• Әдебиет
  • 25 Сәуір, 2013

«Тілімнің болашағына алаңдаймын»

Редакциямызға орысша мәтінде жазылған «Б.К.Бейсенов, Астана қаласының тұрғыны» деп қол қойылған хат келді. Автор өзінің орысша жазып отырғанына кешірім өтініп, тіл мәселесіне қатысты өз ойларымен бөлісіпті. Орысша жазылғаны болмаса, хат иесінің жазғандары көкейге қонады. Ана тілін білмесе де, бірақ жаны қазақ, кеудесінде намысы бар екені байқалып тұр. Бұл азамат бәлкім ана тілін өзінің өскен ортасына байланысты кезінде тиісті дәрежеде меңгере де алмаған шығар, бірақ ол ана тілін білуге, үйренуге күш салып жүргендердің бірі екені сөзсіз. Біз осыған қуандық та, хаттағы негізгі ойларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік:   «Сіздерге орыс тілінде хат жазып отырғанымды айып етпеңіздер, өйткені менің қазақ тілін білу дәрежем мінсіз деп айта алмаймын. Мен елшілікте жұмыс істеймін. Біздің елге келетін шетелдік қонақтар Қазақстанда қазақ тілінен гөрі орыс тіліндегі сөздердің көбірек естілетіндігін басқаша пайымдайтын тәрізді. Сонымен қатар дипломаттар арасында біздің елде жұмыс істеу үшін қазақ тілін емес, орыс тілін үйрену керек деген түсінік қалыптасқан. Тәуелсіздік алғанымызға қарамастан қазақ тілінің қолданыс мәртебесі төмен. Себебі Қазақстанда орыс тілінің заңды түрде қолданылатыны мемлекеттік тілді үйренуді қажет етпейді. Меніңше, Қазақстанда тұратын әрбір азамат өзінің ұлттық тегіне қарамастан мемлекеттік тілді білуі тиіс. Ал орыс тілі қазақ тілінің Кеңес Одағының жетпіс жыл үстемдік құрған кезіндегідей жоспарлы және мақсатты түрде қолданыстан шығарылуы керек. Еліміздегі тілдік ортада бір-біріне қарама-қайшы келетін екі күш бар: бір тіл екінші тілдің дамуы арқылы қолданыстан шығарылады және бір тілге көмектесе отырып, біз екінші тілді ығыстырамыз. Қазіргі таңда біз орыс тілі мен қазақ тілінің қолданыс мәртебесін қатар қоя отырып, шын мәнінде орыс тілінің дамуына көмектесудеміз. Ал орыс тілі болса Кеңес өкіметі кезінде дамып, күш алған тіл болған соң, аяғына енді ғана қаз тұрып келе жатқан қазақ тілін қолданыстан оп-оңай шығарып тастайды. Біз мұны түсінбейінше, ана тіліміз өзінің туған жерінде мүшкіл халді басынан кешіре бермек. Жоғары мінберлерден қазақ тілін үйренуге сан мәрте шақыра беруге болады. Ал шынайы өмір талаптары қазақтарды орыс тілін үйренуге мәжбүр етуде, осы себепті орыстілділерге мемлекеттік тілді үйренудің ешқандай қажеттігі болмай отыр. Сондықтан қазақ тілін үйренуге үндеген сөздер Кеңес Одағы кезіндегі партиялық ұрандарға көбірек ұқсап кетіп жатады...» Хат иесі әрі қарай қазақ тілінің тек бір ғана ұлттың емес, күллі адамзаттың мақтанышы болуға лайық екенін дәлелді көзқарастарымен білдіріпті. Хош делік, автор тілге жанашырлық танытып, ресми ортада жүргеннен кейін, қазақ тілінің ол жақтағы мүшкіл халін сіз бен бізден гөрі жақсы біледі ғой. Көзбен көріп, көңілге түйіп, тілдің болашағына алаңдап жатқан азаматтық ұстанымына ризашылықпен қарап отырмыз. Егер ресми орындарда қызмет істеп жүргендер қазақ тіліне дәл осындай жанашырлықпен қараса, төбеміз баяғыда көкке жетер еді-ау. Дәукен Жұматұлы

3344 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы