• Тұлға
  • 10 Желтоқсан, 2015

Танымал тілтанушы

Абай атындағы ҚазҰПУ-да осы оқу орнының Тәрбие басқармасы, Филология инс­титуты, Жалпы тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен көрнекті ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәлидің 70 жылдық мерейтойына арналған «Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтардың тілдегі сабақтастығы» деген тақырыпта кездесу кеші ұйымдастырылды. Кешті университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Құлсариева ашты.

Сөз сөйлеген кештің мазмұнды өтуіне ұйытқы болған университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, саяси ғылым кандидаты, профессор Жанатбек ­Ішпек­баев, филология институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы, жалпы тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Қалбике Есенова ғалымның ғылымға қосқан еңбегі жөнінде кеңінен айтты. Кешті «Ана тілі» газеті бас редакто­рының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай жүргізіп отырды. Бұл басқосу өзгеше түрде өтті. Ең алдымен мерейтой иесінің ғылымдағы жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Студент ақындар ғалым аталарына арнаған жыр шумақтарын оқыды. Арасында ән-күйден шашу шашылды. Құрметті қонақ кешті жүргізушінің, студенттердің қойған сауалдарына жауап беру арқылы тіл мәселесіндегі өзекті жайттарды да атап өтті. Негізі Нұргелді Уәли ғұмырын бір салаға ғана – тіл ғылымына арнап келе жатыр деуге болады. Алматыдағы Қазақ мем­лекеттік университетінің филология факультетін бітіргеннен кейін Қазақ КСР ҒА Тіл білімі иниститутының аспирантурасында оқыды. Аталған ғылыми мекемеде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, жетекші ғылыми қызметкер болды. Кейін Тіл білімі инс­титуты директорының орынбасары болып он төрт жыл қызмет атқарды.Ғылыми зерттеушілік, ғылыми ұйымдас­тырушылық жұмыстармен шұғылдана жүріп кандидаттық, докторлық диссертацияларын қорғады.Тіл білімі мамандығы бойынша профессор атағын иемденді.Бүгінгі күні өзі еңбек жолын бастаған институттың Бас ғылыми қызметкері. Ғылымға қызығушылық неден басталып еді? Нұрекең аса көрнекті ғалымдар І.Кеңесбаевтың, М.Балақаевтың, Ы.Мамановтың көзін көріп, дәрістерін тыңдады.Олар ғылымдағы өздері бас­тан кешкен өмір жолын әңгімелегенде қазақ тіл ғылымының іргетасын қалаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов сынды әйгілі тұлғалардың еңбектерін айрықша бағалап, үлгі, ұстаз тұтып еске алатын.Әсіресе, академик Р.Сыздықованың профессор Қ.Жұбанов, А.Байтұрсынұлы туралы өмірбаяны мен еңбектеріне қатысты жазған зерттеулері, алқалы жиын­да қызықтыра айтқан баяндамалары ғылым жолын таңдауда ықпал етіп, өнегелі мектепке айналды.Білім-танымын кеңейтіп, олардың зерттеулерін өз бетінше оқып, игеруге түрткі болды. Кезінде А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов еңбектерінің ғылыми мән-маңызы жөнінде өзі де арнайы ғылыми мақалалар жазды, әлі де болса кеңейте жазу ойында бар. Ол – сөз мәдениетінің өзекті мәселе­лері, жазу мәдениеті, қазақ сөздерінің мағыналық ерек­шеліктері, тіл экология­сының, лингвомә­дениеттанудың қазақ әдеби тілі нормаларының негіздері, фонология, фонетика, графика, орфография мәселелерімен үзбей, жүйелі айналысып, нәтижелі зерттеулер беріп келе жатқан ірі ғалым. Сонымен бірге практик-зерттеуші: қазақ тілінің орфографиялық және орфоэпиялық сөздіктерінің бірнеше басылымдарының құрастырушысы әрі соңғы екі басылымның жауапты редакторы, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныпқа арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті» оқулығының авторы. Нұргелді Мақажанұлы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген 15-томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» және 106 мың сөзді қамтитын Үлкен түсіндірме «Қазақ сөздігінің» жауапты редакторы, идеясының авторы, ғылыми жоба жетекшісі. «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» сөз байлығы тіркеліп қана қоймай, олардың мән-мағыналарын жүйелеу арқылы әдеби тілдің нормалық сипаты жаңа бір деңгейге көтерілді. Бұл Сөздік қазақ тіл білімінде жаңа типтегі сөздік индустрия­сын қалыптастырудың бастамы болды. Қолға алынуға тиіс көне, сирек сөздердің сөздігін, шет тілдік сөздігін, этномәдени сөздердің сөздігін жасауға, этимологиялық, стилистикалық сөздіктерді құрастыруға, түркі тілдерінің кең ауқымды тарихи-салыстырмалы сөздігін жасауға және тарихи-лексикологиялық, теориялық зерттеулерге негіз болатындай мол материал Сөздікте жинақталып жүйеге түсірілді. Осы айтылғандармен байланысты Сөздікті бүгінгі таңдағы ғылыми-теориялық сұранысқа сәйкес жасалған лексикографиялық жаңалығы мол еңбек деп тани отырып, мәдени-ғылыми жұртшылық оның лингвистикалық қырларына қатысты ғана емес, сондай-ақ мәдени-әлеуметтік сұранысқа толық жауап беретіндей мәдени факт ретінде өз бағасын берді. – Мұндай іргелі еңбек 5-7 жыл аралы­ғында өңделіп, толықтырылған жаңа басылыммен жарық көріп отыруға тиіс. Себебі қазіргі қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтар әлдеқайда қарқынды, оны бұрынғы тоқырау кезеңімен салыстыруға мүлде болмайды. Сөздік жаңартылып-жаңғыртылып отырмаса, лезде «қартайып» қоғам сұранысына жауап бере алмайды. Мәдени-ғылыми салада осы мәселе ескерусіз қалмауға тиіс екенін де еске салғым келеді, – дейді ғалым. Сондай-ақ ол Қазақстан Республикасы Орталық музейiнің ұйымдастыруымен дайындалған «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлi жүйесi» атты 5-томдық ғылыми-танымдық еңбектің редакторы әрі авторларының бірі. Бұл іргелі еңбек қазақ халқының өмір-тіршілігінің басты тірегі болған сан алуан әдет-ғұрып, наным-сенім, ырым-тыйымдар, сонымен қатар көшпелі ортаның заттық мәдениет туралы құнды мәліметтерді қамтып, әрқайсысына ғылыми анықтама берген. Нұргелді Уәли «Қазақстан Республика­сы­ның Білім беру ісінің үздігі», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атақтарының иегері, «Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия» стипендиаты. Бүгінде филология ғылымының докторы, профессор Н.Уәли Қазақстанға ғана емес, шетелге де танымал тілтанушы-ғалым, 2013 жылы ол қазақ тіл білімін, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталды. Ғалым еңбегін жоғары бағалап, кездесу­лер ұйымдастырылып, жұртшылықтың сый-құрмет көрсетіп жатуы өте құптарлық.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

3886 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9436

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7474

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5219

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4600

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4562

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4520

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4258

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4250

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы