• Тарих
  • 15 Мамыр, 2014

Ұлы дала атаулары. ЖамбыЛ облысы

Меркі ауданы Жамбыл облысының Меркі ауданы Қа­зақ­стан Республикасының оңтүстік-шы­ғы­сында, Алатаудың бөктерінде орна­ласқан. Шығысында ол Қырғызстан Республикасымен, солтүстік- шығысында облысымыздың Шу, солтүстігінде Мойынқұм, оңтүстік ба­тысында Т.Рысқұлов аудандарымен шек­теседі. Аудан аймағының солтүстігіндегі Мойынқұм алқабына іргелес жатқан жері – шөлейт аймақ болып келеді. Мерке – б.д.д. (бұдан әрі Меркі) Қытай патшалығын бағындырып, салық салып, үстемдік жүргізген, Ұлы Қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен Сақ, Ғұн тайпаларының ішіндегі бір үлкен тайпасының аты. Тарихта осы ғұнның бір үлкен тайпасы асқар Ала­таудың бауырына Іле бойынан Меркі жеріне дейін мекендеген. Сондықтан да Талғардың үстінде үш Меркі, қазіргі Меркі ауданының жерін, өзенін, тауын Меркі деп атаған. Сақ, ғұн бабаларымыздан кейін, бұл жерді үйсін ұрпақтары билеген. Үйсіннің 35-інші Меркі батыр – жерін, елін қорғап, халқын байлыққа кенелтіп, бақытты өмір сүргізген. Меркі жерінің табиғатын өте ұқыпты пайдалана білген. Аралтөбе – таудағы жер атауы, тау ішін­дегі жазықтың ортасында айғыржал іспеттес ұзыншақ төбе болғандықтан осылай атаған. Белсаз – тау ішіндегі жер атауы. Белдің өзінде қайнар суынан пайда болған сазды жер. Бес там – құм жал жайылымында Меркі мен Шу аудандарының шекарасында 5 үй тұратындықтан осылай аталған. Жалаңаштың жартасы – адам есімі, таулы аймақтағы жартасты жерде отырған бақуатты кісі болған. Күнгейсандық – тау беткейіне үнемі күн түсіп тұратындықтан осылай аталған. Қарасай – тау аңғары, оның жері де, онда өнген шөп те қарақошқылдау болып өнетіндік­тен солай атаған. Қырық бақыр – құмның «Сарғобысы­ның» төменгі жағындағы қазылған құдықтан малшылар малдарын бір мәрте суарғанда 40 шелектен артық су шықпайтындықтан осылай аталған. Орта құм – Меркі ауданына қарас­ты мал жайылым бөлігі. Орта құм деп ата­луы­ның себебі ауданға қарасты құм мал жайы­лымының тең ортасында болған­дықтан осы­лай аталған. Сандық – жан-жағы тау, жазық жер, қазақтың сандығының ішкі көрінісі бейнеленгендей. Жаз жайлауға шыққан малшылар үшін өткізілетін түрлі жиындар мен үлкен іс-шаралар осы жерде өткізіледі. Сусамыр – Меркі, Т.Рысқұлов аудан­да­рының малшылары жаз жайлауда қо­ныстанатын Қырғыз Республикасына қа­расты Қырғыз Алатауының айма­ғындағы жайылымдық жер. Бұл жерді көп жылдардан бері екі аудан жалға алып пайдаланып келген. Сүйіндік – тау ішіндегі жер атауы. Адам есімі. Кезінде өңірге белгілі бай болған деген аңыз бар. Сұлусай – тау аңғары, оның беткейі мен жазығы жаз мезгілінде көкмайса шалғынды жер болғандықтан солай атаған. Сарғобы – қамысы мен ондағы өнген шөптің бәрі сарғыш әрі қалың қорыс бол­ғандықтан Сарғобы атанған. Сарғау – аудан орталығынан 65-70 ша­қырым қашықтықта орналасқан жазық алқап. Мұнда ауданның Андас батыр, Жа­ңатоған, Сұрат ауылдық округі аймағына қарасты егіндік алқап пен мал жайылым орындары бар. Сулысай – аты айтып тұрғандай суы мол тау аңғары. Тоғансай – тау ішіндегі тоған арыққа ұқсаған тау аңғары. Шайсандық – тау аңғары, шай гүлдер көп өсетін жер. Шөлсай – аты айтып тұрғандай суы жоқ тау жайылымы. Малшылар малдарын осы төңірекке жайғанымен, малды басқа жақтан суғарады. Қасқа су – тау ішіндегі қайнарлардан шыққан су қасқая ағып, төменде ағып жатқан Меркі өзеніне келіп қосылатындықтан осылай атаған. Қорағаты – бұл өзен ерте заманда өткен бермейтін Қорағаты дариясы атанған, жаратылысы басқа өзендерден ерекше, табиғатта сирек кездесетін ағым бағыты батыстан шығысқа қарай ағатын өзен. Алатаудан бастау алатын Меркі, Аспара өзендерінің тармақтары Мықанды, Көлтоған, Ойтал, Қызтуған және тағы басқа өзендердің суы осы Қорағаты өзеніне барып құяды. Ақтоған – жер атауы. Басында бұл Ақті­кен аталған, кейін қызмет басында жүрген орыстар тілге жатық болуы үшін Ақтікенді Ақтоған деп жазып жіберген. Ал Ақтікен деген сөз – тау етегінде ақтікен өте көп өсетіндіктен солай аталған. Аралтөбе – тау ішіндегі жазықтың ортасында айғыржал іспеттес төбе болғандықтан осылай аталған. Бессала – таулы аймақтағы жер атауы. Саусақ­тың бес саласындай демекші, беске бөлінген қатар жатқан бес сай бар. Сондықтан осылай аталған. Қарақыстақ – бұл атауға сипаттама беретін болсақ, ол ауыл орталығынан 40 ша­қырым шамасы қашықтықтағы екі тау ортасындағы шұрайлы жайылымдық жер. Қарақыстақтағы «Әулие ошақ» аталған өте биік төбе туралы да аңыз көп. Оның ұшар басында тастан қашалған қазан-ошақ әлі бар. Қысы жылы, жазы салқын, мал өрісіне өте қолайлы болғандықтан Қарақыстақ аталған. Мұнда Көккөл, Әулие көл, Сары көл деген бірнеше көлдер бар. «Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығы» бойынша дайындаған өлкетанушы Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

8922 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы