• Әдебиет
  • 15 Қазан, 2014

Халқы сүйген қаламгер

Қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 90 жыл

Бердібек Соқпақбаев. Аса талантты қазақ жазушысы. Ұлттық әдебиетіміздің классигі. Жазушының «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» атты туындыларын білмейтін оқырман кемде-кем. «Менің атым – Қожа» повесіне түсірілген көркем фильм де көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Бұл, сөзсіз, қаламгер туындысының құдіреті. Көрермен қауым осы фильмді көрген сайын балалық шақтарына саяхат жасап қайтқандай болады. Бердібек Соқпақбаев бала табиғатына терең бойлап, мінезінің нәзік иірімдерін, балаға тән шыншылдықты, таңғы шықтай мөлдірлікті, періштедей пәктікті, тазалықты, адамзат баласының өн бойындағы асыл қасиеттерді жан-жақты суреттей білген дарын иесі. Ол қазақ балалар әдебиетінің мәртебесін биіктетіп, мазмұнын байытты. Әлемге мойындатты. Қаламгердің өнегелі шығармашылық жолы замандастарына, өзінен кейінгі ізбасарларына жарқын үлгі. Бердібектей жазушысы бар қазақ халқы бақытты. Оның мәңгі өлмес шығармалары, дара қолтаңбасы біздің де, бізден кейінгі ұрпақтардың да жүрегін тербеп, жанын жадырата берері сөзсіз.

Б Сокпакбаев

Қазақтың көрнекті жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара Нарынқол кентіндегі Б.Соқпақбаев атындағы мектеп алдына қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Қай ауылға барсаң да, көз қуантып, жаныңа жылылық ұялататын бірден-бір орын білім ұясы, мектеп емес пе?! Ал бұл жолы қонақтарды күтіп алуға дайындалған Бердіағаң атындағы мектеп ерекше құлпырып кеткендей. Шара барысындағы қойылған қойылымдар мен шырқалған әндерде жазушының «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Аяжан» повестерінде ұшырасатын, тек Бердібек шығармаларына ғана тән рух асқақтап тұрғанын жан-тәнімізбен сезіндік.

Мерейтойдың ең шырқау тұсы Нарынқол кентінің мәдениет үйінде өткізілген «Халқы сүйген қаламгер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Алқалы жиынды Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашып, жүргізіп отырды. Меймандар арасында ақын-жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Аян Нысаналин, Тұрдақын Жексенбаев, Сұлтан Қалиев, Дүйсен Мағлұмов, Ділдар ­Мамырбае­ва, Заря Жұманова, Кәдірбек Құныпияұлы, Төреғали Тәшенов, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Құлкерім Елемес және басқа да қаламгерлер, Бейбіт Дәлденбаев тәрізді сазгерлер мен өзге де өнер адамдары болды. Жазушы, «Қазақ әдебиеті» газе­тінің бас редакторы ­Жұ­ма­бай Шаштайұлы Бердібек Соқпақбаев­тың шығарма­шы­лығы жайында тыңдарманды ұйытқан тұщымды баяндама жасады. Баяндаманың назар аудартқаны – жазушы шығармашылығына жаңа биіктерден шолулар жасап, философиялық тұрғыдан тал­дауға ұмтылыс жасауы болды. Мұнан кейін мінбеге көтеріл­ген Кәдірбек Сегізбаевтың, Қуанышбек Құрманғалиевтың, Нұрдәулет Ақыштың, Гүлнәзия Рақымбердіқызының, Рысбек Сәрсенбайұлының,Сағатбек Медеубекұлының, Нұр­лан Сегіз­баевтың, Қанат Тә­ке­баевтар­дың сөздерін­де Б.Соқ­пақбаев шығарма­шы­лы­ғына деген сүйіс­пен­шілік атойлап тұрды. Көзі тірісінде қазақ балалар прозасының көш басында тұрған қаламгер осы ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде әлі де сол биіктігінен тұлғаланып көрінеді. Өйткені балалар жазушыларының арасынан Бердібек ағамыз шыққан көркемдік биіктікті әлі ешкім толық бағындыра қоймапты. Бердібек Соқпақбаев 1924 жылы 15-қазанда қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы Қостөбе ауылында өмірге келген. 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін, кейін­нен Москва қаласындағы М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газеті, «Балдырған» журналының редакцияларында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында, Жамбылдың музей-үйінде қызмет істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесшіліктен біржола шы­ғармашылық жұмысқа шықты. Б.Соқпақбаев әдебиетке келген алғашқы қадамынан бастап-ақ өзінің талантымен оқырман назарына ілікті. Өмір шындығы мен жазушылық суреткерлікті сәтті ұштастыра білген қаламгер шығармаларында негізінен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы, одан кейінгі кезеңдегі ауыл өмірі, оның ішінде жеткіншектер мен жастардың жан дүниелері суреттелген. Өзіндік сырлы бояуы айқын, көркемдігі басым болып келетін Бердібек шығармашылығы шыншылдығымен баурайды. Өз заманында қазақ балала­ры­ның арасында Бердібек Соқпақбаевтай кең танылған жазушы сирек болды. Тіліндегі ойна­қылық, езу жиғызбас юмор, кейіпкерінің ұшқыр қиял­шыл­дығы, тапқыр­лығы мен тентектігі, ең бастысы автордың да, кейіпкердің де адамға деген шексіз махаббаты сияқты факторлар – Б.Соқпақбаев шығар­ма­шылығының ең ұнамды сипаттары. Қай туындысы болса да, қызықты сюжетімен, пси­хо­логиялық иірімдерімен үнемі еліктіріп, қашан аяғына жет­кеніңше бас көтертпейді. Балалық, жастық шағы қиын­дыққа толы, қайғылы да, мұңды кезеңдері көп болғанымен, Бер­декеңді шығармашылық қадамын бірден сәтті бастаған, жолы болған жазушы деп айтуға болады. Оның тұңғыш кітабы «Бұлақ» атты өлеңдер жинағы 1950 жылы «Оқу құралдар» баспасынан сол кездегі қазақтың майдангер ақыны Әбу Сәрсенбаев директор боп тұрғанда сол кісінің қамқорлығымен жеке кітап боп шығыпты. Бұдан кейінгі ­туындыларын қыс­қаша тізбелеп өтсек, «Алыс­­та­ғы ауылда» (1953) «Он ал­ты жа­сар чемпион» (1957), «Ме­­­нің атым – Қожа» (1957, 1972), «Балалық шаққа саяхат» (1960), қазақтың ғалым-демо­к­­­­­­раты Шоқан Уәлихановтың өмірі туралы жазылған «Дала жұлдызы» (1960), «Аяжан» (1963), «Қайдасың Гауһар» (1966, 1977) повестері мен «Өлгендер қайтып келмейді» (1967, 1974) романдарын шығарады. «Жексен – жеке меншік» сурет кітапшасы (1982) жарық көрді. Бұлардың едәуір бөлігі бас­қа тілдерге аударылған. Кей­бір шығармалары сахна­лық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөс­пі­рімдерге арналған фильмдердің Франциядағы Канн қаласында өткен халықаралық фестивалінде Б.Соқпақбаевтың сценарийі бо­й­­ын­ша түсірілген «Менің атым – Қожа» фильмі арнаулы жүлдеге ие болды. Мерекеге жиналған жұрт­шылық осы айтылған деректерге қаныға отырып, Бердібек Соқ­пақбаевтың көркемдік әлемін әр қырынан кеңінен танығандай болды. Түркітілдес жұрттардың өнері мен мәдениетіне қамқорлық жасап отырған халықаралық «Түріксой» ұйымының жауапты өкілі Мәлік Отарбаев, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Ермек Келемсейіт мерейтойға орай өз құттықтауларын әке­ліпті. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың осы мерей­тойға арналған арнайы құт­тықтауы да конференция үстінде оқылды. Келушілерге жеке демеушілердің арқасында жарық көрген Б.Соқпақбаев кітап­тары сыйға тартылды. Мерекеге арнайы тіктірілген күйіз үй маңында халық серуені, концерттік нөмірлер мен ат бәйгесі, ұлттық ойындар келуші­лерді бір серпілтіп тастады.

Нұрдәулет Ақыш

Алматы облысы

14069 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы