• Әдебиет
  • 12 Маусым, 2014

«Заман сыры» абыздың соңындағы аңыздай дүние

Тартылып жатыр сарқырап аққан сағалар, Шалғыны қурап, шаңдатып жатыр жағалар. Көбейіп жатыр дерт болып туған інілер, Азайып жатыр мәрт болып туған ағалар... Адамдар сирек жұртына сіздей жұғымды, Қашанда халық қадіріңізді ұғынды. Қастерлі әкім, білікті биге зәру ел Алдыңызға кеше арнайы барып жүгінді. Тыңдағандардың бойында аққан қан қызып, Жақсылық отын жағуға алған тамызық. Абыздай абзал азамат – Сізсіз, Ғатеке, Атыңызды ертең ұрпақтар жүрер аңыз ғып... Бұл Нарынның наркескені Нұралы ақынның көзі тірісінде абыз атанған Ғатекеңе желкенді жетпіске толған шағында тарту еткен толғанысты жырынан үзінділер ғана. Бірі – наркескен, бірі – абыз, қайран сол бір ағалар бүгінде бұл дүниеде жоқ... Қос бірдей ауданның, Атыраудың Құрметті азаматы, ел үмітін арқалаған Елбасымен үш мәрте кездесіп, бабалар аманатын, ата өсиетін айтып, батасын берген, ел болашағына қатысты елдік мәселелерді көтеріп, отандастарын да, Елбасын да сүйсінткен Ғатих Маштаховтың Алматы қаласындағы «Абзал-Ай» баспасынан жарық көрген «Заман сыры» деп аталатын тарихи-деректі ғұмырнамалық эссе кітабы қолымызға тигенде, алдымен ойға келгені осы еді. Кезінде көкірегі – нұрлы, көңілі – дария, жүрегі – сырлы, көсемдігі – жария дана да дара ағаның көзін көре қалғандықтан ба, әп дегеннен парақтап шыққанда іздегеніміз болмысы қазына жанның сезіміңді селт еткізіп, санаңа сәуле құяр сәулелі ойы, салмақты толғанысы, арлы ақылы, нәрлі нақылы еді. Сол сенімге селкеу түспеді, үп еткен үмітіміз алдамады, шүкір, бұл абыз ақсақалдың өзі кеткенімен көзіндей көріп жүруге тұрарлық дүние болып шыққанына шын қуандық. Жалпы, кітапқа Ғатих аға­­­ның жеке мұраға­тында сақ­талған, ғасырға жуық ғұмы­рында көр­гені, көңі­лі­не түйгендері, көнекөз қа­рия­лардан естіген шежіре-әңгімелері, қазақ жұртының басынан кешкен тарих тараулары, замандастарының келбеті, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жаңа дәуірдің тынысы, кейінгі ұрпаққа айтқан өсиеті, эпистолярлық мұрасы енгізіліпті. Кітапты оқи отырып, қолжазбаларды құрастырып, әдеби өңдеген екі азаматтың бірі, ұлы Жансихтың тағылымды тірлігіне де бек разы болмасқа амалың жоқ. Ұшқан ұясы мен өскен ортасынан алған тәлім-тәрбиесі, ағаларына қарап бой түзеуі, заманына, замандастарына қарап ой түзеуі, алысты болжап, жақындағының қадірін білуі, атадан балаға мирас болып келе жатқан рухқа суарылуы, білім мен білігінің тереңдігі, парасат пен пайы­мының соншама кеңдігі, өзгені құрметтеу арқылы өзін сыйлауы, ұлылықтың өзі қарапайымдылық екенін өмірде де, қолжазбасында да сан мәрте дәлелдегені, басқа да асыл қасиеттері елден ерекшелендірген Ғатекеңнің ғажап болмысы енген дүниені жарыққа шығарушылардың діттегені болғаны көрініп-ақ тұр. «Нарыным – алтын бе­сігім», «Менің замандастарым», «Ойды ой қозғайды», «Шежіре қарттар шерткен сыр», «Хаттар сөйлейді», «Мақалалар мен естеліктер» сынды тақы­рыптардың өзі айтарын ай­ғақтап тұрған жазбалардың қай-қайсысына назар қойғанда да көзің тайғақтап кетер тұстары жоқ. Кітапты парақтай бастаған оқырманның көзі алдымен автордың балаң кезінен шертілген сырларды арқау қылған «Әке аманаты» жазбасына түсер еді. Одан алдымен аңғарарыңыз перзентінің әкеге деген сүйінішті көңілі, оны өнеге тұтқан өзінің өмірі десек болғандай. Әйтеуір, бәрі де жүрегі жомарт жанның жайсаң да жұмсақ көңілімен баяндала береді. Оқи отырып, болмысы бөлек Ғатекеңнің жадының мықтылығына да еріксіз сүйсінесің. «Шежіре қарттар шерткен сыр» аталатын төртінші бөлімге топтастырылған Иб­раш, Әзмұханбет (Ізмұханбет) қарттардың әңгімесі, Тас­ма­ғамбет қарттан жазып алынған жырлар және бас­қа­лары тұнып тұрған тарих, тағылымды жайттар. Ал «Менің замандастарымдағы» автордың зиялы қауым өкілдері – белгілі ақын-жазушылармен терезесі тең адамша тілдесіп, ой-пікір тоғыстыруы да ой тереңдігін, көңіл зеректігін көрсететін дүниелер деуге әбден лайық. Авторға жазған хаттар, автор­дың жолдаған хаттарында да сыйластық, кісілік, кішілік көріністері тұнып тұр. Жоламан ДӘУЛЕТИЯР, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Атырау облысы Исатай ауданы

2178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы