• Әдебиет
  • 25 Сәуір, 2013

Сапарбай сыры

Сапарбай Парманқұлов – қазақ прозасына тосын тақырып тауып әрі ешкімге ұқсамайтын соны соқпақ сала келген дарынды қаламгерлердің бірі. Әсіресе соңғы жылдары жаңа қырынан көрініп көпшілік оқырманның ықыласына бөленіп үлгерді. Алғаш қолына қалам алған сонау 1978 жылдары дүние тіршілігі туралы философиялық ойға жүгініп, оймақтай оқиғаны құлжаның сақасынша сан шиырып берген әңгімелері оқырманның ойына ой қосып, соны соқпаққа салып тебірентіп үлгерген. Сол жылдардың өзінде болашағынан үлкен үміт күттірген, көркем сөздің табиғатын таныған дарын келді деп қуандық. Одан бері қаншама жылдар сынапша сырғыды десеңші.  Автор жазушылықтың соқ­па­ғына шындап шам алып түсіп, үнемі ізденуді, же­тілуді үрдіс етті. Алғашқы «Жыландар көші» жинағын оқырман жылы қабылдаған. Артынша Қазақстан Жастар одағы сыйлығын иеленген-ді. Көркем әдебиетімізге көрікті сөз иесі келгенін сезіндік. Сапарбай Парманқұлов журналистік қадамын республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» ) газетінен бастады. Көп жылдар бойы жастар газетінің отымен кіріп, күлімен шығып дегендей, ыстық-суығын бірге көтерісіп, журналистік абырой-атақтың алғаш дәмін осы газеттің қабырғасында тұшынды. Кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне іссапарға шықты, замандастарын таныды, заманмен бірге тыныстады. Осындағы тыныстады сөзіне кеңірек тоқталып өтелік. 2011 жыл. Сапарбай Парманқұловтың (ортада) Кентау қаласының  «Құрметті азаматы» атағын алған сәтіӨткен ғасырдың 70-80 жылдары жазған Сапарбайдың жолжазба очерктері, таныс-біліс кісілер туралы ойтолғамдары, заман тынысы жайлы терең тебіреніп, қазып жазған пәлсапалық ой оралымдары із-түзсіз қалған жоқ. Қаламы қуатты журналист кеңестік дәуірдің ақырғы демі – агониясы туралы сол заманның өзінде екі бірдей тұжырым ұсынды. Бірінші: Кеңестер Одағы деп аталатын алып мемлекетті құрдымға кетіріп, су түбіне жіберген жайт – өзімдікі деген жекеменшік пиғылдың жоқтығы; есесіне барлық игілік ортақтікі деген өзімшілдік көзқарас дендеп, әлгі ортақ қазынаны мың-миллиондаған ұры-қарының шетінен жалмап жойып тынуы еді. Екінші: мемлекет басындағы кісілердің бір орнында тапжылмай ұзақ отыруы – заман өзгерісіне икемсіздікке, орайсыздыққа, өркениет көшіне ілесе алмайтын керенаулыққа апарып соқтырды. Осынау екі себептің салдарынан алып мемлекет түбі тесіліп, ішіне су кеткен кемеге ұқсап ыдырап тынды деген тұжырымды сан қайталаған қарымды журналист – жастар газетінде қаны жерге тамбайтын терең де ойлы көптеген көсемсөз жариялады. Көсемсөзі көркем әңгімедей оқылды. Көзі ашық көреген журналист қоғам өмірін тамыршадай тап басып, сезе білді. Сол сезгенін көркем сөзбен құйқылжытып жаза білді. «Анау жақсы... мынау жақсы», «мына кейіпкеріміз тырысып жүріп орденге қол жеткізді... ана кейіпкеріміз үлкен басшының алдынан өтті» немесе «көзге түсті... ризалық алды... биік мінбеге көтерілді» деп уақытша табыстың желіне қалбаң қаққан желдерменнің қалағына ұқсаудан гөрі – адам жанының құпиясы мен қалтарысына үңілуді үдетті. Қазған сайын алмас көзін іздеген кимберлинг-кенші секілді – түбіне жетіп болмайтын – кісі болмысының мың қатпарлы сыр-сипатына терең бойлауды машық етті. Сапарбайдың қаламынан туған дүниелер өзінің мың сан оқырманын тауып, жан дүниесін қозғап, қиялына қанат жалғап, жағымды әсер етуін үдетті. Адам жаны, бейне ашылмаған арал іспетті. Ол аралда тынысты ашатын жұпар ауасын жұтып, кемпірқосақтай құбылған жасыл әлемде алшаң басып, өзінше тіршілік еткен, өзгеше өмір соқпағын сызған тірі жан иелері өріс тауып өріп жүреді. Адам мен табиғаттың будандаса, орайласа өмір сүруі осындай-ақ болар деп ойлайсыз! Дәп осы ғажайып тылсым сырды қарымды журналист әдемі ашады. Суреттеп отырғаны адам жанының құбылыс-тартылыс күші десек, сол тартылыс-құбылыстың нендей күштен, қандай гәптен серпіліс тауып, күш алғанын айна қатесіз алақанға салғандай сызып сурет салып береді. Шын дарын не жазса-дағы өзінің мінезінен, қалыбынан шығарып жазады. Жазушы кейіпкерлерінің аз сөйлеп, көп мағына, терең астармен диалог құруы, әлгі диалогі иілген жақ секілді серпімді шығуы – сол баяғы автор мінезінен шыққан құбылыс деп түсінеміз. Шындығында, жазушы былайғы өмірде аса сөзшең емес, көбіне іштен тығылып, өз ойымен өзі сырласып, күңіреніп, күйзеліп жүріп қана зәуіде бір айтып салар мінезге ие. Содан сөзі орнықты, пікірі тұжырымды, сақаға құйған қорғасындай салмақты шығады. Тап осынау тұйық, терең ағысты мінез қай-қай прозалық шығармаларында айна қатесіз сезіліп жатады. Бұлайша кейіпкер мінезінің метамарфозасы мен жоғарыда аталған табиғат тынысының бір регистрде, бір тыныс­та келісім табуын әрі домбыраның қос ішегіндей үндестіре, шендестіре суреттеуді Сапарбай қаламы әу бастан шебер меңгергенін айрықша атағанымыз жөн. Бірі болмаса екінші субстанция арқылы-ақ егіз өрім тақырыпты айна қатесіз көз алдымызға елестету – шебердің ғана қолынан келер қиын шаруа. Дәп осы қиындықты Парманқұлов қаламы оңай шешіп, орайластыра білді. Кейінгі кездегі Сапарбай шығарма­лары көбіне танымдық-публицистикалық сарында жазылып жүр. Табиғат сырына жіті көзбен үңіліп, зердесіне түйген жайтты жаңаша қырынан байыптауға төселгені қуантады. Былайғы көпшілік оқырманға тылсым, құпия саналатын кептің, көріністің боямасыз, қоспасыз астарын сөгіп, әдібін ашып, біздер біле бермейтін құпияға терең бойлап енетіні ерекше. Көпшілік оқырманға құпия жайт авторға шындыққа жетелейтін тақырып соқпағы ғана. Дүниелік әдебиеттегі Эдгар По, Оскар Уайльд, Стефан Цвейг әдіс-айласы қылаң беріп алдымыздан шығады. Енді, міне, «Жұмбақ сарқырама» атты эсселер жинағы қолымызға тиді. «Жылаған ата... гүрілдеп таудан аққан су кейде тоқтап қалады, сосын араға уақыт сала қайта ағады... Тас қабырғадан тамшылаған моншақ-моншақ ақ тамшы тас болып қалған шашты ананың көз жасы ма?.. Табиғаттың тосын құбылысы бізді тау басына жетеледі» (С.Парманқұлов, А.Арқас, 2008, 7-бет) деп басталатын оқиға оқушының әрқилы әрекет, наным, сенім, түсінік, әфсаналық кепке жүгіндіріп қиялыңызды байыта түседі, жарты әлемді жаяу аралағандай әсерде боласыз. Түрлі оқиғаларға араласып, сол оқиғаның себеп-салдарын түсінуге қиялыңызды сан-саққа жүгірте түсесіз. Кітаптың атына арқау болған «Жұмбақ сарқырама» ел аузындағы бағзыдан келе жатқан аңызға табан тірейді. Автордың жазушылық шеберлігі осы тұстан қылаң беріп көзге ұрады. Кітапты бір деммен оқып шыққанда байқағанымыз – автор құпиясын ішіне бүккен ел аузындағы аңыздың тылсым тереңіне бойлап, шыңыраудан қауға таратқандай саумалап лып көтереді. Әлгі құпиядан, әйтеуір бір ашылар шындықты іздейді. Шындық болғанда – құбылыстың көркем шындығы. Ойда жоқ оқыс оқиғаның желісімен жүріп отырсаңыз – әлгі айтқан көркем шындық, яғни автордың «осы жайтты оқырман көкейіне құйсам-ау, ұқтырсам-ау» деген мегзеуді тамашадай тап басып тани кетесіз. Із кескен аңшыдай – күнде көріп-біліп жүрген дүниенің әр қырынан қылаң беріп, қырғидай шалып, тазыдай қағып, жіпсіз жетелейді. Баяғыдан естіп-біліп, құлағың үйір болған, тіпті айдай анық кептер жарқ етіп, тосын құпиясын жайып салғанда таң-тамаша қалып, таңғажайып бұл не хал деп, ойыңа қанат бітіріп, иығың биіктейді. Жазушы силлогизм логикасының тереңдігі таңдай қаққызады. Логика демекші, жазушының зерттеушілік, этнографтық пайымы мен байыбы баяғы Шоқан Уәлиханов, берідегі Әлкей Марғұланды еске түсіреді. Қаламынан туған кез келген шығармасы ой елегінен өте келе аяғы ақиқатпен ұштасады. Кез келген құпия құбылысты көзімен көріп, көңіліне тоқуы – ыждағатты ізденімпаздың қалыбын елестетеді. Ақыр соңында әлгі құбылыстың сырын ашып, сипаттап береді. Автордың «Жұмбақ сарқырама» әңгімесінде: «Қаратауға қара шалды ертіп өзім-ақ кетіп қалғым келді. Биік жотадан асып Табақбұлаққа жеттік. Табақбұлақты жиектей өтіп тау басына көтерілген жол көлікке қиын тиді. Қиыршық тас пен құм зыр айналған дөңгелекті ілгері жылжытар емес» (сонда, 11-бет) осы әрекет әрі қарай шиеленісе ширығып, оқырман түгілі – сарқырамаға баратын жолды жатқа білетін шалдың өзін қатты әбіржітеді, қалжыратады. Ұзамай әңгіме арқауы аңыздан ақиқатқа қарай аунап түседі, тың тұжырымға табан тірейсіз. Көсіліп жатқан жазиралы даламыз не қилы кереметке толы. Мұны ғалымдар, зерттеушілер баласы жоққа шығармайды. Сол ғажайып әлемді өз көзімен көріп, көкірек зердесінен өткізіп, өндіре қалам сілтеген жазушының тақырып таңдауына іштей риза боласыз. Ұлы даланың тылсым сырын маржан әңгімелерге өзек етіп, ұрымтал тұста тірі сөз бен көркемдік өрмегін тоқи білуі қаламгердің жұлынды ерекшелігі. Зерттеушілік зердесіне ден қоясыз. Жинақтағы және бір қызықты дүние – атақты Үкаша әулиенің қырық құлаш құдығы туралы кеп. Қаратаудың қойнауында қауға тастасаң бірде су шығып, бірде су ілінбейтін, тосын құпия сыр бүккен биіктегі құдық туралы аңызды бала жастан естіп өстік. Оқиғаның ең ұрымтал тұсын ұстағаны сол: суы құрғыр «әу» дегеннен ақтарылып төгіліп түспейді. Алыстан қайырып, теңіз толқыны секілді ырғағы мол, бірін-бірі қуалай лықсыған ой ағыны қиял тербелісіне ұласып, сізді әңгіме арқауынан ажыратпай, шыңырау құдықтың құпиялы тереңіне сүңгіте түседі. «Жігіт ағасы намыстанды, қолындағы ораулы арқанды жерге тастай салды. Аяқ астындағы арқанды алуға менің де жүрегім дауаламады. Сәлден соң қара шал шұбатылған арқанды қолына шумақтап шелекті құдыққа тастады» (сонда, 28-бет) деп төндіре тербейді. Енді не болар екен деп ойлайсыз. Ақыр соңында әлгі құдықты ешкімнің тер төгіп кетпендеп қазбағаны, табиғаттың жаратылысы солай екендігі ашылады. Сөз, сөйлемдегі силлогизм пернесі сізді үнемі сезім дірілінде ұстайды. Автордың сиқырлы саяхаты талай құпияның тереңіне бойлатып, қазақ даласындағы аңызға арқау болған не қилы тау-таспен шектеліп қалмайды. Ғаламның әр қиырына қиял құсын тынымсыз қанат қаққызады. Әңгімелерді атүсті, сыдыртып шыға алмайсыз, мәтін сиқыры, көркем сөздің алапат астары ойланып оқығанды қалайды. 1976 жылы аз ғана таралыммен жарық көрген «Табиғат ғажайыптары» кітабының бәзбір түйінін арқау еткен автор – жазушылық жіті көз, қанатты қиял арқылы әлгідегі бірер сөйлем баянды көмбе аршығандай ұзақ қазып тек қана жарқ еткен салмағы ауыр алтынын алады. Пайымы таңғалдырады. Оқи отырып – тоқи түсесіз. Тоқи отырып – осынау дүние шіркін әлі де ашылмаған аралдай тылсымға толы екеніне көз жеткізесіз. Сенер-сенбесіңізді білмейсіз! Бар гәп: қаламгердің оқиға өрбіту, желі тарту, сөз ойнату шеберлігінде жатқандай. Мәселен: «Тау қойнауындағы тұп-тұнық көл кейде арасұра толқынданып, боздаған үні естіледі. Айтушылар беймәлім мақұлық мойнын соза қарап тау-тасты дүркірете дауыстағанын естіген, кейде мақұлық көлге шомылған кісіні жұтып қойған деседі?!» (сонда, 143-бет) Шын ба, өтірік пе деген оймен әрі тарт, бері тарт толқымалы қиял кешесіз. Қайткен күнде оқырман жайбарақат күйде қалмасы анық. Қиял құсы тым алысқа қанат сермеп, ғарыш пен ғаламның тартылыс бойлығына еніп бара жатқандай әсерге шомасыз... ойланасыз... түрлі қиялға берілесіз... «Айға шағылған мұздықтар» атты әңгімесі өзге полюстегі магнит өрісі секілді. Кісі аяғы баспаған Тұйықсу мұздығына шыққан жас геолог Николай Пальговтың 1922 жылы Алатауға сапар шеккен баяны жазушы қаламына іліккен кезде – зерттеушілік зерде сүзгісінен өтіп, тосын қырынан көрініс табады. Ең биігі төрт мың төрт жүз он метрлік Орджоникидзе шыңы табанының астында. «Сүйір қалпында күнге шағылысқан аппақ алыпты қылдай бөліп жатқан қарлы белдеу – мұздаққа қатерлі сызық түскені» дейді автор. Келе-келе сызат ұлғайып, мұздақ жұтылады. Бұл тұста жазушы қиялы қалыс қалып, зерттеушілік пайымы алғы межеге шығады. Енді қаламгер баяғыдай қиялмен тау асып, көл кешпей, нақты деректерге жүгініп, табиғат тылсымының ертеңіне елеңдейді, экология қатерінің алдын алсақ дейді. Осы күні Алатау аңғарына орын тепкен ғажайып қала Алматыда көп ұзамай жер сілкіну болады... сілкініс түрлі апаттарға әкеліп соқтырады... сол апаттан аз шығынмен құтылудың жолы қандай... жоғарғы жақ жер сілкіну туралы не ойланып жатыр?.. деген сауал әркімнің көкейінде жүргені анық. Осы сауалдың бір парасы үлкен жүректі қаламгердің көкейінде жүргені кәміл. Қаламгер ініміз әрі үлкен қауіптің алдын алуға жол іздейді, әрі сақтана жүруге шақырады. Ең ғанибеті: табиғат анаға жөнді-жөнсіз тиісе беруге болмайды екен, алмақтың да салмағы бар, тау аңғарын шұрық-тесік етіп щұбарлап, ұңғылап, жалмап, жұлмалап, бүлдіре беруге болмайды... жетпейтін кемшілікті – өзі толтырады... артылып жатса кемітеді... тепе-теңдікті сақтау арқылы дүниені бүлініп кетуден қорғайтын табиғаттың өзі деген терең пәлсапа ұсынады. Осы мақсатты маңдайымызға темірқазық етіп ұстасақ қана табиғаттың тепе-теңдігін бұзып алмаймыз дейді автор. «Кайназойдан үріккен динозаврлар». Әңгіменің атынан ат үріккендей, әйтсе де автор баяны – тірі сөз иесінің сөзбен сурет салудың ғаламат бір көркем келісті үрдісінен хабар береді. Динозаврлардың ажалы Мексикаға құлаған астероидтан, күннің бетін жапқан алапат шаңнан, ұзаққа созылған әлемдік қыстан деген пайым ұсынады. Бұл тұста қаламгер қиялы һәм танымы мүлде басқа арнаға аунайды. Шығармаға тақырыпты сәтті таба отырып, әлгідегі тақырыптың танымдық қада қарауылынан көз жазбайды. Лирикалық шегініске көсемсөзші шеберлігін ұштастыра өріп, ақырында сазгерлік, пайымшылдық, байқағыштық байыпқа табан тірейді; сіз бен бізді толағай тұжырымға тәуелді етеді. Табиғаттағы дүлей құбылысқа ғылы­ми берік байлам ұсына отырып, сол арқылы құпияның тосын баянын мөлді­ретіп ұсынуымен ғанибет. Ішіңді елжі­ретеді. Бүгінде Мәскеуде бір тұрғын бар көрінеді. Ол төлқұжаты бойынша 34 жас­та. Ал кескін-келбеті, күллі адами ағзасы 19 жастағы қалпын сақтаған! Бәзбір геронтолог мамандар әлгі тұрғын бәз-баяғы күйінде қала береді деседі. «Сонда ол мәңгілік адам болғаны ма?!.» деп жаһандық жаңалықты жайып салады-дағы әрі қарай жазушы өз пайымын, тұжырымын ұсынады. Я болмаса бағзы заманнан күллі халық төбесіне көтеріп, жүрегінде ұстап келген қасиетті орындар туралы тебірене кеп шертеді. Сөз сиқырының қуатын магнит өрісінде ұстайды. Қасиетті Қазығұрттың шығысындағы Ата-тас пен Ана-тас тұрған жерге жұрт неліктен зиярат жасайды деген сауалға жазушы өзінше жауап іздейді. «Ана-тасты сипалап келе жатқан оң алақанымның сыртымен жанарымды сүрттім. Борша-борша терлегенімді сонда ғана сездім. Арқамнан әлдекім қаққандай болды. Артыма бұрылып қарау қайда, мүмкін бұдыр тас тиген шығар. Ебіл-дібілім шығып қиналғанда, қысылған кезде демеген, арқамнан қаққан сен бе, аруақты Ата-тас» (сонда, 315-бет) деген кезде кәдуілгі Ата-тас пен Ана-тас арасынан сүмек боп терлеп, арасынан әрең-әрең қысыла өткендей әсерге бөленесіз. Жазушының суретшілдік машығы осы тұста барша бояумен көзге ұрады, иландырады, ғажапқа қалдырады, тамсандырады. Автор болған оқиғаны болғанындай жайдақ айтып шығудан қашады. Өмір көрінісі мен жазушылық толғамын әрдайым егіз өрім етіп ұстайды. Мұны ізденіс із кесуіндегі соны серпіліс пе?! – деп қаласыз. Бүгінде еуропалықша ойлайтын әрі сол үрдіспен қиял әлеміне құлаш сермеу­ге талпынып жүрген жас қаламгерлер жетерлік. Әйтсе де әлгілердің ұлттық бояуы ылғи солғын түсіп, кейіпкер болмысы ашылмай, әңгіме кеңге құлаш жаза алмай жатады. Қанаты кем тауықтай – жер бауырлап қалады. Ал Сапарбайдың қос тізгінді қолына бекем ұстағаны анық аңғарылады. Стилі, ойлауы жаңаша болғанымен, қазақы пайымы мен ұлттық психологиясы үзеңгі жолдастай қатар тізгін қағысып, құп өріліп отырады. Шынайылық һәм нанымдылық автордың әрқилы қызық тақырыптың қазбагер-археологі екеніне куәлік бергендей оқырманды магнит өрісінде тұсап ұстайды. Көбіне автор көркемдік келісім, көрікті сөздің әдіс-айласымен емес, оғаш оқиғаның шарықтау шегі әрі шешім табуымен алатын секілді. Әлгі оғаш оқиға оқыс ситуацияға, ойламаған тартысқа, кейіпкердің ашылып-сайрауына, терең философияға тартып кетіп отырады. Көркемдіктің жиілік өрісінде ұстайды. Көне заманның көрегені Галилей айтқан сөз бар. «Алдымызда табиғат кітабы жатыр. Бірақ ол біздің әліпбидегі әріптермен жазылмаған; оның әріптері – үшбұрыштар, төртбұрыштар, шаршы, дөңгелек және шарлар». Ұлы математиктің көзіндегі табиғат кескіні осындай болғанда, сазгер көзіндегі табиғат – саз бен сұлулықтың ұнасымы, ырғағы, жүрек лүпілі. Ақын көзіндегі табиғат – аққудың көлге тамған көз жасындай жыр маржаны секілді тынысыңды ашады. Бір деммен оқылады. Сапарбай Парманқұлов көзіндегі табиғат – туған жер, өскен ортасынан кіндігі ажырамаған кеңқолтық, барынша аңқау, барынша адал кейіпкерлердің мінез тұнбасы, қазақы ойлау, сөз саптау, тыныстау әдісінің ешкімге ұқсамас көркем келісімі деп ойлайсыз. Тап мұндай әдіс – кең тынысты, не жазса да қазып жазатын, терең пайым ұсынатын, арғы-бергіге ой жібере алатын қарымды қаламгерге ғана бұйырады. Біз таныған автордың тынысын ашатын, қадамын жазатын негізгі жазары әлі алда деп ойлаймыз. Әлгі тыныс – Парманқұловтың әрбір сөз саптауынан, аңғарымпаздығынан, небір қиын тақырыптың астарын бопсалап ашуынан анық байқалады. Бұл қадам – автордың арғы-бергі әдебиетті көп оқып, мол тоқығанынан сезіледі. Адам табиғатпен етене туыс, жатырлас, қамшының сегіз өріміндей кірігіп біте қайнасып кеткен; бірінен-бірін ажырату қиын деген ұстаным кітаптың негізгі идея­сы екені кәміл. Бір кейіпкері – жазира даладай кеңпейіл. Келесі кейіпкері – тымпи ойнағандай сырын ішіне бүккен, терең шыңыраудың тастай суы секілді. Үшінші кейіпкері – баладай аңқау, табиғаты ашық-шашық, қой аузынан шөп алмас момақан. Баянымыздың бас-аяғын қорытын­дылап келгенде, қарымды қаламгердің табиғат пен адам егіз, адамсыз табиғат жоқ, табиғатсыз пенде жетім деген пәлсапаны әрдайым оқырман алдында көлденең тартуы еріксіз тебірентеді. Биік өлшемге бой ұластыруымен ерек­шеленеді! Тіршілік иесі уақытқа тәуелді. Пирамидалар ғана уақытқа тәуелсіз деген сөз бар. Қарымды қаламгердің маржан әңгімелері әлгі бір тәуелділік шеңберінен шығып, адам бойындағы қадым қасиеттің күллісі – табиғаттан жұғысты болған, табиғаттан ауысқан мінез деген шындықты паш етуімен құнды. Терең ойды көлденең тартуымен таңғалдырады. Сапарбай аз жазады, әйтсе де саз жазады. Әңгімелері – құм белдеулеген шөл ішіндегі оймақтай жап-жасыл оазис секілді елестейді. Сирек шалынса да аңсарымызды ауғызып, жанарымыз шырадай жанады. Оқиғасы өмірдің ортасынан ойып алғандай, сұлу сөзбен терең пайымға табан тіреген маржан әңгімелерің әрдайым көңілімізді тасытып, мейірімізді қандыра берсінші, қарымды қаламгер демекпіз! Қай-қай ұлтты ұлт етіп, есіктегі басын төрге сүйреп, өзге елден бөлекшелеп, ерекшелеп көрсететін, қасиет дарытып, қанын жерге тамызбай тұрған нәрсе – тірі сөз ғана. Тірі сөзі бар ұлт өлмейді. Заман мен заманның жалғастырушы дәнекері бабадан қалған тірі сөз. Тірі сөз жоғалса – ұлтымыздың ертеңі күмәнді. Тірі сөзге табан тіреп қана, арқа сүйеп қана өмірімізді өнегелі етеміз. Ендеше қаламдас, сырлас Парманқұловқа тілейтініміз – тірі сөзің таусылмасын демекпіз. Дүкенбай Досжан

5434 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы