• Әдебиет
  • 07 Мамыр, 2013

ЕУРОПА: тәлім мен тағылым таразысы

Жұмабек КЕНЖАЛИН, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Үстіміздегі жылдың ақпан айында Польша Республикасына, Гер­манияға барудың сәті түсті. Деректерге көз жүгіртсек, Қазақстан мен Поль­ша арасындағы барыс-келістің, алыс-берістің, тұтастай алғанда ынты­мақтастық тамыры тым тереңде жатыр. Осы орайда, Ежелгі қазақ-поляк қарым-қатынасының әргі-бергісі мен бүгінгі аяқ алысы туралы, сондай-ақ Берлинде болған сәттердегі ой орамдарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. ЕЛШІНІ ЕЛІКТІРГЕН ҮЛГІ [caption id="attachment_13871" align="alignleft" width="320"]Солдан оңға қарай: Жетпісбай Бекболатұлы, Асқар Абдрахманов, Томаш Тадеуш, Жұмабек Кенжалин Солдан оңға қарай: Жетпісбай Бекболатұлы, Асқар Абдрахманов, Томаш Тадеуш, Жұмабек Кенжалин[/caption] Польшаға сапар Қазақстан Республи­касының осы елдегі елшілігінің шақыруы негізінде болғандықтан, алғашқы дидарласуымызды да елшіліктен бастадық. Біздің осындағы елшіміз Ерік Өтембаев мырза журналистердің мекемеге атбасын бұрғанына айрықша ықылас білдірді. Жаңа қызметке кіріскеніне онша көп уақыт өте қоймаса да, ол Польша мемлекетінің Еуроодақтағы орны мен рөлі және оның ғаламдық өркениетке қосып жатқан үлесі төңірегінде тағылымы мол әңгіме айтып үлгерді. Әңгіме өзегі қазіргі нарықты қатынасқа ойысқанда ол: – Бұл елден үйренерлік те, үлгі аларлық та мәселелер бар, – деп бір түйіп қойды. Ерекеңнің әңгімесінен байқа­ғанымыз, Польшада жергілікті өзін-өзі басқару моделі біздің қазақстандық мамандар тарапынан қызығушылық туғызып жатыр екен. Біз оны өз көзімізбен көрдік. Варшавадан Познаньға, одан Слубицеге жосылта тартқанда жолшыбай орналасқан деревнялардың сыртынан-ақ «иесі бар елді мекен екенін» бірден байқайсыз. Иесі бар деп отырғаным, сол жердің мұқтажына жаны ауыратын, оның отымен кіріп, күлімен шығатын кісілер бар екен дегенім ғой. Елшінің айтуынша, деревняның көшесінде қисық жатқан ағашты көрмейсің.Себебі деревняның өз қа­зынасы, өз билігі, өз жарғысы, қа­лып­тасу, даму жоспары бар. Ал бастықты өз­дері дауыс беру арқылы сайлап қояды. Демек, ол жергілікті тұрғындарға есепті, тәуелді. [caption id="attachment_13874" align="alignleft" width="320"]Хенрик Янковски және Гүлайхан Ақтау Хенрик Янковски және Гүлайхан Ақтау[/caption] Осы үлгіні іске нұсқа тұту бағытында бізде де біраз шаруа қолға алынып жатқаны белгілі. Енді ауыл әкімдерін сайлаймыз. Үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап, ауыл-селоның арнайы бюджеті болады. Сөйтіп, біздің пайымдауымызша ынтымақтас елдегі үлгілі үрдіс біздің өркендеуімізге де түрткі болғалы отыр. Шіркін, осы шаруа бұдан 3-4 жыл бұрын қолға алынғанда ғой дейсің... «Келешегі жоқ» деген келте шешіммен қаншама елді мекендер, ауылдар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Формалды түрде иесі бар болғанымен қараусыз қалған егістік алқаптары мен жайылымдар қаншама?.. Кезінде түгін тартса майы шыққан алқаптар бүгінде қу тақырға айналып, эрозияға ұшыраған. Ақиқаттан айналып өте алмайтындығымыз рас қой, енді. Оны мойындау керек... Бірақ ештен кеш жақсы. Бізде қазір 7232 ауыл бар екен. Оның 3752-сінің жағдайы жақсы, қауқарлы көрінеді. Қалған 2500-і демеуді қажет ететін ахуалы орташа болса, 1000-нан астам ауылдың болашағы бұлыңғыр... Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен кәсіпкерлік жөніндегі кеңесте осындай деректер келтірілді. Бұл ойландыратын, жан ауыртатын деректер. Ауыл – елдің анасы дейтін болсақ, оны қауымдасып, қауғаласып қиындықтан алып шығу іс басында отырғандарға ғана емес, бүтіндей Алаш баласына сын болғалы тұр. Польша да күйреу мен қираудың әкесін бастан өткізген. Бірақ ел болып, жұрт болып соның бәрін жеңіп шыққан поляктар қазір аузынан ақ майын ағызып, молшылықтың ішінде отыр. Оларға мұны ешкім әкеп жасап берген жоқ. Бәрін өздері жасаған. Қазына мүлкін тонау, қаржы жымқыру, ел дәулетін сыртқа тасу секілді әрекеттер тыйым салынған елде осындай қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайтынын уақыттың өзі көрсетіп отыр! ВАРШАВАДА ОҚЫП ЖҮР ТАЛАЙ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ [caption id="attachment_13875" align="alignleft" width="200"]Познань.  Мұражай үйі Познань.
Мұражай үйі[/caption] Польшадағы ірі қалалардың бірі – Познань. Осында поляк халқының адал пер­зенті Адам Мицкевич атындағы университет бар. Біздің осында атбасын бұратынымызды күні бұрын білген мұндағы Азияны зерттеу орталығының түркі, моңғол және корей тілдерін зерттеу бөлімінің қызметкерлері күтіп отыр екен. Бөлім меңгерушісі Хенрик Янковски, ал жетекші редакторы қандас қарындасымыз Гүлайхан Ақтау. Әңгімелесе келе, Қазақ елі мен Польша арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтуда бұл орталық қыруар жұмыс атқарып жатқанына көзіміз жетті. Осында қазір поляктар қазақ тілін үйренуді мықтап қолға алған екен. Тіл үйрену орталығы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сабақ оқитын аудиториялар зәңгірлеп тұр. Биылдың өзінде қырық шақты студенттің қазақ тілін бір кісідей біліп шығуына жағдай жасалып отыр. Сөз арасында Қазақстанда қаріпті латынға көшіру қамы жасалып жатқаны айтылып еді, Хенрик те, Гүлайхан да бұл өркенді шаруаны қуана қолдайтынын білдірді. Ал ең бастысы асығыстыққа жол бермей, латын қарпіне көшкен өзге елдердің тәжірибелерін мықтап ескеру керек. Поляк жеріне қазақтардың ілім-білім алу үшін ат ізін салуы өткен ғасырдың алғашқы жиырма жылдығында-ақ басталғаны белгілі. Өзінің бастауында А.Янушкевич секілді азаматтар болған қазақ-поляк ынтымақтастығы бүгінгі таңда нығайып, дамып келеді. Оның нақты бір мысалына мына бір деректер анық көз жеткізеді. Айталық, ХХ ғасырдың басында оқу-тоқу іздеген жас қазақ өрендер Польшаның жоғары оқу орындарына аттанады. Олар, негізінен, Варшава университетінің заң факультетіне, сондай-ақ осы қаладағы ветеринарлық институтқа оқуға түседі. Мәселен, қолдағы бар мәліметтерге жүгінсек, К.Боранбаев (Алматы), А.Күшіков (Семей), Ж.Сұлтанаев (Жетісу), А.Тұнғаншин (Торғай), Уәлиев, А.Шалымбеков (Семей) аталған оқу орындарында білім алып, 1914 жылы атамекенге қайтып оралған. Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақытта осы дәстүр жаңа сапалық деңгейге көтерілді. [caption id="attachment_13877" align="alignleft" width="200"]Берлин.  Трептов қақпасы Берлин.
Трептов қақпасы[/caption] Қазір Польшаның біраз жоғары оқу орындарында көптеген қазақстандықтар өздерінің аталары салған дәстүрді жалғастыра отырып, білім алып жатыр, тәжірибеден өтіп жүр. Мынандай бір нақты деректерді келтіруге болады. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Польшада 500-ге тарта қазақстандық студент оқиды, ал Познаньдағы Адам Мицкевич атындағы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында 50-ге тарта поляк студенті білім алуда. Бізге сәт-сапар тілер сәтте филология ғылымдарының докторы, профессор Хенрик Янковски: – Әлем әдебиетімен, мәдени құн­дылықтарымен тұтасады. Адамның адамға бауыр екенін ілкідегі тарихи шығармалардан, эпостар мен дастандардан бастап, бүгінге дейінгі рухани дүниелерден анық байқауға болады. Түптеп келгенде, адамзаттың тарихы да, тағдыры да ортақ. Сондықтан да біз үнемі әр елдің тарихы мен әдебиетінен, тілінен, наным-сенімімен ұқсастықтарды жиі байқаймыз. Әлемдік ақпарат тасқынымен бірлікте, әр елдің басылымдары мен телеарналары, интернет ресурстары жедел даму үстінде. Өз басым қазақ әдебиетін, ғаламторын, ақпарат көздерін бақылап отырамын. Әрқашан бақтарыңыз үстем, бағыттарыңыз айқын болғай! – деді. Бұл сөзін ол бізбен бірге сапарлас болған белгілі көсемсөзші, қазақ баспасөзі қайраткерлерінің бірі Сапарбай Парманқұловқа қарата айтқан еді. Сәкең оны таспаға жазып алып, өзі қол қойып отырған «Дала мен қаланың» бірінші бетіне Янковскидің суретімен қоса жариялап жіберді. ТОМАШ ТАДЕУШТІҢ ТЕКТІЛІГІ «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Поль­шадағы өкі­лі Жетпісбай Бек­бо­латұлы өткен жылы қараша айында Алматыға «Еуропа XXI ғасырда» деп аталатын халықаралық конференция болатыны туралы ақпараттар тасқынын тоғыта бастады. Бізді қызықтырғаны осынау алқалы басқосудың Познань қаласындағы Адам Мицкевич атындағы мемлекеттік университеттің саясаттану және журналистика факультеті ұйымдастыратындығы болды. Конференция дәл алдын ала белгілен­ген уақытта басталып, оған жиылған қауымның зор қызығушылығын туғызды. Атап айтар болсақ, мұнда әлемдегі саяси және экономикалық дағдарыспен қоса, әсіресе Еуропаны шарпыған қаржы дағдарысының жай-күйі әңгіме өзегіне айналды. Сондай-ақ Еуропалық Одақтың посткеңестік елдермен ынтымақтастық мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Конференцияға Қазақстаннан саясаттану және журналистика мәселелері­мен айналысып жүрген Кәкен Хамзин, Гүлмира Сұлтанбаева секілді профессорлар өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісті. Біз қатысқан сессияда сөз алған Олег Михаиловтың (Ресей), Владимир Емельяновтың (Украина) баяндамалары мазмұндылығымен конференцияға қатысушылар тарапынан лайықты бағаланды. Осынау алқалы мәслихатты өткізу бар да, оны нысаналы жерге жеткізіп түйіндеу тағы бар ғой. Бұл тұрғыдан алғанда конференция тізгінін ұстаған саясаттану және журналистика факультетінің деканы Томаш Тадеуштің іскерлігіне, жалпы адами инабаттылығына, тектілігіне риза болыстық. Конференция өтіп болысымен ол келесі күні қазақстандық делегацияны өзі басқарып отырған факультетте арнайы қабылдады. Болашақ саясаткерлер мен журналистерді дайындау орталығының бүгінгі жай-күйімен таныс­тырып, баяғы бір ескі таныстарымыздай құшақ жая қарсы алып, қолтықтай жүріп, әңгіме шертісті. Біздің бір білгеніміз, журналистика факультеті бүгінгі таңдағы ғылым мен техниканың ең жаңа соңғы жетістіктерімен жабдықталған екен. Сөз ыңғайы келгенде біз кешегі үркіншілік жылдары поляктарға бас­пана беріп, қамқорлық құшағына алғанымызды айтып едік, Тадеуш мырза: – Қазақтардың қамқорлығын біз ұмытпаймыз, ұрпақтан-ұрпаққа айта беретін боламыз. Екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстың жылдан-жылға нығайып келе жатқаны соның дәлелі ғой, – деді. Біз де ана бір ғасырларда тағдырдың тәлкегімен қазақ топырағынан пана тауып, оның кеңқолтық халқының құрметіне бөленген Адольф Янушкевич пен Густаф Зелинскидің, бертінгі Александр Затаевичтің еліміздің руханиятына сіңірген еңбегін ұдайы бағалайтынымызды баса айттық. Сондықтан да біз бұл жолы шақырылған конференцияда «Адольф Янушкевич – Қазақ және Еуропа мәдениеттері арасындағы алтын көпір» деген тақырыпта баяндама жасаған едік. Бұл да болса, біздің бабалар салған достық көпіріне деген риясыз құрметіміздің бір белгісі болар деп ойлаймыз. Осы ойымызды тарқата баяндағанда Томаш Тадеуш мырза текті кісінің тұрпатымен құшағын жая бізге ұмтылды. АРЫН АЛАУ, ЖАНЫН ЖАЛАУ ЕТКЕН Бұл жолғы сапар менің Герма­ния­ға екінші рет келуім. 1998 жылы «Қазақ әдебиеті» га­зетінің Бас редакторы едім. Қазақ мәдениеті мен өнерінің күндері өтетін болып, Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев басқарған делегация құрамында біздің де табанымыз сол жылы осы жерге тиген. Ол жолы қазақ-герман арасындағы мәдени-рухани байланыстар бағытына орай түзілген бағдарлама шарттарынан әрі аса алмап едік. «Шіркін, Трептов пар­кінде, Рейхстагта болғанда ғой» деген сезім іште кеткен еді. Енді, міне, бұл сапарда соның есесін қайтарудың сәті түсті. Сапардың сәтінің түсуіне себепші болған Поль­шадағы Қазақстан Елшілігінің жауапты қызметкері Асқар Абдрахмановқа айрықша ризашылығымызды білдіреміз. Өйткені біздің негізгі шаруамыз Польша республикасында өтетін халықаралық конференцияға байланысты болды да, арада уақыт тауып, Берлин қайдасың деп тартып кеткеніміз рас. Міне, Рейхстаг. Мұнда оны аралап көрем деушілерге арнайы қызмет ұйымдастырылған екен. Біздің мұнда кіруіміз ымырт жабылып, қасқарайған сәтпен тұстас келді. Рейхстагтың бақылау пунктінен өткен сәттен бастап басы жұмыр пенде сан-қилы сезімнің шырмауында болары сөзсіз. Біреулер мұнда осы алып ғимараттың сәулет өнеріндегі ерекшелігін өз көзімен көргісі келіп ат ізін салады. Біреулер жай әншейін ғана қызығушылық ойдың жетегімен келеді. Ал енді бір топ кешегі Ұлы Отан соғысының тұтануына себепші болған ғаламдық қайғы мен қасіреттің мекенінің бүгінгі мән-жайын білсем деген ниетпен жол тартады. Біз өзімізді осы топтың соңғыларының қатарына жатқызамыз. Мен – майдангердің баласымын. Әкеміз жарықтық Омар сол қанкешу жылдары бар болғаны он алты жасында толарсақтан саз кешіп, оқ пен өрттің ортасынан туған жерге оралды. Еліне қалтқысыз қызмет етіп, ұрпақ өсірді. Ертеректе, менің бала кезімде өзінің маршал Рокоссовскийдің қолбасшылығындағы екінші Белорусь майданында болғанын суыртпақтай «сараңдықпен» айтып отыратын. Сараңдықпен дейтінім, ол кісі сол алапат күндерді еске түсіруге зауқы жоқ еді. Там-тұмдап қана ауызға алатын. Бұл тақырып оның жанды жеріне тиетінін, жүрегін ауыртатынын біз бәріміз де іштей сезетінбіз. Кейінірек, жылдар өте ауыл елдің әр шаңырағына «көк жәшік» келіп, халық айшылық алыс жерлермен тіл табысқандай дәрежеге жетті. Сапы­рылысқан бағдарламалардың бірінен кешегі отты жылдардың көріністері де көрсетіліп жататын. Зеңбіректің зіркілімен отқа оранған фашистердің бас ғимараты Рейхстагты көргенде әкеміз: «Осыған ту тігемін деп талай боздақ мерт болды ғой... Шіркін, Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі ерлік-ақ еді. Әттең, бағаланбағаны өкінішті» деп әңгімені қайыратын. Міне, мен көкемнің әңгімесіне өзек болған Рақымжан Қошқарбаев Жеңіс туын тіккен Рейхстагтың дәл қасында тұрмын. Біз ауызекі әңгімеде Рейхс­таг, Рейхстаг деп айта жөнелеміз де, оның әргі-бергі тарихына терең үңіле бермейтініміз тағы шындық. Рейхстагтың оқиғалар желісіндегі алар саяси орны бір басқа да, оның сәулет өнерінің өзіндік бір туындысы екендігі тағы бар. Деректерге қарағанда 1871 жылы тарих сахнасына Герман империясы келгенімен Рейхстаг құрылысы 1894 жылы ғана басталып, ол 10 жылға созылған. 1882 жылы Рейхстаг ғимаратын салу үшін бәйге жарияланады да, оған 189 сәулетші қатысқан екен. Осынау аламан бәйгеде Пауль Ванноның жұлдызы жанып, соның жобасы мақұлданады. Әйнек пен темір материалдарынан құрастырылған күмбез сол кезең үшін үздік сәулеткерлік шешім болып табылған еді. 1918 жылы 9-қарашада Филипп Шейдеман Рейхстаг балкондарының бірінен республика құрылғанын жариялағаны мәлім. Сөйтіп, Веймар республикасының Парламенті 1919-1933 жылға дейін осы Рейхстагта өзінің мәжілісін тұрақты түрде өткізіп тұрған. Алайда, ол 1933 жылы өрт жалынына оранып, бұл оқиға фашистердің түпкі мақсатын жүзеге асыруына түрткі болды. Деректерге қарағанда, голланд коммунисі Мариунс Вандер Любе осы оқиғаға кінәлі деп табылып, соңынан өлім жазасына кесілген. Бұдан соң ұлтшыл социалистер Берлинді «сатқындардан» тазартуды қолға алып, Германия коммунистік партиясының жұмысына тыйым салған. Ғимарат өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін жартылай қираған қалпында болып, кейін оны қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынды. 90-шы жылдары батыс және шығыс неміс мемлекеттерінің бірігуінен кейін әлемге әйгілі сәулетші Норман Фостердің басшылығымен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Осы жұмыс 1999 жылы аяқталып, қазір мұнда неміс Парламенті Бундестаг өз мәжілістерін өткізіп келеді. Қайта жаңғыртудан өткен Рейхс­таг ғимаратының әр қабатын күмбез шеңберімен айналып өткен сайын санамызда осы тарихи деректер бірінен соң бірі тізбектеліп кино лентасындай сырғып өтіп жатқаны шындық еді. Ғимараттың қабырғасын жаға­­лай өте бергенде көкем жарықтықтың: «Қаншама жас қыршын кетті...» де­геніне пәленбай жыл өтсе де, дәл осы қазір көкжелкемнен жаңғырып естілгендей болды. Рақымжан ағамыздың ту тіккен жері осы тұс болар, ә? – деп Сапарбай мен Асқар,оған ілесе Жетпісбай жарыса үн қатты. Солайы солай шығар. Жеңіс туын кім тіккені оқиғаның қалай болғаны ақпарат құралдарында пәленбай рет жазылды. Киноленталарда естеліктер қалды. Біздің білетініміз біз дәл осы іргесінде тұрған Рейхстагқа ту тігу үшін 300 метр жерді жеті сағат бойына жер бауырлай жылжып сол азапты сағаттарда о дүниеге барып келумен тең болған сәттерді бастан кешкен Қазақ батырының ғажайып ерлігі ғасырдан-ғасырға әлі талай айтыла берілетіндігі. Бұл оқиға арын алау, жанын жалау еткен ағамыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұран болып айтылар ерен ерлігі! Мемлекетіміздің жаңа елордасы өзінің сәнімен, салтанатымен әлем сая­сат­кер­лерінің аузында жүргені белгілі. Мұндағы әрбір ғимараттың, ескерткіштің мәні мен маңызы, шертер сыры зор. Солардың қатарынан көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Рақымжан Қошқарбаев ағамыздың зор тұлғасы – ескерткіші алыстан менмұндалап тұрса деген ойы бар көпшіліктің. Алматы – Варшава – Познань – Берлин

19350 рет

көрсетілді

42

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы