• Тарих
  • 06 Ақпан, 2014

Ұлы дала атаулары. Жамбыл облысы

Байзақ ауданы Көкбастау – ауыл, Жаңатұрмыс ауылдық-әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 16 шақырым жерде орналасқан. Тұрғыны 1,1 мың адам. Іргесі 1950 жылы Аманкелді атындағы қызылша өсіру шаруасымен айналысатын ұжымшар негізінде құрылған. Бір кездері ауылдың маңында «Қарлығаш» атты бастау болған. Сол таза бұлақтан ауыл адамдары су алып тұрса, сол бастаудан аққан арықтан ауыл малдары сусындаған. 1948 жылы мұнда халық үй сала бастайды. Ел кәдесіне жараған мөлдір, таза бұлақтың атымен жергілікті халық ауылдарын «Көкбастау» деп атап кеткен. Кеңес – ауыл, Көктерек ауылдық-әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстікке қарай 28 шақырым жерде орналасқан. Тұрғыны 2,2 мың адам. «Кеңес» ауылы 1950 жылы сол жердегі кішігірім Құмбел, Қарақұм, Үштөбе және Кеңес төрт ауылдары біріктіріліп, қой өсіру ұжымшарының орталығына айналады. Олар ауылдағы «Қарабақыр» деген өзеннің батысына қоныстанады. «Қарабақыр» деген атау ХІХ ғасырдың аяғында өмір сүрген «Қарабақыр» болысының атымен байланысты қойылған. Жаңа ауылды Кеңестік үкімет кезінде «Кеңес» деп атайды. Кейіннен бұл жер үлкен ауылға айналғанда, ол елді мекеннің атауы «Кеңес» болып қалды. Ауылда жер астынан шығып жатқан таза бұлақ бар. Оны халық «Қайнар бұлақ» деп атайды. Бұл қайнарға ешқандай ағын сулар қосылмайды. Кейін ауыл тұрғындары қайнардың алдын бөгеп, оның суын егіншілікке пайдаланған. Уақыт өте келе судың көлемі ұлғайып, көлге айналып, оны халық «Көлқайнар» деп атайды. Ауылдағы «Жетімбөгет» деген бөгет бар. Оны салдырған Оразбай деген жетім кісі болған. Ауылдағы тағы бір бөгет ол «Сабыралы», «Жаңабай» және «Қансейіт» бөгеттері. Олардың атаулары сол бөгеттерді тұрғызған адамдардың атымен аталған. Ауылда малға шұрайлы «Жайылма», «Қарашеңгел» және «Кеңес» жайылымдары бар. Атаулары жер бедеріне және ондағы өсетін өсімдіктерге байланысты қойылған. Кеңес ауылының аумағында «Оххум төбе, Биназар төбе, Күміс төбе, Қоңыр төбе, Жеті төбе, Тәттібай төбе және Үштөбе» деген төбелер бар. Оххум қалмақтардың үлкен қаласы, қорғаныс бекеті болған деседі. Ал Күміс деген Оххум патшаның қызы болған деген ел аузында сөз қалған. Қарасу – ауыл, А.Суханбаев атындағы ауылдық-әкімшілік округінің құрамында. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстікке қарай 26 шақырым жерде орналасқан. Ауыл атауының шығу тарихы мынадай. Ауыл маңында бірнеше терең сайлар бар, осы сайлар әр көктемде және су мол болған жылдары жоғары жақтағы Ақшолақ ауылынан аққан сулар осында жиналып, манағы терең сайлардың ернеуін шайып, ауыл сыртындағы үлкен тоғанға қарай ағады. Кейде су мол болып ауылдың ортасындағы көпірлерді шайып кетіп отырған. Тоқтаған су жаз айларына дейін тартылмай, сайларда түсі қарақошқылданып жататын болған. Табиғаттың осы бір құбылысы жылда қайталанып, осы жерді мекендеген халық өз ауылдарын «Қарасу» деп атап кеткен. Қостөбе – ауыл, ауылдық-әкімшілік округінің құрамында. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан оңтүстікке қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Тұрғыны – 1,5 мың адам. Жамбыл совхозы 1932 жылы құрылған. Қостөбе ауылы Жамбыл совхозына қарасты елді мекен. Совхоздың міндеті қызылша ұрығын өсіру болатын. Шамамен 1932 жылдардан бас­тап Қостөбе ауылына үйлер салына бастаған. Ауыл атының «Қостөбе» деп аталуының себебі: Қызыл жұлдыз ауылы мен осы ауыл екеуінің арасында екі үлкен қос төбе болған. Сол төбеге байланысты ауыл аты «Қостөбе» деп аталып кеткен. Қазіргі уақытта бұл төбенің біреуі тегістеліп кеткен. Қазақстанда ұжымдастыру жүріп жатқанда осы аталған ауылға Голованов деген христиан жер ауып, сауда орталығын ұйымдастыру мақсатында осында келіп, көп жыл бойы қызмет ектен. Осы кісінің атымен ауылды «Головановка» деп 1993 ж. дейін аталып келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ҚР Жоғары Кеңесі төралқасының ­04.05.1993ж. ­ №2189-ХІІ Қаулысымен атауы қайтадан «Қостөбе» болып өзгертілді. 1996 ж. кейін Жамбыл ауданының арнайы бірлестігінің бөлімшесі болып келді. 1997 ж. Байзақ ауданына ауысты. Қызыл жұлдыз – ауыл, Қызыл жұлдыз ауылдық округіне жатады. Бұрынғы «Красная звезда» – Кеңес кезіндегі атау ауылы облыс Әкімінің 12.06.2001 ж. №839 Қаулысымен жаңадан «Қызыл жұлдыз» ауылдық округі құрылған. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым, Тараз қаласынан 1 шақырым жерде орналасқан. Мәдімар (бұрын Теспе ауылы болып аталған) –Талас өзені бойында (елге танымал, сауабы мол болыстың есімі) Ынтымақ ауылдық-әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстікке қарай 25 шақырым жерде орналасқан. 1997 жылға дейін «Ынтымақ» ауылы аталып келді. Ауылдың жанында «Ынтымақ» бөгеті бар. Осы бөгетке байланысты ауыл да солай аталған. 1950–1997 жылдары жүгері тұқымын өсіретін Октябрьдің 40 жылдығы атындағы ұжымшардың орталығы болып келді. Еліміз егемендік алғаннан кейін облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың 27.10.1996 ж. ІХ сессия отырысындағы бірлескен шешімімен аталмыш ауыл «Мәдімар» ауылы болып аталды. Мырзатай – ауыл, ауылдық-әкімшілік округінің орталығы. Аудан орталығы – Сарыкемер ауылынан солтүстікке қарай 12 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1939 жылы қаланған. Мырзатай деген атаудың шығу тарихы мынадай. Осы ауылда 9 ағайындылар өмір сүрген. Солардың бесеуі осы ауылда қалып еңбек еткен. Қалғаны бұл ауылдан көшіп кеткен. Мырзатай деген кісі сол ауылда қалғандардың бірі, шаруа, кедей адам болған екен. Ол кісі ауылдағы кедейлердің басын қосып, оларды еңбек етуге шақырып, белсенділік танытып, соларға ауыл кеңесшісі болады. Сол уақыттан бастап сырттан келгендер, бұл ауылды «Мырзатай шалдың ауылы» деп атап кеткен. Сарыбарақ – ауылдың аты. Алғашқы колхоздастыру кезінде патшалы Ресейден осы аймақтарға қоныс аударған орыс мұжықтардың бір тобы отырықшылыққа лайықты бір жерді таңдап, тауып, сол жерге сары топырақтан кірпіш құйып, үй сала бастайды. Бұл үйлерді мұжықтар өз тілдерінде барак деп атаған. Ал жергілікті халық алыстан сап-сары болып көрінген бұл үйлерді өз тілдеріне сәйкестендіріп, Сарыбарақ деп атап кеткен. Содан бері бұл ауыл осылай аталып келеді. «Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығы» бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

5057 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы