• Тарих
  • 15 Тамыз, 2013

«Жан барында жайнайын, тіл барында сайрайын»

«Қазақстан-Атырау» арнасының көгілдір экранынан бүгінде Құлсары қаласындағы «Өнер» мектебінде «Халық әні» класынан сабақ беретін Бақытбек Сәрсенов әрі ақын әрі жыршы Ақтан Керейұлы термесінің «Қалағандарың сөз болса» бөлімін төкпелете жырлап тұр. «Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын» деп басталатын бұл терме орындалғанда бірнеше мақамға құбылтылып, ойнақы да ойлы, бейнелі болып келеді. Оны термеші Елдос Еміловтың орындауында Айтберген Жаңбырша нотаға түсірген болса, аралдық термеші Өмірқұл Айниязов алғаш рет өңін айналдырмай қаз-қалпында эстрада жанрында шырқап, сахна төріне алып шықты. Қазіргі таңда Боранбай, Данияр Сатыбалдиевтер (Қызылқоға ауданы, Сағыз селосының тұрғындары) Өмірқұлдан үйреніп алып, тәп-тәуір орындап жүр. Ал осындай жұрт аузынан тастамастай өсиет сөз, тамаша да тағылымды жыр қалдырған Ақтан Керейұлы хақында не білеміз? «Қазақстан-Атырау» арнасының көгілдір экранынан бүгінде Құлсары қаласындағы «Өнер» мектебінде «Халық әні» класынан сабақ беретін Бақытбек Сәрсенов әрі ақын әрі жыршы Ақтан Керейұлы термесінің «Қалағандарың сөз болса» бөлімін төкпелете жырлап тұр. «Қалағандарың сөз болса, Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан аттай саулаймын, Жанған оттай қаулаймын. Не қылғанмен дер күнім, Бұлдыраған таудаймын» деп басталатын бұл терме орындалғанда бірнеше мақамға құбылтылып, ойнақы да ойлы, бейнелі болып келеді. Оны термеші Елдос Еміловтың орындауында Айтберген Жаңбырша нотаға түсірген болса, аралдық термеші Өмірқұл Айниязов алғаш рет өңін айналдырмай қаз-қалпында эстрада жанрында шырқап, сахна төріне алып шықты. Қазіргі таңда Боранбай, Данияр Сатыбалдиевтер (Қызылқоға ауданы, Сағыз селосының тұрғындары) Өмірқұлдан үйреніп алып, тәп-тәуір орындап жүр. Ал осындай жұрт аузынан тастамастай өсиет сөз, тамаша да тағылымды жыр қалдырған Ақтан Керейұлы хақында не білеміз? Расында ол ежелден халық таныған адуынды ақын, жан барында жайнап, тіл барында сайрап өткен жалынды жыршы. Заманында Нұрым, Қашаған, Қоспақ, Жаскілең, Құлманбет, Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен бір жүріп, олардың арасында «Ақтан сазы» деген өзіндік әуенімен жұрт жадында сақталған. Тіпті «Қырымның қырық батыры» аталатын ерлік дастанының бірқатары Атырау, Қарақалпақ аймағына осы Ақтан арқылы тараған. Одан бұл жырларды Қашаған, Нұрпейіс секілді ақындар үйренген. Оның шежірелік түзілімдеріне көз жүгіртсек былайша өріледі: «Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Кенже-Қойсары-Барғана-Әбділлә (кей деректерде Абдолла деп те айтылып жүр. Б.С.) Керей-Ақтан». Сондықтан болар, оны халық «Адайдың бес жүйрігінің бірі» деп атайды. Ақтан Керейұлы 1850 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданына қарасты Сағыз өзені бойында туып, 1912 жылы сол алқаптағы (Сағыз селосынан 12-13 шақырымдай қашықтықтағы) Шибұлақ деген жерде дүниеден өткен. Бабадан қалған асыл мұраларды зерттеуші ғалымдардың жазбаларына қарағанда, бейіті де сондағы «Көкмешіт» аталатын Абдолла хазірет қорымына қойылған. С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің философия магистранты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әзи Есентүгел Ақтанның басына барып, тәу етіп қайтқанын айтады (Республикалық «Алтын Орда» газеті, №43, 27 қазан 2011 жыл, «Ақтан айтқан ақиқат, бір ғасыр өтсе де, әлі өз мәнін жойған жоқ» атты мақаласы). Оның өлең, толғаулары «Ертедегі әдебиет нұсқалары» (1967), «Ақберен» (1972), «Өсиетнама» (1982), «Бес ғасыр жырлайды», «Жыр-дария» (1995), «Абыл, Нұрым, Ақтаным» (1997), жинақтарына филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлының біледі-ау дегендердің аузынан жазып алып, тірнектеп жинауының арқасында енді. Сол арқылы халыққа тарады. Осы күні ол хақында сұрастырсаңыз болды, аталмыш әдебиеттерге енген өлең-жыр, толғауларды алға тартады. Термеші, жыршылардың да орындап жүргендері осылар. Десек те, жоғарыдағы әдебиеттерге енбей, жұрт аузында бірен-саран болса да жатталып қалған жырларын да кездестірудеміз. Мәселен, Сағыз селосының тұрғыны (жоғарыда айтқан Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты) бүгінде сексенге иек артқан Кемал Әділұлы Ақтанмен туысқан боп келеді (Екеуі де Адай руының Кенже бөлімі Қойсары тармағынан). Кезінде Қабиболла Сыдиықұлы Ақтан туралы деректердің көбін осы кісінің өгей әкесі Әмірше Мұттахиұлының аузынан жазып алған. Жақында сол Кемал ақсақалмен кездесудің сәті түсті. Оның айтуынша, Ақтан үш ағайынды екен. Ағасы – Жамансары ділмар шешен, би, інісі – Тұрғанбай ел сыйлар азамат болыпты. Ақтан ағасы Жамансарының ерлігін паш ететін жыр арнаған. Жыр арнаудың да өзіндік себебі бар көрінеді. Оны Кемал қарт былайша түсіндіреді: «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші қазақ елі қалмақпен (әлде, түрікпен бе? Ол жағы Кемал ақсақалдың жадында жоқ Б.С.) қырқысып, әлек боп жатқанда, мына жағынан Ресей елі салық төле деп түртпектей берсе керек. Сонда адай руының биі Бәймембет Маяұлы ең болмаса бір жағымен бітімге келейік деген ниетпен Ресей патшасының алдына барып, салығын төлеп, отырған жерлерінен ешкім мазаламайтындай етеді. Егер де алда-жалда біреулер соғыс ашатын жағдайда көрші елден жәрдем сұрайтын боп келісіп келеді. Алайда оны адай халқы теріс түсініп: «Сен біздерді орыспен достастырып, шоқындырмақшысың» деп сол бойда Бәймембет биді өлтіріп, қасына еріп келген отыз-қырық шақты орысты қырып тастайды. Өзі әзер-әзер сөніп келе жатқан оттың үстіне одан сайын лауласын дегендей май құйып жібергесін не болсын? Бес қаруы сақадай сай орыстар кішкене ғана адай елінің пырым-пырымын шығарып, жан-жаққа бытыратып жібереді. Осы кезде Ақтанның ағасы Жамансары би көрегенділік танытып, қалай келіскені белгісіз орыстың патшасымен бітімге келіп, бұрынғының бәрін мінәпасқа шығарады. Міне, ағасының қысылғанда жол тауып, ел басына күн туған уақытта жалғыз өзі ақылмен амал тапқан ерлігін ешкім жырламаған соң Ақтан өзі жырға қосқан. Бұл жыр өте ұзақ. Әрі ешбір кітапқа кірмеген. Оны мен 1964 жылы жоғарыда айтып өткен Тұрғанбайдың баласы Тұрардан (1895 жылы туған) жазып алып едім. Алайда Аққұдықтан (сол Атырау облысы, Қызылқоға ауданына қарасты совхоз) Сағызға көшіп жүргенде жоғалттым. Ал бұл тек ойымда қалғаны. Толықтай білетін едім, ұмытып қалыппын. Жырдың ең аяғында Ақтан «Басы жерге жеткенше, Бәймембет болды шығыны» деп Жамансарының өле-өлгенше Бәймембеттен босқа айырылып қалғанына қапаланып кеткенін сөз етеді. Егер осы жырды түгелімен білетін адам болса, хабарлассын не болмаса газетке жарияласын, – дейді қария. Осы тұста айта кетейік, Маңғыстау облыстық «Маңғыстау» газетінің 28 қаңтар, 1999 жылғы санында филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықұлы «Шежіреші қария Қайшыбай айтып еді» деп мынадай дерек келтіреді: «Ақтан жыр-толғауларын Әділ (Батыс Қазақстанға мәлім «Жеті қайқының» бірі Кенже Әділ) жазып алғысы келеді. Ақын: «Шырағым, жыр толғау киелі өнер еді, дұрыстап, қадірлеп айта алсаң жақсы. Айта алмасаң, киесі ұрады» деп жаздырмапты. Әйтсе де, Әділ Ақтан аузынан естігендерін, өзі жадында ұстап қалғандарын дастарқан сияқты үлкен қағазға жазып, бүктеп-бүктеп алып жүреді екен». Демек, осыдан-ақ Ақтан ақынның жырды өле-өлгенше қадір тұтып, Тәңірдің берген тамаша талантын аялай білгенін көруге болады. Жалпы, Ақтаннан ешқандай ұрпақ қалмаған. Өйткені оның Бақтияр есімді ұлы болған. Оны Ақтан Керейұлы құрдасы Абдолла хазіреттің «Көк мешітіне» араб тілін үйренсін деп оқуға беріпті. Алайда молдаларды кәмпескілеген уақытта ол да репрессияға ұшырап кеткен көрінеді. Қазір Ақтанның ұрпағы жоқ десек ақиқаттан алшақтап кете қоймаспыз. Есесіне, өнегелі өсиетке толы жырлары мен тағылымды термелері ұрпаққа мирас болып қалды. Оны оқи отырып, ой-қиялының кеңдігіне, өнерді шын бағалайтынына, ел мүддесі үшін күресуден қаймықпаған ақын екеніне көз жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, философиялық терме мен тұрмыс-салт жырларын толғай отырып, адамшылық қасиет, адалдықты өз шығармаларына арқау еткен. Ал жоғарыда айтқан Қабиболла Сыдиықұлыша пайымдасақ, Атырау, Сыр бойы ақындарының бір-біріне игі ықпалын Балқы Базар жырларынан айқын аңғарамыз. Онда шығыс поэзиясынан нәр алған Сыр бойы сипаты мен ағылып келетін Атырау жыраулары пафосы менмұндалап тұрады. Балқы Базар Атырау, Сыр ақындары арасындағы алтын көпір іспетті. Өйткені Ақтан ақынның «Жайық деген жанды су» атты толғауы Сыр бойының сүлейі Балқы Базар жырау шығармаларында да (1986 жылы Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан) кездеседі. Сондықтан оны: «ұрлап алды немесе жершілдікке салынып кетті» деп біреуге кінә тағу негізсіз. Оған қоса, Ақтан заманында барлық жыр ауыздан-ауызға тараған. Ол уақытта, бүгінгідей жазып алу деген атымен жоқ. Олай болса, осыны да ойға түйген абзал. Бастысы – мәңгілік мұрамыз ұрпақтан-ұрпаққа жетпей қалып, ғасырлық ғибраты мол бабалар аманатына қиянат жасамасақ болғаны. Сайып келгенде, өрісті өлең-жырлары, терме-толғаулары өміршеңдігін жоймаған адуынды ақын Ақтан Керейұлы ел есінде мәңгілік қалар тұлға. Соған сай, өзіміздің зерттеулерімізді ортаға салғанды жөн санадық. Оған қоса, жоғарыда айтқан әдебиеттерге енген өлең-жыр, толғауларын сұрыптап, бір-бірімен салыстыруды да өзімізге міндет еттік. Соның нәтижесі, жоғарыда мәлімдегеніміздей. Кешегі кеңестік заманда, асыл мұраларымыздың көпшілігі жойылып, біледі-ау деген ақсақалдарымыздың көбі кеңестік заманның қаһарынан қорқып, жұмған ауыздарын ашпай, дүниеден өтті. Әйтсе де, ғибраты мол өсиет жырларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге ыждағаттылық танытқан ғалымдарымыздың ерлік істерінің арқасында, там-тұмдап болса да, кейінгі ұрпаққа мұра болуда. Бірақ әлі де іздестіріп, түртіншектеуді қажет етеді. Ендеше, « Ел іші – өнер кеніші» демей ме халқымыз? Бәлкім, әлі де естіген, кезінде жазып алынған дүниелерді жадында немесе жеке мұрағатында сақтап жүрген көзі қарақты адамдар болуы мүмкін ғой. Ондайлар табылып жатса, қуанар едік. Олай болса, адуынды ақын, жаһұттай жыр қалдырған Ақтан Керейұлын кейінгі ұрпақ біле жүрсе несі айып?! Оқырмандар назарына Ақтан Керейұлының аталмыш әдебиеттерге енгізілген өлең-жыр, толғаулары қоса ұсынылып отыр.

Бауыржан СИСЕНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ТОЙБАСТАР Тұсыңа келдім, жарандар, Тұрмайын енді бой байлап, Халық әдеті болғасын Сөйлейін әуез созбалап, Дидар болып сөзіме Әлеумет, тұрсын омбалап, Тұяғым тайпақ сүргінмін Түгескен топты жорғалап, Сөз асылын табармын Жалқаулық өтпей қорғалап, Екпіндесем кетермін Ақбөкендей ормалап. Мерекеге кез келдік Жиналған халық қайдағы, Несіне бойды тартайын Мен байрақты жүйрік саңлағың, Сайқылықпен көп кездім Әлімұлы, Байұлы, Тама, Табын-Жетіру Кіші Жүздің аймағын, Сол кезгеннен бер қарай Мәжіліс-базар құрылса Мереке-сауық ауладым. Той базарын құруға Әлеумет, бізге бұйырдың, Сіздерден рұқсат болғасын Мен ежелгі бәйгікер Байрақты жерде жүгірдім, Алқа құрып, әлеумет, Тамашаға жиылдың, Бүгін емес – қашаннан Халықтан қалған қағида, Ерсілігі бола ма Қанша айтсам да мұңымның? Тойыңды тұрмын бастарға-ай, Бахадар хәлше сөйлейін Бойымды тартып жасқанбай, Лайқатты баласың Толықтырып мақтарға-ай, Қыз-келіншек, той құда Жігіт-желең, қарттарға-ай, Көрініп топқа естірге Қазақшылық дәстүрге. Кез келген шайыр айтпайды Шуламай үгіт естіңіз, Болғасын шайыр кәсібіміз Тыңдап алың, әлеумет, Айтылған жырды аспандай. Сынауға тұрған сұрқыл көп Анталап тұрған қапталдай. Запызым шырын тапқандай Жадағай емес, астарлы-ай. Несі жүйрік жүйріктің Кезіне келсе бас салмай? Еңбек етпей оза ма, Желікпей арқа қоза ма Алқаны көріп шаттанбай? Кеудеде жанның барында Кетпей тұрып жазымға Қимылдалық шақ барда-ай. Айырған алтын реңді Күміске меңзер өңдерің, Әдемі артық баласың Майда-нәзік сөздерің, Көз тоқтатып қарасам Лағыл, жәуһар көздерің, Текеліктің атындай Көрінер сұлу белдерің. Мойының піскен алмадай, Бұрымың жібек талмадай, Тісің меруерт-маржандай, Қасың қиғаш қаламдай, Алсаң демің білінбес Майда шуақ самалдай, Бағдаттағы миуасың Жапырағың құбылған, Ауада тұрған мен бұлбұл Тұсыңда сайрап сызылған. Реңіне қарасам Құбылып тұрған мақпалдай, Қолаң шашты, қой көзді Тұмар жүзді ақ маңдай. «Кетемін» деп жарқыным, Уайым етіп өкінбе – Озалдан бұйрық болғасын Әркімдер сендей аттанды-ай. АЙТ ДЕСЕҢІЗ, ЖАРАНДАР Айт десеңіз, жарандар, Азырақ жауап бастайын, Айт дегенде іркіліп Бойымды балап тартпайын. Парасатсыз жамандай Жүрексініп саспайын, Алысқа шапқан жүйріктей Аяқты алшаң тастайын. Қалағаның біз болсақ, Сұрағаның сөз болса, Қатты жауған жаңбырдай Алдарыңда қаптайын, Мәжіліске келгесін, Тәңірім жез сөз бергесін Атасы арзан жел сөзді Сіздерге бұлдап сатпайын. Атасы арзан дегенмен Сіздердей жақсы болмаса Бостан босқа айқайлап Құр далаға шаппайын. Қаумалап қызық құралды-ай, Іркілейін несіне Болғасын басым базарда-ай, Мәжіліс құрған алқаны Жүрмесем де таба алмай Осы отырған әлеумет Басымды салып базарға-ай Айт дегенде бұлдансам Болам ба мұнан ажарлы-ай? Жан барында жайнайын, Тіл барында сайрайын, Әзірейіл құрық салған күн Қаумалаған ағайын Алқалаған әлеумет Қаларсың бір күн таба алмай... ҚАРАЖАН ҚЫЗҒА Отырған қарсы алдымда әдемі қыз Мөрлеген ақ қағаздай мәнеріңіз, Қиғаш қас, оймақ ауыз, нәркес көзді Жалғанда жайнап тұрған әдемі жүз. Сөз болса қалқам, бізге сізден бұйым Бұйымың біздей жанға болмас қиын, Өзіңдей бұл білерлік болмаса ару Жаманның керегі жоқ жалғыз тиын. Көңілге медеу тұттық елде көріп Зауық еттік ойын-күлкі пелде көріп, Жүргенде қыдырысып, ойнап-күліп Жылқыдай, кеттің досым, желдей өріп. Сұңқылдап, бір жан едің ұшқан қаздай Сол күнде ләп көтерген айттық назды-ай Бел байлап ғашықтыққа жүрген едік Айдында көл шайқаған дауылпаздай. Барасың күнім қапы көл шайқаған, Баянсыз жалған, сені, кім байқаған? Дүние сен кеткесін болар сағым Көп жүріп ақбөкендей жер сойқаған. Жамандық жақсы болмас көнгенменен Жақсыға мұрадың ғасыл ергенменен, Қаражан, көңілдесім, құрметтесім, Бейшара болдың бірдей өлгенменен. Үдеріп елің көшті Барқынқұмға, Қаражан, қайда кеттің, халқың мұнда? Сен кеттің бір жат елге бауыр басып, Мен қалдым баулы құстай талпындым да. Кетіпті бөліп жігін күзгі табын Өксіген айрыларда құлан қағын, Барасың қайда кетіп, құрметтесім? Хош-аман, енді сау тұр, боз қаңбағым... «Жан барында жайнайын, тіл барында сайрайын» ҚАЛАҒАНДАРЫҢ СӨЗ БОЛСА Қалағандарың сөз болса Мен жырлауға құмармын, Шұбалаң құйрық шұбармын. Шапқан сайын саулаймын Жанған оттай лаулаймын, Не қылғанмен дер күнім Бұлдыраған таудаймын, Екі атысқан жау болса Арасына панамын, Мен ақ бауыр кер жорға Әдемі басқан аяғын. Қарасаң көзің жеткісіз Жылмиып жатқан даламын, Жортқан атқа жеткізбес Ұзын бауыр саламын. Жоғарыдан аққан Жайықпын Теңізге құйған аяғын, Күншығыстың күшті желімен Лайланып ағамын. Сөйлемейін мен неге, Қашаннан да мен өзім Заржақ туған баламын. Сөйлесем сөзді табамын, Сөйлей-сөйлей аламын, Көпшілік сөйле дегенде Кідірмеймін желсөзге, Кеудедегі білгенді Алдыңа төгіп саламын. Қаумалап халқым келгесін Селдетпей топан желсөзді Көрінбейін бекер жек, Таңдайына татымас Абыл менен Нұрымнан Дәніккен жұртым шекер жеп. Мен Адайдың Ақтаны – Сөйлесем сөзді тақталы, Бөгесе бөгет бермейтін Қаратаудың ақпары. Сөйлей-сөйлей берейін, Сөз жүйесін көрейін, Әрі-бері сөйлесем О да өзімнің мерейім. Сөз дегенің бұйым ба, Сөйлегенім қиын ба? Талай-талай сөйледім Сатырлаған жиында... АДАЛ ЖҮРІП, ШЫН СӨЙЛЕ Мамығын төккен қаз бен қу Көлге мекен ете алмас Ақсұңқар құстың зарпынан, Азамат ердің баласы Басын пәмді ете алмас Шетке кетсе халқынан. Ер жігіт шауып шеп бұзбас Айқайлап ұран шаппаса Аламаны шауып артынан, Шешендер сөйлер топ жарып Сары бір қолдың самсынан, Жақсылық алар әркімдер Жауаптың келген парқынан, Келтірер ұят бетіңе Сөйлесең күмән балшыдан. Адал жүріп, шын сөйле – Асығың түсер алшыдан. Мақтанғанмен аса алмас Өзіммін деген жігіттер Кем болса қатар-шарқынан. Сұрағанмен алмассың, Көп қазғанмен қанбассың Қайырсыз сараң-таңқыдан. Мәжілісті жерге келгесін, Тәңірім желсөз бергесін Тартпайын басын шаршыдан... ...БЕЛГІСІ Бұл мәжіліс белгісі – Жиналып басың құралмақ, Батырлықтың белгісі – Жауға шапқан ұрандап, Палуандықтың белгісі – Алқаға түсіп сыбанбақ, Шешендіктің белгісі – Көп жиналған алқада Дұрыстап жауап шығармақ. Жүйріктіктің белгісі – Бәйгіге қосқан тұмарлап, Жігіттіктің белгісі – Бедеу мініп астына Жиынға түскен бұлаңдап, Сұлулықтың белгісі – Жұрт жиналған алқада Көрініске шыққан сылаңдап. Кәріліктің белгісі – Көңілдің хошы келмеген, Жарлылықтың белгісі – Жанын қинап өлмеген, Жалғыздықтың белгісі – Өзіне-өзі сенбеген, Батылдықтың белгісі – Жасқантып жауын дендеген, Ақындықтың белгісі – Өнермен өрге өрлеген, Сахилықтың белгісі – Халықтың қамын көздеген, Сараңдықтың белгісі – Дерексіз нәрсе бермеген, Әкімдіктің белгісі – Тентекті тиып жөндеген, Тентектің белгісі – Қауіп етпеген пендеден. Қаттылықтың белгісі – Халықтың көңілін көрмеген, Жамандықтың белгісі – Қаумаға басы кірмеген, Төреліктің белгісі – Аяғын басып жүрмеген, Сұлулықтың белгісі – Көргендер аңсап шөлдеген, Жігіттіктің белгісі – Мезгілсіз жүрген көлденең. Шеберліктің белгісі – Өнермен жиһаз өңдеген. Шешендіктің белгісі – Алқалы топ-шаршыда Әлеуметті иіріп Үгіт айтқан термеден. Сопылықтың белгісі – Езуін тартып күлмеген. Бұл дүниеге ермеген Ғалымдықтың белгісі – Болмайды заты білмеген, Зұлымдықтың белгісі – Жұмла жанға сенбеген, Әділдіктің белгісі – Жақсы, жаман халықты Бірдей көріп бөлмеген. Екіталай болғанда Айқын жүйрік терлеген. Кейбір жаман жыршылар Әншейінде ақтарып Сатып жүр жырын теңгеден. Менің сөзім сатусыз Аға менен жеңгеден. Құлақ салып тыңдасың, Менің сөзім қошемет Көңіліңді делбеген. ЖАЙЫҚ ДЕГЕН ЖАНДЫ СУ Жайық деген жанды су Көзі қара қанды су, Біздің жүрген жеріміз Күнде базар, күнде ду. Мен сүргіннің сойымын Алқалы жерде шапқандай, Ойпаң жерде сортаң бар, Жабыдан туған қорқақ бар, «Сөйле» десең жыршыңыз Алдарыңда жортақтар. Туған айға ат берген, Ақ қағазға хат берген Екі ерін мен тіл-таңдай Сөйлесін деп жақ берген. Шықпай отыр домбырам Сырылдап мұның қақпағы. Айтқан сөзге түсінбес Адамның мисыз ақымағы. Домбырам отыр қағынып, Он екі перне, екі ішек Бауырына тағынып, Қоянға қосқан тазыдай Бүктетіліп, жазылып. Тыңдаймын деп сөзімді Осы араға келгенің, Әдептен құр қалмассың Үлкенге сәлем бергенің. Түрлі-түрлі өлең бар Айта берсек өнер бар, Түсінетін адамға Ретін айттым терменің. Ұядағы балапан Ұшатын күні болғанда, Қанаты қатып толғанда Істейді о да көргенін. Жолдас болсаң жақсымен Дұшпаныңды жеңгенің. Адамдықтың белгісі – Біріңе-бірің сенгенің. Құлағың сал, жігіттер, «Жарлымын» деп мұңайма, Жеті мүшең сау болса Құдайдың сол да бергені... ...КӨРІНЕР Аққулар көркем көрінер Айдын шалқар көлдегі, Құралайдың балдары – Бұл да көркем көрінер Орғып қашқан шөлдегі. Қатарланған қалың көш – Бұл да көркем көрінер Сағым шалған белдегі. Қыз-жігіт көркем көрінер Қалың қара елдегі. Аруанадан туған кез өркеш Бұл да көркем көрінер Айт-айт деген жердегі, Қыз бала көркем көрінер Беттегі нұрлы қанменен, Еділ мен Жайық – екі өзен Бұл да көркем көрінер Жағалай біткен талменен Арғымақ көркем көрінер Өкпе, бауыр, жалменен. Жиналып келген көпшілік «Аз айтты» деп сөкпеңдер, Еркінше дауысым шықпады – Осылай айттым жайменен. ...РЕТІ Бөкен тонын жамылса, Көкірегі қабынса, Теріс қабаққа бағынса, Ажалы жеткен майталман Көп ұзамай табылса – Бұл сұр мергеннің реті. Ер жігіт елін меңгерсе, Жетімдерге жем берсе, Жесірлерге дем берсе, Алдында тентек жөнделсе, Әділдігін ел көрсе – Бұл азаматтың реті... АЯҒЫНА ҚАН ТҮССЕ Аяғына қан түссе Айрылар жүйрік ағыннан, Турасынан мертілсе Тұлпар қалар қарғыннан, Көтермешің болмаса Топта туың жығылған, Көмекшіңіз болмаса Бәйгіден атың қалынған. Айдын көлден сән кетер Айырылса қу мен қазынан, Аспанның нұры тамбаса Көл қалады шабыннан, Қонысына бақпаса Аруана қалар сауыннан, Денеге артық жүк артса Нар да қашар ауырдан, Бағын болып қолға өссе Нәндік қалар аюдан, Парақор болып құнықса Әділдік қалар ханыңнан. Уағда байлап сенбеңіз – Тарығар көңілің залымнан, Жасы жетіп меңдесе Ер айрылар қарудан, Сәні болмас бұлбұлың Саясыз жерге саз ұрған. АЗҒЫН ТАРТАР ҚАЗ БЕН ҚУ Азғын тартар қаз бен қу Суалса айдын көлдері, Өзеннің бойы құлазыр Жайлаған кетсе елдері, Тиянақ кетер дариядан Бұзылса шалқып сеңдері, Дарияда кеме жүзе алмас Құрсаудың кетсе шеңбері. Айбынды туған ер жігіт Кемшілік табар майданда Семсері кетсе белдегі. Нұрқасым, Қорек заманда Ниеті таза, көңілі шат Жаралған абзал пенде еді. Айран болар ақылың Қолыңнан кетсе сенгенің.... ҚАЗАҚТЫҢ САЛТЫ Сөздің басы «Бісміллә», «Бісмілләсіз» іс қылма. Шеберліктің пормысы Сәтті қылып іс құрған, Қиядан қашқан түлкіні Аспанда ұшқан ақсұңқар Тегеурін салып шеңгелдеп Аяғына қыстырған, Алқада палуан алысса Қайратын асқан күш қылған, Ордада билер кеңессе Парасатпен іс қылған, Шеттегі ерлер келіссе Біріне-бірі күш болған. Ат арыса иесі Айбаттанып қышқырған, Қарт бура кәрленсе Келесін айдап тықсырған. Тұлпар жылқы таңданса Жолға басын жостырған, Жамандық көрсе жалтаңдап Қайта-қайта осқырған, Ерді қырсық айдаса Далада жалғыз қос қылған, Ерді бақыт айдаса Құрулы қамал – топ бұзған. Бай жігіттің белгісі Күмістен кемер соқтырған. Он сегіз мың ғаламда Фәниде жүрген адам жоқ – Бәрін де соның хош қылған. Шығарып жауап сөз айтсам Жаңыла көрме сүрініп, Қызыл тілім, жорғаңнан. Қазақ деген ел едік Осылай айтсам пормыңнан... МЕН – АДАЙДЫҢ АҚТАНЫ «Ақшұнақ қоян» жылы Ақтанның үйі де азғана күнелтіс малынан айырылып қала­ды. Ақын Ойыл қаласына кәсіп іздеп ба­рып, саудагерге тері илеп, баптауға жал­да­нады. Атақты ақынның далада тері ­жа­й­ып жүргенін көріп таныған біреу: «Мы­нау Адайдың Ақтаны ма? Бұл да еште­ңе емес екен ғой» деп келеке етіпті. Сонда бұл сөзді құлағы шалып қалған ақын былай депті: – Мен Адайдың Ақтаны, Шежіре-шешен тақтағы, Алқалы топта аршынды Тұлпары едім баптағы. Айдынға үйрек-қаз керек, Сұлуға құшақ, наз керек, Жырға да әуез-саз керек, Теріге пұшпақ, баз керек, Тері жаймай Ақаң не қылсын – Заманға қарай саз керек, Асқандарға тосқан бар – Ол да анық – кез келед, Фәнидің сырын ұқпаса, Ол адамды ез демек.

9113 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы