• Қоғам
  • 07 Мамыр, 2013

Жастар неге жарамсыз?

Сәуір айында елімізде әскер қатарына шақыру маусымы басталды. Алайда баршаны ойландыратын бір мәселе – азаматтық борышын өтеуге жарамсыз жастардың қатары жыл өткен сайын артып барады. Тәуелсіз мемлекетіміздің тыныш­тық күзетінде ел сенімін арқалайтын ұлдарымыздың денсаулығы мықты болғаны маңызды. Ұрпақ бола­шағына қолдау болатын «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы заман талабына сай жаңа қадамдар жасап келеді. Салауатты өмір салтын ұстанған еліміздің саясаты жас ұрпақ тәрбиесіне ден қойып, ертеңгі қоғам тұтқасын ұстар аза­мат­тарымыздың дені сау, шымыр да жігерлі болуына ықпал етеді. Қа­зақ жiгiттерiнің көпшілігі дене шы­нықтырумен жүйелі айналыспайды. Бұрын жiгiттер әскерге алынбай қалса, елдің бетiне қарай алмай, намыстан жарылып кете жаздайтын. Әскерге шақырту қорытындысы бойынша шақырылғандардың денсаулығындағы кінәратқа келер болсақ, бірінші орында жүректері әлсіз, сондай-ақ қан қысымының жоғарылауы, екінші орында салмақ жетіспеушілігі, үшінші орында көз аурулары, майтабан, жарақат алу, тері аурулары болып отыр. Мұның бәрі сайып келгенде жастардың өз денсаулықтарына салғырт қарауынан, яғни салауатты өмір салтын дағдыға айналдыра алмай отырғандығынан екені анық. Емделуге жіберілгендердің 70 пайы­зы ғана ем алатынын ескерсек, емделген шақырушылардың көпшілігі 100 пайыз жарамды болып саналмайды. Оларға шектеулі жарамды деген қорытынды беріледі. Ал шектеулі жарамдылардың өзі әскери қызметке алына қоймауы себепті олардың көпшілігі 27 жасқа дейін әскерге алынбай жүре береді. Сондай-ақ 16 жастағыларды шақыру учаскесіне тіркеу кезінде жасөспірімдердің көпшілігінде көз аурулары, салмақ жетіспеушілігі, қаназдық аурулары жиі байқалады. Дәрігерлер тарапынан да сауықтыру шаралары ұдайы ұйымдастырылып, скринингтер өткізіледі. Денсаулығында кінәраты бар жастардың дер кезінде ем қабылдауына, мейлінше сауықтырылуына дәрігерлік кеңестің септігі тиіп отырғаны айқын. Алайда көптеген жастар емдеу шараларына баруға құлықсыз. Кейде өз денсаулығына салғырт қарауы себепті денешынықтыру, сапалы тамақтану, майтабанды емдеу сияқты кеңестерге атүсті қарап, кінәраттардың пайда болуына өздері жол беріп алып жатады. Көптеген жасөспірімдер өздерінің денсаулықтарын жақсы, еш жерім мазаламайды деп ойлайды. Алайда, скрининг кезінде олардың денсаулықтарындағы кінәраттар анықталады. Мәселен, дені сап-сау, салмағы толық, тепсе темір үзетін балғын жастың тістерін күтпеуі салдарынан әскерге жарамсыз боп қалатыны қынжылтады. Сондай-ақ қазір жеткіншектеріміздің көбі компьютер мен теледидар алдында көп уақыттарын сарп етеді де, қимыл-қозғалысқа мән бермейді. Сөйтіп, олар әлжуаз болып, салмақ өлшемдері кем түсіп жатады. Кәмелеттік жасқа енді толған жігіттер арасында әсіресе майтабан ауруы жиі кездеседі. Кеңестік кезеңде кез келген аяқ киімде міндетті түрде «супенатор» деген зат болатын. Табанда, яғни ұлтарақтың астына қойылатын кішкентай жіңішке темір осылай аталады. Өкініштісі, 90-шы жылдардың басынан бері елімізде Қытайдың сапасы нашар, арзанқол бұйымдары қаптап кетті. Аспанасты елінен келетін арзан аяқкиімдерде «супенатор» мүлде жоқ. Майтабан көбіне 17 мен 25 жас аралығындағы ер адамдарда көп кездеседі. Адамның сүйегі 25 жасқа дейін толық қатаймайтындықтан ауруға шалдығу қаупі жоғары. Майтабаннан арылу үшін ең алдымен сапалы аяқкиімді дұрыс таңдай білгеніміз жөн. Содан кейін уақытты созбай тұрақты ем алу қажет. Жайбарақаттыққа салынудың соңы сүйектің, буынның қабынуына, соңы артроз ауруына апарып соғады. Соның салдарынан адамның жүріп-тұруы қиындап, түбінде ота жасауға тура келеді. Медициналық жолмен емделгенде шамамен бір жарым айда аурудан біршама айығуға болады, бірақ бұл аурудан мүлде жазылды деген сөз емес. Ортопед-дәрігердің кеңесіне жүгініп, әр жыл сайын тұрақты түрде ем алған дұрыс. Аурудан емделуге массаж, емдік гимнастиканың да тигізер пайдасы көп. Бұл өз кезегінде аяқтың бұлшық еттерінің қатаюына септігін тигізеді. Үй жағдайында, әсіресе күн жылы кезде жалаңаяқ жүрген өте пайдалы. Әскери казармадағы тұрмыс жағдайының мейлінше жамандығы, тамақтың нашарлығы, әскердегі әлімжеттіктің кең етек жайып кеткені жайындағы хабарлар жиі естіліп жатады. Сондықтан да қайсыбір жастар әскерге барғысы келмейді. Студенттердің артықшылығын пайдаланып, әскерден қалу үшін жоғары оқу орнына түсуге тырысушылық та байқалады. Енді біреулері әскерге шақыру науқаны өткенше шетелге шығып күте тұрады. «Әскери қызметке денсаулығы жарамсыз» деген жалған медициналық анықтама тауып алатындар да бар. Сондай-ақ әскерге шақыру кезеңі басталғанда сарбаздар сапынан табылатындардың отбасында да түрлі мәселелер туын­дап жатады. Саралап көрсек, бірқатары отбасының табыс тауып отырған азаматы болса, енді біреулері – «мойынымда несие бар еді» деп заңға қайшы сылтау айтады. Жұмыс жасап, қалтасынан қыруар қаражат төлеп, білім алып, енді нанымды өзім табам деп отырған азаматтардан «әскерге барсам, бір жыл босқа уақыт жоғалтып алам» деп жүргендері де бар. Әсіресе ірі компанияларға қызметке орналасқандардың бойын­да Отан алдындағы борышымды өтеп келгенше жұмысымнан айырылып қалам деген қорқыныш көп.  Мемлекеттің заңына жеке компания да, мемлекеттік мекемелер де бірдей бағынуы тиіс. Ұйым, мекеме және жеке компанияның басшылары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды іссапарлардан шақыртып алуға, оларды хабардар етуді және  медициналық куәландырудан өтуі үшін әскерге шақыру пунктіне уақтылы келуін ұйымдастыруға міндетті. Қорғаныс істері жөніндегі бөлім шақырту қағазымен шақыртқан жағдайда, жұмыс орны сақтауы тиіс. Медициналық тексерістен өтетін 100 жігіттің тек оны ғана жүз пайыз әскерге жарамды. Осы азаматтар Қазақстан Қарулы Күштері мен өзгеде қызметтерге толықтай жеткілікті. Медициналық тексерістен бөлек болашақ сарбаздар психологиялық тестілеуден де өткізіледі. Бұл жастар­дың жүйке жүйесіндегі ауытқу­шылықтарды анықтауға мүмкіндік береді. Себебі соңғы уақытта әс­кердегі әлімжеттіктің салдарынан сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі көбейген. Қазіргі уақытта азаматтардың денсаулығын бағалау ғана емес, оның түрлі климаттық өзгерістеріне деген бейімділігі де есепке алынады. Бұл болашақ сарбаздарға қатысты жаңа сынның бірі. Әскердегілердің қатарын толықтыруға ниет білдір­гендер қатары еселеп келе жатқанын ескерсек, мұның өзі орынды үрдіс екенін аңғаруға болады. Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқанынан кейін республика бойын­ша 15 мың жас жауынгер сапқа тұруы тиіс. 1-сәуірде басталған науқандық шара 30-маусымға дейін жалғасады. Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Әскери борышын өтеуге ынта-тілек білдірушілердің саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқандығы қуанарлық жағдай. Сондықтан да қоғамда шымыр да ширақ қимылды ұрпақ өсіру үшін әлеуметтік жағдайымыз қалыпты болуы мен өмір сапасын арттыру басты назарда тұр. Дұрыс тамақтану, спортты жанына серік ету – әрбір жастың өмірлік ұстанымына айналуы керек. Себебі келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасындағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жылдан-жылға әскерге қабыл­дау тәртібі қатаң бақылауға алынуда. Денсаулығы жарамды бол­ғанның өзінде сарбаз болам дегендер психологиялық сынақтан өту­лері міндетті. Ал бұл сынақта ескерілетін тұстар өте көп. Жі­гіт­тің отбасылық жағдайы мен мо­ральдық ұстамдылығын көрсетіп беретін екі түрлі тест бірнеше сұ­рақтардан тұрады. Осыдан кейін жеке тұлға ретінде азаматтың қандай адам екендігі айқындалып, сарапшылардың қорытынды пікірі талқыланады, төзімділік деңгейі қатаң бақылаудан өтеді. Тәуелсіз еліміздің шегедей нық тірегі, құрыш қамал қорғаны – оның айбынды әскері. Елдігіміздің еңселі, тұғырлы болмағы тікелей сол жандардың қолдарында. Осындай жауынгершілік борыш жүктелетін сарбаздар қатарына қосылу бүгінде оңай емес. Ал оны тексеріп, іріктеуден өткізу жергілікті жерлерде жасақталатын медициналық комиссиялардың мойы­нына жүктелген. Биылғы әскерге қабылдау тәртібі бойынша бойы 165 сантиметрден аспайтындар Отан қорғауға жіберілмейді. Қазір барлық медициналық пункт­тер заман талабына сай, жаңа құрал-жабдықтармен жасақталғандықтан, тез арада медициналық сараптама жасап, нәтижесін білуге болады. Денсаулығынан бөлек, білімі мен біліктілігіне де сұраныс артып отыр. Себебі әскер бұрынғыдай емес, жаңа технологиялармен жа­сақталған. Яғни компьютерлік бі­ліктілігі, сауаттылығы мен кәсіби шеберліктері қажет. Жай ғана қару ұстап, жаттығудан бөлек, логикалық-интеллектуалды білімінің бар болуы заман талабына айналған. Төл әскерлеріміздің әлеуеті артып, абыройы асқақтап келе жатқан дәл қазіргідей шақта дені сау, шымыр да шыныққан, мығым жігіттердің саны молайса игі.
Бақытжан ЕРТАЕВ, Қазақстан Рес­публикасы Парламенті Мәжілісі­нің депутаты: – Бұрынғы кеңестік әскери қызмет жүйесін қайта жандандырып, Қарулы Күштердің немесе басқа да әскери құрылымдардың құрамында  әскери құрылыс батальондарын  құруды аса қажет деп ойлаймын. Әйтпесе қазір денсаулығына байланысты әскерге бара алмай жүрген ұлдарымыз өте көп. Қатарластарынан кем сезінбес үшін оларды әскери құрылыс батальондарын құру арқылы әскери дайындықтан өткізіп отыруға тиіспіз. Олар бір жағы жұмыспен қамтылса, екінші жағы әскери сауат алып шығады. Сонымен қатар әскер – жастарды отансүйгіштік қасиетке тәрбиелейтін бірден-бір мықты құрал. Лейла ЧОРМАКОВА, қалалық №6 емхананың ортопед-дәрігері:  –Көбінесе жүрек, бүйрек ауруы, майтабан аурулары бар жастар қайтадан тексерілуге емханаға жіберіледі. Соңғы кезде жастар арасында бойы мен салмағы сәйкес келмейтіндер көп кездесе бастады. Тепсе темір үзетін шақтарында денсаулығы сыр берген соң, амал жоқ «келесі шақырылымға» деген бір жапырақ қағазды қолына ұстап қала береді. Тіпті үшінші жыл қатарынан медициналық комиссияның «әскерге жарамды» деген рұқсат мөрін ала алмай жүрген жігіттер де бар. Осындай сырқат түрлеріне байланысты өте алмағандарға жағдайлары жақсарғанда ғана қайта шақырту қағазы жіберіледі немесе әскер қатарына барғысы келетін жігіт өзі өтінішін білдіреді. Омар Айтқазин, Алматы қалалық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары:   –Биылғы көктемде 18-27 жас аралығындағы 15 мыңнан астам ер азаматты әскер қатарына шақыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне 7 мыңға жуық жас шақырылмақ. Қалған бозбалалар Республикалық ұланның, ІІМ Ішкі әскерлерінің, ҰҚК Шекара қызметінің, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберіледі. Сонымен қатар мерзімді қызметін өтеген 16 мыңға жуық әскери қызметшіні жоспарлы түрде запасқа шығару шаралары да қоса жүргізілетін болады. 2013 жылғы көктемгі әскерге шақыру шаралары қарсаңында Қазақстан Республикасының Қор­­ғаныс министрі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Кешенді жоспарды бекіткен болатын. Аталған құжат жас­тарды Қарулы Күштер қатарына шақыру науқанын сапалы өткізу және әскери қызметті насихаттау мақсатында жасалынып отыр. Кешенді жоспарда медициналық куәландыру, идеологиялық және психологиялық жұмыстар, нормативті-құқықтық қамтамасыз ету туралы іс-шаралар кеңінен қамтылған. Жоспарды сапалы іске асыру үшін әскерге шақыру науқанына дайындық және оны жүргізуге Қарулы Күштердің  барлық құрылымдық бөлімшелері тартылатын болады.
Нұрлан ҚҰМАР

5275 рет

көрсетілді

314

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9337

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7399

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5141

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4522

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4487

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4446

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4182

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4174

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы