• Тарих
  • 06 Мамыр, 2015

Соғыс осылай басталған еді...

Ұлы Отан соғысынан жеңіспен оралған ардагерлер елге келген соң еңбекке араласып, әртүрлі салада жемісті қызмет атқарды. Кейбір ардагерлеріміз соғыста көрген-білгендерін, майдандағы жан алысып, жан беріскен сәттерін қағазға түсірді. Солардың бірі – Қален Тоқмұхамедов. Қален Құсайынұлы 1922 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ кентінде дүниеге келіп, 1991 жылы қайтыс болған. Сарыағаш ауданында 10 жылдық мектепті тәмамдаған соң, мұғалім болып жұмыс істейді. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанып, жауынгер қатарынан атқыштар батальоны командирінің саяси бөлім орынбасары қызметіне дейін көтеріледі. Соғыстағы ерлігі үшін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен және тағы басқа 13 медальмен марапатталған. Көзі тірісінде Қален Тоқмұхамедов соғыс жайында орыс тілінде деректі туынды жазған екен. Бірақ ол өкінішке орай кітап болып жарық көрмеген. Ардагердің қолжазбасын оқып отырып, майдан жылдарындағы оқиғаларға қанық болдық. Туынды «Соғыс», «Барлауда», «Курск доғасында», «От маған келе жатыр» және т.б. бөлімдерден тұрады. Біз оқырмандар назарына бұл қолжазбасының бірінші бөлімін аударып, ұсынуды жөн көрдік. Ибрагим мектепті тәмамдау кешінің ертесінде киім-кешектерін жинастырып, мемлекеттік банкке барып келді. Мұн­да колхоз адамдары есеп тапсыру үшін келе­тін. Ибрагим өз ауылының есепшісін кез­дес­тіріп, ауылына соның көлігімен жетіп алды. Үйіне келгенде ата-анасы құшақ жая қарсы алып, мәз-мейрам болды. Олар үлкен ұлының оқудағы жетістіктерімен мақтанатын. Енді, міне, сол ұлдары оқуды үздік деген белгімен бітіріп отыр. Оған бе­ріл­ген мақтау грамотасы мен аттестатын үй ішіндегілердің бәрі тамашалады. Ибра­гимнің келгенін естіген көршілер де келді. Жұман деген колхоздың шаруа басшысы Ибрагимнің жетістіктерінен хабардар болған соң: – Бәрекелді, балам! Хұсеке, мұндай жағдайды той жасап, атап өту керек қой, – деді ол Ибргаимнің әкесіне қарап. – Жұмеке, әзірге осы дастарқанда бар тағамнан дәм тата тұрыңыз. Ертең сенбі ғой, ел-жұрт та жұмыстан келеді. Өткен жылы Ибрагим оныншы сыныпқа барғанда мен тойға деп бір марқаны таңдап қойғам, екі бөшке шарап та әзірледім. Ұлым мектеп бітірсе керек болар деген ойым ғой. Сондықтан осы күннің туғанына бақыттымын. Ертең той жасаймыз, сонда тойға арнап сойылған қойдың басы сіздің алдыңыздағы табаққа қойылады, – деді әкесі. ...Бүгін Ибрагим ерте тұрды. Әке-шешесіне жексенбі күні аудан орталығына барып келетіні жайында ескертіп қойған-ды. Ибргаим өнер көрсететін мектептің волейбол командасы аудан бойынша жеңімпаз атанып, 25-маусым күні Шымкент қаласында өтетін облыстық жарысқа шақырту алған еді. Керекті нәрселерін жинастырып болған соң оларды кішілеу шабаданға салып, әке-шешесімен қоштасып, Киров ауылына жүріп кетті. Үш шақырым жерде орналасқан бұл ауылда аудан орталығына жетізіп тас­тайтын көлікті де тауып алуға мүмкіндік бар еді. Ибрагим оқуда жүрген кезінде туған ауылына айына бір рет келіп қайтатын. Машина болмай қалғанда жиырма бес шақырым жолды жаяу жүріп өтетін. Киров ауылына бара жатқан жолда Ибрагим алыстан колхоздың пошташысы Фадей атаның келе жатқанын байқап қалды. Фадей ата бұл қызметті талай жылдан бері атқарып келеді. Тоболин ауылына күн сайын сағат таңғы 9-да келіп пошта таратады. Ибрагим Фадей атамен өткен жылы жазғы демалысқа келгенінде танысқан еді. Бірде ол Фадей атаны кезіктіріп қалды. Ол таратып жүрген заттарын, хат-хабар­лар­ды реттестіріп жатқанда, Ибрагим облыс­тық газетті көріп шығуға рұқсат сұрады. Фадей ата өз міндетіне жауапкершілік­пен қарайды, бар ойы – газет-журналдардың оқырман қолына аман-есен жетуі. Ауылдағы газет алатын әр оқырманның аты-жөнін жақсы біледі. Оқырмандарға тиесілі газеттерді өзгелердің қарауына ешуақытта рұқсат бермейді. Ал Ибрагимге Фадей ата газетті қалай ұстата салғанын өзі де аңғармай қалды. Пошта жөнелтілімдерін реттестіріп тұрып, арасында Ибрагимге назар салды. Ибрагимнің газетті шұқшия оқып отырғанын көріп: – Иә, балам, газеттер не деп жатыр екен? – деп сұрады. Мұндай сауалға дайын болмаған Ибрагим қапелімде не айтарын білмей, оқып шыққанын есіне түсіріп, айта бастады. Фадей атаны Ибрагимнің орысша білетіні қайран қалдырды. «Бұл кімнің баласы екен? Бәлкім, осы ауылға келген қонақ бала шығар, әйтпесе бір емес, екі колхозда мұндай баланы кездестірмеп едім» деп ойлады. Әкесінің кім екенін білгісі келіп сұрап еді, Ибрагим: Менің әкем осы ауылда жүргізуші болып жұмыс істейді, – деді. Фадей ата Ибрагимнің әкесін лезде есіне түсірді, өйткені екеуі бірде жолығып, әңгімелескен еді. – Ал мен сені бұрын неге байқамағам? – Мен Сарыағашта оқыдым, қазір демалыстамын. – Қай сыныпта оқисың? – Сегізінші. – Ә, солай екен ғой. Түсінікті. Газет оқы­ғың келсе, күн сайын келіп тұрсаң болады. Саған рұқсат. – Көп рахмет. Келіп жүремін, – деді Ибрагим жылы жымиып. Осылайша Ибрагим әр жазғы демалысында газет оқуға келіп жүрді. Кейде олар әңгімелесіп, пікір таластыратын. Мұндайда пікірталасқа пошта бастығы да араласып кетуші еді. Бұл жолы олар қыс мезгілінен бері көріспеді. Ибрагим алыстан қол бұлғап: – Амансыз ба, Фадей ата! – деді қуанып. – Амансың ба, балам, – деді Фадей ата көңілсіздеу кейіп танытып. Ибрагимнің мектеп бітірген-бітірмегенін сұрамастан: «Соғыс басталды!» деген суық хабар айтты. – Бүгін таңертең Германия әскерлері біз­­дің жерімізге басып кіріпті. Молотов солай деді. – Не айтып тұрсыз? Молотов не депті? – деп Ибрагим шошып кетті. – Молотов Германияның Отанымызға шабуыл жасағанын айтты. Қазір кеңес әскерлері шекарада жаумен арпалысып жатыр. Неміс ұшақтары Минск, Киев және тағы басқа да қалаларды талқандапты. Ибрагимнің бірінші ойы үйіне тез жетіп, бұл суық хабарды әке-шешесіне жеткізу болды. Әрі қарай не істейтінін ақылдаспақ. Бірақ бұл ойынан кейін бас тартты. «Аудан орталығына, тек аудан орталығына жетуім керек. Барлық мән-жайды сол жерден білермін» деп шешті. Фадей атамен қош айтысып, басқармаға жүріп кетті. Жолда кездескен бір көлікке міне сап, түс әлетінде аудан орталығы Са­рыағаш­қа келді. Қала саябағында еңбек­шілердің шеруі өтіп жатыр екен. Ол мерекелерде үнемі құттықтап сөз сөйлейтін аудан комитеті хатшысының дауысын алыстан-ақ таныды. Әлдебір хабарды дауыстай оқып тұр екен. Ибрагим бұл хабар шеруде қабылданған шешім екенін сезді. Тыңдап көріп еді, бірлікке үндеген, қолға қару алып жауға тойтарыс беруге дайын болуға шақырған сөздер екен. Аудан комитетінің хатшысы оқыған дүниесін еңбеккерлердің дауыс беруіне салғанда, қолдағандар көп болды. Біреу мінберге шығып: – Біздің ісіміз оң. Жеңіс біздікі болады, – деді. Саябақ іші адамдардың қол шапалақ­тауы­нан және «Ура!» деген сөздерінен жаң­ғырығып кетті. Шеруді аяқтап тұрып ау­данның атқару комитетінің төрағасы бә­рі­­нен өз жұмыс орындарына қайтуларын, көп күш сала еңбек етулерін және майданға ша­­қырту алғандар тез арада әскери ко­мис­­­сариатқа жетулері тиіс екенін хабарлады. Халық бірте-бірте сейіле бастады. Ибрагим бір орында тапжылмастан тұрып қалды да, айналаға қарап достарын іздеп еді, Морозов, Цай, Киркунов және тағы басқалары келе жатыр екен. Олар жақындап: – Біз әскери комиссариатқа барамыз. Шақыруды күтетін несі бар, сен қалай қарайсың? – деді. – Мен де сендермен барамын, – деді Ибрагим бұл шешімді қуаттап. Келсе, әскери комиссариатқа көп адам жиналыпты. Бірақ комиссариат хатшысы олардың бәрін бірдей қабылдай алмайтынын, сондықтан үйлеріне қайтып, ша­қырту қағазын күтулерін өтінді. «Отандас­тарымыздың қаны төгіліп жат­қанда біз қалай күтіп отырмақпыз?» деген дауыстар естіле бастады. Хатшы: – Жолдастар, бұл айтқаныма ештеңе қоса алмаймын, – деп кетіп қалды. Жиналғандар үйлеріне қайта бастады. – Енді Шымкенттегі жарыс та өтпейтін шығар, – деді Цай күрсініп. Оның бұл сөзін Володя Киркунов: – Қазір жарысты ойлайтын уақыт па? – деп қайтарып тастады. – Олай болса, үйге тезірек жетіп, дайын­далайық. Бізді бірінші кезекте шақырады деп ойлаймын, – деді Цай. Достары оның сөзін қуаттап, қош айтысып, үйлеріне кетті...

Орысшадан аударған Дәуіржан Төлебаев

3283 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы