• Әдебиет
  • 27 Ақпан, 2014

Ізгі жол

Биылғы жылы қолыма «Ғылым ордасы» баспасы шығарған «Ақиқат жолында» деп аталатын кітап түсті. Бояуы ашық, көркем безендірілген кітап мұқабасындағы болмыс бітімі ерек, жүзі нұрлы Хакім-Хазіреттің портреті көз тартады. Бұл кісінің өмір жолының елге берер сабағы, ғибраты қандай екен деп кітап парақтарын ақтара бастадым. Оқыған сайын қызығушылығың арта түседі екен. Мен үшін бейтаныс әлем. Мұсылман дініне жақын болғаныммен, бұл саланың ішкі әлемін, өкінішке орай білмейді екенмін. Білмейтініңді біле түскің келеді емес пе?! Хакім Омарұлы Бурабайда атасы Қосдәулет салған медресені оқып бітіреді. Көкшетауда орысша білім алады. Орыс тілінің мұғалімін алдырып өзінің және маңайдағы балаларды орысша оқытқан. Әкесі Омар қажы 1922 жылы нақақ­тан жала жабылып, ешбір тексерусіз кісі қолынан қаза тапқан. Осы қанды оқиғадан кейін Хакім бес бауырын, ана­сын алып Омбы облысындағы Құр­манбай, Салық нағашыларын паналайды. Тіршілік тауқыметін көтеріп Қа­рағанды, Хабаровскіге дейін жетеді. Бармаған жері, баспаған тауы қал­майды. «Халық жауының» балалары болған соң, көрмегенді көріп, талай қиын­шылықтарды бастан өткереді. 1935 жылы отбасымен келіп Семейге тұрақтайды, Хакім етік­ші болып артельге орналасады. Бауыр­ларының бәрі үйленіп, балалы-шағалы болып, 17 жан бір шаңырақ астында естерін жия бастағанда 1941 жылы соғыс басталады. Хакім Хамит бауырымен соғысқа барып, отанын фашистерден 4 жыл бойы от пен оқтың арасында жүріп қорғайды. 1944 жылы Хакім ауыр жарақат алып елге оралады. Хакім жан-жақты білімді болған­дықтан, 1948 жылы Семей қаласы­ның мешітіне имам болып сайланған. Білімділігі, алғырлығы мен адалды­ғы­ның арқасында бұл салада өмірінің соңғы сәтіне дейін қажырлы еңбек етеді. Орта Азия және Қазақстан мұсыл­мандарының діни басқармасының муфтиі Зияут­дин Бабаханов Хакімнің білімін, парасатын таразылай келе, 1948 жылы ОА және ҚМДБ-ның мүшесі қылып тағайындайды. Қазақстан бойынша тексеру комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы екі қызметті 26 жыл бойы абыроймен атқарған. Қоғамдық қызметке, әсіресе бейбітшілік қорғаудың бүкіләлемдік қозғалысына атсалысқан еңбегі де зор. Бірқатар жоғары діни лауазымды қызметтер атқарған Хакім Омаров дін саласына қатысты көптеген қайшылықтармен ымырасыз күреседі. Адамның даңқы ел аузынан бұрын өз абыройында болуы керек. Атақ-даңқты мұрат қылмаған ол қандай «тар жол, тайғақ кешуден» өтсе де адамның азаматтық парызын өтеуді өзіне қасиетті міндет деп санады, әкесінен айырылып, нар көтерер тауқыметті иығына артып, бес бауырына, туған анасына қамқоршы болып, оларды риза қылды, асырады, бақты, оқытты, азамат тұғырына шығара алды. Хакім Омаровтың қолжазбала­рынан оның дінге берік, иманына бекем кісі болғанын, арабша, парсы, көне түрік, шағатай тілдерін білетінін, тағылымы өте терең адам болғанын байқауға болады. Хазірет араб, парсы, көне түрік елдеріндегі еңбектерді аударып қана қоймай, ондағы ғибраттардың тереңіне үңіліп, уағыз-насихаттарында ұтымды, орнымен пайдаланған. Ол өмір сүрген Кеңес заманында дін насихаттау түгілі, дін ұстанудың өзі қауіпті деп саналса, оның өз дініне, сеніміне қаншалықты табанды, қажырлы болғанының өзі неге тұрады. Бала кезінде кітапқа, есейе келе білімге деген құштарлығы, тек елдің ғана емес, күллі әлемнің рухани, мәдени, саяси өміріне деген зерделі ықылас, шет тілдерін игеріп алуы, Құран-кәрім шарифте айтылғандай, мұсылман туысына әрқашанда жәрдем көрсетуге деген ниеті, оны Хазірет деңгейіне, ізгі бейбітшілік ісін қорғауға қашанда дайын ислам әлемі мойындап таныған күрескер дәрежесіне көтерді. Тынымсыз іздену, үздіксіз үйрену, жүйелі машықтану, қа­жырлы еңбектенуінің арқасында табиғатында көшелі, рухы биік, жұлдызы жоғары дін қайраткері болды. Қара орман елінің ғана тілеуін тілеушісі емес, төрткүл дүниені жайлаған мұсылман қауымының жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін жаршысы, тілеушісі екендігіне көзің жеткен соң, санаңа сәуле сіміртетін кестелі сөзін, дестелі сөйлемін таразылағың келеді. Жазған жазуынан, берген түсініктемелерінен қанағат пен рақым есіп тұрады. Жазбаларын парақтай отырып бір құжатқа көзім түсті. Құрмет грамотасы екен, орысша жазылыпты. «Почетная грамота Гумаров Хаким Награждается Почетной Грамотой Советского Комитета Защиты Мира за активную деятельность по укреплению мира между народами. Председатель Советского Комитета Защиты Мира Н.Тихонов Ответственный секретарь Комитета М.Котов №5885 Москва 1969» Иә, айтқандайын, Н.С.Тихонов ол кезде КСРО Жазушылар одағының бірінші хатшысы болған. 1955 жылы 4-10 сәуір айында Делиде (Үндістан) өткен халықаралық конференцияға КСРО делегациясын бастап барған. Делегация құрамының басшысы Н.С.Тихоновты сол кездегі Үндістанның президенті Раджендра Прасад қабылдаған. Бұл делегацияның құрамында академик Н.Базанова және Хазірет Хакім Омаров болған. Елу жылда ел жаңа деген тағылымды сөз бар. Арада елу жыл өткеннен соң Тадж Махалға Хамида есімді Хакімнің қызының жолы түседі. Хамида орыс тілінің маманы. Орыс тілін әбден меңгерген, орыс әдебиетінің сирек кездесетін білгірі, әлем әдебиеті мен мәдениетін тым жақсы білетін қадірлі әріптесім. Хамида аяулы қарындасыммен ширек ғасыр бойы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетіндегі орыс тілі кафед­расында қызмет еттік. Жан жолдасы, өмірлік серігі Қабыкен – инженер. Бұл отбасы ислам дінін ізгілік бастауы деп түсінеді. Хакім хазіреттің өмір жолын баяндайтын «Ақиқат жолында» кітабы әрбір замандасымызға өткен кезеңдегі діни хал-ахуалдан сыр тарқатып қана қоймай, еліміздің жарқын бола­шағына үлкен сенім арттыратын, әр отандасымыздың рухани әлеуетіне қуат беретін дүние десе де болғандай. Сейітзада ӘСЕМБЕК, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті әлеуметтік тәрбие басқармасының бас маманы

3534 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы