал мен сөз қозғағалы отырған ұстазым Тәбәріков Сейтмұхаметтің орны ерекше. Бұл ұстаз тарих пәнінен сабақ берді. Әрі сынып жетекшісі болды. Сейітжан ұстаздың (біз осылай атаймыз) орны ерекше жан болған дейтін себе­бімнің реті бар. Секең ұстаз ғана емес, Кеңес өкі­меті кезінде партия, кеңес орында­рын­да басшылық қызметтер атқарды. Де­ма­лыс­қа шыққаннан кейін 15 жылдың ішінде 12 кітаптың авторы болды. Секеңді се­мей­ліктер «біздің жазушы» деп атайды. Ұс­та­зым­мен қарым-қатынасымыз үзілген емес. Сейтмұхамет Тәбәріков Ново-Шульба ауданы атқару комитетінің төрағасы болып жүргенде бір ғажап іс тындырды. Жергілікті жердің байырғы тұрғындарының көмегімен Мағауияның бәйбішесі – Дәмегей, ұлы Жағыпар, қызы Кәмиләнің қатар жатқан қабірлерін тауып, бастарына дұға оқытып сауап тілеген. Ендігі жерде асылдардың сынығындай үш аруақтың қабірлерін қоршату, белгі қойғызуды дереу ойластырып, көненің көзі әрі жақын туысы Айтқали ақсақалды бас қылып, колхоз бастығы мен партком хатшысына тапсырып, мұны да орындаған-ды. Осы орайда Сәкеңді қатты мазалаған жай: «Қалайда жоғарыда аттары аталған үш адамның сүйегін олардың туған жері Шыңғыстауға, ата-мекендері – Құнанбай қажы мен Мағауияның жерленген Ақшоқыға жеткізіп, жерленсе» деген ой еді. Сәкең осы тілегін жазушы Кәмен Оразалиннің көмегімен іске асырды. Міне, бұл адамгершіліктің ең ғажап түрі емес пе? Ұстаздың бір тамаша қасиеті ұлы адамдар­дың ұрпағына зейін салып, қолынан келген көмегін аямағандығында. Мынадай бір шындықты Семей облысы Абай ауданының басшыларына ауызша да, жазбаша да жеткізіпті. Бірақ ешкім селт етпейтін көрінеді. «Тауқымет» атты кітабында мынадай бір ғажап ескертуі, реніш туғызған жан-ашыр тілегі бар: «1995 жылы 11-тамызда Абайдың 150 жылдық ұлы дүбір тойынан қайтқан сапарымызда Алматыдан келген қонақ, ақын Несіпбек Айтовпен бірге әдейілеп арнайы Ақшоқыдағы Құнекең әулеті жерленген зиратқа соғып, аруақтардың басына Құран оқытып, тағзым еткенбіз. Өкінішке орай, Кәмиләнің сүйегі қайта жерленген қабір басында еш белгі қойылмаған, елеусіз қалған. Сондай-ақ Құнекең зиратының ішінде, төрін ала «Әйгерім» деген тасқа қашалған ескерткіш қойылыпты. Бұл не? Әйгерім мен Ділдәнің зираты Арал­төбеде, оларға арнайы мазар тұр­ғы­зылған еді ғой деген, көңілге кірбің үйірілді» дейді. Міне, бұл ескеруге тұратын жайт емес пе? Бірақ сол қателіктерді әлдекімдер түсінді ме екен? Қайдам? Саналы ғұмырында жақсылармен жанасып, өз өмірін әр қиырдағы талай жандармен ұштастырып, үнемі туыс, дос іздеп жүретін Секең көптеген басшы қызметтерде болды. Қайда, қай қызметте жүрсе де бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан өзгермеді. Мансаптың буына мастанбады. Туған тілінің, өз дінінің қамқоршысы болды. Ұлтын естен шығармады. Жасынан өнерді мұрат тұтқан, сөз қадірін терең сезінетін, әуелетіп ән шырқайтын, сегіз қырлы, бір сырлы Секең зейнеткерлікке шыққаннан кейін қарап отырмады. Қолына қалам алып өткен өмірін оймен шарлап, қағаз бетіне түсірді. Ел ішіндегі ескі, қасиетті сөздерді, тарихты жинады. Сегіз Серінің ортаншы ұлы Мұсайын жазған «Ер Жиенбай мен қыз Балқия» поэмасын осыдан біраз жыл бұрын 85 жастағы Ахмет Жексенбаевтың аузынан жазып алып, 1998 жылы «Өлке» баспасынан шыққан «Замана ағысы» кітабында жариялады. Бұл қисса әдебиетке қосылған үлкен олжа. Онда орыс отаршыларына қарсы күрескен Жиенбай батырдың ерлігі, оның ғашығы Балқия қыздың Сібірге айдалған арысының артынан іздеп барған оқиғасы сөз болады. Секең ермек үшін емес, маржан термек үшін еңбек етеді. Бойына біткен азын-аулақ талантын ұштай түсті. Әуелетіп ән салды, өлең шығарды. Белгілі ақын, өзінің жерлесі марқұм Нұфтолла Шәкеновтың сөзіне шығарған «Қайнарым менің» әні республикалық баспасөзде жарияланып, елге тарады. Секеңнің қаламынан туған дүниелер Семей өңіріндегі оқырмандардың жүрегіне жол тапты. Әлдекімдерше өткен кеңестік замандағы дәуренін көксеп күрсінбеді. Тәуелсіз аспанның таза ауасымен еркін тыныстап, ел аузындағы асыл мұралардың жұрнағын іздестіруге бел шешіп кірісті. Еңбегі еш кеткен жоқ. Басқасын айтпағанда, Жанақ ақын жөнінде жинастырған дүниелері әдебиет тарихына мысқалдай болса да қосылған құнды үлес. Елге танымал азамат, жазушы Сейтмұ­хамет Тәбәріков 85 жасқа толды. Елі тойлап жатыр. Ұстазымды мыңдаған оқушылары, тілектестері атынан құттықтаймын. Шығармашылық табыстар тілеймін. Қазақстанның мәдениет қайраткері, ақын, өмірден ерте кеткен Сейітқали Қалы­беков кезінде былайша тілегін білдірген еді: Ассалаумағалейкүм, Сейітжан аға, Бас иіп ыстық сәлем етем, аға! Сіз үшін сұлу сөзден жыр арнамай, Қалайша қарыздар боп кетем аға. Сенімін туған елдің ақтадыңыз, Ар туын дақ түсірмей сақтадыңыз. Ұзақ жыл ұлағатты іс атқарып, Жан аға болдың біздің мақтанымыз. Айбатың – Абыралы асқарындай, Көңілің – кіршіксіз көк аспанындай, Қайратың қалшылдаған қылыш жүзді, Өмірің – ақындардың дастанындай. Шәкәрім атамыздың: «Ықылас, ынта, ар, ұят, сабыр сақтық» атты өсиетін өмір бойы ту етіп келесіз. Сол туыңыз әруақытта жоғары тұрсын. Болатбек Нәсенов, тарих ғылымдарының докторы, экономика ғылымдарының кандидаты

4027 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6187

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5702

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3442

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2823

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2787

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2764

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2495

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2480

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы