• Тарих
  • 19 Желтоқсан, 2014

Байрақты батыр Қазымбет

«Тәуелсіздік» қандай асқақ ұғым. Тәуелсіздігіміздің туы желбірегеніне 23 жыл болды. Қазақ халқы небір қилы замандарды бастан кешірді. Ұлттың ұлттығын сақтап қалудың өзі өзекті мәселеге айналған кездері де болды. Сол қиын қыстау кезеңдерді өткеріп, осы күнге жете алған халықтың ұрпағы екеніңе масаттанасың, жүректі мақтаныш сезімі билейді. XV ғасырдың 50-жылдарынан былай қарай «Қазақ» деген этникалық атауы түпкілікті айқындала бастаса, ал халықтың жойылып кетуіне шақ қалған жоңғар шапқыншылығы кезеңі XVII ғасырдан басталып, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін жалғасты. Халқының басына қаралы күн туған осынау шақтарда еліне демеу, жұртына қорғаныш болған тұлғалар да халықпен қатар өмір сүрді. Солардың бірегейі – Қазымбет батыр. Қазымбет қазақ-қалмақ соғысының батыры. Қаракерей Қабанбай мен атақты ­батыр би Боранбайдың сенімді сардарларының бірі. Қазымбет Қабанбай қолының ту ұстаушысы болған. Хан батыры – Дарабоз Қабанбай туралы жыр-дастанда: «...Ту астында тулап өлген Қазымбет...» деп көрсетілуі соның айғағы. Сұрасаң арғы атамды бес байысты, Бес  байыс жиналғанда жер қайысты. Қалмақтың алатайын қойдай талап, Келгенде Өкпетіге олжа алысты. Атам аты Сармырза,Шешен мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын. Шерубай, Ертәукебай, Тана мырза Қай қазақ сөз сөйлеген бұдан бұрын. Бергі атам ер Қазымбет қайсар еді, Дұшпаны қарсы келген тайсап еді Жілігін жау сындырған байлап алып, Қалмақты қара құрттай жайпап еді. Қазымбет батыр Аягөз ауданы, Тарбағатай өңірінде дүниеге келген. Сәмеке ханның тұсында қалмақтың Қалден-Церен ханы қазақ жеріне шабуыл жасағанда 17 жасар Қазымбет осы шайқасқа қатысып, жекпе-жекте қалмақтың Жолан деген батырын өлтіреді. Жоңғар-қалмақ шайқастарына қатысып талай-талай ерліктер көрсетеді. Батыр бабаның ту астында шайқасқан соңғы ерлігі ғана үлгі емес, оның бала кезінен жасаған батырлықтары ұрпаққа үлгі-өнеге. Сол бір «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанған зарлы замандарда үнемі жау шабуылына ұшырап, қырғын тауып, қан жұтқан замандардағы аталарымыз бесіктен белі шықпай жатып, ат құлағында ойнап, бес жасында садақ тартып үйренген. Ыстық-суыққа бірдей төзімді, баршылық пен жоқшылыққа мойымайтын қайратты болып өскен. Нағыз даланың көк бөрілері еді. Туған жерден қуылып, қарындастан айырылып, тоз-тозы шықса да, көсемдері мен батырлары елге қорған болып қоймай, даланың ерлікке толы заңына ұрпағын үйреткен. Амалдап ұрпақ сақтап қалып отырған. Хандар мен билеушілердің алауыздықтарынан қара халық зардап шеккен. Ондаған мың жас бала опат болып, ондаған  мың ару жар құшағынан айырылған қасіретті кезеңді көз алдыңа елестетудің өзі қайғылы. Алмағайып замандардағы жастар ерлігін «Жау жүрек мың бала» фильмі барынша сомдаған. Жаугершілік заманда он үш тегі бозбала отау иесі атанып, жеке жауынгерлік қару-жарақ пен атқа ие болған. Елі менен жерін қорғау жолында қаншама жас қыршын кетті. Біздің заманымызда жаудан жеңіліс тауып қаза болғандар көп сақталмаған. Әйтпесе... Ал ерлік ісі үлгі боларлық батырлардың жеңісі халық аузында жырланып ұрпақтан ұрпаққа жетті. Қазақтың қай батыры болса да бала кезін ерлік жасаумен бастаған. Аман қалғандары аңызға айналған. Жас кезінде жауды бөгеп, қыршыннан қиылған боздақтарды бір соңғы жорықта Қабанбай, Боранбай батырлар еске алып, ағыл-тегіл жылаған деген сөз бар. Иә, талай боздақ елі үшін мерт болды. Ол кезде қысылтаяңда жас та болса жауға шабуға рұқсат сұрау ата салты болған. Осыған орай Қазымбет атамыздың ауыздан-ауызға жеткен алғашқы ірі жеңісі туралы аңызды айтайық. Жоңғарлардың оңтүстіктен селдей тасып, қазақ жеріне анталап енген кезі болу керек. Жетісудың шұрайлы жерінің көбін, Алтай-Тарбағатайды жоңғар қалмақтары басып алыпты. Кейінгі итжығыс ұрыстарда найман тайпасы бас болып, талай-талай ұрыс салыпты. Жоңғар қолын әлсіретіп, бірде жеңіп, бірде жеңіліп ес жинай бастаған екен. Осындай бір ұрыста Қазымбеттің әкесі Құттымбет батыр жараланып, қол бастауға жарамай қалады. Дәл сол кезде жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасайды. Сәмеке хан хабаршыларын жинап, қарсы әскер жинайды. Сол кезде он жеті жасар Қазымбет ту ұстап, өз аталастарын әкесі Құттымбеттің орнына жауға қарсы соғысқа әзірлеген екен. Алғашында Құттымбет батыр Қазымбетті баласынып, рұқсат бермейді. Сонда Қазымбет: « Әке, ел шетіне жау келсе, «жаспын»  деп жата көрме», не күшін көп «баспын» деп аса көрме», шайқас, жеңемін деп алыс, батыл бол, жеті атаң жау­дан жеңіліп көрмеген бәрі де өз ажалынан өлген. Қорыққанды оқтың өзі іздеп табады» деп  айтатын ақылыңыз қайда? Мен бала емеспін. Батаңызды беріңіз Сәмеке ханның қолына уақыт оздырмай қосылуымыз керек» деген екен. Сонда қарт батыр орнынан тұрып: Тапсырдым бір өзіңді хақ тағала, Аттанды қан майданға бір жас бала. Сол балама оң сапар берсін Алла, Қолдасын аруағы ата-баба. Ел қорғау ұрпағыма болған мұра, Аталар көп айқасқан жаумен дара. Солардың жолын берсін хақ тағала, Қорғаса ата аруағы жау ала ма. Я, Алла, балама абырой мен қайрат бер, Жеңімпаз атандыр да айбат бер. Рұқсат, ақ батамды бердім, балам! Дұшпанды малша қуып, айдап кел, – деген екен. Бес мыңдай қолға қарсы екі мыңдай жау­ын­­гер дайындап үлгерген Сәмеке ханға жас Қазымбет келіп қосылады. Сонда 17 жасар Қазымбет хан алдына барып, жекпе-жекке шығу үшін бата сұраған екен. Хан: – Әй, балам, сен тым жас екенсің, анау қалмақтың бас батыры Жолан талайды көрген жырынды, алапат күш иесі, жасы да анағұрлым үлкен. Өзіңе-өзің сенбесең шықпай-ақ кой. Жеңіліп, опат боларсың, – депті. – Жоқ, хан ием! Мен өзіме-өзім сенемін. Жіберіңіз, бата беріңіз, – депті жұлқынып. –  Тұла бойың тұнған күш, жүректі жассың мәрт мінез. Опасыз дұшпан табаныңда болсын, бар, балам, -депті Сәмеке хан. Жауласушы екі жақ бір-бірімен бетпе-бет келгенде, алдымен олардың бас батырлары жекпе-жек шайқасқан. Жекпе-жекке шыққан қалмақтың бас батыры Жолан жас арыстандай жалынды жас батыр Қазымбеттің көзіне көзі түсіп, ажалы келгенін сезгендей, бірінші болып кезек сұрайды. Қарсыласының мысы басып, құты қашып жоңғар, жебесі адасып далаға кеткен екен. Кезегін алған Қазымбет батыр қозы жаурын жебесін шірей тартқанда, оқ қақ жүректің тұсынан өтіп, Жолан жерге өкіріп құлайды. Мұны көріп тұрған қалмақ ханы  Қалден-Церен Қазымбетті қоршап, қолға түсіруге бұйырыпты. Арыстанша алысқан  жас батырды өзгелер келіп құтқарған екен. Жоланға барлық сардарлар мен сарбаздар  риза болыпты. Саны аз болса да жас батыр ерлігімен жігерленген қазақ қолы  жоңғарларды жеңген  екен. Осы жеңістен кейін 17 жасар Қазымбет Сәмеке ханның жасағына бас қолбасшы болады. Осыдан кейін де жоңғар-қазақ арасындағы қантөгіс ондаған жылдарға созылды. Ірілі-ұсақ сансыз ұрыстар болды. Соның көбі тарихшылардың айтуына қарағанда  Аягөз – Алакөл маңында болған. 1723-1727 жылдардағы ірі соғыс  Аягөз өзенінен 10 шақырым  Қарауыл маңында өткен. Онда қазақ хандарының алауыздығынан қазақ әскері  жеңіліс табады. Оның алдында Балқаш пен Алакөл аралығында Аягөз өзенінің Балқашқа құяр сағасында қанды қырғын болған. Алакөлден солтүстікке қарай Қарақол  тұсында, одан кейін үш Ақшәулі төңірегінде (Тарбағатай тауының етегі), Еңірекейде, Ащысу, Тарбағатайдың Өкпетісінде, Қабанбай асуында болған ұрыстарда қолбасы, он мың  басы, ту ұстаушы болып қатысқан Қазымбет батыр 52 жыл бойы ат үстінде жүріп ел қорғапты. 69 жасында қазақ жасағының туын жықпай, ту түбінде мерт болған. Елдік пен ерлікті, бірлікті көксеген Бұқар жырау айтқандай: Қиядан қиқу төгілсе, Аттың басын тартпаған, – Қисапсыз қол көрінсе, Қорқып жаудан қайтпаған, – деп ұрпағына үлгі берер аруақты батыр ұлтының ата жауымен айқаста елін кеудесімен қорғаған ер, өз өмірін құрбан етумен жоңғар-қазақ арасындағы ғасырлар бойғы соғыстың соңғы нүктесін қою барысында көз жұмған Қазымбет батыр бабамыз. Батырдың рухы мәңгі өлмек емес. Аты мен ісі халық үшін, жастар үшін үлгі-өнеге. Қазақтың жері кең-байтақ, Бабамның берген еншісі. Желбірей бер көк байрақ, Отанымның белгісі. Иә, кешегі Қазымбеттей бабамыз жықпай ұстап қалған туымыз одан ары қарай Мәңгілік Елде, мәңгілікке желбірей берсін.

Райхан Сұлтанбекова, Халық ағарту ісінің үздігі Дариға Қапасова, филиология ғылымдарының кандидаты

6532 рет

көрсетілді

126

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы