• Әдебиет
  • 10 Қазан, 2013

Кәусар бұлақ

Жуықта Қазақстан Жазушылар одағында белгілі жазушы, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Жанат Ахмадидің 70 жасқа толуына арналған салтанатты жиын болып өтті. Осынау мерейтой салтанатында әдеттегідей той иесіне мақтау-марапат аз айтылған жоқ. Жазушының туындыларына сараптау пікірлер де жиі естілді. Демек, мақтау да, марапат та орынды деуге болады. Ал қаламгердің әріптестерінен жоғары баға естуінен артық бақыт болмаса керек. Сонымен қатар артынан желкілдеп өсіп келе жатқан жастардың одан өнеге алуы, шығармаларын үлгі тұтуы да қаламгер үшін зор бақыт емес пе. Жас жазушылар Жанаттың шешендік сөздерін айтып жүретінін естіп қалатынбыз. Бұл салтанатта бұл туралы да қадап айтылды. Мәселен, Жанат Ахмади айтты деген мынандай сөздер бар. «Жығылсаң, естіден жығыл, жықтым демес – күрестім дер, жеңілсең, шешеннен жеңіл, жеңдім демес, тірестім дер». «Жанат ағаның қасында он минут тұрсаң, он мақал үйреніп аласың». Жастардың мұндай лебіз білдіруі бекер деуге болмайды. Жанаттың қаламгерлік талантын, жанкештілігін, еңбекқорлығын да жоққа шығаруға болмайды. Осынау ғұмырында ол қаншама туындыларды дүниеге әкелді. Оның бәрін санап шығу да оңай болмаса керек. Әу баста ол «Дүрбелең» (1990) деген туындысымен танылған еді. Басқаша айтқанда, ол қаламгерлік өнер жолын бірден кесек дүниеден, роман жазудан бастағаны айтарлықтай ерекшелік деуге де болар. Ал содан кейін оның кітаптары жиі-жиі жарық көре бастады. Нақты айтқанда, «Шырғалаң»  (роман, 1990), «Жүрек қартайса, ажал аңду салады»  (Этнографиялық әңгімелер жинағы, 2000), «Зар – зарауха»  (Хикаят, әңгімелер жинағы, 2001), «Өмір өткелегі»  (Хикаят-эссе, 2002), «Есенгелді би»  (Роман, 2004) , «Бата – ұлттың шырайы»  (Танымдық,2006), «Жарылғап би»  (Роман,2008), «Уақыт ырғағы»  (Рецензиялар, 2009), «Айтұмар»  (Роман, 2009), «Тектілік тұғыры»  (Роман, 2010),  т.б. кітаптардың авторы. Мұндай білеу-білеу, кесек-кесек туындыларды жазу үшін қаламгер қанша күш-жігерін, дарын-қуатын, уақытын сарп етті десеңізші! Бұл туындылардың саны көп дейміз, ал сапасы қандай? Бұл туралы Жанат Ахмадидің қаламгер әріптестерінің пікірлері бір арнаға тоғысып жатқандай болып естіледі. Мәселен, белгілі қаламгер Марал Ысқақбай былай деп ағынан жарыла пікір толғады: «Жанат Ахмади – қазақ прозасына өзіндік тақырыбымен, өзіндік үнімен келіп қосылған шын мәніндегі дарын иесі.  Ең алдымен, оның ойлау жүйесі таза қазақша екенін баса айтар едім.  Бүгінгі әдеби процеске дәл осындай ерекшелік жетісе бермейді.  Қазақ тіршілігін қазақ көзімен көре білу бар да, оны сол саф таза күйінде шынайы суреткерлікпен ұқсатып бере білу бар.  Жанаттың шығармашылық жетістігі, міне, осысында жатыр».  Ал белгілі қаламгер Оразбек Сәрсенбай өз пікірін қысқа қайырды: «Жанат Ахмади этнографиялық роман атаған «Айтұмар» романының тағы бір ерекшелігі – бұнда қазір де ұмытылып, ескіре бастаған,бұрынғы ұрпақ тек кітаптардан оқып танысып жүрген қазақтың ежелгі салттары, көне дәстүрлері  (қыз ұзату,бәдік айтысы,жаңа туған баланың рәсімдерін өтеу үрдісі, бақсы ойыны, неке қию, хан көтеру, т.б.)  өте нақты, нағыз қалыптасқан халықтық сипаттарда суреттеледі  әрі солардың бәрі шығарманың оқиға желілері аясында жымдасып, етене кірігіп отырады.  Сонымен қатар бала жасынан шырқы бұзылмаған қазақи кеңістікте өскен жазушы ежелден туа бітті бойына дарыған шешендік пен ділмарлықтың неше түрлі үлгілерін, мақал-мәтелге сұранып тұрған қа­нат­ты, бейнелі сөзуарлықты молынан пайдаланады». Ал Арықбай Ағыбаев болса, Жанат Ахмадидің шығармашылығының өзге қырын нақты да ресми мәлімдегендей болды: «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының атынан шыққан «Қазақ әдебиетінің тарихы» 10 томдығының 10-томына Жанат Ахмадидің роман, хикаят, әңгімелеріне кеңінен орын берілуі де  (64-180 дейінгі аралық­тар­да)  кездейсоқтық деп ешкім айта алмаса керек». Осыдан біраз жыл бұрын Жанат Ахмадидің шығармалары туралы баспасөз бетінде пікірлер жа­рияланғаны оның оқырман­дарының есінде болса керек. Мәселен, әйгілі қаламгер Әзілхан Нұршайықов көзі тірісінде мынандай жолдарды жазып қалдырыпты: «Жазушы жоңғар шапқыншылығы тұсындағы қиян-кескі шытырман оқиғаларды көрсету  барысында ұлтқа, ұлттық мәселемізге рухани арқау болатын қазы-билердің шешендік сөз саптауын қапысыз түрде орнымен қолданады.  Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, солардың қасына  ерген өзге де билер қай тұста, қандай жағдайда да  сөйлесе де диалог иелерінің аузынан шыққан әрбір сөзіне қыбың қанып ілесіп отырасың.  Қосалқы күретамыр кейіпкерлердің өзі оқырманды кешегі көшпенді қазаққа тән сөз мәнерімен тартады.  Бастан кешіп отырған өмір тұрмыстарына сай қазақы парасатымен жетелеп отырады. Ж. Ахмадидің «Айтұмар» этнографиялық романы бүгінгі қазақ тілі жұтаң тартып, әрі ұлттық салт-дәстүріміздің кейбір жақтары ұмытылып отырған кезеңде ұлт мерейі үшін қажет туынды деп жасқанбай айтуымызға болады. Асып та кетіп жатады.  Бірақ оқырман қанығып та, құнығып та оқиды».  Ал Смағұл Елубай жазушының ерекшелігін баса көрсетіпті: «Жанат Ахмади қолтаңбасының басты негізгі ерекшелігі – бұл жазушы шығармаларында қазыналы қазақ тілінің ағыл да тегіл тасқындап жатуы дер едік және қазақтың көне тұрмысына қатысты салт-дәстүр, жол-жоралғы, әдет-ғұрып, ойын-сауық, шешендік өнер, билер айтысы тәрізді сан қилы этнографиялық жәдігерліктердің толассыз тоғытылып жатуы дер едік». Ал әдеби туындыларға да, айналасындағы оқиғалар мен құбылыстарға да сын көзімен қарауға бейім қаламгер Қабдеш Жұмаділовке ұнай қою оңай емес екенін қаламгерлердің бәрі де жақсы білсе керек. Ал Қабдеш Жұмаділовтың бағасы Жанат Ахмади үшін ең әділетті пікір болатыны анық. Қабдеш қара қылды қақ жарғандай етіп, Жанаттың жазушылық өнерінің астарына үңіліп, былай сараптапты: «Жанат Ахмади М.Әуезовтің жазу мәнерін, сөз саптауын, сөйлем құрылысын, тұтас синтаксисін қабылдаған және бұл жалаң еліктеу емес, Әуезов рухын бойына сіңіре отырып,өз шамасына лайық мәнер, өлшем тапқан. Тіл көркемдігі – жазушылық өнердің ең басты белгісі екенін, Жанат Ахмади романы бұл тұрғыдан алғанда әдебиетіміздің алтын қазынасына кәусар бұлақ болып қосылары анық».  Сондай-ақ кезінде әйгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев те Ж.Ахмадидің шығармасына назар аударып, жоғары бағалапты: «Кейінгі жылдары, менің ұғымымда, «Дүрбелең» романының авторы ұлттық қадір- қасиеттер, діл, тіл тағдырына қатысты әдеби ойлы толғаныстарымен оқушы көкірегіне біржолата ұялай бастаған қазақ қаламгерлерінің бірегей бір бегзаты – Жанат Ахмади». «Қазақтың белгілі де белді қалам­герлері жағымды пікірлер білдірген жазушы Жанат Ахмади осынау белеске қалай көтерілді, өмір бойы алаң­сыз қаламгерлікпен шұғылданған ба?» дегендей ойға да тірелесіз. Ал оның өмір жолына үңілсеңіз, мүлде таңда­нарлықтай оқиғаларды, алуан түрлі зобалаңдарды, қуғындау мен кем­сітушілікті бастан кешкенін білесіз. Ол 1943 жылы Қытайға қарайтын қазақ өлкесінде туып-өсіп, Қазақстанға келгенде, оған құшағын ашып, қамқор болғандар ұшыраспапты. Керісінше, құзырлы органдар тарапынан қуғындау аз жасалмаған. Соның салдарынан ресми түрде айтсақ, талантына, талабына сай білім де ала алған жоқ. 1961 жылы Құлжа қаласындағы мал дәрігерлік техникумын бітірген. 1962-1972 жылдары Қапал ауданын­дағы ұжымшарларда мал дәрігері болды. 1972-1986 жылдары Қызылорда об­лысының  Жаңақорған ауданындағы «Келінтөбе» кеңшарында әр түрлі жұмыстар атқарды. 1986-1996 жылдары Орталық мемлекеттік мұрағатта кіші, аға ғылыми қызметкер болды. Бұл сырттай қарағандағы деректер. Балалық шағында Қытайдан атамекенін аңсап, қалайда қаламгерлік жолды қумақшы болып оралғанда оның жүріс-тұрысы күдікті деп түрмеге де қамап қойыпты. Белгілі қаламгер журналист Бақтыбай Айнабековтың Жанат Ахмади туралы жазған эссесін оқығанда оның жастық шағы бейнет пен кемсітушілікке ұшырағанына қанық болдық. Тума талант күндіз-түні талмай ізденіп, еңбектеніп, әдебиет ауылының есігін ашып, бұл күндері оның төріне шығып отыр. Алғы кезеңде де ғұмыры жетсе, талай туындыларды дүниеге әкелуі де ғажап емес. Бір кезде өзі туып-өскен Қытай еліндегі ауылынан балауса кезінде кетсе, енді оған абыз-ақсақал ретінде сапарлап баруы да әбден мүмкін. Оның шығармашылық жолы да, ғұмырындағы табысты, қуанышты сапарлары да жалғаса берсін демекпіз. Қуанбек Боқаев

8055 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы