• Әдебиет
  • 14 Қараша, 2013

«Әйел – үйдің киесі»

Алматы қаласындағы ардагерлерге мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс ардагері Сұлтан Сүлейменұлы Жиенбаевтың есімі жақсы таныс. Қариялар сонымен қатар, бұл отбасы жөнінде де жылы лебіздерін білдіреді: «Сұлтан Сүлейменұлы мен Нұрания Гирейқызының шаңырақ көтеріп, отау құрғанына алпыс сегіз жылдан асып барады. Көпшілікке өнеге, үлгі болатын мақтаулы отбасы». Бұл отбасындағы татулық пен сыйластық сырын әңгіме етпес бұрын, алдымен шаңырақтың иесі, елімізге танымал азамат Сұлтан Жиенбаев жөнінде бірер пікір қозғап кетсек артықтығы болмас. Өйткені уақытында мемлекеттік маңызы зор қызметтердің тізгінін ұстаған қайраткер ағамыздың өмір жолдары, басынан кешкен қилы оқиғалар оқырман қауымды қызықтырары анық. «Мәншүк өжет еді» Ару да әсем қала – Алматы Сұлтан Сүлейменұлы­на бөтен емес. Өзінің туған мекені. 1921 жылы осы жерде шыр етіп дүниеге келіпті. «Менің туған жылымды ұмыту мүмкін емес. Осы жылы Алматыда алапат су тасқыны болыпты. Көшелерде үйдей-үйдей тастар үйіліп қалыпты. Асау тасқын үйлердің өзін қозғап кеткен» деп еске алады кейіпкеріміз сол оқиға жайлы. Оның балалық шағы өте қиын жағдайда өтеді. Алты жасында анасы дүние салады. Содан әкесінің тәрбиесінде өседі. Әкесі Сүлей­мен бақ, гүл өсірумен айналысады. Кезінде Федерация бағы, бүгінде 28 гвардиялық- панфиловшылар саябағы атанған бақта еңбек етеді. Гүл, өсімдік өсіруді қатты ұнатады екен. Федерация бағындағы көз тартар гүлдерді Сүлеймен өзі өсіріп, өзі күткен. Шаңырақ көтерген алғашқы жылдар Сүлеймен қарапайым еңбек адамы болғанымен көзі ашық, көкірегі ояулығымен де жан-жағындағылардың ықыласына бөленген. Қаладағы цирк баққа жақын орналасқан. Цирк артистерімен тығыз байланыс жасап тұрған. Циркте балуандар да өнер көрсеткен. Олардың ішінде Қажымұқан да болған. Сүлеймен мен Қажымұқан арасында достық қатынас орнайды. Екеуі бір-бірін сыйласып өткен. Атақты балуан Сүлейменнің шаңырағынан талай рет дәм татады. Ойы сергек, жаңалыққа жақын жүретін Сүлеймен революционер Фурмановпен де, тіпті генерал Колпаковскиймен де кездесіп тұрған. Бала Сұлтан отызыншы жылдардағы ашаршалықты да, отыз жетінің зұлматын да көзімен көреді: «Біздің аулада бір ағамыздың отбасы тұрды. Солардың туыстары тамақ сұрап келгенде ағамыз да, біз де қатты қиналатынбыз. Өзіміздің де жетісіп отырғанымыз шамалы еді. Ертеңіне әлгі кісілердің қорада жансыз жатқан денелерін көрдік. 37-ші жылы менің әкемді де ұстап кететін еді. Өйткені көрші екі үйдің иелерін НКВД адамдары алып бара жатқанын өз көзіммен көрдім. Олар үйге келгенде, әкем қорқып кетті. Әкем бір қағазды көрсетті. Фурманов қол қойған анықтама екен. Сол қағаздың арқасында аман қалды». Қазақ мемлекеттік университеті физика-математика факультетінің екінші курсында оқып жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталды. Майданға өзі сұранды. Бірінші ретінде келіспеген, екінші барғанда ұлықсат берді. Алғашқыда әскери округтағы саяси жетекшілердің орынбасарларын даярлайтын курсқа жіберді. Алты ай білім алды. Курсты бітірген соң, сол кезде Алматыда жасақталып жатқан 100-ші қазақ атқыштар бригадасына рота старшинасы болып бекітілді. Осы соғыста басқа да ержүрек жауынгерлер секілді Сұлтан да жаумен аянбай шайқасты. Әсіресе, Ржев түбіндегі жан беріп, жан алысқан күндерді естен шығару мүмкін емес. Ұрыс кезінде бар болғаны бір айдың ішінде бригада жетпіс пайызға дейінгі жауынгерлерінен айырылды. Ржев түбінде қынадай қырылған кеңес жауынгерлері жайлы белгілі орыс жазушысы Константин Симонов «Өлім алаңы» деген еңбегінде жазған болатын. Қантөгіс ұрыста Сұлтан Жиенбаев басқаруындағы танкке қарсы шайқасатын рота айрықша қаһармандық танытты. Командирдің өзі жаудың үш танкісінің көзін жойды. Бұл туралы «Сталинский путь» атты майдан газетінде жазылды. «1942 жылдың қарашасындағы қаһарлы күндер әлі есімде» деп жазады естелігінде Сұлтан Сүлейменұлының қарулас жолдасы Сламжан Құнанбаев 39-шы армияның құрамындағы 100-ші атқыштар бригадасы Молодай Туд деревнясының маңында анталаған жауға қарсы көтерілді. Ұрыс басталған сәттен-ақ төзгісіз сипат алды. Осы ұрыста Сұлтан Жиенбаев батылдығымен ерекше көзге түсті. Онымен бірге сержант Қарабек Бұрышев, қатардағы жауынгер Төребек Тоқмағамбетов те бірнеше гитлершілдерді жер жастандырды. Сонымен қатар Шәкір Тәжібаев, Жұмаділ Әубәкіров, Қалжан Әлжанов, Хажым Көшеков, Райымжан Әшкеев секілді командирлер мен саяси қызметкерлердің ерлік істерін де атап өтуге болар еді». Немерелерімен бірге Майдангер Сұлтан Жиенбаевтың соғыстағы ерліктері жайлы бірқатар кітаптарда кездеседі. Мәселен, 100-ші бригада командирінің орынбасары, подполковник Сақтаған Бәйішев былай дейді. «С.Жиенбаевтың басшылығындағы бөлімше ұрыстарда асқан ерлік көрсетті. Жаудың көптеген танкісін қатардан шығарды». «Жау танкілері артиллерияның қолдауымен біздің алдыңғы шепті атқылады» дейді бұрынғы бригада газетінің редакторы Қасым Шәріпов «Қатардағы қаһарман» атты кітабында – кіші лейтенант И.Сильченконың танкке қарсы взводы жау танклеріне қарсы аямай от бүркіді. Ұрыс алдында аға-сержант Сұлтан Жиенбаев жаудың бір танкісін отқа орады». Әбдірашит Бектемісов «Майдангер көзімен» деген кітабында С.Жиенбаевты, Л.Тәжібаевты, М.Мәметованы, Х.Көшеков пен М.Көшековты нағыз қазақ батырларына теңейді. С.Жиенбаевтың соғыстағы қайсарлығы, табандылығы хақында Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен Аңыз», «Автопортрет» кітаптарында, Александра және Әкентай Халимульдиндердің «Мәншүктің жұлдызды сағаты» деген еңбегінде кеңінен сөз болады. Соңғы аталған кітапта мынандай жолдар бар: «...Мәншүк барлық жаралыларды тағы бір қарап шықты. Жараланған жерлері қалай байланғанын, үстеріндегі киімдерін көзімен шолып өтті. Жараланғандардың бірі старшина Сұлтан Жиенбаев болатын. Ол жертөлемде сабан үстінде жатты. Өңі боп-боз, тіршілік нышаны байқалмайды. Мәншүк оған жақындап, алақанымен маңдайынан ­сипады. Сол кезде Сұлтан көзін сәл-пәл ашып, күлімсірегендей болды. – Жарайсың, Сұлтан! – деді өзінің де жүзі жадыраған Мәншүк. – Сенсіз комбатқа қиын болады... Тезірек жазылып, қатарға қосылғайсың». – Мен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге жауға қарсы шайқастым, – дейді Сұлтан аға. – Ол өжет қыз еді. Қайсарлығы бір көргеннен аңғарылатын. Оның құрбысы Александра Проконенконың естелігінде бар емес пе еді. Оны орыс қыздары Маша деп атамақшы болады. Бұған Мәншүк көнбейді. «Мені Мәншүк деп атауларыңызды өтінемін» дейді. ҚазКСР  Министрлері Кеңесі  төрағасының  орынбасары кезінде Алматы қаласындағы тігін фабрикасында болуы 100-ші атқыштар бригадасы Алматыдан аттанарда бригада комиссары Сақтаған Бәйішев Мәншүкке бригада штабында хатшы болуды ұсынған. Мәншүк бұл ұсынысты қабылдамады. Бригада командирі, полковник Маренкоға өтініш жасады: «Фашистерді өз қолыммен жойғым келеді. Алдыңғы шепке жіберуіңізді сұраймын» деп. Алған бетінен қайтпасын сезген бригада командирі оны атқыштар батальонының санитарлық нұсқаушылығына бекітті. Мәншүк ұрыс кезінде жаралылар қасынан табылып, алғашқы медициналық көмек көр­сетті, оларды қауіпсіз жерге жеткізіп отырды. Ол пулеметші болғанды қалайтын. Ақыры бұл арманына да жетті. Өзінің «Максимімен» талай фашистің көзін жойды. Мәншүк 1943 жылдың 15-қазанында ерлікпен қаза тапты. Ол жаудың бораған оғына және өзінің жаралы болғанына қарамастан, фашистермен қарсыласып бақты. Сөйтіп, жауынгерлердің алға жылжуын қамтамасыз етті. Оның өлімі біз үшін өте ауыр тиді. Ол бар болғаны жиыр­ма жаста ғана болатын. Мәншүктің ерлігі сол уақытта қазақстандықтарға жақсы белгілі болды. 1943 жылдың желтоқсанында Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің әйелдермен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Б.Хасенова мен облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары Ф.Закирова Үкіметке хат жазды. Олар облыс әйелдері жеке қаражаттарын жинап, Қорғаныс қорына бес миллион сом аударғандарын, бұл қаржыға танк колоннасын жасақтап, оған қазақ халқының даңқты қызы Мәншүк Мәметованың есімін беруді өтінді. Ерлік – ұрпаққа ұран. Кейіннен елімізде Мәншүкке арналып ескерткіштер орнатылды, көшелерге есімі берілді. Ақын-жазушылар ол туралы тамаша шығармаларды өмірге әкелді. Мен болсам сол батыр қызбен жауға қарсы бірге шайқасқанымды мақтан етемін. «Бір көргеннен жылы ұшырады...» Нұрания апамыздың жасы тоқсаннан асқанмен, әлі тың көрінеді. Өткен өмірі жайлы шешіле әңгімеледі. Көп цифралар мен деректерді еш ұмытпай, есіне сақтап қалғанына таңырқайсың да. Нұрания Гирейқызы 1922 жылдың 16-наурызында Петропавл қаласында дүниеге келді. Татар мектебінде оқыды. 9-шы сыныпты бітірген кезде балалардың саны азайып, 10-шы сыныпта оқу мүмкін болмай қалды. Мұның аяғы мектептің жабылуына әкеп соқты. Амал жоқ, оныншы сыныпты орыс мектебінде оқуына тура келді. Осы жерде бір қиындықты бастан кешті. Татар мектебінде барлық сабақтар татар тілінде жүретін. Орыс тіліне мән беріле қоймады. Содан да орыс тілін нашар біледі. Алайда орта білім алып шығу – міндет. Қиындыққа көнбесе болмады. Негізі, Нұрания татар мектебінде жақсы оқыды. Мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысты. Пионер отрядының төрайымы болды. Пионерлер жетекшісі ретінде оқушыларды Көкшетауға демалдырып та қайтты. Нұранияның да балалық шағы шуақты өтпеді. Отбасы таршылықта өмір сүрді. Апасы өмірге он екі бала әкелгенімен олардың алтауы жастай қайтыс болып, қалғандарына ғана жарық дүниенің дәм-тұзын тату бұйырды. Ол мектепті тәмамдаған соң, дәрігер болуды жөн көрді. Сол ойдың жетегімен Алматыға келіп, медициналық институтқа құжаттарын тапсырды. Дегенмен, бір күнде бәрі өзгеріп сала берді. Жанындағы құрбысы екеуі заң институтының жанынан өтіп бара жатқан. Әскери киімді жігіт ағасы бұлардың жан-жаққа таңырқап, көз салып келе жатқанынан сырттың адамдары екенін аңғарса керек. – Қайда барасыңдар? Институтқа түс­кілерің келе ме? – деді. Екеуі құжаттарын өздері қалаған оқу орнына тапсырып қой­ға­нын айтты. Анау болса бұларды үгіттесін кеп: «Бекер істегенсіңдер. Заң институтына тап­сыруларың керек еді. Мұндағы жағдай жақсы. Өзінің жатақханасы бар. Оқу корпусы жатақханадан қашық емес. Асханасы да тамақты жақсы дайындайды...». Не керек әлгі кісі бұл екеуін көндірді. Құрбысы екеуі құжаттарын алу үшін мединститутқа бар­ғанда ондағылар келісімін бермеді. Кері қайтып келіп осы жайтты айтқанда «Оған қинал­маңдар. Құжаттарыңның көшірмесі болса жетеді. Сол да жарайды» деп бұларға ықы­ласы ауған кісі бұл тұйықтан да жол тапты. Оқуға түсу оңай болмады. Бір орынға үш адамнан келді. Алайда барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырып, заңгерлер даярлайтын институттың студенті атанып шыға келді. – Алаңсыз оқып жүргенбіз. «Соғыс» деген қаһарлы үн жан дүниемізді түршіктірді. Топтағы қыздар ақылдасып, «Біз де майданға аттанамыз» деп шештік. Әскери комиссариатқа өтінішімізді бердік. Келісім бергендей болды. Байланысшылар даярлайтын курста оқыдық. Ақыр аяғында топтағы қыздардан екі құрбымызды ғана таңдап алды. Өзгелеріміз тиісті талап деңгейінен көріне алмадық. Сабақтан кейін госпитальдарда жұмыс істедік, жаралыларға тамақ апарып жүрдік. Олардың туған-туыстарына хат жазуларына қол ұшымызды тигіздік. 1941 жылы соғыс басталғанда Мәскеудегі заң институты Алматыға көшіп келді. Біздің институт Бірінші Мәскеу заң институты атанды. Ал 1944 жылы Мәскеудегі қауіпсіздік қалпына келген кезде ол оқу орны қайта көшті. Біз қайтадан Алматы заң институты болдық. Мынандай да жағдай болды. Алматыда 100-ші атқыштар бригадасы құрылғанда, біздің институттың ғимараты уақытша соларға берілді. Бізді үйді-үйімізге таратып жіберді. Бригада майданға аттанғанда үйімізден оралып, оқуымызды жалғастырдық, – дейді сол күндерді көз алдынан өткізген Нұрания апа. 1944 жылы институт бітріген Нұрания жұмыс істеу үшін жолдамамен ҚазКСР Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы Мемлекеттік арбитражға жіберілді. Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Д.Қонаев болатын. Дінмұхамед Ахметұлы жас маманды қабылдап, жұмысына сәттілік тіледі. Кейде Бас арбитр Мәскеуге оқуға не басқадай іссапарларға кеткенде, Халық Комиссарлары Кеңесінің мәжілістеріне Нұранияның өзі қатысып жүрді. Жап-жас қыз министрлермен қатар отырғанына ыңғайсызданатын да еді. Алайда ол мұндай құрметке жас та болса өз ісін жетік білетіндігі, ұжымдағы беделі арқасында ие болып еді. Бұдан ары қызмет жаңадан ұйымдастырылған КСР Халық Шаруашылығы Кеңесінде жалғасты. Бұл құрылым тарағаннан кейін Түсті металл министрлігінде заң бөлімін басқарды. 1970 жылдан еңбек демалысына шыққанға дейін Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік арбитраж Бас арбитрінің орынбасары болды. Нұрания Гирейқызы Аделшина қызметтегі адал еңбегі үшін Грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталды. Ол – республиканың еңбек сіңірген заң қызметкері. Қазір де кезінде өзі еңбек еткен ұжым ардагер апаларын назардан тыс қалдырған емес. Мерекелерде құттықтауларын жолдап, сый-сияпаттарын жасап, құрмет көрсетіп жатады. Сұлтан мен Нұрания қалай танысып еді? Сұлтанның жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде инспектор-ревизор болып жұмыс істеп жүрген кезі. Мекемеде даулы іс болды. Осы істі тексеруге заң қызметкері ретінде Нұрания да қатысады. Алғашқы таныстық жүздесу осы кезде басталды. – Жас жігіт, сымбатты, үстінде әскери киім... бір көргеннен жылы ұшырады, – дейді Нұрания апа. Жұмыстан соң екеуі кездесіп, бақтарда, көшеде қыдырыстауды әдетке айналдырады. Сондайда бұларды Нұранияның үйінде жатқан апасы да көреді екен. Петропавлдағы анасы қызының жалғыз тұратынын біліп, жанындағы бір қызын баласымен бірге Алматыға аттандырады. «Жалғыз өзіне қиын болар, бірге тұрыңдар» дейді. Сұлтан – апасына ұнап қалса керек. «Жақсы жігіт секілді. Егер үйленуге өтініш жасап жатса көңілін қалдырма. Келіскенің жөн» дейді сіңлісіне. Сұлтанның да кездескен сәттен Нұ­ра­ния­ға көңілі кеткен. Өзі көрікті, сөйлес­кен кез­де тәрбиелі отбасынан шыққаны бай­қа­лады. Көп ұзатпады. Ниетін білдірді. Екеуі уағда­ласқаннан кейін бірден «ЗАГС»-ке ба­рып тіркелді. Бұл 1945 жылдың 17-қаңтары еді. Сұлтан үйленер алдында болашақ қалыңдығын сырттай әкесіне де көрсеткен. Әкесінің көңілінен шықты. Бірден ризалығын берді. Бір күннен кейін Сұлтан Мәскеуге үш айлық курсқа жол тартты. Үйлену тойы Мәскеуден оралғаннан кейін болды. Көп адам жиналған жоқ. Негізінен Сұлтанның жолдастары. Нұрания жағынан апасы ғана қатысты. Бәрі «ЦУМ-нан» басталған Сұлтан Сүлейменұлы Жандосов есімі република жұртшылығына танымал екендігін сөзіміздің басында айттық. Атқарған қызметтері де оны елге әйгілетпей қоймайтындай еді. Республиканың Сауда министрі, одан кейін Республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары... Мемлекет адамы дәрежесіне көтерген қызметтер ғой. Қызметте биік баспалдақтарға көтері­луде бір себеп-салдар болатындай. Сұлтан Сүлей­менұлы үшін аудандық партия комитетінің ұйға­рымымен алматылықтар «ЦУМ» атайтын орталық универмагқа директор болып баруы, яғни сол кездегі белсенді қимыл-қарекеті, тындырған жұмыстары кейін қызмет сатыларында жоғарылауына түрткі болды десек қателесе қоймаспыз. Оның алдында да іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскені бар. Жиырма төрт жасында он мыңдай адам жұмыс істейтін теміржолға қарасты жұмысшыларды жабдықтау бөліміне басшылық етті. Енді міне, КСРО Бас универмагы қарамағындағы Алматы Орталық универмагына жіберіліп отыр. Ол кезде универмаг екі қабатты ғимаратта орналасқан еді. Елудей адам жұмыс істейді. Шымкент, Жамбыл, Қарағанды қалаларында филиалдары болды. Аты зор болғанымен, универмаг жұмысы жаңа басшының көңілін көншітпеді. Тұтынушыларға қажет тауарлар аз. Соның салдарынан тауар айналымының жоспары да орындалып жатқан жоқ. Не істеу керек? Есіне Мәскеуде Жоғары сауда мектебінде бірге оқыған жолдастары түсті. Олардың көбісі Мәскеуде тұрады және көбісі жауапты қызметтерде – министрліктер мен басқармаларда жұмыс істейді. Соларға жолығып, көмек сұрауды жөн деп тапты. Обалы нешік, бәрі де құшақ жая қарсы алды. «Саған көмектеспесек болмайды» деп бұл сұраған заттардың бәрін жеткізуге уәде берді. Жолдастары уәделерінде тұрды. Универмаг тауардың астында қалды. Бұл белгіленген жоспар-тапсырмаларды орындауға септігін тигізді. Нәтижесінде сауда мекемелері арасындағы жарыс қорытындысында тек республиканың ғана емес, одақтың ауыспалы Қызыл Туын әлденеше рет жеңіп алды. Бара-бара жұмыс көлемі ұлғая түсті. Тауар­лар да сырттан көптеп жететін болды. Енді универмаг орын тепкен ғимарат таршылық ете бастады. «Жаңа ғимарат салу керек!» Сұлтан осы ойға анық бекінді. Әрине, бұл істі жүргізу оңай емес. Мәселе Мәскеу арқылы шешілетіні белгілі. Сұлтан қызметінің арқасында сол уақытта Орталық Комитеттің екінші хатшысы Леонид Брежневтің көмекшісі Голиковпен жақсы байланыс орнатып еді. Бір реті келгенде көмекшіге ішкі ойын айтты. Осы мәселемен Брежневтің қабылдауында болғысы келетінін, осыған көмектесуін өтінді. Голиковке рахмет! Көмектесті. Леонид Ильич жылы қабақпен қарсы алды. Амандық-саулықтан соң, өтінішін тыңдады. Іркілмей ойын жеткізді. Алматы үлкен қала екенін, қазіргі универмаг тарлық жасап отырғанын, жаңадан сауда орнын салудың уақыты келгенін, алайда бұл мәселе КСРО Ішкі және сыртқы сауда министрі А.Микоянның келісімінсіз шешілмейтінін де асықпай айтып шықты. Леонид Ильич сол мезетінде телефон арқылы Микоянмен сөйлесіп, жағдайды түсіндірді. Жиенбаевты қабылдауын сұрады. Ол да қарсылық білдірмей келіскен сыңай танытады. Микоянға кіру де жеңіл болмады. Бір жеті күтті. Келгендегі мақсатын айтқанда, алғашқыда жақтыра қоймады. «Басқа республикалардағы ахуал да осындай. Көрші Қырғызстан да мұндай мәселе көтеріп отырған жоқ» дегенді айтты. Сұлтанға барлық жайды түсіндірді. Қазақстанды Қырғызстанмен салыстыруға болмайтынына нақты дәлелдер келтірді. Сөздің тобықтай түйіні: Микоянды иландырды. Сөйтіп, құрылысқа қажет қаржы мәселесін шешіп, құрылыс жобаларын да алып қайтты. Алматыға келген соң, Брежневтің қабылдауында болғанда жұмыстың бәрін тиянақтап келген бұған риза болып, алғысын айтып, арқасынан қақты. Болашақ универмаг орны үшін қаланың орталығынан жер бөлінді. Содан атақты «ЦУМ»-ның құрылысы басталды да кетті. Алайда Сұлтанның құрылысты аяғына дейін жүргізуіне мүмкіндік бермеді. Бір жылдан соң аудандық партия комитетіне бөлім меңгерушілігіне қызметке шақырылды. Одан араға бес жыл салып қаладағы Фрунзе аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына жоғарылатылды. Осы қызметте жүріп Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың назарына ілікті. Аупарткомның кезекті конференциясына Дінмұхамед Ахметұлы да қатысқан. Аупарткомның бірінші хатшысының қаладағы проблемаларды жіпке тізгендей атап көрсеткендігі, өзін еркін ұстайтындығы, сөзге шешендігі, қала берді, аудан көлеміндегі атқарылған жұмыстар Қонаевқа жақсы әсер қалдырды. Бір жылдан соң, оны Орталық Комитеттің жоспарлау және сауда-қаржы органдары бөлімінің меңгерушілігіне шақырды. Екі жылдан кейін республиканың Сауда министрі болып бекітілді. Бұл қызметті сегіз жыл атқарды. Осы қызметте жүргенде сауда мен қоғамдық тамақтандыруды жетілдіруге, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сауда қызметінде тың әдістерді енгізуге, сауда мәдениетін көтеруге көп күш жұмсады. Сауда кадрларын тәрбиелеу мәселесіне, оларды дұрыс орналастыруға көңіл бөлді. Осының барлығы жоспарлы тапсырмалардың орындалуына, сауда қызметін жақсартуға мүмкіндік берді. Осы кезеңдерде республикада көптеген мұздатқыш қондырғылар, тауарлар сақтайтын қоймалар, дүкендер, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындары салынды. 1970 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып бекітілді. Бұл қызметте он бес жыл болды. Сауданы, жеңіл және тамақ өндірісін қадағалаумен қатар республиканың Қарулы Күштерінің жұмысын да назарда ұстады. С.Жиенбаев төрт шақырым бойынша Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ел алдында сіңірген еңбегі үшін Октябрь революциясы орденімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен үш рет, Халықтар достығы орденімен, көптеген медальдармен, Респуб­лика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Ол 1984 жылдан одақ­тық дәрежедегі дербес зейнеткер. Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбеді. Қазақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамына, Д.Қонаев қорына жетекшілік етті. Қазақтың «құрмет» деп аталатын сөзі Сұлтан ағамызға жақынырақ. Өйткені бұл кісі қазіргі күні қазақ тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамының Құрметті мүшесі, Д.Қонаев атындағы университеттің құрметті профессоры, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың Құрметті президенті, Құрметті теміржолшы, Алматы қаласының Құрметті азаматы. Құрмет деген жақсы сөз. Елінің құрметіне бөленуді әркімнің маңдайына жазбаған. Сұлтан ағамыз болса талай құрметке кенеліп келе жатқан жан. Бақыт деген осы емес пе?! «Сен адал азаматсың» Сұлтан Сүлейменұлы табиғатынан қызметке қызықпаған адам. Ұсына ма, онда да ойланып барып келісімін береді. Д.Қонаев Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілігіне ұсынғанда «Қолымнан келер ме екен? Бұл қызметті атқару ертерек секілді. Әлі жаспын ғой» дейді. Бұл сөзді айтқанда, қызметтің жауапкершілігін, арқалар жүгі салмақты екендігін аңғартып еді. «Нешедесің?» дейді Дінмұхамед Ахметұлы. «Отыз сегіздемін». «Мен отыз жасымда Үкімет басшысының орынбасары болдым. Сондықтан жас емессің. Саған сеніп отырмыз. Жедел іске кіріс» дейді Республика басшысы. Сұлтекеңнің бөлім меңгерушілігінен бірден Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болуына мүмкіндік болған екен. Мұнда да қызық жайт кездес­кен. Ол кезде жоғары лауазым иелері Мәскеу арқылы бекітіледі. СОКП Орталық Комитетіндегілер «Маңызды қызметтің тұтқасын ұстағалы отырсыз. Өзіңізге сенімдісіз бе?» демей ме. Сұлтекең жүктелгелі отырған қызметтің жауапкершілігін түсініп, «Әлі де тәжірибе қажет секілді. Республиканың жағдайын толық білем деп айта алмаймын» дейді. Осыдан кейін әлгілер ойланып қалса керек. «Алдымен министрлікті жүктейік. Одан арғысын көрерміз» деген шешім қабылданады. Содан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасарлығына бекітуге барған адам Мәскеуден елге министр болып оралады. Осы жерден де Сұлтан ағамыздың қарапайымдылығын, мансапқа, атақ-данққа құштар болмағанын аңғаруға болар еді. Ол кісінің орнында өзге біреулер болса «бәрін қатырамыз» деп жауап берері анық. Реті келгенде айта кетейік, Сұлтан Сүлейменұлы Дінмұхамед Қонаевтың көңілі түскен азамат. Үй қажет болғанда да Димекең Сұлтан ағамыздың отбасын өздеріне көрші етеді. Димекең 5-пәтерде тұрса, бұлардікі – 6-шы. Аралары бір-ақ қадам. Есіктері қарама-қарсы. Сұлтекең Димаш ағамызды үйіне қонаққа шақырғанда «Сенің үйіңе келген жақсы. Қиналмаймыз» дейді екен. Пәтерлерінің жақын тұрғанын айтқан болса керек. «Әйтеуір маған мейірімі түсті. Атқарған жұмыстарыма сүйсінген болу керек. Мақтанғаным емес, жұмыс дегенде барымды салатынмын. 70 жасқа толғанда Димекең шаңырағымда болып, иығыма өз қолымен шапан жапты. Сонда сөйлегендегі бір сөзі есімде қалыпты: «Сен адал азаматсың» деп құшағына алып еді. Республиканың бірінші басшысымен арадағы сыйластықтың белгісі шығар ол кезде елдің бәрі алпыс жаста қызметтен босап, зейнеткерлікке шығып жатқанда, Сұлтекең алпыс үш жасқа келгенде ғана зейнеткер атын иемденді. «Төңіректе сып-сып сөздер естіліп жатты. «60-тан асты, бұл кісі неге отыр?» дегендей. Сосын қызметтен босату жөнінде өзім өтініш жаздым. Дінмұхамед Ахметұлының қабылдауында болдым. Ол кісі «Бюро шешеді» деп өтінішімді алып қалды. Бюро келісімін берді. Бір ерекшелігі, менің қызметтен босауыма байланысты шешім шыққанда «Өзінің өтініші бойынша» деп жазылыпты. «Зейнеткерлікке шығуына байланысты» демеген. Осының өзінен де құрмет нышанын аңғардым» дейді Сұлтан аға. Бір жыл өткен соң Дінмұхамед Ахметұлы өзіне шақырып, хал-жағдайын сұрап, қызмет ұсынып отырғанын айтады. «Жұмысқа үйреніп қалған адамсың. Әлі қайраттысың. Бір қызметтің сәті келіп тұр. Сенің қолыңнан келеді» дейді. Бұл қызмет – Республикалық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы болатын. Тәуекел етті. Қайратты дегеннен шығады, Сұлтекең қазір тоқсанның екеуінде болғанымен жастау көрінеді. Жетпіс жастың о жақ, бұ жағын беруге болады. Зейнеткерлікке шыққанда көшеде жазушы Ғабит Мүсірепов кездесіп қалса керек. «Жаңа газеттен оқыдым. Қызметті тапсырыпсың ғой» дейді. «Зейнет жасына келдік қой» дейді бұл. «Сонда нешеге келдің?» дейді аңтарылған Ғабекең. «63-темін» дейді. «Апырмай-а, біз сені әлі жас деп жүрміз ғой» деп таңданған екен жазушы. – Жамандық ойлаған жан емеспін. Жұмыс деп жүрдім өмір бойы. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де бос отырған жоқпын. Қазір де атқарып жүрген қоғамдық жұмыс­та­рым бар. Жасарып жүргенімнің бір себебі – апаңның жасап отырған жағдайынан да болар, – деп ағамыз сөз аяғын әзілге бұрды. «Махаббат құдіреті» Отбасындағы береке мен бірлік негізі сыйластықта жатқаны анық. Сұлтан аға мен Нұрания апаның шаңырағында болғанда аңғарғанымыз – бұл ерлі-зайыптылардың бір-бірін ерекше құрметтейтіндігі. Мұны да түсінуге болар. Екеуі де жоғары білімді, екеуі де қызметтің төрелерін атқарған. Елге әйгілі азаматтардың отбасыларымен араласқан. Балалардың тәрбиесіне де айрықша мән бергендері де байқалады. Үшеуі де кейін ғылым кандидаты атанды. Үлкендері Рүстем техника ғылымдарының кандидаты. Мәскеудегі Дипломатия академиясын бітіреді. Кезінде КСРО-ның Румыниядағы елшілігінде бірінші хатшы қызметін атқарған. Қыздары Райхан биология ғылымдарының кандидаты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде сабақ берді. Үлкен өкініш – осыдан үш жыл бұрын сырқат салдарынан дүниеден өтті. Кенжелері Ринат болса, заң ғылымдарының кандидаты. Кәсіпкерлік салада еңбек етеді. Балаларының арқасында немере, шөбе­релерге де кенелді. Қазір немеренің үлкенінің өзі қырық жасқа толып отыр. Алла өмір берсе, шөпшекті де көріп қалулары ықтимал. – Сіздер міне, жетпіс жылға жуық уақыт болып қалды, бірге тату-тәтті өмір сүріп келесіздер. Отбасылық тәжірибелеріңіз мол. Осы ретте жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасыларына қандай тілек айтар едіңіздер? – деген сауалды көлденең тарттық. – Теледидардан естіп жатамыз, газеттерден оқимыз, бізде ажырасып жатқан жас отбасылар көп секілді. Бұл жақсы емес. Ерлі-зайыптылар арасында өзара түсіністік болуы тиіс. Бір-біріне көмектесіп отыруы керек. Бізде солай болды. Әлі күнге дейін бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз, – деген Нұрания апаның сөзін Сұлтан аға жалғастырды. – Еліміз үшін отбасының рөлі зор. Отбасы мықты болса, біздің мемлекетіміз де күшті болады. Балалардың санын көбейту керек. Біздің жеріміз үлкен болғанымен, халқымыздың саны аз. Он жеті миллионға енді жетіп жатырмыз. Қандастарымыздың қатары көбейіп келеді. Бұған да шүкіршілік. Мен қалалық партия комитетінде қызмет істеп жүргенде, Алматыдағы қазақтар қала халқының сегіз пайызындай ғана болатын. Қазір өсті. Отбасы болғаннан кейін қиындықтар да, ауыртпалықтар да кездесіп жатады. Қазақ айтпай ма: «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» деп. Ондайда шыдамдылық танытқан жөн. Қиындықпен күрескен дұрыс. Отбасында әйел адамның орны ерекше. Өз басым зайыбыма ризамын. Жастау кезімде жолдастарымды түн ішінде үйге әкеліп жүрдім. Сондайда келіншегімнің қабақ шытқанын көрген емеспін. Жадырай қарсы алып, дастарқанын жаятын. Менің алаңсыз қызмет етуіме жағдай жасады. Жұмыста кешкі сегіз-тоғызға дейін отырып қалатын сәттерім көп болды. Осыны түсіне білді. Балалардың тәрбиесіне де көбірек мән берген Нұрания. Одан жаман болған жоқ. Балалармыз көңі­лімізге сай тәрбиелі болып өсті. Жөнсіз қы­лықтарын кездестірмедік. Біз, ер азаматтар әйелді сыйлай білуіміз керек. Әйелді қадірлегеннен, құрметтегеннен кішірейіп кетпейміз. Түсінген адамға әйел үйдің киесі. Ағаның да, апамыздың да әңгімесі көңілге қонады. Олар өмір көрген, тіршіліктің ащы-тұщысын бастан өткерген кісілер. Алай­да ешқашан да келер күндерден, жақсы­лық­тардан күдер үзген емес. Кездескен кедергілерді де елей қойған жоқ. Өйткені бір-біріне сенімді еді. Екеуі бірге болса, қатар жүрсе беті қайтпайтын қиындық болмайтынын бас қосып, шаңырақ көтерген алғашқы күндерден-ақ сезінген. Олардың әлі де көңілдерін жадыратып, жарық дүниенің қызық-қуаныштарынан ажыратпай тұрған кілтипан – махаббат құдіреті. Нұрперзент ДОМБАЙ

19977 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5810

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5480

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3218

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2604

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2565

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2544

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2277

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы