• Әдебиет
  • 15 Мамыр, 2014

Жол

Асығып келемін. Өзімді біреу күтіп тұрғандай асығамын. Ауылдың шетін ала батыстан шығысқа қарай өтіп жатқан үлкен жолға екпіндей келіп шықтым. Еш өзгеріс көрінбейді, жол бұрынғыша үнсіз созылып жатыр. Әдетімше тізерлей отыра қалып жол бетін қолыммен сипап көрдім «Жол, мен келдім. Кешеден бері не көрдің, не жаңалықтар болды? Сенімен қысы-жазы толассыз, қаншама адам өтіп жатыр, қаншама тағдырдың куәсі болдың. Өзіңде қанша сыр жатыр? Тұла бойың тұнған құпия тарих қой» деймін. Құлақ қойсаң жолдан бір талып жеткен дыбыс естілетін сияқты. Не дыбыс болды екен? Күні бойғы өткен жүргіншілердің дауысы ма екен жолға сіңіп қалған? Әлде, жер шеті қияннан алыс сапарға шақырып келіп тұрған дауыс па? Мүмкін бұл менімен өз құпияларын бөліскісі келетін жолдың өз дауысы болар. Не болғанда да жақсылықты айтып тұрғандай. Мен де жолдың үнемі бар болуын тілейтінімді айтып жатырмын. Жолға түнде де келіп көрдім. Айлы түнде жол жалтырап ағып жатқан су сияқтанып көрінеді. Жол, өзен – екеуінің түбі бір-ау, сірә. Қай-қайсына да көз салып тұрсаң, бір сәт өтіп жатқан өмірдің өзін көріп тұрғандайсың. Ағады, өтеді (Өмірді жүріп өткен жолға, аққан суға теңеу де осыдан болар). Түнгі жол қараңғылыққа сіңген сайын әдеттегі бағытынан өзгеріп, бір тылсым дүниеге қарай бастайтындай көрінеді, қарадай елегізисің. Қайда болсын жол бастап алып барады емес пе? Жол сенен ұзаған сайын өзіне тартатын сияқты. Көкжиекпен ұштасқан тұсы сағымданып, өткендердің барлығы сол жерде тоғысып, бір-бірімен қым-қуыт араласып, қайнасып жатқандай бұлдырайды. Одан әріде не бар екен? Күншығысқа көзімді көлегейлей қараған күйі сағымның арғы жағына, жолдың алыс бөлігіне қиялмен сапар шегемін. Өз болашағыңа жасаған сапардан қызықты, одан жарқын не бар, шіркін... Шығысқа қарай жүре берсең, Арман қалаға апарады деп естимін. Осы бағытта сапарлап бара жатқанның барлығы маған үлкен мақсат арқалап бара жатқандай көрінеді, оларға бақытына жетуге жақын қалған жандардай қызыға қараймын. Жол оларды әсем де, үлкен шаһарға жеткізеді. Бұл қа­ладағы адамдардың барлығы қайы­рымды жандар. Кісінің барлығына да кө­мек­тескілері келіп тұрады. Олар ертең мені де мақсат еткен жолыма сілтеп са­лып жіберетін болады. Шіркін, сол күн тезірек келсе екен. Мен де ертерек өзім­нің жұмбақ әлеміме сапар шексем екен. Қиялымдағы сапардың қуанышқа, ға­жайып­тарға толы екеніне күмәнім жоқ. Жаздыгүні киіз үйде түн мезгілінде тас жолмен әрі-бері өткен көлік дыбыстары жақсы естіліп тұрады. Бірі білінер-білінбес болып, зулап өтіп бара жатса, енді бірі түн тыныштығын бұзып, дарылдай ұзап бара жатады. Бірін әрі, бірін бері, естілмейтін жерге дейін ілесе шығарып салып жатып көзім ілініп кетеді. Таңертең ерте оятатын да осы үлкен жолдың дауысы. Тек күндізгі қайнаған тірліктің шуында ғана бұл дауыс­тар естілмей кетеді, өзім де бір сәт сол қым-қуыт тірлікке жұтылып кеткендей боламын... ...Қаладан шығып ауылға қарай зулап келемін. Жол өзгерген, тегіс. Бұрынғы жолдың бетінде уақыт салған сызаттары болатын, шешемнің алақанындағы бейнеттің іздеріне ұқсататынмын. Қазір жол ғана емес, көп нәрсе өзгерген (Қоғам да өзгерді). Бірақ жолдың беті тегістелген демесең, ізі бұрынғы, бағыты өзгермеген. Жаңарған демесең, жолдың өзегі сол (Қоғам да қаншалықты өзгергенімен адами құндылықтар, ұлттың өзегі өзгермеуі тиіс). Қасиетіңе қайранмын жол, сен сағынғанды шақырдың, адасқанға жөн сілтеп, асыққанды жеткіздің. Жалғызбенен сырласып, шарасызға үміт бердің. Ел сенімен жүріп мақсатына жетті, сен арқылы жоғалтқанын тапты. «Құмжарғанның» құм жалын жарып өте бере алдымнан жарқ етіп ауыл көрінді. Қасиетіңнен айналдым, ауылым, алтын қазығым. Бір кездері мына даңғыл жолмен өз сапарына аттанған өмірге құштар, арманшыл балаң, бүгін есейген жігіт, осы жолмен өзіңе асыға, сағына оралып келеді. Өзіңе қайта оралудың өзі қандай қуанышты, қандай ғажап. Баланың қиялындағы сапары – есейіп кейін өзіңе қайта оралу екен-ау. Жол, сен мұны білдің, кезінде маған айтқың келген құпияң да осы болар. Қуану ма, сағыну ма, не күйге түс­кенімді өзім де түсінбедім, бір сезім билеп келеді. Өксік тығылғандай ма. Бір сәт бала күнгі бейнелер сол қалпы көз алдыма келді. Сондай ыстық көріністер. Жол жиегінде көзін қолымен көлегейлеп, шығыс жаққа қарап тұрған баланы байқадым. Өтіп жатқандармен жұмысы жоқ. Көзін қыса қарап, аузы ашылған күйі өз ойымен өзі болып алаңсыз тұр. Көрген балам сияқты. Тамағыма бір нәрсе кептеліп, айналам бұлдырап кеткендей болды... Мұрат АЙНИДДИН

2947 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы