• Әдебиет
  • 14 Қараша, 2013

Туған жерде өтті қимас күндерім...

Қазақстаным Уа, менің қасиетті қайран Далам! Арманның ақ кемесі қайраңдаған. Ғасырлар ғаламатынан ата-бабам Қалайша сақтап қалған, қайран қалам?! Уа, менің Алатаулы алып Далам! Бір сенің ұлылығың қанық маған. Өзіңнен алыстатса тағдыр мені, Антейдей демім бітіп, талып қалам. Уа, менің Сарыарқалы жазық Далам! Самалың, саумал көлің азық маған. Жалғаған өзегімді өзен-көлің Бір сәтке болмасыншы, күнім қараң. Қаймағы бұзылмаған Далам кеніш. Сыйыпты бар элемент саған тегіс! Төсің – дән, бөктерің мал, қойның қазына, Сен барда болмақпын мен неден кеміс. Міржақыптың монологы Құдай өзі сақтар деп, Жата берсең бой бағып, Мықтағанда өтерсің, Өмір бойы қой бағып. Қорлық емес қой бағу, Қой бағып та озған бар. Бірақ бәрің бұлайша Шіл боғындай тозбаңдар «Қанған жоқ па әлі ұйқың, Ұйықтайтын бар қай сыйқың?» Деген сөзін Ахаңның Шығарма естен, ей, жұртым! Бас басыңа би болсаң Қырқың қырға аспайды. Сонда болар, бауырым, Байтал түгіл, бас қайғы. Төрің түгіл есіктен Сығалатпа дұшпанды. Жеті өлшеп бір кесетін Саясат жүргіз ұстамды. Тау халқында дәстүр бар: Жау көрмейді туғанын. Өлетұғын тап үшін Бір-біріңді қумағын. «Кімнен қандай кемі бар, Ер Түріктің баласы? Алдырып жүрген дұшпанға Ауызының аласы» Ала болсаң, Алашым, Несібең кетер ауыздан. Түгел болса Түрігім, Кек аларсың жауыздан. Үлкен торғай туралы толғау Атақты Торғай жерінің Тарихына көз салсам, Ерлігі есті тандырған. Талай ер атын шалдырған, Талайлар ізін қалдырған. Аруағы риза болсын деп, Қағазда атын қалдырғам. Қошқарұлы Жәнібек Абылайға олжа салдырған. Шәкір, Жәуке, Иманды Кенесары алдырған. Қыпшақ Сейітқұл әйгілі Артына атын қалдырған. Алтынсарин Ыбырай Шамнан шырақ жандырған. Торының төрт тіреуі Тұсы жоқ дауда шалдырған. Құлжан, Төке – қос Бабас. Шаппай бәйге алдырған. Далада атын ойнатқан, Үйінде құрт қайнатқан. Сары Қошқар атақты Талай жауды жайратқан. Оспанқожа Әулие Имандылық орнатқан. Аманкелді, Әліби, Әбдіғапар, Кейкімен Патшаны тақтан тайдырған. Файзолла ишан – асылды Жан жоқ діннен айырған. Қаралдыұлы Байқадам Ұлыққа тілін алдырған. Қабырға, Торғай бойынан Талай тоған салдырған. Ахаң, Жақаң – қос алып Халқының бағын жандырған. Әбіқай, Нұрхан, Күдері Талайдың мейірін қандырған. Назарбек, Сырбай, Ғафудың Естілген даусы сан қырдан. Соларға тартып ұл туып, Торғайда жаңа Күн туып, Келер ме Дәуір, дүние-ай, Қанатын елдің жайдырған. Бәйбішеме (жетпіске толғанында) Сен бар кезде көңілім масайрайды. Сен жоқ кезде басады асау қайғы. Өзің барда баршадан бақыттымын Өзің жоқта жанарым жасаурайды. Сен баяғы мен сүйген қыз баласың. Қазір неге қит етсе сызданасың? Сенен жалғыз тілегім: мені сүйген Жұдырықтай жүрегің мұздамасын! Көкше көріністері Ақ қайың арасынан үрке қарап, Ақ бөкен қос жанарын бізге қадап. Жұта алмай азуына басқан шөпті Тұрғанда қалмайды екен бойда тағат. Ақ қайың Оқжетпесте тамаша өскен! Қайың мен Қызқарағай таласа өскен! Сонау бұлт Сәкен әкем жырға қосқан, Бәз қалпы, ерсең қарсақ тынбай көшкен. Тынықта көлге келіп түнереді. Көз жасын төгіп-төгіп жібереді. «Кененің үңгірінен» жел үп етсе, Тұп-тура Оқжетпеске тіреледі. Саялап құзар шыңның ұшар басын, Ақырғы тамшысымен шайып тасын, Маужырап маңмаңгерше бұлт жусаса, Бойыңа тарайды екен ішкен асың! Қайыңды бір оспадар сындырыпты. Арудың ақ көйлегін сыдырыпты. Білмеймін ұнамап па, ұмытты ма, Алматы, маған сөйтіп «сый қылыпты». Ыңғайлы қолға ұстауға, басы имек. Базарлық бұл секілді сирек тимек. Ала кеп Алматыма, төрге үйіме Қойдым да ұлыма айттым: басыңды и деп. Сәкен мен менің әкем құрдас еді. Екеуі тағдырлас та мұңдас еді Арысымның көзіндей ақ қайыңды Кесуге есі бар жан қимас еді. Тұрғынбек ШОПАН

3143 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы