• Әдебиет
  • 13 Ақпан, 2014

Әке, мен сізді сағындым...

Мен бұл сезімімді асқар тау әкеме арнаймын. Ақпанның 13-і әкем Болат Серікұлы Әбдікерімовтің дүниеге келген күні. Биыл осы жалған дүниемен қош айтысқанына он алты жыл толады. Мен шыр етіп дүниеге келгеннен, бар болғаны алты ай ғана жанымнан табылды. Әкемнің бет-әлпеті жадымда болмағандықтан, суреттеріне қарап өзімді жұбатамын. Суретіне қарап түйгенім – әкем парасатты азамат болған. Өнер жолында болғанын жақындарымнан естідім. Қазір киелі сахнада қасиетті домбырасын ұстап жүрген Рамазан Стамғазиев ағамыз менің әкемнің досы. Ол кісіні көргенде әкем бірден есіме түседі. Бәлкім, ол кісінің өнеріне тәнті болғандықтан болар, маған әкем сол кісі сияқты елестейді. Әке, мен сізді сағындым. Өкініштісі, мен бір жасқа толмай-ақ, менің «әке» дегенімді естіртпей сұм ажал сізді анам екеумізден алып кетті. Сіз жайлы естіген сәтте жүрегім қан жылайды. Жылай отырып, жүрегімді сағыныш оты кернейді. Сіздің мөлдір көздеріңізді, елжіреген ерекше даусыңызды, жымиған күлкіңізді естіп, көргім келеді. Қасиетті үш әріптен тұратын «әке» деген сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?! Әкемсіз өткен әрбір күн мен үшін өте ауыр. Әкешім, сіз білесіз бе, сіздің достарыңыз, сізді көзі көрген адамдардың бәрі мені сізге қатты ұқсатады. Оның өзі мен үшін үлкен бақыт, қуаныш деп ойлаймын. Мені көрген сайын сіздің жомарттығыңыз жайлы көп айтады. Сіздің туған аға-інілеріңіз, апаларыңыз жәрдемдесіп, орныңызды жоқтатпауға тырысады. Дәлірек айтсам, Бақыт аға мен зайыбы Ақмарал апай мені бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірді. Алғаш әкем деп танығаным да Бақыт аға болатын. Мені әлі күнге дейін ойлап, қолынан келгенше қарайласып тұрады. Әке орнына әке, шеше орнына шеше болған осы кісілердің алдында басымды иемін. Жалғызсыратпайтын осындай туған-туыстың бар болғанына Аллаға мың да бір шүкіршілік етемін. Мен сіздің артыңыздан қалған жалғыз сөнбес жарық жұлдызбын. Атыңызды өшірмей, атақ-даңқыңызды одан әрі шығара беруге сөз беремін. Сіз кіш­кентай балапаныңызға тілекші болсаңыз болғаны, Құдай бұйыртса, мен бәріне қол жеткіземін. Былтыр мамырдың 18-інде Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Көкжелек ауылында әкемді еске алу кеші өтті. Ауылдың түп-тұяғы қалмай тегіс жиналды. Бұл да болса сіздің жақсылығыңыздан болар. Осы жерде Әбді­ке­рімовтер әулетінің толығымен атсалысқанын, Мағауия Қозбағаров ағаның көмегін атай кеткенді жөн көрдім. Осы жиында әкем туралы көп мәлі­метке қанық болдым. Қазақтың «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөзі дәл сізге арнап айтыл­ғандай. Сіздің тек қана сазгер емес, күреспен де айналысқаныңызды білдім. Әр өңірден жасөс­пі­рімдер келіп, күрестен жарыс өткізді. Сізді еске алып, есіміңізді атағанда қуаныштан бала жүрегім алыпұшты. Өзіңізге деген сағынышым үдей түскендей. Әкешім, сізді бір көру арманым болып қалады. Сіздің жоқтығыңыз қиналған сәтте қатты білініп, анашым екеуміздің жанымызға қатты батады. Егер сіз болғанда, өмірге деген көзқарас мүлдем басқаша болар ма еді? Кім біледі? Әкетайым, біз сізді әрқашан жүрегімізде сақтаймыз. Қолымыздан келетіні тек аруағыңызға құран бағыштап, біліп-білмей істеген күнәларыңыз үшін Алладан кешірім сұрау. Раббым, бізді енді жылата көрмеші! Осының арты жақсылықпен аяқталып, әкемнің жаны жаннатта, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын. Әумин! Әсел Серік, №138 гимназияның 10-сынып оқушысы Алматы

10370 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы