• Тарих
  • 26 Қыркүйек, 2013

МЫҢБАСЫЛЫҚ

Сабыржaн ШҮКІРҰЛЫ Қарымды қаламгер, белгілі журналист, ана тіліміздің жанашыры Сабыржан Шүкірұлының өмірден өткеніне де қырық күнге таянып қалыпты... Кезінде «Ана тілі» газетінде қызмет еткен қаламгер тіл мәселесіне қатысты жазылған ойлы да мазмұнды мақалаларымен оқырман көңілінен шыға білді. Кейін басқа қызметте жүрсе де ұлт басылымынан қол үзген жоқ. Газет редакциясымен хабарласып, қазақ тілінің өзекті мәселелерін арқау еткен дүниелерін жолдап отырды. С.Шүкірұлы кейінгі уақытта елеулі еңбек – «Шақшақ Жәнібек» атты тарихи деректі роман жазып бітірген болатын. Осының алдында аталған шығармадан үзіндіні «Ана тілі» газетінде жариялағанбыз. Романнан үзінділер «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ақиқат» (№9, 2013ж.), «Үркер» (№7, 2013ж.) журналдарында «Жорық» және «Баталы ұл» деген тақырыптармен жарық көрді. Ал бүгін ағамыздың газетімізге аманаттап кеткен романдағы «Мыңбасылық» деп аталатын бөлім оқырман назарына ұсынылып отыр. Құрылтайдан ауылына төтелей тартқан Жәнібек жасағы Қарақұмды жиектей жүріп, Ақиректі кесіп өтіп, Ақкөлге жетіп, үш тәулік еру болып, атшалдырды. Бір беті жарлауыт, бір беті жайпақтала біткен терең, тұщы көл суына ат мейірін қандырып, от шалдырып, белін суытып алуды мақұл көрді. Ұлытаудан бастау алып, осы көлге құятын Жыланшық өзені жақсы тасыған екен. Көл суы мол, кемерлей толқып жатыр. Жағалау от. Бірнеше күннен бері үстерінен ер түспей, қоректік қана үзіп-жұлғаны болмаса, аттар жарау-ды. МЫҢБАСЫЛЫҚЖүгендері сыпырылысымен жерден бас алмай, бітік шыққан ебелекті еріндерімен қуа жайылған аттар ара-тұра дүр-дүр сілкініп, пысқырынып, қунап барады. Түске дейін бір жүздік, түстен кейін бір жүздік, түнемелік бір жүздік кезектесіп, аттары ерттеулі, сарбаздары жасанулы күзетте. Жолсоқты болған жігіттер суға шомылып, тазарылып, сергіп қалысты. Балығы шоршып, құсы қиқулап жатқан көл төңірегі де адал аңға бай: қоян, елік, қарақұйрық, киік жиі кө­рінеді. Досанның жігіттері азық қамдаудағы бұл мүмкіндікті қапы жібермей, үлгертуде. Күнделіктісінен артылғанын қақтап, тұздап, ыстап, кептіріп жатыр. Қосын жүгін артатын түйе­лер маң-маң басып, жантақ теріп, изеңдеп барады. Сауын биелер­дің құлындары қосақтан босаты­лып, желіге байланған. Мініс аттарындай емес, аузы бос биелер оттан кемдік көрмеген, тоқ, күндіз көбіне көлге түсіп, не желі басында үйез­деуде. Құлындары мойындарына қосақталып, жая айдалатын биелер жол үстінде сауылады. Он шақты құлынды бие, екі-үш сойыстығы бар бір үйір жылқы – үлкен қостың сусыны мен азығы. Бірі шатырда, бірі қоста, бірі күркедегі сарбаздар Құрылтай күндеріндегі қысылыстан еркіндеп, жарқын жүр. Жанғожа түн әлетінде ән салып, күй тартып, Байғұлақ қалмақтарды келекелеп, Сандықбай жігіттердің қолқа салғандарына сәуегейлік жасап, жұртты күлдіріп, сарбаздар Құрылтайда болған әртүрлі жайттарды еске алысуда. Қалмақпен қақтығыстан қатайыңқырап қалған жігіттер жарасты орта көріп, елдің әр қиырынан келген замандастарымен танысып, жүрек жұмсартып қалған. Қаз дауысты Қазыбек бидің, Қанжығалы Бөгенбай батырдың сөздері мен әз Тәуке ханның шешімі айыз қандырып, ерлікке үндеп, жігер жанығандай. Дабыл қағылса, жігіттер майданға түсуге ойланар емес. Жәнібектің мыңбасылық алғашқы кеңесі келесі кеште алау жарығында өтті. Ай жарық, жұлдыз қалың, көл жағасының дымқылдау ауасын самалымен жұмсартып, жанға жайлы леп берген бірқалыпты ағынды жел еседі. Көл жиегінің тақыраштау алаңқайына тоқымдарын төсей жайғасқан жасақ жігіттері Мыңбасы сөзіне құлақ түрген. Көлденең қойылған көпшікті ер үстінде кеудесін тіктей отырған Жәнібектің өзгелерден еңсесі биік, қараторы жүзі бірде от жарығымен, алау бәсеңдегенде ай сәулесімен нұрланып, атжақты, мұрынды кескіні бірде айқындалып, бірде бұлдырай, кейде бар тұлғасы зор көлеңкесіне ұласып, қоңыр даусы әлдебір перде сыртынан сөйлегендей болады. – Жігіттер, біз енді бұрынғыдай ерікті, еркін жасақ емеспіз. Хан Жарлығымен тағайындалған Қазақ әскерінің Бас қолбасшысының қарауындағы мыңдықпыз. Біздің ендігі қимылымыз Бас қолбасшының бұйрығына қарай болмақ. Қашан, қайда барып соғыс десе, сол күні сол жерден табылуға тиістіміз. Соғыста жағдай айтылмайды. Сарбазда сылтау болмайды. Мен анда барамын, мында бармаймын деген таңдау жоқ. Елді, жерді қорғаймыз десек, жауды жоямыз десек, осыған әзір болуымыз керек. Әзірміз бе? Әзірміз! Әзірміз! Әзірміз! – дескен үндер түн жаңғырықтырды. – Олай болса, ауылға жетісімен, үш жұмаға үйлеріңе тарайсыңдар. Отбасын көріп, жорыққа аттанатын­дарыңды айтып, қайтарда қастарыңа бір-бірден жігіт ертіп келесіңдер. Болса, ат-жарағымен, болмаса, өз басы. Біз, досандар бастаған топ қару-жарақ, киім дайындап, ат жинаумен айналысамыз. Ұзатпай мыңдықты құрып, жарақтап, жауынгерлік тәр­тіпке бейімдеуіміз керек. Мақұл ма? – Мақұл! Мақұл! Мақұл! – десті сарбаздар. – Онда ендігі сөзді Жанғожаға берейік,– деді Мыңбасы. Жанғожа көл жағасын әнге бөледі. Біраздан соң бақаның құрылы мен шілделіктің шырылы естіліп, дала түні өз әуеніне көшті. Үш тәулікте аттар қунап, жігіттер тиланып, атқа қонған жасақ Мың­сайлатып Нұрадағы ауылға жетті. Ауыл адамдары бұларды үлкен-кішісі, бала-шағасы болып, қуанышпен қарсы алысты. Кәмила ана, тағы бір шешелері мен жеңгелері шашу шашып, Құрылтайға барып, аман-есен келгендеріне, Мыңбасы болғанына құтты болсын айтысып жатыр. Бір ту бие мен он шақты қой сойылып берілген астан соң, айтқандарындай жігіттері ауыл-ауылға тарасты. Жәнібектің жанында ауылдас, маңайлас жігіттер ғана қалды. Соның өзі жүзқаралы адам болды. Жиырма жігітті бір төбені бүйірінен үңгіп, үш ұстахана жасауға қосты. Тағы бір жиырмасын көрікке отындық сексеуіл мен жиде дайындауға бөлді. Ауыл-ауылға аттанған жасақ жігіттерінен сол ауылдың байларына сауын айтқан. Хан Жарлығымен құрылып жатқан қазақ жасағына сауын малы мен азық-түлік қосуларын жүктеген. Отыз жігіт сол малды қабылдап, жай­ғастыруға бөлінді. Он жігіт шабар­мандыққа белгіленді. Жиырма жігітті қаруларымен өз қасында ұстады. Атасы құда түсіп үйлендірген Тұрсынбай датқаның қызы Айым­күлден екі перзент бар. Датқа қызы жүректі екен. Тұңғышы Дәуітбайға жүкті болғанында жылан етіне талғап, ешкімге айтпай, даладан өзі ұстап, сол жерде отқа қақтап жеп, жерік басыпты. Шынашақтай болса да, жыланды дәуіт жеңеді екен. Сирақты, тырнағы өткір жәндік жыланды көргенде бірден басына қонып, екі көзін ағызып жіберетін көрінеді. Жыланға талғағанын білген Кәмила ана сескеніңкіреп, «Кекті мақұлық еді, уыты қайтсын» деп баланың атын Дәуіт деп қойғысы келген, алайда молда , «Пайғамбардың аты сәбиге ауырлау болар, сәл бұрыңқырап қоялық» деген соң үлкендер, «Онда Дәуітбай болсын» дескен. Сол Дәуітбай қазір қолды-аяққа тұрмайтын пысық, аяққа оралды дегенше бастан бір-ақ шығады. Жанары өткір, жылдам. Одан кейінгі – биыл ғана дүниеге келген Жауғашар.Қалмақ барымташыларын қуып тастаған күні туған. Жау қашқан күн, жау қашты десіп, есімін Жауғашар қойған. Айымкүлден айып жоқ. Жар күтуі, отбасын берекелендіріп ұстауы Кәмила ана көңілінен шығып-ақ жүр. Ауыл-үйге де жұғымды, үлкен-кішінің ілтипатына ие. Жәнібек те сыйлайды. Әйтсе де, құда түсіп әпергеннің аты құда түсіп әперген. Келісімі болса да, өз қалауы емес. Батыр атаның ерке баласы болып өсіп, балалық, бозбалалық шағы атқа, қару-жараққа, көкпар мен күреске ауыңқырап, сауық-сайранға онша ұмтыла қоймаған Жәнібектің жігіттік сезімі кештеу білінді. Ол сезім ауылдары аралас-құралас, ас пен тойлары бірге өтіп жүрген Кіші жүз ортасында, Алшын Әйтеке бидің қызы Жамалды көргенде оянды. Өзін еркіндеу ұстайтын ақсары, жұқалтаң қыздың ат үстіндегі отырысы әсем-ді. Еркін сөйлеп, ән де бастап жіберіп, сауықшыл жастарды төңірегіне үйірілтіп, тойдың көркі болып жүреді. Аты шығып жүрген Жәнібектің үйленгенін білсе де, Жамал оның сезімінен үріккен жоқ. Батырдың ұлы қаласа, бидің қызы неге қасында болмасқа. Көңілің болса, жолыңды жаса, – деген ойын-шыны аралас күле сөйлеп. Еркін де ерке өскен Бидің кенже қызы шешімді де еді. Сезімге ырық берген Жәнібек Қошқар көкесіне құда түсіртіп, осы жазда Жамалдың отауын түсірткен. Қазір енді жас та болса, екі ауыл болып отырған жайы бар. Атасының мұрасы, әкесінің еншісі, көкесінің үлесі, нағашы жұрт, қайын жұрттар сыйы бар, едәуір дәулет құрап, екі ауылды ұстайтындай жұрт жинаған маңына. Құрылтайдан келгелі осы Жамалдың отауында.Үйленумен тынатын бозбала ғұмыр қозы қайта бір түлеп, жалындатқан бір шақ-ты. Ынтызар көңіл басылмаған, ілтипатпен қауышқан жас отау иелерін ләззатты сезім билеген. Бір кезде қазақ халқы үшін бірі тіл қуатын, бірі білек қайратын жұмсап, сыйлас болған дана би мен дара батыр ұрпақтары осылай табысқан-ды. Заманы мен ортасы ерте есейткен Жәнібектің бозбала дәуренінің де соңы еді бұл. Мыңдықты жасақтау ойдағыдай. Ұстахананың алғашқысы іске қосылып, найзаның сүңгілері соғылуда. Үзеңгі, тартпа доғаларын құю да жүріп жатыр. Келесі ұстаханада қылыш, семсер, қанжар соғылмақ. Енді бірінде қалқан жасалып, сауыт тоқу қолға алынбақ. Олардың да әзірліктері жақсы. Ұсталар, шеберлер келген. Найзасап жасап, қамшы өріп, ноқта-жүген жасап, ер шауып жатқан шеберлер де бар. Тоқым, терліктер жасауға әйелдер де жұмылған. Тұрақты әскерге бөлінетін Хан қазынасынан дәметпей-ақ, әзірге бәрін өз күшімен, халық көмегімен жасауда. Жан-жақтан мал, қыл, жүн, арқан, құрт, май, ірімшік те келе бастады. Шылбыр есіп, тұсау жасап жіберіп жатқандары да бар. Жігіттердің алды оралып та жатыр. Жасаққа жаңадан келіп жатқандар легі мыңдық құруға толық мүмкіндік барын аңдатады. Көбі атты, бірлі-жарымында найза, қылыш бар. Атадан, әкеден қалған көне садақпен келгендері де кездеседі. Жәнібек олардың ағашын, адырнасын, жебелерін зерделеп, таңдаулы үлгілерін іріктеп алып, садақ жасаушыларға тапсырды. Мыңдықты жапа-тармағай барлық қаруға баулымай, әр жүздікті қарудың белгілі бір түріне басымдау игеруге бейімдеу керек деп түйді. Адамдарды да солай бейімділігіне қарай іріктеуді қолға алды. Арнаулы екі мергендер жүздігін, бір-бірден найзагерлер жүздігін, қылышты жүздік даярлауға кірісті. Бұлар шабуылдаған жауды тосқауылдаушы, өздері шегінгенде жаудың жолын бөгеуші, керегінде шабуылдаушы жүздіктерге тыңнан қосылып, рухтандырушы болуы керек. Барлаушылар жүздігін құруды да ойластырды. Ал бес жүздік бес қаруды бар мүмкіндігінше игерген шабуылшылар болмақ. Бұларға бұғалықты да қару қатарына қостырып, жаттығу жасата бастады. Тымық түн. Аспан толы жұлдыз. Ба­данадай-баданадай болып, қол­созымдай ғана биікте тұрған­дай жарқырайды. Ақбозат пен Көк­бозаттан дәмелі Жеті қарақшы андағайлап тұр. Құс жолы сүттей, жыпырлаған сансыз жұлдыздардың сәулелері бір-біріне ұласып, шексіз аспанға ақ жолақ тартқан. Әредік әр тұстан жұлдыз ағып түседі. Ондайда Сандықбай, «Біс­міллә! Жұлдызым жоғары, жұлдызым жоғары, жұлдызым жоғары» деп үш қайталайды. Неге шошыдың? – деп әзілдеп күліскендерге, « Жер бетінде қанша адам болса, аспанда сонша жұлдыз бар. Әр адамның бір-бір жұлдызы болады. Ағып түскен жұлдыз – дәмі таусылған пенденікі. Ал тірінің жұлдызы әлі жоғарыда. Соған тәубә етіп, Жаратушыға ризалығыңды білдіріп отыру керек» деп түсіндірді. Бір жәйлі кеш-ті. Жәнібек далаға текемет төсетіп, көрпе салдырып, ойдан-қырдан оралған бірқатар жігіттерімен бас қосып, кеңес құруда. Жарығырақ болсын деп от жақ­тырған. Ақ жиденің түтінсіз алауы бірқалыпты маздайды. Көптен ат үстінде жүріп, мұндай жайбарақат көрмеген Жанғожа көсеумен қызыл шоқты өзіне қарай тарта, күміс тұтқалы жауырынын көзін қалқалай отқа тосты. Бір кезде: – Қол! Қол көрінеді! – деді шошына. Сенетін де, сенбейтін де жағдай. Сенетіні, «жау жоқ деме, жар астында» дейтін заман. Іргедегісі де бар, алыстағысы да бар. Кіші жүз жағы түркмендермен, орыс-казактармен, башқұрттармен қақтығысып қалуда. Қалмақтардың да барымтасы жиілеп барады. Ауыл шауып кеткендері де бар. Қай жақтан, қай жау дері жоқ. Тіксініп қалған жігіттерді Сан­дықбайдың, «Соғыс болмайды, күрес болады.Қалмақ жігітін қазақ қызы жығады» деген сөзі күлдірді. Ал, сөйлеңдер,– деді Жәнібек әзілге бұрып. Жігіттер ду күлісті. Қамсыз емеспіз, шамалыға тойтарыс берерміз, – деді Қарапалуан сеніммен. Шолғыншылар екі-үш күн бұрын қалмақ ауылдарында қозғалыс жиілеп кетті деп хабардар еткен. Құмды қыстап, Торғай бойын жайлайтын Боржы деген бір қалмақ қол жиып жатса керек. Келесі күні айтқандай-ақ, сол келіп дүбір салсын. Шапқан жоқ, шеп құрып, жаушы жіберді: – Қазақтан бір әйел, қалмақтан бір әйел күреске шықсын. Қай елдің әйелі жығады, мына жер сонікі болсын. Қалмақ әйелі жығылса, осы жерді қазаққа қалдырады, ал қазақ әйелі жығылса, үш күннен қалмай қазақ бұл төңіректен көшіп кететін болсын,– депті. – Соғысып ала алмаған жерді айламен алмақ қой. Бұл, мына торғауыт­тардың Жоңғар қалмақтардың дүбірін естіп, дүрсіп тұрғаны шығар. Сеспен алмақ, ойлаған әлденендей пәлесі де болуы мүмкін. Қапы қалмайық, – деген Қошқар батыр. Атаңа нәлет ит қалмақтың біржолата көзін құртайық та.Ертең сырттан жау келсе, іргедегі бұлар ылаңды сонда салар, – деген Қарабас батыр ызадан. Қарабас қалмаққа қатты кекті еді. Қиялсұлудан көрген тұңғышы Құдайбергенді соғыста қалмақтар өлтірген. Оның бозбала екі баласы – Аупай мен Мыңбайды тұтқындарға қосып әкеткен. Артынан жаугершіліктен олжаға алған қалмақ әйелінен туған Қойбағар атты ұлы іздеп барып, Аупайды алпыс байтал құн төлеп, қайтарып әкеледі. Ал Мыңбайды таба алмай қалады. Одан әлі сыбыс жоқ. Қалмаққа деген кегі ашуын бірден сыртқа шығаратын Қарабас батыр, «Соғысқа өзім бастап шығамын. Бұл – жойылмай тынбайтын жау!» деп сілкінді. – Қырғынға барып қайтеміз, Жәнібектің жасағын айбын танытуға сапқа шығарып, шартына келісейік. Бізде де асауды бұғалықтап, тана-тайыншаны бір өзі жыға беретін қайратты әйелдер бар емес пе, шықсын біреуі, – дескен қарттар. – Кім бар? – дескенде, Қарабастың Қарсақ есімді қызы,– Мен шығайын! – деген. Заты әйел демесе, батырдың өзіне тартқан тұлғалы, отызға енді шыққан келіншек-ті. Уақтың жігітіне тұрмыста болатын, төркіндеп келіп жатқан-ды. Қайратын жұрт білетін. Бие байлап, ат ұстап, асау үйретуде жігіттерден кем түспейтін. Әлденендей атүсті ойын шығып қалғанда едәуір болып жүрген жігіттің өзін аттан аударып тастап, жүре бе­ретін. Тіпті төтен болып қалған барымта қақтығыстарына да кірісіп кететін. – Болсын, мұны да көрелік. Қал­мақтың бүккен әлдебір айласы болса, құрқол емеспіз ғой, кегіміз кетпес, – десіп жауаппен жаушы жіберілді. Күрес Қаракөлдің жағасындағы биік шоқының үстіндегі алаңқайда болады. Ол жерге екі әйел, екі атшы баладан басқа ешкім бармайды. Екі жақтың қолы екі беткейде тұрады. Шарт бұзған жақ кінәлі саналады. Қалмақ қолы онша көп емес екен, үш-төрт жүздің қарасы. Шамасы, олар Жәнібектің мыңдық құрып жатқанын сезбеген болса керек, білсе мынадай күшпен өрекпімес-ті. Жәнібек те құралып қалған мыңдығын түгел шығармай, бес жүзін ғана сапқа қойып, қалғандарын қыр-қырды асырып, әр тұсқа тосқауылға қойды. Ондағысы, қалмақтың көрінбей тұрған жасағы болып, тұтқиыл шабуылдай қалса, қапы қалмау еді. Уағдалы уақытта екі әйел палуан екі атпен екі жақтан тау басына шығып, белгіленген алаңқайға жетіп, аттарынан түсті. Екеуінің екі атшысы аттарды жетекке алып, әрірек барып тұрысты. Иә, аруақ, жар бол! Аруақ-баба, қолдай гөр! Ақжол! Ақжол! Аманжол! – дес­кен тілектер естіледі.Қалмақтар да өздерінше дабырласып жатыр. Міне, палуандар белдесіп те кетті. Шалбарланып, белін мата белбеумен буып, бұрымын желкесіне түйіп, шашын шаршы ақтық орамалмен байлап алған Қарсақ, төмен етек әйелден гөрі, нағыз палуан жігітке ұқсайды. Ал қалмақ жағынан етекті көйлек киіп, шашын әлденеше өрім етіп жалбыратып қойған. Көпке барған жоқ, шамалы байқасқаннан кейін Қарсақ бір мезет қалмақ палуанын алып ұрып, дізелеп тұрып, бас терісін сыпырып алып, жоғары көтерді. – Ойбай, ана қыз қалмақ қаты­нының бас терісін сыпырып алды! – десіп қазақтар жағы қарсы беттің шам шығаруынан сақтанып, тізгіндерін тежей ұстап, қаруларын оңтайлай бастады. Осы кезде қалмақ әйелінің шашын қолына ұстай жеткен Қарсақ: – Қалмақ жігіті әйел болып келген екен, бағын ашып, еркек қалпына кел­тіріп жібердім! – деді шаттана күліп. –Жаса, айналайын! – десіп қазақтар дуылдасып қалды, тау бөктерін күлкі кернеді. Палуаны жеңіліп, әрі айла жасап, шарт бұзған қалмақтар бір емес, екі ұтылып, қазақ қол жиып үлгермей, әлсіздік байқатса, күрес соңын дауға салып, ел шауып та кету ойларында болған пиғылдары да іске аспай, шұғыл кері қайтқан. Қызбаланған жігіттерге үлкендер: –Қайтқан жауға несіне қан төгесіңдер. Біз сөзде тұрдық. Оларға сабақ болсын, ой салсын,– деп тоқтатқан. Қашан да ел орайы келсе, соғыстан гөрі бітімді қалайды. «Көрінеу келген жауға амал жоқ, ал өзің орынсыз соғысқа килікпе» деп тежейді ақсақалдар. Бітпейтін неше жылғы соғыс, әсіресе, аналарды күйзелтіп, қасіреттен арылтпай келеді. Ер-азаматтар болса, соғысқа намыс буып, кекпен шығады. Бәріне де бейбіт күн, мамыражай заман керек-ақ. Жау шауып жатса, амал не, қарсы ұмтылғаннан басқа қайран жоқ. Күрес өткен сол төбе, Қарабас батырдың қызы Қарсақтың жеңісінің құрметіне Қарсақ жеңген төбе, Қарсақ басы атанды. Өңірдегі ең биік шоқы осы, шығысында – Қаракөл. Үлкен Қаракөл, Кіші Қаракөл деп аталатын, екі арасы Қыл дейтін өзекшемен қосылатын аумақты көлге Айыркешу құлағы арқылы Торғай өзенінен су шығады. Балығы, құсы, аңы көп, қопалы көл. Батыс бетіндегі су жайылатын ойпаң да қарлы жылдары көл, көбіне шалғынды табан болып жатады. Теріскейі жайбар. Үстіне адамдар осы бетінен шығады. Шоқының оңтүстік беті жарқабақты, төмендегі еңісі әлдебір зор дария арнасындай шығыстан-батысқа қарай созылған жалпақ аңғар. Батысқа қарай құлдаған Торғай өзені, одан әрі қалың құм, одан аса қарасаң, сонау қабақ – Нұра. Мұнартып, көгілдір тартып жатқан, осынау алаптың арғы шеті әй дейтіндей-ақ жерде тұрғандай болып көрінгенімен, аттылының өзіне күншілік жер. Соған қарамастан, егер осы төбенің биігіне от жақса, жағалай күншілік жердегі елдің бәріне көріне будақтаған қара түтін шықса – «Жау шапты!» ал баяу, сызаттап қана көтерілген ақ түтін – «Сүйінші!» хабары. Жаманат белгісі болса, ел сақтанып, келісілген жерге жасаққа қосылуға жігіттерін жіберіп, жақсылық белгісінде жорыққа кеткендердің оралғанын, не басқадай ел күткен әлдебір оқиғаның қуанышты біткенін білдіреді. Кейде көптен науқас қадірлі кісінің қайтыс болғанын да осы төбеге түнде от жағып хабар етеді. Қарабас батыр әулетімен Арқаға қоныс аударғанда, «Елдің шеті екен, жаудың беті екен, қарауыл төбесі қасында, осы жерді қоныс етейік» деп арғындардың ең шетін ала Кіші жүзбен іргелес, Еділге беттеген торғауыт қалмақтар жолай орныққысы келіп, қаша соғысып жүрген осы өңірге үй тіккен. Содан бері бұл Қарабас батырдың қарауыл төбесі болатын. Бүгін оны қызы – Қарсақ даңққа бөледі. Ел аузында жауырыншы – Жан­ғожа, көріпкел – Сандықбай, палуан қыз – Қарсақ. Мерей үстем, ел қуа­­нулы. Байғұлақтың қалмақ па­луа­нына, «Соның өзін піштіріп, жалаңаш­тап жібергенде, енді қайтіп әйел болуға талаптанбас еді» деген сөзі неше құбылтылып, күлкі еті­лу­де. Қарабас ауылында құдайы бе­ріліп, тойға ұласты. Кейуана аналар, «Ұза­ғынан болғай» десіп тәубәлап жүр. Келесі күні Нұрадағы Жәнібек ауылынан бозала таңнан үш салт атты аттанды. Бұл – Түркістанға, Бас қолбасшы Бөгенбай батырға хабар жеткізуге, қасына екі сарбаз ертіп жолға шыққан Байғұлақ еді.

4211 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы