• Cұхбаттар
  • 09 Мамыр, 2024

Олимп шыңы: арман да, мақсат та

Нұрбол СҮЛЕЙМЕН, дзюдодан Ұлттық құраманың бас бапкері

 

10–12 мамыр Астана қаласында дзюдодан әлемдік «Grand Slam» турнирі өтеді. Соның қарсаңында Ұлттық құраманың бас бапкері Нұрбол Сүлейменмен арнайы кездесіп, сұқбаттастық. Білікті маман спортшылардың аяқ алысымен қоса, Олимпиада қарсаңындағы дайындығына да тоқталып, бірқатар мәселені ашық айтты. 

 

Буын алмасып жатыр

– Қазір құрамада буын ауысып жатқандай, мұның әсері байқала ма?
– Иә, құрама жасарып жатыр. Париждеді дода – көп спортшының бірінші олимпиадасы. Содан ба толқып жүр. Олардың дайындықта да қанаттанып, барын көрсеткісі келіп, тырысатынын байқаймын. Буын ауысып, ардагер дзюдошылар мансабын аяқтауға жақын. Елдос Сметов, Жансай Смағұлов, Ғұсман Қырғызбаев, Ислам Боз­баев Париж олимпидасынан кейін мансабын аяқтайтын болар. Әрине, біз олардың әрі қарай күрескенін қалаймыз, бірақ физиологияны ешкім жоққа шығара алмайды. Жастармен бәсекеге түсу  қиын. 
– Бәсеке жайын қозғадыңыз. Соның ішінде 60 килодағы Олимпиада лицензиясы үшін күрес қызу жүріп жатқан сияқты.
– Шынымды айтсам, бұл салмақта ел намысын кімнің қорғайтыны бізге де қызық. Бәрі жақында белгілі болады. 10–12 мамырда елордада «Grand Slam» турнирі өтеді, одан кейін 19–24 мамыр күндері Абу-Дабиде Әлем чемпионаты күтіп тұр. Сонымен рейтинг жинайтын турнир тамам. Осылайша, кімнің Олимпиадаға баратыны айқын көрінеді. Егер осы салмақтағы Нұрқанат Серікбаев, Мағжан Шамшадин, Елдос Сметов те рейтингіге, яғни топ 20-ға еніп тұрса, өзара кеңес өткіземіз. Дзюдо федерациясы, комитет мүшелері мен бапкерлік құрам шешім шығарып, кімнің Париждегі додаға баратынын айтамыз. Рейтингіде жоғары тұрған спортшыға жеке талдау жасаймыз, «Grand Slam», «Grand Prix», Азия чемпионаты, Әлем чемпионатында кім қалай күрес­кеніне қараймыз. Үшеуіне де тең мүмкіндік берілді. Ешқайсысын бөліп-жармадық. Мысалы, жас спортшымыз Нұрқанат Серікбаев жақсы өнер көрсетіп жүр. Кейінгі 1,5 жыл ішінде «Grand Prix» жарыстарында қола, күміс еншілеп, жақында Тбилисиде «Grand Slam» жеңімпазы атанды. Өте жақсы қарқынмен келе жатыр. Мағжан Шамшадин де жақсы күресіп келе жатып, жарақат алды. Қалыпқа келуіне 7 ай уақыт кетті. Десе де жарақаттынан кейінгі алғашқы сында, Душанбеде өткен «Grand Slam» додасында күміске қол созды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал Елдостың кейінгі күресі көңіл қуантарлық емес. Жақсы күресіп, үшінші рет олимпиа­даға баруға лайық екенін көрсетсе, оның Парижге баруына еш қарсы емеспіз. Оның үстіне бұрын алған жарақаты бар. Қазір қалыпқа келді деп ойлаймын. Астанадағы бәсекеде топқа түсуге дайын екенін дәлелдесе құба-құп.  Бұрыннан дзюдода 60 кило  қазақтың салмағы еді. Елдосқа дейінгі буын да жақсы күрескен, кез келген жарыстан жүлдесіз қайтпайтын. Халық та соған үйренген. Сондықтан  бұл салмақтың жүгі ауыр. Көптің сенімін, үмітін арқалап, өзі де оңайлықпен кері шегінбейтін спортшыға жүк артқымыз келеді. 
– Басқа салмақтағы жігіттер жайында не айтасыз?
– 73 кило салмақта Жансай Смағұлов пен Данияр Шамшаев Олимпиада лицензиясына таласып көрді. Өткен жылы Астанада өткен «Grand Slam-да» қола медаль үшін күресте Данияр Жансайды жеңген. Оның үстіне Шамшаев медаль алып, болмаса жарысты үздік бестіктің ішінде қорытындылап жүр, Ал Жансай жиі жарақат алады. Шаршады ма деймін, өйткені 15 жыл спортта жүру оңай емес. Ішкі күш-қуат сарқылып, түгесілуі мүмкін. Жас спортшы тез қалыпқа келіп, жүктемені оңай еңсереді. Ал 66 килода Ғұсман Қыр­ғызбаев рейтингідегі орнын сақтап қалса, Олимпиадаға баруы мүмкін. Одан кейін мансабын аяқтайды деп ойлаймын. 81 килодағы Абылайхан Жұбаназардың аяқ алысы жақсы. Рейтингіде тәп-тәуір келе жатыр. Күні кеше Душанбеде өткен жарыста қола медаль алды. 100 килоға дейінгі салмақта Нұрлыхан Шархан кейінгі жарыстарда жақсы өнер көрсетсе, рейтингіге енуі мүмкін. Әйелдер арасында 48 кило салмақта Әбиба Абужақынова әлем бойынша үздік үштікті түйіндеп тұр. 78 кило салмақта Кәмила Берліқаш та рейтингіге еніп тұр. Парижге кімнің табаны тиетіні маусым айында толық белгілі болады. Бәрі спортшының өнер көрсетуіне, жарыста жеребенің жолдас болуына байланысты. 
– Осы орайда елордада өтетін «Grand Slam» додасының орны бөлек. Жарыс алдындағы дайындықты қорытындыласаңыз.
– Астанада «Grand Slam» турнирі осымен екінші рет ұйымдастырылды. Бұдан бұрын Алматы қаласында 2000 жылы «Жандосов» турнирі, одан кейін бірнеше жыл бойы «Grand Prix» санатындағы жарыс ретінде өтті. Содан кейін 3–4 жыл үзіліс болып, былтыр федерация мүшелері бүкіләлемдік федерациямен «Grand Slam» турасында келісімге келді.  2026 жылға дейін «Grand Slam» Алматы және Астана қаласында өтеді. Мұндай турнирдің елде өткені спортшылар мен жанкүйерлерге пайдалы. Жеткіншектер әлемдік дзюдо жұлдыздарын көреді. Дзюдошылар үшін мейрам, жас дзюдошыларға мотивация. Бір сөзбен айтқанда, әсерлі турнир. Рейтинг ұпайын алу үшін таптырмас мүмкіндік. Былтыр бір алтын, бір күміс, төрт қола медаль еншіледік. Биыл сол көрсеткішті қайталап, жақсарта түсеміз деп ойлаймын. Алтынды еселей түсу ойда бар. Әлемдік рейтингіде жапон, грузин, өзбек, тәжік, француз, корей балуандары көш бастап тұр. Еуропаның оншақты елінде жақсы спортшылар жетерлік. Соның дені Астана бозкілемінде белдеседі. Жанкүйерлерді дзюдо жұлдыздарын жақыннан көруге, Ұлттық құрамаға дем беруге шақырамын. 

Спорт медицинасын ұмытпаған жөн

– Ұлттық құрама бірнеше жылдан бері шетел маманымен жұмыс істейді. Нәтиже бар ма?
– Негізі, құрамада төрт бапкер бар.  Бас бапкер, аға бапкер және екі көмекші. Шетелден маман шақырғанымыз рас. 1,5 жылдан бері Стефан Трено – бапкер кеңесшісі, жалпы, дене дайындығы жағынан Хавьер Монден бар. Алты бапкер салмақтарды өз­ара бөліп алдық. Сол бойынша жұмыс істейміз. Мен 66 және 73 кило салмақта жұмыс істеймін. Жалпы, қазақ дзюдосы – өзінше өркен жайған сала. Өзіміздің тұрақты әдістеме бар. Күресу стилі де қалыптасқан. Шетелден келгендер мұны ауыстырғысы келсе де, ауыстыра алмайды. Әрине, функционал, физикалық дайындықтан үйренеріміз жетерлік. Нәтиже беретін әдіс пен жаттығуларды үйрендік. Қарсыластардың күресін сараптап, қарсы әдіс қойып жатқаны ұнады. Әлемдік додаларда жүлдеге ілініп, медаль алып жатқанымыз бар. Мықтылардан кем түспей жатқанымыз содан болуы керек. Өз басым құрамада психолог те, фармоколог те, диетолог те болса деймін. Бапкер болып тағайындалған минуттан бастап қойған талабым осы еді. Көзіңіз көрді, бұл талап әлі күнге орындалған жоқ. Мысалы, психолог болу үшін спортшылармен бірге жүріп, бір дастарқаннан дәм татып, жаттығу жиынына қатысу керек. Ал олар қашықтан жұмыс істегісі келеді. Осыдан біраз уақыт бұрын екі психолог жұмыс істеді. Телефон арқылы кеңес беріп отырды. Ал  фармоколог атымен жоқ. Дәрігеріміз фармокологтің де, дәрігердің де, кинезотерапевтің де қызметін атқарады. Массажист бар. Мысалы, Душанбедегі турнирге дәрігердің орнына массажист Сайлау Ерғалиды жібердік. Өйткені елордадағы жарыс таяу. Бізге дәрігер осы жақта керек еді. Ол жігіттің медициналық білімі бар. Осылай амал табуға тырысамыз. Тедди Ринер деген француз балуанын білеміз. Былтыр да, биыл да елордаға келді. Сол кісімен бірге бір дәрігер, бір массажист, бір спаринг серіктес, бір бапкер еріп келді. Таңдана әрі қызғана қарадық. Комитет пен федерация осы жүйені дамытуды қолға алды. Қашан жүзеге асарын білмеймін. 
– Елімізде спорт медицинасы кенже қалған сыңайлы...
– Егемендік алғаннан кейін спортты жақсы дамытамыз деп спорт медицинасы, спорт психологі, фармоколог мамандарын шетелге  жіберіп, оқыту керек еді. Сол мамандар жемісін беретін еді. Ондай жүйе болған жоқ. Қазір соны дамытуға күш салып жатыр. Ал оның нәтижесін қашан көреріміз белгісіз. Мысалы, «спорт кері кетіп жатыр» деп айтады. Кеңес кезеңін көрген бапкерлер қартайып, буын ауысып жатыр. Жас мамандар спортшымен бірге үйреніп, тәжірибе жинап жатыр. Оларға да бейімделу керек. Бәрі – уақыттың еншісіндегі дүние. Кемінде 4–5 жыл уақыт керек. Жанкүйерлерден қолдау қажет. Сүрінсе, демеп, қолдау көрсетіңіздер. «Жігіттер, жігерленіңдер, біз біргеміз» десе қуаттанамыз. Әлеуметтік желідегі жазбалар қатты әсер етеді. «Барғаны бір қора, алғаны бір қола» деп жазады. Адамның жүрген жолымен жүріп, солар татами сыртындағы дүниені басқа ракурстан көрсе деймін. «Жоқтан бар жасап жүрген» жігіттерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Дзюдо барған сайын дамып жатыр. Әлем алға озып кеткелі қашан. Техника мен физика жағынан осал емеспіз. Жарақаттан, жүктемеден кейін қалпына келтіру, психология, фармокология жағынан кенже қалдық. Бұрыннан осыған күш салған елдер алға жылжып кетті. Тәжірибе алмасу жағынан Жапонияға барып айлап жататын спортшылар бар. Еуропадан шықпайтын спортшылар бар. Біз де осы көшке ілессек дейміз. Мықтымен қатар жүрсең, мықты боласың. Мысалы, спорт шебері атағы бар бала, спорт шеберімен күресе берсе, дамымайды. Мұндай бала халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен күресуі керек. Ал халықаралық дәрежесі бар бала еңбегі сіңген спортшымен белдессе озады. Қазақстан құрамасы Грузияға, Ресейге, Жапонияға, Еуропа елдеріне бардық. Соның жемісін жеп жүрміз. Осындай жүктемеден кейін, түрлі жарыстан соң қалыпқа келу үшін жақсы маман керек, психолог қажет. Ресурс түгесіледі. Мысалы, Елдос Сметов Токио олимпиадасынан кейін иығынан жарақат алды. Қазақстанда дұрыс емдей алмай жүрдік. Федерация тарапынан ақылдасып, Францияға жібердік. Еліміздегі мамандар отасыз болмайды деген жарақатты француздар уколмен емдеп берді. Соған қарап, олардың біршама дамып кеткенін бағамдадық. Яғни спорт медицинасын дамытсақ, екі есе нәтиже күтуге болады. Мәселен, Мағжан Шамшадин Азия ойындарынан кейін жарақат алды. Жеке бапкері мен федерация ақылдасып, Италия еліне жібердік. Сонда ота жасап, әрі қарай реаблитациясын өткерді. Араға жеті ай салып, Душанбеден күміс медаль алып келді.  Иә, кез келген дзюдошыны бұлай емдеуге қаражат жоқ. Елдос пен Мағжанды емдетуге өте үлкен сомада қаражат кетті. Жігіттерге көңіл бөліп, ынталандырса, олар алмайтын асу жоқ.

Бапкер спортшыға кейде досы, кейде әкесі іспетті

– Сөз соңында бапкерлік жолдан түйген-білгеніңізді бөліссеңіз. 
– Спортшы ретінде 2000 жылы Сидней олимпиадасына лицензия алып тұрып, бара алмай қалдым. Спорттағы мансабымды аяқтап, 2003 жылдан бері бапкер болып жүрмін. Ең алғаш балалармен жұмыс істедім. Одан кейін жасөспірімдерді, жастарды дайындап, топқа қостым. Кейін Ұлттық құрамаға келдім. Бапкерлік жолда жүргеніме 21 жылдың жүзі болды. Алда бапкер ретінде бірінші олимпиадам күтіп тұр. Құрамадағы біраз дзюдошының алғашқы олимпиадасы. Шәкірттерімнің арасынан Ринат Ибрагимов екі рет олимпиадаға барды. Еркебұлан Қосаев Рио олимпиадасына қатысты. Қазір Абиба Абужақынова қатарынан озып жүр. Түрлі жарыстан жүлдесіз қайтпайды. Париж олимпиадасында да сенім артып отырмын. Әрине, спортшы ретінде «Олимпиадаға барсам, олимп шыңын бағындырсам» деген арманым бар-ды. Спортшыларым арманымды орындаса, Париж төрінен жүлде алса деймін. Осы жолда үлкен ынтамен жұмыс істеп жатырмын. 
Бапкер спортшыға кейде досы, кей шақта әкесі бола білсе игі. Кейде қатал, кейде жұмсақ боласың. Мотивация беру де, ішкі менін көтеру де керек. Сау қарым-қатынас құрып, анализ жүргізгенің жақсы. Сол үшін әрқайсысын терең зерттеп, психолог болуға тырысамын. Қал-жағдайын қабағынан түсініп, жан дүниесіне үңілемін. Қазір спортшылар үй көрмей жүр. 1,5 жыл бойы оқу-жаттығу жиыны, жарыс жиілеп кетті. Оның үстіне олимпиадаға санаулы уақыт қалды. Арасында үш-төрт күнге үйіне барып келеді. Мұның да өзіндік қиындығы бар. Сондықтан спортшы мен бапкер екеуара тығыз байланыс орнатса құба-құп. Олар менің көңіліме, мен олардың көңіліне қараймын. Ынталандырып, жігерлендіре отыра жұмыс істеймін. Ұлттық құрамада бұрыннан келе жатқан спортшыларға әсер еттім дей алмаймын. Ал жас жігіттерге, 21–22 жастағы дзюдошыларға білгенімді, түйгенімді барынша үйретіп жүрмін.  Септігі тигенін байқаймын. Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Нұрлыхан Шархан сияқты спортшылар үмітімді ақтап жүр. Кез келген спорт түрінде қит етсе, бапкер ауыстыру керек деп жатады. Алдымен, басқару жүйесіне, жасап жатқан жағдайға мән беру қажет. Бапкер келеді, кетеді. Жоғарыда тағайындалған тұста құрамаға фармоколог, психолог, жалпы, дене дайындығына жауапты маман керегін айттым. Бірі орындалса, бірі сол күйінде қалды. Бәрі бір жүйе төңірегінде жұмылса ғана еңбегің жанады. Бөлінген ақша діттеген жеріне жеткенде ғана құраманың бойында қан жүгіреді. «Елімнің гүлденуі үшін» дейтін мамандар көбейгенде ғана кез келген сала дамиды. Ал оған дейін қанша буын ауысатыны бәймәлім... 
– Сұқбаттасқаныңызға рақмет!

Сұқбаттасқан 
Айзат Айдарқызы

1304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9347

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7407

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5150

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4530

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4495

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4454

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4182

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы