• Әдебиет
  • 20 Тамыз, 2015

«Әдебиет ешқашан жойылмайды»

Жазушы, «Үркер» журналының бас редакторы Қуандық ТҮМЕНБАЙ есімі кітап оқитын қауымға жақсы таныс. Ол қазіргі таңда өндіріп, жиірек қалам сілтеп жүрген қаламгерлер қатарында. Қажырлы еңбек текке кетіп жатқан жоқ. Оқырман қауым жазғандарын жылы қабылдап жүр. Ғұмырын әдебиетке, жазушылыққа арнап келе жатқан қалам иесі бұл күндері 60 деп аталатын асқарлы белеске көтеріліп отыр. Төменде болған әңгіме де «Уақыттың қадірін қалай біліп жүрміз?» деген сауал төңірегінен басталып еді. – Уақыттың алдында дірілдеп тұрған бала сияқтымыз ғой. Соның бәрінің обал-сауабын енді ғана білгендейміз. Алтыншы ондықтың алдында ғана біліп жүрміз, не істеп, не қойғанымызды... – Сізді мамандықты дұрыс таңдамады дегенді естуіміз бар. Сол жағын өз аузыңыздан естісек? – Мен атамның бауырында өстім де, өзінің сыйласы, Қазақ ауыл шаруашылығы инс­титутының ректоры Хайдар Арыс­тан­­бековтың қарауына, ­агрономия факультетіне оқуға түсірді. Түсуін түскенмен оқымадым. Сонан ҚазМУ-дің филология факультетіне ауыстым. Бұл туралы Мырзатай Жолдасбеков ағамыз «Ел тағдыры – ер тағдыры» кітабында айтып өтеді. Сол кісілердің көмегін көрдім, одан журналистика факультетіне ауыс­тым. Сөйтіп, ақырында Мәскеуден бірақ шықтық. Жас жазушылардың Бүкілодақтық кеңесінің қорытындысы бойын­ша Әдебиет институтының екі жылдық курсына қабылдандық. Әдеби білім алдық. Яхио Тоға секілді өзбек, Бурул Калчабаева секілді қырғыз, Геннадий Любегин секілді орыс достарымды таптым. Басқа ортамен қауыштым. – Жалпы, әдебиет жайлы не дейсіз? Ол компьютерлік әдебиетке айналып бара жатыр дейді. Осы рас па? – Әдебиет ешқашан жойылмайды. Машинка жойылып, сайт келуі мүмкін, бірақ әдебиетті жою мүмкін емес. Әуезовтің 20 томын жоя алмаймыз ғой. Оны тек оқу керек. – Жастардың әдебиетке деген қызы­ғу­шы­лығына қалай қарайсыз? Олар бір өзгеше әлем емес пе? – Дұрыс айтасыз. Жастар бүгінде өздерінше бір өзгеше дүние. Мен осы тоғызыншы жылға аяқ басты, «Үркерде» жастармен жұмыс істеп келемін. Мереке екеуміз Айтматовқа еліктеп, қазақтың «Роман-газетасын» шығармақшы болып едік, үш нөмірінен кейін әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси басылымға ойыстық. Талай талантты таптық, тек дүңгіршектер «Үркерді» таба алмай жүр. Түбі бәрі орнына келеді. Қазір әрі-сәрі тұрған кезең, екі жаққа қарап, жалтақтап тұрған жайымыз бар. – Өмірде біреуге борыштармын деп ойлайсыз ба? – Адам адамға борыштар. Әкем оқуға алып келгенде қасына ағасы Ыбырай Жақаевты ертіп, Әбділда Тәжібаев пен Мұхамеджан Қаратаев үшеуі Ауыл шаруашылығы институтының ректоры Хайдар Арыстанбековке кірді. Сонда журналистика факультетіне түскім келеді деп айта алмадым. Олардың ойы – мені агроном ету, онан әрі кім біледі бас агроном, бұйыртса директор боп кетер ме едім. Бірақ бәрі өзгерді. Шукшиннің кейіпкерлеріне еліктедік. «Крепкий мужиктей» болсақ дедік, «Захар Воробьев» қандай болды? деген екен» деп армандадық. Кейін сондай нәрселер жазуға тырыстық. Өмірде адам адамға борыштар. Сайын Мұратбеков өз қолымен кепілдеме жазып, Кеңес Жазушылар одағының мүшелігіне өткізді. Әдеби өмірде азды-көпті пікірін білдіргендер көп-ақ қой. Әйтеуір, алты ондықта олардың көңілін сезініп, жақсы сөзін тыңдағанға мәзбіз. – Біраз жерде, Баспасөз үйінде жұмыс жасадыңыз. Сол үй қазір жоқ қой. – Он екі қабат Баспасөз үйі біткенде әкеміз тіріліп келгендей қуанып едік. Сол үйдің қазір сұлбасы тұр. Тәуелсіздіктен кейін бәрі өзгерді. Жалпы, бір Баспасөз үйі керек еді. Ол жағы бөлек әңгіме... – Осы сіз қояншық туралы көп жаздыңыз? ... – Екі әңгіме... – «Қояншық», «Қасқыр мен қояншық» деген екі әңгіме ғой. – Әуелде Достоевскийдің «Нақұры­сына» түсіне алмадым. Қайталап оқыдым. Гогольдің «Өлі жандары» да қатты әсер етті. Бұл жарықтықтардың өздері сол кеселмен ауырған екен. Адам жанының қиналуы, әйтеуір, адамға не қатты әсер етсе, соның зардабы тиеді екен. – Жапонмен құда болғаныңыздан хабарымыз бар. Осыны айтыңызшы? – Тұңғыш ұл Жапонияда жұмыс істеді. Үйленем деді, үндей қоймадым. Кезінде өзіміз де өз айтқанымызбен жүрдік. Бала отыздан асты. Олар да өзіміз сияқты халық. Муракамиді оқығанымыздың да септігі тиді. – Құдалар келді ғой? – Келіп, мәре-сәре боп кетті. Еңбекқор ел екен. Әсіресе, күрішпен етене. Бұл жа­ғынан бірге туып, бір жасап қалдық... – Иә, «Жапон құданың қалауы», сосын «Хибаксуя» деген әңгімелеріңізді оқы­дық. – Екі барғанда екі әңгіме жазылды. Негізі еңбектің, әдептің елі екен. – Сіз ғарыш айлағында өмірге келіп, диқаншылық елінде басқа кәсіпке талпынып, сол далада басқаша өмір әуеніне ойысқан жұрағаттың өкілісіз. Күрішті қаламға ауыстырған да жайыңыз бар. Осы тіршілігіңізге қалай қарайсыз? – Агрономдықты тастадым дегенде, әкем ала көзімен бір қарады. Қайтып тіршілігіме араласқан жоқ. Әйтеуір, топыраққа деген қимас сезім бар, оны жасыра алмаймын. Қырып тастадым деп айта алмаймын, қырып тастаймын дегендерге сенбеймін. Адам уақыттың құлы. Алтыншы ондық та көп нәрсені көрсетті. Қалам мен орақтың алдында, ауыл мен қаланың алдында қарыздармыз. Бұлқынып жатқан бір сезім ол көкіректің түкпірінде. Бір жағына әлі де шықпаған секілдіміз. Мейлі, енді боласысы болды. Алты ондық асқар таудың арғы беті ғой. – Нендей дүниелер жаздыңыз, қанша кітап шықты деген дәстүрлі сұрақтан алшақтай алмайтынымыз бар ғой... – Азды-көпті жазған нәрселерім бар. Биыл жыл басында «Қазақпарат» баспасы алты томдығымды шығарып берді. Ол үшін Қонысбек ініме алғыс. – Өзіңіз проза жанрында біраз дүние туды­рдыңыз. Шығармашылығыңыз ха­қын­­да ой толғап, пікір білдіргендер бар ма? – Пікір білдіргендердің бәріне алғыстан басқа айтарым жоқ. Темірхан Медетбек ағам елуге толғанда «Жас Алашта» бір бет мақала жазды. Осы кісі ақын болса да прозаны прозашыдан бетер талдаған қарымына таңғалдым. Аманхан досым Әдебиет инс­ти­тутында кәсіби әдебиетшілерден дәріс алғанын көрсетіп, стильдің тереңіне сүңгиді. Бақыт Мерекенова курстасымда бір сыршылдық жатыр, әр шығарманың сырына терең қанығатындығын көрсетеді. Айта берсе сөз көп-ақ. – Аз-кем сыр бөлістік. Рақмет. Жам­был­дың жасын берсін. Әңгімені уақыттың алдында жасқаншақтап бастап едік, енді уақыт алдында не дер едіңіз? – Жапон құдаларымның көзімен қарасам, біз уақытқа борыштармыз. Уақыт бізбен есептеспейді. Әрине, далаға тән дарқандық өз алдына. Біздің қымыз бен жапонның сакэсінің градусы әрқилы. Біз аздап КСРО-ның аязына бой жылытып алған халықпыз. Енді одан төмен түсу де оңай емес. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Нұрперзент ДОМБАЙ

2966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы