• Тіл
  • 19 Қараша, 2015

Тіл мәдениеті және БАҚ

Астанада осы мәселеге арналған алқалы жиын өтті

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарының тілі, ондағы сөз қолданысы мен жалпы тіл мәдениеті жиі әңгіме арқауына айналып жүр. Бұл орайда тілші-ғалымдар да, тіл жанашырлары да өзекті мәселе көтеріп, осы тақырыпқа арнайы мақалалар жазып, ол оқырмандар арасында талқылануда. Иә, мәселенің күрделілігі сондай оған республикалық деңгейде назар аударылып отыр. Жуырда Астана қаласында өткен «Бұқаралық ақпарат құралдары және тіл нормалары мәселелері» атты республикалық дөңгелек үстелде де аталған мәселе күн тәртібіне қойылды. Жиынға бұқаралық ақпарат құралда­рының басшылары, тіл мамандары, ғалымдар мен сарапшылар қатысып, келелі ой-пікірлерімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен дөңгелек үстел барысында Тілдерді дамыту бағдарламасы аясында терминологиялық лексиканы біріздендіру, салалық терми­нологияның нормативтік-лингвис­тикалық негіздерін қалыптастыру жайы да кеңінен сөз болды. Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспандент-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы баяндама жасады. Ғалым жалпы тіл мәдениетіне тоқтала келіп, мұнда орын алып отырған мәселелерді баспасөз құралынан нақты мысалдар келтіріп сөйледі. Ол өз сөзінде тіл мәдениеті тілді қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен тығыз байланысты екенін жеткізді. Тіл мәдениеті дегеніміз – коммуникативтік қарым-қатынас кезінде тілдік тәсілдерді дұрыс ұйымдастырып, белгілі бір тәртіппен жүйелі қолдану екенін атап көрсетті. Сөзін әрі қарай сабақтай келе, тіл мәдениеті тілдік норманың 3 түрін қамтитындығын, атап айтқанда тілдік норма, сөз нормалары, коммуникативті норма екеніне тоқталды. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке мән беріп, осы нормаларға қатысты қандай мәселелер туындап отырғанын түйіндей сөйледі. Сөздерді дұрыс айту, сөздерді сұрыптап талғаммен қолдану, сөйлеу мәдениетіндегі заңдылықтарды сақтау және т.б. өзекті жайттарды ортаға салды. – Күнделікті басылымдарда, әсіресе радио-теледидарларда жиі ұшырасатын кемшіліктердің бірі – сөз мағынасына мән бермеу. Әсіресе, журналистер сөз қолданыстарында сөздің тура мағынасы мен ауыспалы мағынасы мен мағыналық реңктерді біле бермейтіндігі қатты қынжылтады. Шындығын айту керек, теле-радио жүргізушілер мағыналық реңктерді мүлде ажырата алмайды. Мәселе, осында болып отыр. Егер бұл кемшілікке дер кезінде тосқауыл қоймасақ, терминологиялық нормативтік-лингвистикалық негіздерге елеулі түрде нұқсан келетін болады. Жасыратыны жоқ, қазір журналистер қате жібермеуге тосқауыл болатын қажетті әдебиеттерді, сөздіктерді мүлде оқымайды. Осыдан барып тіл мәдениеті бұзылады, - деді Ш.Құрманбайұлы. Ғалымның сөзі жиынға қатысу­шы­ларға біршама ой салды. Шын мәнінде, тіл мәдениетінің, тіл тазалығының сақ­талуына алдымен журналистер қауымы мүдделілік танытуы керек емес пе. Әзірге, бұл бағытта ойланарлық мәселелер баршылық. Дөңгелек үстелге қатысқан тіл жанашырлары өздерінің көзқарастарын білдірді. Жалпы, бүгінде қазақ тілінің ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан мәйегі, тілдің тазалығы көпшілікті ойландырып отырғаны сөзсіз. Неге? Өйткені қазір ақпараттық-технологиялық ғасырда, ғаламтордың дамуымен сөз қолданысына деген жауапкершілік де азайды. Жасырып-жабар несі бар. Кейбір ғаламтор сайттарында жарияланып жатқан мақалаларды оқығанда, теле-радиодан айтылып жатқан сөз тіркестерін тыңдағанда «Бұл қазақтың тілі ме еді?» дегендей ойланып қаламыз. Өйткені тұрақты сөз тіркестері бұрмаланады. Мақал-мәтелдердің нұсқалары өзгертіледі. Соның бәрін назарға алғанда қазақ тілінің баспасөз беттеріндегі, сондай-ақ ғаламтор, теле-радио кеңістігіндегі тазалығына, тіл мәдениетіне бас мән беретін кез келді. Егер өйтпесек, қасиетті тіліміздің қадірін кетіріп алуымыз әбден мүмкін. Бұған ешуақытта жол беруге болмайды. Дөңгелек үстелге қатысушылардың ой-пікірлері осындай мәселеде тоғысып, келелі ұсыныстар ортаға салынып жатқаны қуантты. Ғалымдардан бастап, сала басшылары да бұл мәселеге назар аудара бастады. Бұл бағытта ендігі қолға алар қадамдарымыз қандай болмақ? Соны да рет-ретімен, кезең-кезеңімен шешіп алуымыз қажет. Белгілі жазушы-публицист, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин тіл мәдениеті мен тіл тазалығын сақтау үшін журналистерге университет қабырғасында оқып жүрген кезінен қазақ тілі пәнін тереңдете оқыту мәселесін алға тартты. – Әрине, күнделікті баспасөз тілінің стильдік сөз қолданысында кемшіліктер бар. Оны жасырмауымыз керек. Алайда сөз мәдениеті көркем сөйлеуде, ғылыми-көпшілік немесе ресми ортада, тіпті ауызекі сөйлеу стилінде тілдің барлық салаларымен тамырлас келетіндігін ұмытпауымыз керек. Сөйлеу мәдениеті топ алдында мәдениетті сөйлеу, оның алғышарттарын, әдіс-тәсілін танып білу, озық үлгілерін меңгерудің жолдарын, нақты қасиеттерін ұғыну сияқты мәселелермен тығыз байланысты. Жасыратыны жоқ, әредік болса да, газет-журнал, радио-теледидар тілшілері сөз қолданысына, сөйлеу мәдениетіне онша мән бере бермейтіндігі рас. Осы кемшілік неден басталады? Ол сауатсыздықтан басталады. ­Мысалы, қазір еліміздегі университеттердің журналистика факультеттерінде жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орфографиялық ере­желерді жүйелеу мәселелері оқы­тылмайды. Бұл бұрын болған. Енді соны қайтадан қалыпқа келтіру керек. Осы орайда бүгінгі дөңгелек үстелде көтеріліп отырған мәселелер өте ауқымды. Мұндай семинарлар тек Астанада ғана емес, елдің барлық өңірлерінде өткені дұрыс. Өйткені әр облыс, аудандарда да бұқаралық ақпарат құралдары бар. Солардың қатысуымен өткізу керек, – деді Жұмабек Омарұлы. Дөңгелек үстелде сөз сөйлеп, пікір қосқан «Астана» университетінің медицина және азық-түлік кафедрасының профессоры Мұхамбедия Ахметов терминдерді қалыптастыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Жалпы, аталмыш дөңгелек үстел басында қазақ тілінің сөз мәдениетін арттыру, терминологиялық лексиканы біріздендіру – ұлттық мүдде талаптарының бірі екендігі баса айтылды. Тіл мәдениетінің үлкен бір саласы – сөз қолдану мәдениеті, оны жоғары деңгейге жеткізудің басты заңдылығы – дұрыс сөйлеу нормасын сақтау екені белгілі. Жазу және сөйлеу мәдениетінің қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы орны және оның орфографиялық ережелерді жүйелеу мәселелеріне тікелей байланысты. Жиынға қатысушы мамандар сөйлеу мәдениетін ұлттық мүдде ретінде тану, сөз мәдениетіне әлеуметтік көзқарасты қалыптастыру, сөз мәдениетін әлеуметтік ғылымдар мен ұлттық мәдениеттің ең бас­ты тірегі ретінде бағалау, сөз мәдениетін ұлт мәдениетімен қатар насихаттау, лингвистикалық болжау орталықтарының ұсыныстарын назарда ұстау аса маңызды екенін тілге тиек етті. Осы қағиданы қашанда естен шығармауымыз қажет.Тіл анық болмаса, ой анық емес деген сөз. Тіл – ойдың айнасы. Тілдегі сауатсыздық – адамның жалпы сауатсыздығының, мәдениеті төмендігінің көрінісі, рухани байлығының әлсіздігі. Негізі бұл дөңгелек үстел басына жиналғандар әдеби тіл нормаларының бұрмалануын болдырмау мәселесіне барынша назар аударды. Орын алған олқылықтардың алдағы уақытта қайталанбауы жөнінде нақты пікірлер айтылды. Сонымен қатар күнделікті баспасөз тілінің стильдік айырым белгілеріне әсер етіп отырған факторлар да талқыға салынды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ербол Нұрғалиев дөңгелек үстел жұмысын қорытындылай келе, тіл – асылдардың асылы, қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі екендігін ерекше атап өтіп, баспасөз тілінің бірізділікке түсуінің маңызы қашанда зор екендігіне тоқталды. Ол өз ойын «Баспасөз тілінің мәдениетін жетілдіру, тілді дұрыс әрі тиімді, сондай-ақ шебер де тартымды қолдана білу – уақыт талабы. Демек, бүкіл тіршіліктің құралы, рухани өміріміздің айнасы – тілімізге, оның тағдырына бүгінгі қазақ журналистикасы бейтарап қарамағаны абзал» деп түйіндеді. Келелі кеңесте бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық-әлеуметтік қызметіне, тілдік-жанрлық ерекшелігінің әр алуандығы мен күрделілігіне сәйкес әдеби тіл нормаларын танытудағы рөлін жетілдіру мәселесі қозғалып, күнделікті баспасөз тілінің стильдік белгілеріне әсер етіп отырған өзге де жайттар талқыланды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, қазақ тілінің бүгінгі және келешектегі тағдыры баршамыздың қолымызда. Бұл мәселеге бейтарап қарауға болмайды. Орнымен қолданылған сөз, тіл заңдылығына бағынған сөйлем, дұрыс айтылған ой – бәрі-бәрі тіл тазалығы мен тіл мәдениетінің сақталуына әсер етеді. Тіл – халқымыздың басты қазынасы, аса жоғары құндылығы. «Жүйелі сөз – жүйесін табар» деп ата-бабамыз бекерден-бекер айтпаған. Тіл мен сөздің жүйесі бұзылмасын десек, біз ел болып, қоғам болып осы мәселеге бір кісідей атсалысуы­мыз керек.

М.АЛИМАНОВ Астана

23848 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7042

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6125

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3863

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3256

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3211

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3185

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2913

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2901

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы