• Тарих
  • 16 Наурыз, 2016

Ерлан Қожабаев: Қазақтың оюлары ұлттық брендіміз болу керек

Ерлан Жанахметұлы Қожабаев – белгілі суретші, дизайнер. Бірқатар баспаларда көркемдеуші редактор қызметін атқарып, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында  шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Республикалық және халықаралық байқаулардың дипломдарымен марапатталған. Ол жуырда ғана оқырман қауымға жол тартқан «Қазақ оюлары» кітабының авторы. Автор соңғы жылдары қазақтың оюларын терең зерттеумен айналысуда. Кәсіби суретшімен өрбіткен сұхбатымыз да осы төңіректегі мәселелер жөнінде болмақ. 

– Қазақтың оюларын қай кезден бастап жинай бастадыңыз және бұған не себеп болды? – Қазақтың ұлттық ою-өрнегі көп­теген ғалымдардың – өнерта­ну­шылар мен этнографтардың зерттеу нысанына айналып, бірқатар ғылыми еңбектің өзегі болғаны белгілі. Бұл тақырып Ә.Х.Марғұланның, Қ.Мұратаев пен Б.Ибраевтың, сондай-ақ А.Қажығалиұлының кітап­тарында кеңінен көрініс тапқан. Ұлттық өрнектің түрлері мен құрамдас бөліктерін жіті зерттеген мамандардың пікіріне сүйенсек, ою – ұлттық дүниетанымның негізгі тұ­жырымдарын өн бойына жинақ­таған бейнелеу өнерінің бірегей түрі. Әйтсе де, қазақ оюларының кей­бір аспектілері, өрнектерде көрініс тапқан ата-бабаларымыздың кос­могоникалық, астарльді, діни және философиялық танымы әлі терең зерт­телмеген. Қазақ ою-өрнегінің қазақпен ежелден қоңсы тұрған көрші халықтардың дүниетанымымен байланысы да ғалымдар назарынан тыс қалып келеді. Менің бұл жұмыспен айналыс­қа­ныма 8 жылдай уақыт болды. Қазақтың оюларын жинауыма себеп болған нәрсе, кезінде қазақ оюларына байланысты бір энциклопедиялық жинақ шыққан болатын. Сол жинақтағы оюларға назар аударсам, олардың көбі – қазақ оюлары деуге келмейтін, яғни ойдан құрастырылып шығарылғанын байқадым. Оның үстіне сондай «өтірік оюлар» шетелдерге де тарай бастапты. Ал шындығына келгенде, қазақтың ою-өрнегі біздің салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, төл мәдениетіміздің, тарихымыздың, дініміз бен діліміздің, ойлау жүйеміздің, парасат-пайымымыздың, дүниетанымымыздың белгісі, көрінісі емес пе? Бұған мән беріп қарамасақ, ертең өзіміздің ұлттық нақышымыздан қол үзіп кетеміз ғой деген ой келді. Содан ойлана келе, оюлардың үлгілерін, түрлерін жинастыруды, суреттерін салуды, қағаз бетіне түсіруді қолға алдым. Бұл істі бастауыма бір жағынан намыс та әсер етті. Өйткені біз оюларды сақтауымыз керек, насихаттауымыз керек. Оны біз жасамасақ, кім жасайды. Тарихи кітаптарға үңіліп, құлпыстарға зер салып, көне жазбаларға қарап, сақ, ғұн замандарындағы, тіпті одан ерте кездердегі жәдігерлерге, көне заттарға, өрнектерге, таңбаларға, киімдердегі нақыштар мен белгілерге қарап, олардың нұсқаларын зерттеп, зерделей келгенімде оюларымыздың бірсыпыра үлгілері жинақталды. О баста менің мақсатым тек жинау ғана болды. Кейіннен оюлардың мән-мағынасын білуге ден қоя бас­тадым. Тапқан оюларымды, ондағы бейнелерді ғалымдарға, тарих­шыларға көрсетіп, қандай мағына білдіретінін айтып берулерін сұрадым. Сөйтсем, қазақтың көне замандардан келе жатқан оюларында терең мағына жатыр екен. Олардың әр элементі, өрнек-нақышы ерте замандардағы тәңірлік діннен бастау алып, киелі заттар мен ұғымдарды, ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелеп тұр екен. Қазақтың оюлары   ұлттық брендіміз болу керек1 -2

Үшбұрыш ішіндегі өрнектік композиция – «Өмір ағашы»

– Сонда бұл қандай бейнелер? Ерекшелігі неде? – Кезінде христиан діні Еуропаға тарай бастағанда сол кезде салынған суреттерге, заттық, қол өнер бұйым­дарына қарасақ, библияның бейне­ленгенін көреміз. Сол сияқты қа­зақ­тың даласында ежелгі діндердің бірі саналатын тәңірлік діннің белгілері, сипаты, тамғалары оюларымызда кеңінен бедерленгенін байқауымызға болады. Бір сөзбен айтқанда, қазақтың оюлары бұл тәңіршілдіктің тамғасы. Адам жарық дүние есігін ашқан күннен бастап о дүниелік болғанша жүріп өтетін жолы, тыныс-тіршілігі, аспан және жермен байланысы, өмірінің өзегі, кемелденуі, қоршаған ортамен байланысы, табиғатпен етенелігі, өмір мен өлім, күн мен түн, ер мен әйел, тепе-теңдік өзіне тән оюлар арқылы жеткізіледі, суреттеледі. «Қошқар мүйіз» оюын алып қарайтын болсақ, онда сағат тілі бойынша және сағат тіліне қарсы айналып тұрған қозғалысты байқаймыз. Қазақ оюларындағы негізгі элементтің бірі крест (+) бейнесіндегі нақыш. Одан кейін пирамида бейнесіндегі көрініс бар. Бұл – Ұлытауды бейнелеп тұр. Ұлытаудың үстіне ағаш өсіп, ол ағаштың бұтақтарында құстар бейнеленеді. Ол құстар – аруақтардың жаны ретінде қабылданады. Ал ағаштың ең жоғарғы жағында самұрық құс бейнеленеді. Бұлардың әрқайсысында өзіндік мән-мағына жатыр. Барлығы да тәңірлік дінмен байланысқан дүниелер екені сөзсіз. Астында су. Ол өмірді бейнелеп түр: аспан (құстар өмірі), жер (адамдар мен жануарлар өмірі), жер асты өмір (балықтардың өмірі). Шаңырақ та қазақ оюларында кең тараған. Кереге – жер үстіндегі өмір деген мағынаны білдірсе, киіз үйдің өзі – Ұлытау бейнесін көрсетіп тұр. Ал киіз үйдің ішінде – от бар. Ол жан, тіршілік. Негізінде қазақтың оюлары үш пішінде салынады. Ол – шеңбер. Шеңбер дегеніміз күн. Ұлытау – пирамида. Төрт бұрышты квадрат – пирамиданың негізі. Қазақта «Төрт қабырғасы тең болсын», «Төрт құбыласы тең» деген сөз бар. Теңшілік – тәңірлік діннің философиясы. Яғни жер бетінде бәрі тең. Адамдар да бір-бірінен артық емес, бәрі тең деген мағынаны береді. Осы мағына көп ою-өрнектерге арқау болған. Мысалы, 1940-50 жылдарға дейінгі тұрғызылған зираттарға қарайтын болсақ, олардың төрт қабырғасы бір-бірімен тең жасалғанын байқаймыз. Кейін Кеңес өкіметі кезінде бұл пішін өзгерді. Төрт жағы тең крест туралы да осыны айтуымызға болады. Қазақ оюларында «өмір ағашы» деген белгі салынады. Мұны орыс тілінде «древо жизни» деп атайды. Бәрі де өмірмен өзектес, сабақтас мәселелер. Философияда «инь-янь» деген ұғым бар. Осы инь-ян қазақ оюларындағы бір элемент қана, яғни біздің оюдың өзі «инь-янь». Өмір мен өлім, күн мен түн, ер мен әйел және тағы басқа. Онда бос кеңістік болмайды. Бәрі мағыналық бояуға, реңкке толтырылған. Қазақтың екі түстегі оюына зер салсаңыз, оның қайсысына бірінші кезекте назар аударасыз, сол бері қарай шыққандай болады, екінші түске назар аударсаңыз, керісінше сол бері қарай шыққандай қабылданады. Ал екеуіне алма-кезек көз жүгіртсеңіз, қозғалыста тұрғандай сезіледі. Мұндай қозғалыстан біз шексіздікті, мәңгілікті көреміз. S – белгісімен бейнеленетін ою – бұл адам өмірінің кезеңін көрсетеді. Бірінші басынан екінші басына дейінгі жол екі жақтағы өмірді сипаттайды. Бұл орайда қазақ оюлары S және + белгісі тәрізді екі негізгі модульден тұрады. Осы модульдерді көбейтіп, бір-біріне жалғау арқылы оюлар пайда болады. Тұмар бейнесіндегі оюлар бар. Тұмар да – Ұлытаудың бейнесін сипаттайды. Сонымен бірге қазақ оюларында «Ұлы ана», «Ана жатырындағы бала», «Әке», «Бала» және тағы басқа көптеген тақырыптық көріністер бар. Бұлардың бәрі өкінішке орай қазір ұмытылып кетті. Мағыналары жоғалды. Сақталмады. Мағыналары сақталмағаннан кейін оюларымыз түрлі нұсқада айтылып жүр. Біреулер оюлардың мағынасын жетік білмегеннен кейін сырт пішініне қарап, бір нәрсеге ұқсатып айта бастады. Мысалы, қармақшы дейді, түйетабан дейді. Ал қай оюдың қайдан шыққанын, қайнар көзі, бастауы неде жатқанын толық ажыратып, біле бермейді. Тағы бір айта кетерлік мәселе, қазақтың оюларында күнтізбелік жүйе де кеңінен көрініс тапқан. Яғни, күн мен түннің теңелуі, ең ұзақ күн және ең қысқа түн, күзгі күннің теңелуі. Сонымен қатар он екі мүшел, қара және ақ күштер, адамның екі иығындағы періштелер, этикалық, эстетикалық ұғымдар қаншама. – Мысалы, қандай? – Мысалы, ала жіпті алайық. Қазақта «Біреудің ала жібін аттама» деген сөз бар.Бұл дегеніміз біреудің моральдық, этикалық, эстетикалық, географиялық шекарасынан аттап кетпе деген ұғымды білдіреді. Ал оюға келетін болсақ, ала жіп – бұл шекара. Ол кіндіктен шығады. Бала өмірге келгенде оның кіндігін кесеміз. Кіндікті кесу арқылы біз екі дүние арасына шекара қоямыз. Сол шекара – ала жіп. Мұның бәрі көне Алтайдан келе жатқан символдар. Баланың тұсауын кескенде ала жіпті сегіз санының бейнесінде байлайды. Ал сегіз бұл шексіздік. Жіпті кескенде жолы байланбасын, ашық болсын, бүкіл шекараларды кестім деп ырымдайды. – Оюлардың қандай түрлері бар және оларды қалай, қай жерлерде қолданған абзал? – Жалпы, біздің көбіміз «Қошқар мүйізден» басқа оюларды біле бермейміз. Шынтуайтына келгенде, қазақ оюларының түрлері көп. Балаларға арналған оюлар бар, ерлер мен әйелдерге арналған оюлар бар. Белден төмен, белден жоғары салынатын оюлар бар. Бас киімге, камзолға, шапанға салынатын оюлар бар. Тіршіліктің тоқтағанын білдіретін оюлар бар. Мысалы, тірі адамға тіршілік белгісін білдіретін өрнектер ғана салынады. Бұлардың барлығын ажырата білуіміз керек. Өз орнымен қолданудың жөні бөлек. Себебі қазіргі күнде көптеген оюларды қате қолданып жатады. Бас киімге салынатын оюларды етікке салып қояды. Етікке салынатын оюды бас киімге салып қояды деген сияқты. Өлген адамның оюын тірі адамға салып қойып жататын жағдайлар кездесіп қалып жатады.001 Мұның барлығы білместіктен, оюларымыздың мән-мағынасын жете танымаушылықтан деп ойлаймын. Осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Қазақ оюлары» атты кітапты дайындап, жарыққа шығардым. Аталған кітапты жарыққа шығарудағы мақсатым – қазіргі дизайнерлер қай оюды қай жерде қолдану керек екенін білсін деген ойдан туын­дады. Өйткені қазір көптеген дизайнерлер бір оюды барлық бұйымға жапсыра беретіндіктен ұлттық ою-өрнегіміз көптүрлілігінен айырылып барады. Дұрыс қолданбау салдарынан төл айшықтарымыз бастапқы кескінін, мәні мен маңызын, тіпті атауын да жоғалтты. Осы кітапта жинақталған ою-өрнектер баспа ісі мен архитектурада, тоқыма және зергерлік өнерде, модельдік бизнесте жүрген көптеген дизайнерлердің жұмысын жеңілдетеді деп ойлаймын. Сондай-ақ, осы еңбек арқылы қазақта қошқармүйізден басқа ою жоқ деген таптаурын көзқарасты бұзуға тырыстым. Ою мен өрнектің түрі көп екенін дәлелдегім келді. Бірақ бұл кітапта көрініс тапқан орнаменттік айшықтар қазақтың ою-өрнегіне тән түр мен түстің, үндестік пен үйлесімнің мыңнан бір бөлігін де бере алмауы мүмкін. Кітабымда оюларды дұрыс қолданудың көптеген тәсілдерін көрсеттім. Жалпы, менің айтайын дегенім, ою мен өрнектің арасында үлкен айырмашылық бар. Өрнек ол – сәндеу, нақыштау үшін қолданылса, ою ол ойдан туған деген сөз. Ою – ойлаудың, ойланудың көрінісі. Өрнек – оюлардан шығады. Оюлардың магиялық әсері бар. Адамның энергетикалық қуатын қалпына келтіретін, реттейтін күші де бар. Емдік қасиетке ие оюлар да бар. Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан оюларымыз табиғи қалпын сақтауы керек. Оларды өзгертуге, өзгеріс енгізуге болмайды. Қағаздан қиып, бір нәрсе ойлап тапқан сияқты әдіс қазақтың оюларына жүрмейді. Қазақтың оюлары сақ, ғұн замандарынан бері әбден қалыптасып, жүйеге түскен. Оюлар – дәстүріміз, төл табиғатымыз, табиғи қалпымыз. Оны өзгерту – салт-дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды, ұлттық болмысыңды өзгерткенмен бірдей. Демек, қазақ­тың оюлары – төл табиғатынан ажырамай, өзінің бастапқы қалпынан айнымағаны жөн. Сонымен қатар мен өз кітабымда осы оюларды қазіргі заманда қалай қолдануға болатынын, оның жолдарын тәптіштеп көрсеттім. Қазақ оюларын пайдалану кеңістігі өте үлкен. Қарапайым ас үй жабдықтарынан бастап, зергерлік бұйымдарда, киім-кешектерде, аспаптарда, қолөнер туындыларында, жылқы әбзелдерінде, үйдің, бөлменің ішін, еденді әшекейлегенге дейін қолдана беруге болады. Тек қай оюдың қай жерде қолданылатынын білу керек. Сөз соңында айтарым, біз оюларымызды барша әлемге танытып, насихаттауымыз керек. Баяғыда Мәскеуге барғанымда Ресейдің бір халық суретшісі біздің оюларымызға қатты таңғалып, «Ғажайып қой, бұл әлемдік деңгейде зерттейтін тақырып болуы тиіс» деген еді. Біз өзіміздегі ұлан-асыр байлықты көрмей, бағаламай отырмыз. Оюларымызды танытатын болсақ, қазақтардың қандай білімді, ғылымды игергенін, дала өркениеті мен мәдениетінің, тарихының, салт-дәстүрінің қайдан бастау алып, қалай дамығанын да танытар едік. «Тарихы жоқ ел тамыры жоқ ағаш секілді» деген сөзді халқымыз бекер айтпаған. Ұлттық ою-өрнекте ата-бабаларымыздың өсиеті жасырынған, олардың мәнін ашу арқылы біз өзімізді тани аламыз. Бағзы заманнан адам өзінің таным-түйсігін, пәлсапасын тасқа, тұрмыстық заттарға бейнелей отырып, тіршіліктің мәнін, өмірдегі өз орнын іздеген. Діннің пайда болуымен адам баласы айналасындағы заттарға өз дінінің қағидаларын бедерлей бастады. Қазақтың ою-өрнегі ғасырлар бойы қалыптасты және оның арқауында тенгриандық пәлсапа бойынша өмір сүрген ежелгі түркі халықтарының ішкі әлемін түсінуге ұмтылыс жатты. Бала күнімде атаммен қой бағуға шығатынмын. Сонда қарияның жолында кездескен тастарды жинап, оларды бірінің үстіне бірін пирамида пішіндес етіп орналастырып жатқанын бірнеше рет көзім шалды. Не үшін олай істейтінін сұрасам, ештеңе түсіндірмейді. «Солай істеу керек» деп қысқа қайыратын. Шамасы, оның генетикалық жады ежелгі ата-бабаларының белгілерін есіне салған болуы керек. Бізді тағылымды тарихпен жалғайтын тектілік кілті ұлттық ою-өрнектерімізде жатқаны шүбәсіз. Бір сөзбен айтқанда, қазақ оюлары – ұлттық брендіміз болуы тиіс. – Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Дәуіржан ЖҰМАТҰЛЫ

11087 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы