• Тұлға
  • 05 Желтоқсан, 2013

МӘЙЕКТІ СӨЗДІҢ МҰЗАҒАҢЫ

Қазақ әндерінің ішіндегі жауһар дүниеге айналған «Маралдымды» естімеген қазақ жоқ-ау, сірә! Бұл ән талай жүрекке лүпіл, талай тамырға бүлкіл сыйлады. Әуенге айналған Маралды, ең әуелі қазақ әдебиетінің ақсақалы, елін өлең нәрімен сусындатқан ақын Мұзафар Әлімбайдың туған жері. Алдымен Естай, кейін Мұзафар ақынның өлеңінде келісті жырлануының өзі бұл атыраптың киесін, құдіретін көрсетеді. Тоқсан жыл бұрын қазаққа талантты ұл сыйлаған өңірдің шежіресі тереңде. Көкірегіміз күмбірге толы күйде үш жүзге аты мәлім Маралды көліне, Мұзағаңның жұртына жол тарттық... Маңдайдағы жазу Павлодар қаласынан шыққа­нымызға сонша көп болмай, Шарбақты ауданының орталығына жеткізер жолдан оңға бұрылдық. Көздеген мекеніміз Жылыбұлақ ауылы. Бір кездері Қызылтаң аталған, Мұзафар ақынның тұма жырға төгілте қосқан елі-жері сол. Әне-міне дегенше, алыстан айдын көл көзге шалынды. Табақтай беті күнге шағылысып жатқаны. Иә, бұл – дәл сол Маралды көлі. Толқынына талай сырды бүккен Маралды, Толқынына талай жырды бүккен Маралды. Моншақтай болып мөлдірегені анау Мұзафардай ұлдың кіндігін кескен жұрт бұл... Айтмағамбет әке мен Зейнеп ананың алдында құлыншақтай құлдыраңдап өскен ұлдың бал дәурен шағын етегіне орап алып қалған мекен осы. Ақынның өз естелігіне кезек берейік: МӘЙЕКТІ СӨЗДІҢ МҰЗАҒАҢЫ«Менің туған өңірім – Маралды атырабы әнші-күйшілер, ақын-жыраулар, термеші, хикаяшылар думан құрған өлке. Солардың тәтті сазын, татымды сөзін, тартымды ғибрат-тағылымын қаршадайымнан құлағыма құйып өстім. 1923 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келіппін. Әкеміз ескіше оқыған, Уфадағы медресе «Ғалияны» бітірген, жәдитше мектепте дәріс берген. Әкей көп сөйлемейтін, аз айтса да, саз айтатын, қақ-соқпен ісі жоқ, әділ-ақиқатшыл, тұйық мінезге таяу дерлік аса сабырлы адам болған. Он екі баланың шетінемей сау қалған үшеуінің ішіндегі ең кенжесі мен болдым. Содан да екі ағамнан гөрі еркіндеу, еркелеу өскен мені дімкәс әкем алыс-жақын сапарларға шыққанында қасынан қалдырмайтын. Әттең, әке тәлімі менің тоғыз жасымда оқыс үзілді. Бұл ұмытылмас мешін жылының басы еді...». 2006 жылы Мұзағаң облыстық «Сарыарқа самалы» газетіне арнайы сұхбат берген болатын. Сол жолғы тағылымды әңгіме арасында ақын: «Әкем кезінде Башқұртстан медресесінде қазақтың атақты жазушысы Бейімбет Майлиннен бұрынырақ оқыған, көзі ашық адам болыпты. Содан елге молда емес, мұғалім болып келген, бала оқытқан екен. Негізі, әкемнің туған жері Баянауылдың Қызылтауы. Кейін Маралды жаққа келіп, мектеп ашқан. Қызылағаш – менің туған ауылым. Барған сайын көзіме жас алып тұрып, еске түсіремін. Әкемнің табанының ізі қалған жер, сондай ыстық!» деп тебіренген болатын. Әкесі жеке басқа табынған қасіретті шақ туарын алдын ала сезіп, бір түнде отбасын ішке қарай көшіріп әкетеді. Бірақ та көп кешікпей, біреулердің көрсетуімен, погон таққандар соңдарынан қуып келіп, зорлықпен кері қайтарады. Көшіп келе жатқанда, Родина деген мекенге жетіп қалғанда дертті әке көз жұмады. Солдаттар абзал әкенің денесін өзіміз жерлейміз деп алып қалған. Содан ақын әкесінің қай жерде жатқанынан да бейхабар қалған. Айта кетерлігі, бұл әңгіме Мұза­ғаң­ның тәуелсіздік алғанға дейінгі естеліктерінде, кітаптарында кездеспейді. Бұған сол кездегі солақай саясаттың кесірі себеп болғанға ұқсайды. Мұзағаңды дүниеге әкелген анасы Зейнеп сауатты адам болған. Жарқын мінезді, тілді, тумысынан ақын екен. «Әкесіз өткізген жылдарда талай тапшылық, жоқшылық тауқыметін талай тартсақ та, асыл ананың арқасында жетімдікті көрмегендеймін. Қайран ананың жүрек жалыны тірі қалған екі баласын әлпештеуге әкеміздің көзі жоқтағы тұста да мол жетіпті. Он төрт жасымда анадан айырылғанда, міне, мен жетімектің кім екенін, жетімдіктің зіл мен мұң екенін толық сездім» деп күрсініп еске алады ақын бір әңгімесінде. Жаны жалғызсырап, жүрегі жетімсіреген жасөспірім тырнақалды өлеңін сол жылы жазда (1937 жылы) шығарады. Бұл он жеті шумақтан тұратын өлең болатын. Соның бір ауы­зы мынандай: Өкінем ерте өмірің өткеніне, Көре алмай қызығымды кеткеніңе. Өзгелер өз баласын еркелетсе, Жетімдік сүйегіме жетпеді ме? Әрине, кез келген бала үшін ананың орны бөлек. Мұзафар жеткіншек ана алақанын да, үзбей айтатын аяулы әңгімелерін де аңсады. Зейнеп ана ұлына Көтеш, Бұқар жырау, Абай, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай және Сәбит Дөнентаевтың есімдерін алғаш естіртіп, бұлақ жырларынан терең сусындата білді. Қаншама ертегі-қиссаны жатқа айтатын, өзі де жанынан жырлар шығаратын ерекше ақыл-қабілет иесі болған. Арада аз жылдар өткенде әде­биеттің ақ кемесіне мінген абзал ақын: «Ақындықтың алғашқы ұрығына аппақ нұр, асыл нәр беретін де ана әлдиі, ана жыры, ана әңгімесі екен» деп Ана даналығын бір-ақ ауыз сөйлеммен түйіп шығарды. ...Жылыбұлақ ауылына жеткен бойда қарсы алушылардан ақынның нақты туған жерінің қайда екенін сұрадық. Қайбір әңгімесінде Мұзағаң «әкемнің ізі қалған ескі мектептің орны бар» деген еді. Сөйтсек, қазір ешқандай белгі қалмаған. Ақын туған Қызылағаш ауылы қазіргі Жылыбұлақ ауылы мен Көлбұлақ ауылдарының арасында болған деп топшылайды. Қызылағаш аталуы, бұл белдерде бұлақтардың бойына ентелей біткен қызыл ағаштардың көптігінен болса керек. Яғни жердің ерекшелігіне қарай қойылған. Мұзағаңның: «ағаштардың қабығынан қып-қызыл шырын ағып тұратын» деп еске алғаны бар. Кеңес өкіметі орнағанда Қызылтаң колхозы құрылып, бұл маңай мыңғырған малға толған. Жаңа заман орнаған соң ескі жұртқа қатысты көне әңгімелер бірте-бірте жадыдан өше берген...
Маралдым Сөзі: Мұзафар Әлімбайдікі Әні: Әсет Бейсеуовтікі Қыз Қорлан қор қызындай тамсандырған, Естайға әлемде жоқ ән салдырған. Маралды! Маралды – көл! Маралды – төр! Самалдай ән еседі қарсы алдыңнан. Туған ел, туған жерім – Қызыл таңым, Сапырған күн астында қызыл дәнін. Өссем де құшағыңда ажырамай, Көркіңе көрмегендей қызығамын. Туған жер, өскен елім – Қызыл таңым, Сенікі ішкен суым, тұзым-дәмім. Даңқыңды, дәулетіңді шалқытады, Бақытын сенен тапқан қыз-ұлдарың. О, Маралдым, Маралдым! Сенің үшін жаралдым, Топырағыңнан нәр алдым. Көзіндейсің сен маған, Атам менен анамның.
МӘЙЕКТІ СӨЗДІҢ МҰЗАҒАҢЫ Поэзия бесігі Мұзекеңнің мұнан кейінгі өмірі Кереку қаласымен байланысты. Ауылда жеті жылдық мектепті бітірген соң, Павлодарға кетеді. «Он төртінде оқ түсірген» тағдыр оған интернаттың қара нанын татуды жазады. Мұғалім болсам деп арман жетегінде жүріп, педучилищеге оқуға түскен. Дәл осы білім ордасында жүргенде жазған өлеңі алғаш рет облыстық «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде басылады. «1939 жылы 18 июньде жарық көрді. Өлең Максим Горькийге арналған еді. Сол жылдары мен аға досым, жас ақын, студент Хамзе Өмірбаев, аяулы ұстаздарым Төлеутай Ақшолақов, Агриппина Даниловна Оцел, Зейтін Ақышев, Ләбиба Ғұсманова, Тұрсынбай Ерғалиев, Гүлбарам Әлиева, Ольга Васильевна Высоцкаядан әдеби ғана емес, адами тәлім алып өстім» дейді кейін қаламгер есею кезеңі жайлы естелігінде. Он сегізге енді толған шағында соғыс өрті бұрқ ете қалып, жас жігіт майданға тіленіп кете барады. Бұл шақтар елдің көз алдында өткен. «Уақытты бағалауды, өмірді қадірлеуді, Отанды қастерлеуді үйреніп қайттық. Елдік емтиханын жоғары бағаға тапсырып, отаншылдық мандатын төбемізге тудай көтеріп оралдық» деген сөздері бүгінде әр жеткіншекті қайрайтын жолдарға айналған. «Тең тұстарыма қарағанда, армиядан кешігіп оралыппын. Құрдастарымнан кештеу үйленіппін. Перзентті де отыздан аса бере сүйіппін. Алғашқы кітабым жиырма тоғыз жасымда ғана жарық көріпті. Осының бәрі сырт көзге өкінішті әңгіме сияқтанар. Ал сөйте тұра мен өзімді бақытты азаматтардың бірімін дей аламын. Армия қатарында да қаламымды қаңтарып көрген жоқпын. Елге келген соң 1948 жылғы (көктемнен) әдеби еңбекке құлшына кірістім. «Әр айдың оты басқа» дегендей, әр кезеңнің қайталанбас қадірі, өшпес олжасы, ұстатқан мүшесі бар екен!» деп жазған екі томдық кітабының алғысөзінде ақын. Алматыда талапты жасты тәлімді орта жатсынбай қарсы алады. Аталарға қарағанда, ағалар інілерге біртабан жақынырақ, қайырымдырақ. Содан да болар, аға замандастары Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Дихан Әбілев, Қалижан Бекхожин, тағы да басқалармен талай сырласып, ағалық ақыл-кеңестерін алған. «1962 жылдың бас кезінде: Өз дарыныңды эпикалық жанрда неге сынамайсың? Естай мен Қорлан трагедиясын сенен артық білетін кім бар, айтшы? Іркілме. Ізден. Күреске түспегеннің қырғын батыр екенін кім танысын? – деді маған Қалекең бір әңгімесінде. Сөйтіп, «Естай-Қорлан» дастаны сондай игі түрткіден кейін қалам жемісі болып дүниеге келген еді» деп жазады Қалижан ағасы туралы бір естелігінде. «Естай-Қорлан» махаббат оқиғасын Мұзағаңнан артық ешкім білмейді деуінің сыры тереңде. Қырқыншы жылдардан жазылған естеліктерде: «Естай әншінің жанында басына оюлы тақия киген, көзі бадырақ, сары бала жүрді. Ол атақты ақынның аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, үндемей-ақ қағаз бетіне тымпылдатып түсіріп отыратын» деген әңгіме кездеседі. Дәл сол «сары бала» кейін қазақ әдебиетінің марғасқасы, мәйекті сөздің маңмаңгері, әйгілі Мұзафар Әлімбаев атанады. МӘЙЕКТІ СӨЗДІҢ МҰЗАҒАҢЫ Зер салсаңыз, «Естай-Қорлан» ғашықтық дастанын автор өзінің әкесі Айтмағамбеттің рухына арнаған. Естай әнге қосқан, үш жүзге әйгілеген Маралды атырабында туғанын ақын әрдайым мақтан етіп, жырларының арқауына айналдыра білген. Ол дегенде жүрек соғысы, жан лебізі ерек болған. Әлі де солай.
Деген екен... Бiр жиенi үйленiп, 1977 жылы Мұзағаң Керекуге тойға барыпты. Туған жерi Маралдыдан бiр топ ағайын-жекжаттары келедi. Араларында ақынмен бiрге оқып, бiрге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солардың бiрi Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс түйiстiрiп амандасады да: – Мүскең, сен өзiң шашың селдiреп, қартайып қапсың ғой? – дейдi таңданғандай болып. Сонда Мұзағаң iркiлместен: Қабылқақ, рас айтасың, Шашымнан тарақ қалды, Аузымнан арақ қалды, Ойыннан картам қалды, Қойыннан қалқам қалды, – деп өлеңмен жауап берген екен. «Мұзафар Әлімбаев – алуан қырлы талантты ақын». Дихан баба Әбілев Лебіз «Нақтылық, ойлылық, жинақылық – Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі. Мұзафар – біздің із-өкшемізді басып келе жатқандардың ішіндегі ең бір ірі ақын. Оның өзіндік беті бар, қолтаңбасы бар. Әрбір өлеңін жарыққа шығарарда әрбір сөзі үшін күресетін, өзіне-өзі сыншылық жасайтын сарабдал ақын». Сырбай Мәуленов *** «Мұзафар Әлімбаев – шынтуайтына келсек, нағыз ғылымның адамы. Оның ғылымға тән таланты, миының зеректігі, асқан төзімділігі мен мүлде ерінбейтін еңбекқорлығы, уақытының көбін қағаз арасында, кітап ішінде өткізуі – бәрі де оның ғалымдық қасиетін айтып тұрған жоқ па?» Ғафу Қайырбеков *** «Мұзафар – ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөздің емес, сезгені, түйгені мол ойдың ақыны. Ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын бейнетқор да еңбекқор ақын...» Мұқағали Мақатаев
Жанға – нәр, жырға – құнар Әйгілі Маралды көліне таяп келеміз. Жылыбұлақ ауылынан үш шақырымдай ұзадық. Құмдауыт жер екені байқалады. «Мынау ағып жатқан бұлақ Маралды көліне барып құяды. Қазір тартылған кезі ғой, көктемде маңайға су мол жайылады» дейді жолбастаушы жігіт. Белесті жерлерді асып, көл басына, бұлақ келіп құяр тұсына аялдадық. Маралды! Айдыны күн көзіне шақырайып, шалқайып-ақ жатыр. Жары биік. Тұзды көлдің толқыны жар түбін шайып, әлсін-әлсін опыра түсуде. Әлгінде Жылыбұлақ мектебінің директоры Айман Бәстемиева Байжырық деп аталатын осы жардың басында ескі молалар барын айтқан. Түбін толқын су ұрып, бетін мезгіл-мезгіл жауын-шашын қопсытқан жардың шеті омырылып, құлай бастаған. Ескі қорымнан шашылып төмен түскен сүйектерді ауыл молдасы бас болып, бертін қайта жерлеген екен. Молалардың кімдердікі екендігі белгісіз. Анығы, бұл жерді ертеде байлар мекендеген. Маралды көлінің ұзындығы – 9,5, ені – 8,3 шақырымды құрайды. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұнда құйып жатқан бұлақтар ертеде, тіпті көп болған. Бертін жер жыртылып, құрылыс жүріп, талайының көзі бітелген. Мұзағаңның өз өлеңіне ден қойсақ: «Арқада аты әйгілі Маралды көл, Адамға ырыс үшін жаралды дер. Алпыс төрт арна бұлақ аққан қатар, Белдері бетегелі, аяулы жер». Жалпы, суы тұзды демесеңіз, көл төңірегі тегіс малға жайлы, шұрайлы екені аңғарылады. Төрт түлік көк шалғынға кенелген, шөлдесе, суы тас­тай бұлақтардан қанып ішеді. Маралды көлінің суы сан түрлі дертке шипа. Қара балшығы, судағы тұз құрамын арттыратын қызыл құрттары – тұнған байлық. Ем іздеп келушілер жылдан-жылға көбейген. Жылыбұлақ ауылының оқушылары жыл сайын жазда «Бастау» деген топ құрып, көл жағасын тазалауға шығады. Құптарлығы сол, еңбекқор, патриот балаларға еңбекақы төлейтін демеушілер ауылдың өз ішінен табылуда. Бұл да болса, көпке өнеге, үлгі. «Ақылгөй көрінгенге ден қоя ма? Атамыз Асан қайғы берген баға: «Жерің – от, ерің ойлы, кең екенсің, Өңгеріп әкетер ме ем желмаяма» дейді тағы ақын шабыты тасып. Маралды көлінің қасиетін ұғынбай көріңіз... Қауышу Жылыбұлақ ауылының мектебі бізді жылы жүзбен қарсы алды. Директоры Айман Бәстемиева 32 жылдан бері осында табан аудармай қызмет етіп келеді. Мұзафар ақынмен бірнеше мәрте кездесіп, лебізін естіген. «1983 және 1993 жылдары 60, 70 жылдық тойларын атамыз туған жерінде атап өтті. Алғашқысында Сырбай Мәуленов, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Тұрсынбек Кәкішев секілді атақты жзушылармен бірге келді. Олардың көбі «Балдырған» журналында ұзақ жыл бойы қызметтес болған. 1993 жылы келгенінде біз жаңа мектепке көшкен болатынбыз. Жаңа ғимарат 1992 жылы пайдалануға берілді. Ол кезде Қызылтаң колхозында ел қалың, оқушы көп болатын. Балалар өлеңдерін нақышына келтіріп оқып, ақындарды риза етті» дейді тебіреністі шақ туралы бөліскен Айман Ханзадақызы. Бүгінде Жылыбұлақ ауылы (Қызылтаң атауы 1994 жылы алынған) Мұзафар Әлімбай сынды қазақтың хас талантын мақтаныш етеді. «Сіздерге алысқа барып қажеті жоқ, бүкіл балалар әдебиеті осы жерде ғой» деп орынды әзіл айттық біз. Расында, ақынның маржан сөздері, мақал-мәтелдері санаға сәуле сыйлайды. Мектепте жыл сайын Мұзафар Әлімбай шығармашылығын насихаттау бағытында тәрбиелік, ашық сабақтар өткізіледі екен. Бас­тау­ыш сынып оқушылары аталарының тақпақтарын таңдайлары тақылдап айтып берді. Жетекшілері – Гүлжанар Махамбетова, Сәбира Дәуеновалар мәнерлеп оқудың қыр-сырын үйрете білген. Биыл мектепте ақынның дәрісханасы ашылыпты. Ашылуына орай «Мұзарт таудай биік тұлға» атты аудандық семинар өткізілген. Айман Бәстемиева бұл бөлмені көрнекі түрде жабдықтауға оқу ісінің меңгерушісі, тарихшы Сұлушаш Қалдыбаеваның мол еңбек сіңіргенін айтты. Осыдан біраз бұрын Жылыбұлақ мектебі аудан көлемінде өткен байқау жеңімпазы ретінде грант иеленген екен. Содан алған қаржысын арнайы бөлме жабдықтауға жұмсапты. Бұл ретте, ақынның торқалы тоқсан жасқа толуына орай мектепке келушілер көп болатыны ескерілген. Дәрісханадан басқа, мектептегі өлкетану мұражайында М.Әлімбай шығармашылығына арналған жеке бұрыш бар. Мұнда әр кездегі суреттері, шығармалары топталған. Өкінішке қарай, ақынның қолданған заттары мүлде жоқ. «Ақынның әрбір мақал-мәтелі, нақыл сөздері өмірден алынған. Мазмұнға бай, үйретері көп. Биылғы сәуір айында мектептің мәжіліс залына ауыл жұрты жиналып, жерлесіміздің өнегелі еңбегі туралы келелі әңгіме өткіздік. Мұзафар ата Жылыбұлақ ауылы­на 2011 жылы қазан айында келіп, ауылдастарымен кездесті. Қасында туысы Естай Мұқанбаев болды. Ол кезде облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев болатын. Әкім ақынға жаңа көлік мінгізді. Сәл кейін, 2012 жылы Павлодарда қазіргі аймақ басшысы Ерлан Арын Халық жазушысына пәтер берді. Мұның бәрі елдің әдебиетке деген, ақынға деген толассыз құрметі болса керек» дейді Айман Ханзадақызы. ТІЛ БІЛГІРІ Естай атындағы Мәдениет сарайында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жерлесіміз, облысымыздың Құрметті азаматы Мұзафар Әлімбайдың 90 жасқа толу мерейтойына орай «Туған ел! Сенің даңқың маған мерей» атты салтанатты кеш өтті. Абыз ақынды айтулы күнімен Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын құттықтады. Кешке қаламгердің өлең-жырларымен сусындап өскен аға буын, кейінгі ұрпақ түгелдей келді. Кештің шымылдығы Мұзағаның өмірі мен шығармашылығынан сырт шертетін бейнефильммен түрілді. Одан соң арда азаматқа арналған ақжарма тілектер тиегі ағытылды. – Қазақ әдебиетінің классигі, қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы Мұзафар ағамыздың торқалы тойы барша Қазақ елі үшін мерейлі. Ертістің Павлодар өңірін өнер өлкесі, төрі дейміз. Мұндай киелі топырақтан Мұзағамыздай тума таланттың дүниеге келуі – заңдылық. Ақиық ақын ағамыз қазақ әдебиетінде өзіндік өрнегін тапты. Өз заманының майталманы Мұхтар Әуезовтей алыппен қатар жүріп, жазушының ұтымды ойларын ұрпаққа жинақтап, қалдыру - Мұзафар ағамыздың атқарған қомақты істерінің бірі. Бала жүрегіне жол таба білді. Ел басына күн туған кезде Отан үшін күресті. Оқ пен оттың ортасында жүріп те жазуын тоқтатқан жоқ. Сөз құдіретін терең түсінді. Сөз маржанын шебер тере білді. Ағамызды тіл білгірі деп танимыз. Ақиық ақынды баршамыз мақтан тұтамыз. Қаламгердің туындылары жас пен кәріге, қазақтың сан ұрпағына нәр болары анық. Шығармашылығыңыз өзіңізге шуақ болып төгілсін, - деді өңір басшысы Ерлан Мұхтарұлы құттықтау сөзінде. Қазақстан Жазушылар одағы бас­қармасы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Грантының иегері, Ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Маралтай Ыбыраев, тәуелсіз еліміздің алғашқы Әнұраны авторларының бірі Жадыра Дәрібаева мерейтой иесін торқалы тоймен құттықтап, ақ тілегін білдірді. Бірі Мұзағаны «тірі шежіреге», бірі «мәдени мұраға» теңеп жатты кеште. Қазақ балаларының маңдайына біткен бақ десті көпшілік. Міне, осындай ізгі ниеттерге толы әсерлі кеш әнмен, күймен өрілді. Мұнда ақынның сөзіне жазылған «Маралдым», «Ақмаңдайлым» сынды танымал әуезді әндері шарықтады. Торқалы тойға жиналған жұртшылық назарына Мұзағаның еңбектері қойылған «Көркіндей өмірінің көркем гүлі...» атты кітап көрмесі ұсынылды. Мерейтой аясында Павлодар қала­сының Достық үйінде Мұзафар Әлімбайдың шығармалар жинағы мен ақын ғұмырынан сыр шертетін кітаптың тұсауы кесілді.Шарада сөз алған философия ғылымының докторы, академик Ғарифолла Есім: - Мен «Балдырғанды» оқып өстім. Мұзағаның өлеңдері мәнді әрі тез жатталатын. Балаларды жақсылық жасауға, жаманнан жиренуге үндейтін шығармалары талай ұрпақтың көкейіне сіңді. Мәселен, елі ардақтайтын көрнекті ақындарымыз Тұманбай Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әли Мұзафар Әлімбайдың алдынан өткен шәкірттері. Осыдан-ақ, Мұзағаның дарындылығын, ұрпақ тәрбиесіне қосқан сүбелі үлесін айқын аңғаруға болады, – деді. Ақын, ҚР алғашқы Әнұраны автор­ларының бірі Жадыра Дәрібаева мерейтой иесінің жан сұлулығы, тазалығы, адамгершілігі, еңбекқорлығы мен отансүйгіштігі сынды асыл қасиеттерін ерекше атады. Айта кету керек, ақын шығармашылығына арналған кітаптар «Ертіс-Баян» кітапханасы арқылы шығарылды. Мұзафар Әлімбайдың 90 жылдығына орай мерейтойлық шаралар келесі күні ақынның туған жері – Шарбақты ауданында, Маралды атырабында жалғасын тапты. Жылыбұлақ ауылдық округіндегі мектепте Мұзафар Әлімбайдың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін дәріс залының тұсауы кесілді. Ізінше аудан орталығының Мәдениет үйінде «Туған жерім – төрім мәңгілік» атты салтанатты шара өтті. Арқалы ақынға арналған торқалы тойды қазақтың ұлттық спорт ойындары бойынша жарыстар түйіндеді. Түйіндей келе айтарымыз, Мұзафар Әлімбайдай көркем сөздің жүй­рігімен шығармашылық байланыс жасап, өнегелі сөзін өмірлік мансұқ етіп жүргенімізді біз мақтан тұтамыз. Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ Павлодар облысы Шарбақты ауданы

9920 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6029

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5618

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3356

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2739

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2703

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2678

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2411

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2396

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы