• Әдебиет
  • 10 Қазан, 2013

Қыдырәлінің қызықтары

Белгілі журналист, ұлттық-қоғамдық саяси басылымдардың бірегейі «Ақиқат» журналының жауапты хатшысы Қыдырәлі Қойтайды бұрыннан білетінбіз. Ол бір көргеннен кез келген жанмен тез тіл табысып кететін, ақкөңіл, әзілқой кісі. Бұған қоса сөзжұмбақтар мен тұспалсөздерді жарыққа шығарып, олардың одан әрі өріс алуына үлес қосып келе жатқан жандардың бірі. Бір күні телеарнада Қыдырәлі ағамыз түрлі бұйымдарды жинастыра жүретін әдеті жайлы айтып жатыр екен. Бұны көріп, аң-таң болдық. Ол дүниелердің қатарында сирек ұшырасатын кітап та, күнтізбе де, қалам да, тиындар да... бар. Қырық жылғы газет-журнал тігінділерін, түрлі заттарды жинау­мен әуестенетін қаламгер ағамыздан «Бұл әдет қашан басталды?» деп сұрағанымыз бар. Сөйтсек, сонау 1959 жылдан дағдыға айналған іс екен. Бірінші сыныпта оқып жүргенінде сіріңке қораптарын жинайды. Сонда біреулердің «суреттері әр түрлі 100 сіріңке қорабын жинаған балаға велосипед сыйлайды екен» деген сөзін естиді. Көзіне жарқ-жұрқ еткен «Орленок» пен «ПВЗ» кезек-кезек елестеп, велосипедтің тәуірлеуін алғысы келген соң, 150 сіріңке қорабын жинапты. Ақырында бұл ақпарат жалған болып шығады. Одан кейін филателиямен айналысқан. Яғни пошта маркаларын жинаған. 1966 жылдан бастап «Білім және еңбек» (кейінгі «Зерде») журналына қызығып, оның 460 нөмірден асатын тігіндісін қаттап қояды. 1979 жылдан бастап «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жас» газеттерін он жылдай жинаған. Бір күні ағамыз ауылға кеткенде зайыбы Ділдәр іргедегі көмілуге тиіс қажетсіз жертөлені газет-журнал тігінділерімен толтырыпты да, бетін таспен, топырақпен үйгізіп тастапты. Бұны білген ағамыз ренжіп, газеттерді қайтадан қазып алуды ойластырады. 1990 жылдардан бері күнтізбе жинау дағдыға айналған. Бұған қоса тағы бір әдеті, кітап жинайды. Ағамыздың үйінде болғанымызда, құдды бір кітапханаға келгендей сезімде болғанымыз рас. Бүкіл бір ұзын қабырға кітапқа толы. Сөйтсек 3000-ға тарта кітабы бар екен. Жолдастары, туыс­тары бір өлең қажет етіп жатса, ағамызға қоңырау шалатын көрінеді. Бұл кісінің тағы бір құмарлығы –вик­ториналық сұрақтар, сөзжұмбақтар, сканворд, кроссворд болсын солардың жауабын таппайынша тыным таппайды. Бастапқыда әшейін ермек болып көрін­генімен, келе-келе бұл күнделікті іске айналып, ақырында әуестігінің жалғасы – «Басқатырғыш» газетін жарыққа шығарады. Бұдан бөлек «Алақай, балақай», «Өзін-өзі тану. Самопоз­нание» журналдарын өмірге әкелді. Біз басында кәсібі журналист болған соң, газет-журналдарды, кітаптарды жинап жүруіне аса бір таңданыс білдіре қоймаған едік. Бұнда тұрған ешнәрсе жоқ деп ойладық. Бізді шетел ақшаларын, тиындарды жинайтыны қызықтырды. Бір күні кабинетіне кіре қалғанымызда, әр жылдары жарыққа шыққан бір теңгеліктердің үйіліп тұрғанын көрдік. Қарасақ, 300-ге тарта. Біз бұны көп деп жүрсек, үйінде тағы бар екен, бұл бір бөлігі ғана көрінеді. Ағамыздың тағы бір ерекшелігі көпшілікке таңсық заттарды жинауды да ұнатады. Бұған куә жұмыс бөлмесіндегі қолға ұстауға да келмейтін үлкен қалам, сондай көлемдегі қайшы, тарақ, көзілдірік... Бір сөзбен айтқанда, Қыдырәлі ағамыздың жинамайтын дүниесі жоқ. Қаламсаптың да, кілттің де неше түрін табуға болады. Күйеуінің қасиеті тіпті Ділдәр апамызға да жұққан сияқты. Ол болса түрлі фотосуреттер жинаумен әуестенеді екен. Ақбота ИСЛӘМБЕК

18637 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы