• Әдебиет
  • 15 Мамыр, 2014

Екеумізді табыстырған Ермек Серкебаев

Журналист-ғалым, философия профессоры Әбдеш Қалмырзаевтың рухына Қадірлі Әбеке!  Әбдеш Сәрсенұлы! Фәни жалғаннан сұм ажалдың сұрқай көшіне ілесіп, о дүниелік болғаныңа жылдан асты. Көзің жұмылғанша қалам сілтеп, тереңнен толғап жазатын мақалаларың мен сыпайы қалпың көз алдымызда, сені бұл фәниде жоқ дегенге көндіге алмай жүрген көңіл төрінде. Сызыла шығатын қоңыр үнің – әдеттегіше – телефоннан естілетіндей көрінеді де тұрады. Көзің тіріде ылғи да қоғам, халық тағдырына қатысты мәселелерге ден қойып, ғылыми-философиялық қатпары қалың дүниелер жазатыныңа үйреніп кеткеннен бе, кейбір «тұзы» жеңіл, қарабайыр жайларды қаузауға төселген базбір әріптестеріңе ұқсап қарапайым мақалалар жазғаныңда «е, бері таман жақындапсың ғой» деп әзілдеуші ек. Әзілдесек те, (мақала деуге қимайтын) солардың өзі де екінің бірінің тісі батпайтын, оқырманды байлап-матап тастайтын толғаныстар болып келетін. Бірі – хұснихат. Өзің жазған бір хұснихатта («Алматы ақшамы») не айтылмаған еді? Пікір қақтығыс, кез келген құбылыс – оқиғаға көзқарас-пайым, саралау үрдісінің жөні басқа еді-ау. Айталық, Гоголь мен Щепкин, Чаадаев пен Пушкиннің өзара жазысқан хаттарында ойларын ашық айтып, бір-бірлерін аяусыз сынайтыны нанымды өрнектелген-ді. Және сол алыптардың оларды кек тұтып, алакөз болмай, өзара қадір-құрметке селкеу түсірмеген іріліктері неткен тектілік. Тұнып тұрған тағылым, өнеге. Соның алдында техника дамыған қазіргідей кезде хат алмасу, хұснихат үрдісінің азайып, солғындап бара жатқаны жайлы пікір алмасуға осы жолдар авторы да «Әбдеш Қалмырзаевқа хат» деген мақала арқылы үн қосқан-ды. Хат соңында «жауап күтпеймін, екеуміз Шерхан мен Камал болмай-ақ қоялық» делінген-ді (сен оқыған бойда хабарласып «сол дұрыс, қажеті жоқ» дедің). «Хат алмасу» сонымен біткендей еді. Бірақ Әбеке, осы жолы сендей жаратылысы бөлек, телегей-теңіз ілім-білім иесі, ділі берік, кісілігі кіршіксіз, зиялы, зайырлы замандас, ғұлама ғалым, ғұмырыңның соңғы жылдарында (өзіңнің қалауыңмен) табиғи рәуіште табысып, аз-кем пікірлес, сырлас, мұңдас болған пенделердің бірі ретінде бұл жолы аруағыңа бағыштап, екінші рет хұснихат бағыштауға ниет еткен жай боп тұр. Әбеке! Бір сала, бір майданда, бір кезеңде жақсылы-жаман қатар жұмыстанған өз басым сенімен ертеден жақын араласып-құраласып, тонның ішкі бауындай болдым десем, ақиқаттан алыстау болар еді. Сені «С.Қ.» газетіндегі қызметің арқылы өткен ғасырдың 60-жылдарында біліп жүрдік. Әуелі сырттай, одан жай амандасатын дәрежеде. Сен сауатты, байыпты, білімді, іскер, алғыр маман ретінде қатарластарыңның алды болып, жап-жас кезіңде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне нұсқаушы боп жоғарыладың. Мен «Мәдениет және тұрмыс» журналында бөлім меңгерушісі болатынмын. «С.Қ.»-да өзіңмен біраз уақыт қызметтес болған жасы үлкен майдангер жазушы Жекен Жұмақанов та сонда-тын (журналда). Сен ОК-ке барғанда Жекен аға айтқан бір сөз әлі есімде. Ол сонда «тегінде ЦК кадр таңдауда ілкіде болмаса, онша қателеспейді. Көрдіңдер ме, Әбдешті дұрыс тапқан» деген еді жарықтық. Ал ол кезде (оған дейін де, кейін де) Орталық Комитетте қызмет істейтіндердің жартысы десем жалған болар, кемі үштен бірі журналистер болатын. Орыс, қазақ теңдей. Кадрды қайдан алады? Әрине, Мәскеу мен Алматыда жоғары партия мектебінің журналис­тика бөлімін бітіргендер мен «С.Қ.» мен «КазПравда» газеттері, «Қазақстан коммунисі», «Коммунист Казахстана» журналдарынан. Орталық Комитеттегі бес сектор, үш-төрт орынбасары болатын ең үлкен үгіт-насихат бөлімі мен Мәдениет бөлімінде кілең журналистер, ақын-жазушылар жұмыстанды. Ол екі бөлімнен тыс Партиялық-ұйымдастыру, Ғылым, Ауыл шаруашылық бөлімдерінде де журналис­тер аз болмайтын. Тіпті аса құзырлы да жауапты Партиялық-ұйымдастыру бөлімін мамандығы журналист Қуаныш Сұлтанов басқармады ма? Ғылым, Ауыл шаруашылық бөлімдері кадрды көбінше «С.Қ.» мен «КазПравда» газеттеріндегі ғылым, ауыл шаруашылық бөлімдерінде істейтін журналистерден іріктеп, таңдап алады. Бұл деректерді кейінгі буын өкілдері біле жүрсе деп ауызға алып отырмыз (журналистика тарихын зерттейтіндерге ауадай қажет дегендей). Сөйтіп, Әбеке, Орталық Комитетте нұсқаушы боп істеп жүрдің. Орталық Комитет пен Министрлер советі және Жоғарғы Совет бір ғимаратта орналасқан-ды. Мен Министрлер Советіне «С.Қ.»-дан өзіңмен бір мезгілде референт, Мемлекеттік сыйлық жөніндегі комиссияға жауапты секретарь боп ауысқан, орта мектепті бірге бітіріп, бірге аттестат алған туыс-жерлесім (қазір ол да марқұм) Немат Келімбетовке барғанда сенімен де жолығып қалушы едік. Үшеуміздің асханадан бірге тамақтанған кезіміз де болды. Сені кеңірек танып-білуім сол тұстарда жалғаса түсті. Сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің бірінші орынбасары,Көкшетау ­облпарткомда секретарь, Жоғары партия мектебінде ректор, «Мысль» журналында бас редактор боп сатыдан-сатыға өрледің. «Мысль» журналында жүргеніңде жиірек ұшырасқанмен, кәдуілгі аман-саулықтан аспайтынбыз. Бір-бірімізге ықылас-пейіл, түзу сияқты болатын да, сол жеткілікті көрінетін. Қызмет бабында жолықпадық демеймін. 1973 жылы жазда «Мәдениет және тұрмыс» журналының редакторы Мұса Дінішев мені орынбасар (өзінен кейінгі лауазым – жауапты секретарь) етіп, біреуі өзі – үш адамның кепілдемесі бойынша Орталық Комитеттің секретариатында ресми түрде номенклатураға бекіткен соң, сектор меңгерушісі ретінде ақыл-нұсқау бере тұрып: «Мұсекең ұлық адам, сенімін ақта, менің тікелей бақылауымда болатыныңды ұмытпа» дедің. Одан соң Жазушылар одағында өткен әлдебір жиыннан соң маған: «Жекен істеп жүр ме? Оның қойны-қонышы толған факт. Соны пайдаланыңдар. Журнал жаман емес. Жекен соғыс ардагері, шетке қақпаңдар» дедің. Мұндайда біздейлерге «мақұл» деп бас шұлғығаннан басқа не болсын және Әбекең әкімсіп емес, жанашырлықпен айтып тұрса. Әрине, ЦК-дан аяқ тартамыз, сақ жүреміз. Әбеке, сондағы журнал туралы айтқан бір-екі ауыз сөздеріңнің өзінен кәдімгідей арқаланып қалғанымды енді айтайын. Әбеке, «жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді» дегенді бірінші рет өзің бағалайтын әнші ­Ермек Серкебаевтан естіп едім (ол солай айтқан). Біздің білетініміз басқашалау еді. 2005-2006 жылдарда Ерекеңмен әлденеше рет кездесіп, әңгімелесу нәтижесінде ол жөнінде көлемді кітап жазылды. Ол әйгілі әнші жөніндегі бірінші (бәлкім, соңғы болуы да ғажап емес) кітап еді. Әнші жөнінде жазу «Парасат» журналының бас редакторы, марқұм Баққожа Мұқаевтың идеясы болатын. Алғашқыда ол «солай да солай, Ерекеңмен сөйлестім, көлемді етіп бір мақала жазыңыз, бәлкім, артынан тағы да жазып, кітап етіп шығарармыз» деді. Кітап жазу үш ұйықтасам ойымда жоқ, мен: «Мақала жаз дедің, сол тапсырманы орындасам жетеді, кітапта шаруам жоқ» дедім. Баққожа бетіме қарады да қойды (бірақ кейін соның айтқанындай болды ғой). Алғашқыда мінезі аума-төкпелі бірегей дарын иесі, асқан әнші ­Ермек Серкебаевпен тіл тауып сөйлесу қиынның қиыны болды. Ауыз ашсаң бас салып, «саржағал басылымсыңдар» дей ме-ау, «сен кімсің өзі» дей ме-ау, әйтеуір, мөңкудей мөңкіді. Бірақ біржола бас тартпады. Біріншіде үндемедім. Алдын ала дайындаған сұрақтарға өйтіп-бүйтіп айтқан жауаптары бойынша он бес бет мақала жазып, сырлап-қырнап, Баққожа әуелі өзі оқысын деген соң, бір данасын Ерекеңе апарып бердім. Ол «оқимын, жауабын үш күннен соң айтамын» деді. Үш емес, бес күннен соң телефон шалып: «Әй, қайда жүрсің, мынауыңды алмайсың ба?» деп зіркілдеді. Бардым. Алдым. Өзгеріс жоқ. Тек әлдекім қарындашпен бірлі-жарым әріп, тыныс қателерін түзепті. Соңына «басуға жарайды» депті. Ерекең қол қойыпты. «Апырай, мені сыннан өткізген Ерекең емес, басқа біреу болды ғой» деймін ішімнен. «Кім болды екен?». Бірінші әңгімелескен күні Ерекең «қазіргі әйелімнің аты Әлфия, опера театрында орыс тіліндегі әдеби бөлімді басқарады, қазақ бөлімін Бақыт Мерәлиева басқарады. Екеуі тату, бір жүріп, бір тұрады» деген еді. Анда-санда «Парасат» журналына телефон соғып, кейде келіп те жүретін Бақытты білетінмін. Мені ол да біледі. Демек, менің негізгі сыншым Ерекең емес, сол екенін ұқтым. Обалы не, Бақыт құдайлығын айтыпты. Ерекең оған имандай сеніпті. «Ереке, мақала ұнады ма?» дедім мен сонда да. «Ұнады. Өте жақсы. Әй, сен өзің бірдеңе біледі екенсің. Осы күйде басыңдар!». Пах! Міне, Әбеке! Баққожаның айтқаны болып, Ермек Серкебаев жөнінде кітап жазу осылай басталған-ды. Бір айда бір рет кездесеміз, бір бөлім он бес бет боп шығады. Алғашқы 7-8 бөлім журналда жарияланды да, тағы соншасы кітапқа енді. Тиражы 5 мың. Ерекеңнің 80 жылдығына мықты тарту сол болды. Оған 200 данасын апарып беріп, қалғаны әп-сәтте таралып кетті. Екі жылдан кейін «Ана тілі» баспасының директоры Жақау Дәуренбеков өзіміз таратамыз деп, екінші рет басып шығарды. Екеуміздің ойламаған жерден етене табысып, жақын араласуымызға, күндердің күні маған «сенен басқамен сөйлескім келмейді» дейтінге дейін жетуімізге себепкер осы кітап десем, артық емес, Әбеке. Соны сәл тарата баяндайын. Қадірлі Әбеке! Бірді айтып, бірге кетіп отырған дәнеңе жоқ екені Аллаға аян. Әлгі кітаптың жылдан астам уақыт жазылу барысында негізінен өзінің ет жақындары мен әріптес дос-жаран, өнер адамдарынан бөлек өмірі ешкімнің атын атамайтын, атамау себебі жадында сақтамайтын маэстро Ерекең, Ермек Серкебаев сенің аты-жөніңді әлденеше рет атағанда, шынымды айтсам, «талып» қала жаздадым. Біріншіде ләм демедім. Келесі жолы да «мән бермедім». Одан кейін де. Сонан соң барып мен де «қимылға» көштім. Сақтықпен, әрине. «Әбдеш Қалмырзаевты білесіз бе?» деп. «Неге білмеймін, – деді ол, – білмесем айтамын ба? Сен не, мені мазақ еткің келе ме?» (Ерекеңмен мен үнемі орысша, ол қазақша сөйлесетінбіз, оның өзіндік себептері болатын). «Мамандығы бөлек, қайдан білесіз деп жатқаным да». «Қайдан білемін? Көкшетаудан білемін. Ол сонда секретарь болмады ма? Барғанда үнемі менің қасымда жүретін. Ондай секретарды бұрын-соңды көрген де, білген де емеспін». Кітап шыққан соң, ізінше Ерекеңнің сексен жылдық мерейтойы өтті. Жанына барып сәлемдескенде: «Әбдеш Қалмырзаевты шақырдыңыз ба?» дедім (әрі әдейі, әрі не дер екен деп). «Ах! – деді бірден басын шайқап. – Ол қайда қазір? Алматыда ма?» «Иә!» «Өкінішті». «Жә, енді оған өз қолыңызбен кітап сыйласаңыз, сол да жетеді, сөйтесіз бе?» «Әлбетте! Міндетті түрде! Оны қалай табамын? Қолтаңба жазып беремін» деді Ерекең көздері жалт-жұлт ете күлімдеп. Кейін оқта-текте Әбекеңді көріп жүр­ген­де, бұл жайлы ештеңе деген емеспін, тіп­ті ойыма да келмепті (Ерекең жайлы кітап бір емес, екі қайтара шыққанда да жа­лайырға жар салып әйгілеген мен емес). Содан бастап жолыққанда қысқа сөйлеп, ал телефонда сөз тиегін ұзақтау ағытатын болдық. Екі-үш күн хабар­ласпасақ, бас салып іздейтінсің! Сені артық мазаламауға, шаршатып алмауға жасайтын амалдарымды, әрине, білмейді емес, білетінсің. Сөйте тұрып: «Қайда жүрсің, таппай қалдық қой» дейтінсің баяу естілетін қоңыр үнмен. Телефонда болса да, ықыласпен күлімсіреп тұратының сезілетін. Ұлағатты әңгімелер айта тұрып: «Бүгінде біздің жасымыздағыларды жұрт мылжың дейді, білдің бе? Дей берсін. Естіп тұрсың ғой, осы сөздер мылжың ба?» деп жауап күтетінсің. «Ойбай, жоқ, Әбеке! – дейтінмін мен. – Айта бер. Тек...» «Шаршаған жоқпын» дейтінсің «тек» дегеннің мәнісін бірден түсініп. – Мен өзім сыйлайтын адамдардың кімдер екенін айтайын ба? – дедің бірде. – Сағадат Нұрмағамбетов, Салық Зиманов, Бәйкен Әшімов, Сәдуақас Темірбеков. Төртеуі де зиялы, білімді, таза жандар. Бұларға Қонаев пен ­Имашевты қосуға болады (деп те қоятынсың). Қайсы бірін айтайын. Мұндай ашық әңгіме, риясыз ой бөлісу, сырласу, әсіресе, соңғы жылдарда көбірек болды-ау деймін, шамасы. Мені қойшы, өзіңнің маған соншама ақ ниет, адал пейіл, сеніммен қарағаныңды айтсайшы. Рахмет деу артық болар, сірә, тәнтімін деу дұрыс шығар (егер ол да артық болмаса). «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, Әбеке, екеумізді табыстырған Ермек Серкебаев деп ойлаймын. Ал ол шынымен де солай. Иманың жолдас, топырағың торқа болсын. Рухың әрдайым бізбен бірге боп, нұрың пейіште шалқи берсін, аяулы Әбеке! Әумин! Аллаһу әкбар! Зәкір АСАБАЕВ

3222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы