• Әдебиет
  • 10 Сәуір, 2014

Поэзия пырағы

Әр ұлттың өзіндік болмысы мен өшпес рухының баламасына айналған біртуар перзенттері болады. Түрікмен халқы үшін Мақтымқұлы Пырағы да – сондай тұғырлы тұлға. Ол алмағайып заманның үздіксіз өзгеріп, айлардың алмасып, жылдардың жалғасып жатқанына қарамастан, өз ұлтының ұлы ұстазы ретінде бағаланып келеді. Кеше де, бүгін де, болашақта да солай. Себебі елдің үрдісімен үндес, үлгісімен үйлес өлең-жырларға ешқашан көлеңке түспек емес. Мақтымқұлы – түрікменнің төлқұжаты, тілдесетін тілі, сөйлейтін сөзі. Оны заманында әйгілі ақынның өзі де жеріне жеткізе айтқан. Тұлғалар мен туындылар Мақтымқұлы, өлшеп сөйле бойыңа, Асыңды бер қарай-қарай жайыңа. Дана тапсаң – басыңды қи жолына, Сонда өзің де кәміл адам боларсың Мақтымқұлы (Ғали Ормановтың аудармасы). Әр ұлттың өзіндік болмысы мен өшпес рухының баламасына айналған біртуар перзенттері болады. Түрікмен халқы үшін Мақтымқұлы Пырағы да – сондай тұғырлы тұлға. Ол алмағайып заманның үздіксіз өзгеріп, айлардың алмасып, жылдардың жалғасып жатқанына қарамастан, өз ұлтының ұлы ұстазы ретінде бағаланып келеді. Кеше де, бүгін де, болашақта да солай. Себебі елдің үрдісімен үндес, үлгісімен үйлес өлең-жырларға ешқашан көлеңке түспек емес. Мақтымқұлы – түрікменнің төлқұжаты, тілдесетін тілі, сөйлейтін сөзі. Оны заманында әйгілі ақынның өзі де жеріне жеткізе айтқан. Шабыт шалқыр, қайрат-жігер мұқалмас, Тасты үгітер, оны ешкім тұта алмас. Көкірек – қазы, көз – таразы, құдды алмас, Мақтымқұлы – сөйлер тілі түрікменнің. Түбі бір түркі дүниесінің айтулы тұлғаларының ішінде қазақ жұртына ең танымал болған шайырдың бірі – Мақтымқұлы Пырағы. Оның өлең-жырлары қалың қазаққа Ғали Орманов (Мақтымқұлы. Таңдаулы өлеңдер. Алматы: ҚМББ, 1947), Ғафу Қайырбеков (Мақтымқұлы. Таңдамалы өлеңдер, Алматы: ҚМББ, 1959), Дүйсенбек Қанатбаев (Мақтымқұлы. Таңдамалы, Алматы: Жазушы, 1983) аудармалары арқылы жақсы таныс. Сонымен қатар ұлы ақынның біраз өлеңдері 2009 жылы шыққан Светқали Нұржанның «Әулиелер әуезі» атты аударма кітабында, 2012 жылы «Қазақ энциклопедия­сынан» шыққан «Түрікмен поэзиясы» атты жинақта жарияланды. Поэзия пырағыӘрине, қазақ әдебиеті мен түрікмен әдебиетін жалғыз Мақтымқұлы Пырағы ғана байланыстырмайды. Ортақ рухани дамуымыздың белестерінде қазақ пен түрікменді тоғыстыратын нақты мысалдар баршылық. Барша түркі халықтарына ортақ көне түркі жазба ескерткіштері, «Қорқыт ата кітабы», «Диуани лұғат ат-түрік» сөздігі, «Көрұғлы», «Оғызнама» эпостары – қос халықтың мұрасын биік деңгейге көтеріп тұрған шығармалар. Қорқытты түріктермен және әзербайжандармен көбірек ортақтастыруға дағдыланған біз оның түрікмен әдебиетінің ұлы тұлғасы екенін, сабақтас тарихымыздың бір бастауы сол кезеңде жатқанын ұмытпағанымыз абзал. Себебі академик Рахманқұл Бердібай айтқандай, «Қазіргі түрікмен мен қазақтың құрамына енген рулардың біразы сонау ІХ-Х ғасырларда Сырдария бойында оғыз-қыпшақ бірлестігі қарауында болғанын да тарих деректері растайды. Қорқыт атына байланысты оғыз эпосының алғашқы баптарында дәл осы кезеңнің шындығы елес беретіні де анық». Екі елдің әдеби мұрасын саралаған кезде ортақ тиянақ болатын шығарма – «Көрұғлы» эпосы. Онда қиял-ғажайып ертегілерге тән сюжеттер молынан қамтылған. Зерттеулерде «Көрұғлының» әзербайжан, армян, грузин, курд, түрік, өзбек, түрікмен, тәжік және қазақ нұсқалары бар екені, барлық нұсқалар бойынша Көрұғлының түрікмен халқының теке-жәуміт руынан шыққандығы айтылады («Көрұғлы» // Қазақ совет энциклопедиясы, А., 1975). Әуелбек Қоңыратбаев «Қазақ эпосы» атты зерттеуінде «Көрұғлы» эпосының қазақ тілінде туған жиырма сегіз нұсқасы бар екенін айта келіп, қазақ жырларында түрікмен нұсқасымен ұқсастық көп екенін баяндайды. Қазақ әдебиеті мен түрікмен әдебиетін сабақтастыратын ортақ жәдігер – «Оғызнама». Түрікмен халқы оны өз рухының белгісі ретінде бағалайды, төл тарихының орта ғасырдағы шежіресі деп санайды. Оғыздар тарихы – түрікмен ғана емес, қазақ тарихының да бөлінбес бөлшегі. Олардың қазақ жерінде қоныстанып, тіршілік кешкені, қос халықтың мәдениеті мен тұрмысы, рухани құндылықтары біркелкі дамығаны баршаға белгілі. Мұны оғыздар тарихын зерттеуші ғалым С.Г.Агаджановтың: «ІХ-ХІ ғасырларда оғыздардың көпшілігі жартылай көшпелі және көшпелі өмір салтын ұстанды. Олар Каспийдің солтүстік жағалауына, Сырдарияның төменгі сағасына және Арал теңізі маңындағы далалық жерлерге тығыз қоныстанды»­ деген мәліметі айғақтай түседі. Сонымен қатар оғыздар қаласы жөніндегі мәселеге арнайы тоқталған академик Карл Байпақов «археологиялық материалдарды талдау және керамиканы зерттеу нәтижелеріне сүйеніп, оғыздардың Қазақстанның орта ғасырлық қалаларында мекендегенін нақтылай түсуге болатынын» айтады. Екі елдің әдебиетінде кейбір шығар­ма­лардың жекелеген сюжеттер ұқсас­ты­ғының мысалдары да жетіп артылады. Мұның бәрі елдердің ортақ тарих ауқымында дамығанын, біркелкі ахуалды бастан өткергенін, халықтың өсіп-өркендеуіне өзара үйлесімді факторлар ықпал еткенін, соған орай мәдениеті мен әдебиетінің сабақтаса ілгерілегенін айғақтайды. Осыған орай Р.Бердібай: «Туысқан түрікмен халқының асыл дастандарының бірі – «Шахсәнәм мен Ғаріп» кей тұстарында қазақтың эпостық туындысы «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» еске салады. Аң аулап жүріп, буаз маралды атпаған шах пен оның уәзірі бірінің әйелі ұл, екіншісінің әйелі қыз туса, құда болуға серт байласады. Бірақ кешікпей уәзір қайтыс болады. Жетім қалған Ғаріпке шах өзінің қызы Шахсәнәмді бергісі келмейді. Міне, осыдан барып екі жастың махаббат бостандығы үшін шырғалаңы басталады» дейді. Түрікмен әдебиеті үшін ХІ ғасырда өмір сүрген «Мяне баба» деп аталған ғұлама Әбу-Саид Әбіл-Хайыр Мехнеидің орны ерекше. Халықтың айрықша ықыласын иеленген ол сопылық ілімнің сұлтаны саналады. Біздегі сопылық ілімнің басында Қожа Ахмет Ясауидің тұратыны сияқты Мяне бабаның шығармашылығы осы тақырыппен тығыз байланыстырыла бағаланады. Түрікменнің ұлы шайыры Сеиди мен қазақтың әйгілі ақыны Махамбеттің жорық жырларынан да рухани үндестіктің мысалдары көптеп табылады. Ақындар мен арулар Құдайға құл, расулға бол үмбет, Мақтымқұлы жыр жазады соны үндеп. Қасіреті, тақсіреті көп дүние, Айтпас ешкім түгелденіп болдым деп. Мақтымқұлы (Ғафу Қайырбековтің аудармасы). ХVІІІ ғасырда өмір сүрген түрікменнің ұлы ғұламасы, ойшыл ақыны Мақтымқұлы Пырағының әдебиеттегі орны ерекше. Оның ақындық тұлғасы түрікмен рухының бір рәмізіндей ардақталады. Кейде біздің қазақ әдебиетінің даму кезеңін шартты түрде «Абайға дейінгі әдебиет» және «Абайдан кейінгі әдебиет» деп жіктеп жүр­геніміз сияқты Мақтымқұлы да түрік­мен әдебиеті тарихын дәуірлеу барысында аралық биік өлшем бола алады. Түрікмен әдебиетін зерттеуші Марина Агаеваның тұжырымына сүйенсек, «Мақтұмқұлының тамаша поэзиясының алтын арқауы түрікмен фольк­лорында, ақынның халықпен тығыз бірлікте болғандығында, олардың ой-арманы мен мұң-шерін өзінің философиялық толғамға толы айшықты өлең-жырларында айқын таныта білуінде». Әдебиет тарихын түзу тұғырлы тұлғалар мен елеулі құбылыстардың сөз өнеріндегі үйлесімін ескере отырып жүзеге асырылады. Мақтымқұлы Пырағы – түрікмен әдебиеті үшін сондай тегеурінді тұлға әрі қайталанбас құбылыс. Оның ұлттың рухани азығына айналған классикалық шығармалары түрікмен әдебиетін биік белеске шығарған тұтастай бір дәуірдің табиғатын танытады. Ал оның ақын ретіндегі ең басты ерекшелігіне келсек, «Мақтымқұлы түрікмен поэзиясында алғаш рет қарапайым адамдардың бәріне түсінікті халықтық тілмен жазды. Түрікмен ақынының шығармашылығына қатты қызыққан М.Е.Салтыков-Щедрин: «Осы бір талант иесін Шығыстың Шиллері дер едім. Мен оны Александр Сергеевичпен қатар қоюдан тартынбаған болар ем» деп бекер айтпаса керек» (Агаева М. Туркменская литература. М., 1980). Түрікменнің әуезді тілі Мақтымқұлы шығармашылығында таза әрі айқын көрініс тапты. Мақтымқұлы мұрасы түрікмен әдебиетінің ғана емес, түрікмен тілінің де баға жетпес бойтұмары болып саналады. «Әлем әдебиетінің тарихы» көптомдығына түрікмен әдебиеті туралы ғылыми мақалалар әзірлеген зерттеуші С.А.Каррыев ұлы шайырдың шығармашылығы жөнінде былай дейді: «Жазба әдебиет тілі мен халықтық тілдің арасы одан әрі жақындай түсті. Мақтымқұлы бұл үдерістің негізін салды және оның тұстастары Андалиб, Шабенде, Магрупи, Шейдаи мейлінше байытты. Жазба әдебиет тілін архаизмнен және бұрынғы заман поэзиясын жаппай жайлаған, жалпы халық түсіне бермейтін араб-парсы сөздерінен құтқарды». Мақтымқұлы мұрасының ауқымды бір бөлігі – махаббат лирикасы. Ол көркем сөздің, құнарлы тілдің құдіретімен түрікмен аруының бейнесін мүсіндейді. Осы топтағы шоқтығы биік өлеңдерінің бірі – «Гөзел сен» («Gözel sen») деп аталады. Gün hanjary gökden ýere inende, Güne garşy dogan Aýy gözel sen ! Ussa Japar işi, senjap jüpbesi , Yspyhanda gurlan ýaýy, gözel sen! Saçbagyñ ujunyñ simdir işmesi, Üstünden ýol düşse, kyndyr aşmasy, Agzyñ-aby haýat, Zemzem çeşmesi, Aýn-al baky suwnyñ laýy, gözel sen! Әрине, аударманың аты – аударма. Әр ұлттың өлең өрнегі мен тілдік ерекшеліктеріне орай ол кейде түпнұсқадан алшақтап қалып жатады. Ойды ұқтыру үшін кей тұста жекелеген ұғымды аттап кетуге де тура келеді. Бірақ қалай болғанда ол тәсілдер сөз құдіретіне көлеңке түсірмеуге тиіс. Осы тұрғыдан алғанда қазақ әдебиетінде айрықша орны бар айтулы ақындарымыз қай кезде де Мақтымқұлы поэзиясының мәйегі мен сөлін сақтап тәржімалауға тырысты. Осы өлеңнің алғашқы екі жолын Ғали Орманов былай аударды: «Күн қанжары көк бұлтты тілгендей, Жаңа иіліп туған айым, сен сұлу». Ал түрікмен тілінің уызынан қанып ішкен Дүйсенбек Қанатбаев былайша жеткізген: «Қанжар сәуле қадалғанда биіктен, Күнге қарсы ай боп тудың гөзелім». Ғали ақын әрі қарай: «Жағпар тонын жалтылдатып кигендей, Аспаһанның ақ семсері, сен сұлу» деп жалғайды. Дүйсенбек шайыр болса, «Жапар тонды шыққаныңда киіп сен, Исфаһанға сай боп тұрдың, гөзелім» деп толғайды. Екінші шумақтан да екі ақынның өзіндік ерекшелігі байқалады. Ғали Орманов: «Шашбауыңның сылдыраған үзбесі, Қолға тимей, құриды адам діңкесі» деп сезімді қозғаса, Дүйсенбек Қанатбаев: «Шашбауыңның күміс екен үзбесі, Көрген жанның басқада емес, сізде есі» деп өзгеше өрнек салады. Ғали ақынның: «Лебізің зәмзәм – әбілхаят дәрісі, Тасбұ­лақ­тай сылдыраған сен сұлу» дегенін Дүй­секең қырық жылдан кейін «Тілің – зәмзәм, махаббаттың жүз көші, Айналғанға сай боп тұрды, гөзелім» деп жаңғыртады. Ғали Орманов аудармасынан қазақ қызының бейнесін кейіптеген Мағжанның әсерін аңғарғандай боламыз. Ал Дүйсенбек Қанатбаевтың «гөзелі» түрікмен аруының табиғатынан ауытқи қоймаған секілді көрінеді. Мақтымқұлының «Gyzyl diýsem-gyzyl, al diýsem-al sen, Hindistanda-şeker, Bulgarda – bal sen» деген түпнұсқа жолдарын Ғали Орманов: «Бірде алқызыл көрінесің тым абзал, Үндіде – нәр, Балғардағы сен бір бал» деп сипаттаса, Дүйсенбек Қанатбаев: «Маңдайың ақ, екі бетің қырмызы, Үнді – шекер, Бұлғар – балы, қыр қызы» деп суреттейді. Осы шумақтың жалғасы («Yşk bilen açylan bir täze gül sen, Ýusup-Züleýhanyñ taýy, gözel sen!») «Ләм-әліптей көрінесің көзге дәл, Жүсіп – Зылихадай сен сұлу» (Ғ.Орманов) деп қазақшаланса, кейін «Аты аңыз Жүсіп ердің құндызы – Зылихаға сай боп тудың, гөзелім» (Д.Қанатбаев) деп түрленеді. Қысқасы, өз ұғымындағы арудың бағасын білетін қарымды ақындарымыз Мақтымқұлы өлеңінің әрін кетірмей аударып, сән-салтанаты келіскен түрікмен қызын қазақ даласына кеңінен танытты. Аңыздар мен айғақтар Мақтымқұлы, көзіңді сал маңайға, Орныңды тап, оң-солыңды абайла. Тәлім алып, тәлім беріп талайға, Сөйлей-сөйлей сен де сөзшең боларсың. Мақтымқұлы (Дүйсенбек Қанатбаевтың аудармасы). Әдебиет тарихында белгілі бір кезеңдегі шығармашылық мұраның келесі дәуірде де рухани көшбасшылық рөлге ие болуының мысалдары баршылық. Түрікмен әдебиетінің даму белестерінде рухани ой-сананың биігіне шыққан мұндай әдебиет классиктері жеткілікті болды. Сонымен қатар олардың туын­дылары бірнеше ғасырға ұласқан, дәуірді дәуірге жалғайтын бірегей құндылық саналды. Осы тұрғыдан алғанда, «XVIII ғасырдағы түрікмен әдебиетінің классигі Мақтымқұлы шығармашылығы ХІХ ғасырда да тек өзінің көрнекті көркемдік құндылығымен ғана емес, поэзиясының бірлікке, бейбіт өмір идеясына үндегендігімен, тым жаңа және сол кез үшін маңызды болғандығымен үлгілік мән-мағынасын сақтады» (Османова З.Г. Введение. Литературы Средней Азии и Казахстана // История всемирной литературы. 6 том. М., 1989). Мақтымқұлының әкесі – түрікмен­нің бүкіл Шығысқа танымал ақыны Дәулетмәмбет Азады. Ел ішінде Мақтым­құлының өзі ғана емес, оның әкесі мен шешесі туралы да аңыз әңгімелер өте көп. Соның бірін 1974 жылы ақынның орыс тілінде шыққан жинағына алғы сөз жазған Б.Каррыев мысалға келтіреді. Бір күні Мақтымқұлының анасы, оның бауыры, күйеу баласы және ақынның өзі тұтқынға түседі. Оларды Мешхедке алып келіп, зынданға тастайды. Біраз уақыт өткен соң төртеуін Тегеранға жеткізеді. Патша Мақтымқұлының шешесінен өзіне мыналардың қандай жақындығы бар екенін сұрайды. Ол кісі жауап береді. Сонда патша былай депті: «Үш туысыңның біреуін босатқалы отырмын. Қайсысын жібергенімді қалар едің?». Шешесі: «Мақтымқұлы өз жырымен өзін құтқара алады. Амандық болса, күйеу бала табылар, бала туылар, ал бауырды қайдан аларсың?» деп ойлайды. Содан соң патшаға: «Бауырымды босат!» депті кейуана. «Сенің балаңның қолынан не келеді өзі?» деп сұрапты одан патша. «Ол – ақын және ақын болғанда қандай! Ондай ақынды еш жерден таппайсың!» деп сүйсініпті шешесі. Патша оны дереу шақыртып алады. Сол кезде Мақтымқұлы билеушінің алдында тоқтаусыз өлең оқиды. Патша бұған қайран қалады, оның жырына әбден елтіп, төртеуін де зынданнан босатып жіберіпті дейді. Бұл аңыздың желісін түркі халықтарының біразынан ұшырастыруға болады. Рахманқұл Бердібай «Түрікмен әдебие­тінің тәжі» деген мақаласында мынадай мәлімет ұсынады: «Түрікменнің атақты ақындарының бірі Кеминеден бір танысы кездескенде: «Ей, Молла Кемине, шайырлық өнімін жинап жүрсің бе?» деп сұрапты. Сонда әйгілі ақын: «Шайырлық дүниенің егінін Мақтымқұлы орып кеткен, біз қалған масағын терушілерміз ғой» деген екен». Бұл деректі ілгерідегі еңбектерінде академик Б.Каррыев те келтіріпті. Өз ғұмырында талай қиындықты бастан өткерген Мақтымқұлының көрмеген азабы жоқ. Ол тұтқынға да түскен, перзенттерінен де айырылған. Көзі тірісінде шығармаларының көбі жоғалып кеткен. Қасарысқан жаулары өзін зынданға, өлеңдерінің қолжазбасын өзенге лақтырған. Түрікмен әдебиетін зерделеп көрген И.Беляков 1904 жылы «Туркестанские ведомости» газетінде Қарақала ауылына жақын жерде қоныс тепкен түрік­мендер арасында Мақтымқұлының өз қо­лымен жазған қолжазбасының бір том­дығы сақтаулы екені туралы жазыпты. Оның айтуынша, қолжазбаны жыл сайын халық соттарының съезі кезінде көшіріп алу үшін Ашхабадқа алып келеді екен. Яғни Мақтым­құлының да өз Мүрсейіттері болған секілді. Бірақ ақынның өз қолымен жазылды деген жазбалары бүгінгі күнге жетпегенге ұқсайды. «1842 жылы поляк ғалымы, әдебиет­ші, Александр Ходзько-Борейко Мақтым­құлының үш өлеңін ақынның қысқа­ша өмірбаяндық деректеріне қоса және «Гөроглы» халықтық эпосының фрагмент­терін ағылшын тіліне аударып, Лондонда бастырды. Эпостың ағылшын тіліндегі бұл басылымы С.С.Пеннің орысшаға аударып, 1856 жылы Тифлисте басып шығаруына негіз болды» деген С.А.Каррыевтің мәліметі осы кезеңнің сипатын айқын танытады. А.Ходзько-Борейко ол кезде Гильяндағы орыс консулы болатын. Оның бұл еңбегі (A.Chozko. Specimens of popular poety of Persia the Or. Transl. Fund. London, 1842. p. 379-398) Мақтымқұлы тұлғасын және түркі эпосының табиғатын таныту барысындағы алғашқы ізденістердің бірі болды. Мақтымқұлы өлеңдері Қазан және Петербург университеттерінің профессоры И.Н.Березиннің «Түрік хрестоматиясына» енгізілді (И.Н.Березин. Турецкая хрестоматия.т. ІІ. Казань, 1862). Ақынның шығармашылығына Г.Вамбери, В.Бартольд еңбектерінде баға берілді. 1872 жылы Ф.Бакулин Мақтымқұлы жырларын «Известия Кавказского отделения Русского географического общества» журналының 3-санында жариялады. 1911 жылы Н.П.Остроумов әзірлеген ақын жырлары Ташкенттен басылып шықты. 1926 жылы Мақтымқұлы өлеңдерін Берді Кербабаев кітап етіп жарыққа шығарды. Ұлы ойшылдың жырлары 1945 жылы Г.Шенгелидің аудармасымен Мәскеуде, 1949 жылы А.Тарковский. М.Тарловский және Г.Шенгели аудармаларымен Ленинградта басылды. ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында әде­биет аренасына ұлт руханиятының балама­сына айналған ұлы тұлғалар шықты. Қазақ әдебиеті үшін де жемісті болған бұл дәуір түрікмен әдебиетінің классик­терін қалыптастырды. Сондықтан да «­Мақ­тым­құлы, Молланепес, Кемине өлеңдері елдің қызығушылығын оятты, халық әндері секілді шырқалды, қолжазба түрінде кең таралды. Мысалы, ХІХ ғасырдың алғашқы жарты­сында Мақтымқұлы өлеңдерін таратуда қарақалпақ әншісі Ақымбет елеулі рөл атқарды» (Каррыев С.А. Туркменская литература // История всемирной литературы. 6 том. М., 1989). Ақымбет – қарақалпақ әде­биеті мен өнерінің тарихында Ғаріпнияз, Ешбай, Жиен, Мұса, Сүйеу сынды жыршы-жы­раулармен қатар аталатын дәстүрлі орындау­шылардың бірі. Кейінгі ғасырларда да Мақ­тымқұлының және басқа түрікмен ойшыл­дарының әдеби дәстүрлері лайықты жалғасты. Өлеңдер мен өрнектер Мақтымқұлы, тілге ділден ұшқын бер, Құлшылық қыл – таптаса да үстіңді ел. Тағаты жоқ, ғибадатсыз міскіндер Ертең мәңгі арманда ғой – арманда! Мақтымқұлы (Светқали Нұржанның аудармасы). Қай елдің әдебиетінде де халықтық дәстүр мен жаңа дәуір әдебиетінің ұштасатын тұсы айрықша назар аударуды қажет етеді. Әдебиет жаңа сапаға ауысқан кезде бұрынғы дәстүрлі үлгілер бірден өзгеріп кетпейді, қайта олар кейінгі шығармалардың табиғатына мейлінше кірігіп, бөлекше үрдіспен жалғасады. Дәуірдің өзі енгізген жаңа бағыт оны бар болмысымен бойына сіңіріп алады. Бірақ соның өзі халықтық дәстүрден нәр алатынын, соның негізінде қалыптасатынын ұмытпаған жөн. Мысалы, «XIX ғасыр аяғындағы және XX ғасыр басындағы түрікмен әдебиеті Мақтымқұлы мен оның ізбасарларының озық дәстүрлерінің жалғасқандығымен, халық ақын-шайырларының дәстүріне жақындағандығымен сипатталады» (­Каррыев С.Б. Туркменская литература // История всемирной литературы. 8 том. М.,1994). Ой орамы, сөз саптауы, өлең өрімі жа­ғынан Мақтымқұлының қазақ ақындарымен үй­лесетін тұстары жоқ емес. Түрікмен ғалымы, академик Б.Каррыев Абай мен Мақтымқұлы өлеңдерінен тақырыптық-мазмұндық үндестік іздейді. Ол Абайдың «Малға достың ойы жоқ малдан басқа» дегені мен Мақтымқұлының «Дүниеқордың мал деген – жиған дерті» деген тұжырымына назар аударады. Сондай-ақ Абайдың «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей, Тек тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей» деген өлең жолдары мен Мақтымқұлының «Тоқ таласар, торқа шапан кимекке, Кілем артық киерге тон таппаса, Аш ұмтылар қатқан нанды жемекке, Халі мүшкіл пісірер ұн таппаса...» деген толғамын мысалға келтіреді. Рахманқұл Бердібай жоғарыда атал­ған мақаласында: «Түрікмен шайы­ры­ның бір­қанша шығармалары мен Абай өлең­дерінің өзара ұқсастығы мен орай­ластығы қайран қалдырады» дейді. Ол бұл үндестіктің себебін екі ақынның тәлім алған дәстүрінен, Шығыс поэзиясынан үйренген үлгісінен, халық ауыз әдебиетінің қазынасынан, қазақ пен түрікменнің көшпелі тұрмысының біркелкілігінен іздейді. Ғалым Мақтымқұлы жырындағы «Аш қаршыға, ал­ғыр лашын келгенде, Мыңы жүрсін үйре­гің не, қазың не» деген жолдар Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» дегенін ойға оралтатынын айтады. Мақтымқұлының «Қартайдым құр өмірімді қараң ғып, Дерт ұлғайды, іш қазандай қайнайды» деген өлең жолы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманымен» үйлесетінін мысалға келтіреді. Әрине, екі ақынның танымы мен түйсігі, талдауы мен талғамы әр басқа. Тағдырлары да бір-біріне онша ұқсамайды. Елдік мүдде, ұлттық ұстаным тұрғысынан үйлесім тапқанымен поэтикалық қуаты жағынан әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Абай – қазақ поэзиясын, Мақтымқұлы – түрікмен поэзиясын қайтадан өлшеп-пішкен теңдессіз ақындар. Олар ұлт өлеңінің жаңаша өлшем бірлігін қалыптастырды. Көбіне-көп сонысымен ұқсас десек, қателеспеген болар едік. Солай десек те, Мақтымқұлының «Ішім – нала, сыртым – жара, Сау қалғаны құлқын ғана» деген байламы мен Абайдың «Ішім – өлген, сыртым – сау» тұжырымы әр ақынның өз биігін танытады. Тағдырдан теперіш көрген Мақтымқұлы өлеңдерінің біздің әдебиетіміздегі зар заман сарынымен сабақтасатын тұстары да бар. Қазақ ақыны Шортанбай, қарақалпақ ақыны Бердақ негіздеген «замананың азып-тозуы» мотиві түрікменнің әйгілі шайырының өлеңдерінде жетіп артылады. Зар заман тобындағы барлық ақындардың ой орамдары түрікменнің ұлы ойшылының тұжырымдарымен толық үйлеседі. Мақтымқұлының құндылықтардың бағасы кеміп, кетеуі кеткені жөніндегі байлам-байыптамалары («Енді білдім замананың азғанын, Жақсылардан заман қаша бас­тады. Қадірі жоқ ендігі асылзаданың, Арланбаған төрге шыға бастады») Мұрат Мөңкеұлының «Асылзада баласы, Дәулеті кетіп қолынан, Қоңсысына құл болды» дегенін еске салады. Түрікмен ойшылының «Кәрілерде қалмады түк әділет» дегені Шортанбай Қанайұлының «Уәліден кетті керемет, Патшадан кетті ғаделет» деген байыптамасымен, Бердақ Қарғабайұлының «Байдан сахауат болмады, Ишанда шапағат қалмады» немесе Мұрат Мөңкеұлының «Байдан кетіп сақауат, Пақырдан кетіп қанағат» тұжырымдарымен толық сәйкестік табады. Қазақ ақындарының шығармаларында көп кездесетін иманын жоғалтқан имам бейнесін Мақтымқұлы өлеңдерінен де анық аңғарамыз. Мәселен, оның: «Тамақ үшін молда оқиды өсиет» дегені Дулат Бабатайұлының: «Ақылы жоқ молдалар, Иман алмақ тиынға» дегенін санаға сіңіреді. Мақтымқұлының: «Молдалардың ілімменен ісі жоқ, Бір-бірімен айтысады кісінеп» дегені кейін Албан Асан жырларында «Бұл заманның молдасы, Бопыраз тартып, боза ішіп, Сайтан болды жолдасы» деп түрленді. Ал түрікмен ақынының «Кей сопылар жүр өздерін сопы деп» деген байламы Кердері Әбубәкірдің сопылық жөніндегі толғамдарымен («Сопылық жолы ауыр жол, Ұстансаң оны – тәуір жол») сабақтас. Діннің тазалығын қалаған қырғыз ақыны Молда Қылыштың: «Молдолор курсун акыры, Баарының бузук мүнөзү» деген өлең жолдары да иманның беріктігіне үндеген Мақтымқұлы жырларынан нәр алады. Мақтымқұлының ел тағдыры туралы толғамдары зорлық пен зобалаңнан езіліп-егілген жұрттың қай-қайсысының да мақсат-мұратымен үндес дәстүрлі зар заман сарындарынан алыс еместігін байқаймыз: Білсең бәрі – нышанасы қиямет, Залым біткен тәубе етуді тастады. *** Жарлы ат мінсе, есептелер есекке, Дәулеттінің есегі де ат болар. *** Аузым барып айттым заман қайғысын, Ақырзаман қалмады ма жақындап? *** Баянсыз мынау дүние, Заманымды тар қылды. Ақыры жетіп түбіме, Шаттығымды зар қылды. *** Шырылдадым, зарладым. Зар заманды қарғадым. Осының бәрінің себебін іздегенде ұлы ойшылдың айтар жауабы мынадай: «Мақтымқұлы – қунар қорлық көрмесең, Жақсы-жаман – бәрі адамның өзінен». Бұл тұжырым кейінірек Мұрат Мөңкеұлының шығармашылығында «Ай орнынан туады, күн орнынан шығады, Мұның бәрі адамнан» деп қайта жаңғырды. Өзінің ақындық болмысына зор талғам­мен қараған («Мақтымқұлы, түзет әуел өзіңді, Терең ойлап, алысқа сал көзіңді»), жыр әлеміндегі қарымы мен қайратына қапысыз сенген («Жалында, өртен, Пырағы, Жастық­тың болмас тұрағы») Мақтымқұлы өлеңдері әлі де талай ұрпаққа рухани азық болары анық. Бауыржан ОМАРҰЛЫ, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор

12392 рет

көрсетілді

65

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы