• Тарих
  • 28 Сәуір, 2016

Ел шекарасы толықтай шегенделді

Экономикалық-әлеуметтік ахуалдың дамыған мемлекеттер үлгісіне көшуі Қазақстандағы саяси ахуалды да өзгертті. Елде саяси плюрализм берік орын ала бастады. Демократия институттары күшейе түсті. Азаматтық қоғамның нақты дамуын үкіметтік емес ұйымдардың санының 5 мыңнан асып түскендігі нақты дәлелдейді. 2005 жылы Қазақстан Президенті мен Парламент Сенаты сайлаулары ойдағыдай өтті. Нарықтық қатынастардың әлеуметтік тірегі орта таптың қалыптасуы жеделдей түсті. Елде бұрын-соңды болмаған қарқынды тұрғын үй құрылысы өрістеді. Тұрғын үй құрылысы ел экономикасын алға сүйреуші жаңа локоматив деп аталды. 1 жылда 195 мың пәтер беру жос­парланды. Бұл 2004 жылдан 2 есе көп.

Қазақстан «алдымен экономика, одан кейін саясат» формуласын басшылыққа алып дамыды. Елдің экономикасындағы жетістіктер 2005 жылдан бастап реформаларды тереңдетуге, кеңейте түсуге мүмкіндік берді. Жалпыұлттық саяси реформалар бағдарламасын жүргізу Демократия мен азаматтық қоғам жөніндегі Ұлттық комиссияға жүктелді. Саяси реформалар Конституциядағы мемлекет принциптеріне негізделді. Қазақстан БАҚ-тың дамуына мүмкіндік туғызды. Қазақ, орыс тілдерінен басқа 11 тілде хабарлар таратылды. Корей, ұйғыр, неміс диаспораларының ұлттық газеттері болды. Қазақстанға басқа мемлекеттердің ақпараттық құралдары еркін таратылды. Солардың арасында әлемдегі ең ықпалды ақпараттық агенттіктер болды. Интернет қызметін пайдалану кеңея түсті. Тұрақты интернет пайдаланушылар саны 0,5 млн адамнан асты. Елдегі БАҚ құралдарының 80%-ы жекеменшікте болды. Оппозициялық бағыттағы БАҚ еркін жұмыс істеді. Жалпыұлттық демократиялық реформалар бағдарламасы алдағы 5-6 жыл мерзімді қамтитын болды. Бұл кең ауқымды жұмыс барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, саяси партиялар қызметін жандандыру, үкіметтік емес ұйымдар ықпалын көтеру, сот билігі тармағының тәуелсіздігін күшейту реформалары жоспарланды. Мысалы, 2005 жылы үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) түрлі жобаларына 473 млн теңге бөлінсе, бұл көрсеткішті 1 млрд теңгеге көбейту жос­парланды. ҮЕҰ-дар білім мен ғылымды, медицинаны дамытуға, барлық меншік формаларын қорғауға зор үлес қоса алды. 2005 жылы 29 қыркүйекте өткен Әлем қазақтарының 3-ші құрылтайы есте қаларлық оқиға болды. Құрылтайға әлемнің 32 елінен 300-дей делегаттар келді. Қытайда 1,5 млн, Өзбекстанда – 1,5 млн, Ресейде – 1 млн, Түркіменстанда – 100 мың, Моңғолияда – 80 мың, Қырғызстанда – 45 мың қазақ өмір сүріп жатты. Сонымен қатар Түркия, Иран, Ауғанстанда бірнеше мыңнан қазақтар болды. Осы қазақтар арасынан 14 жылда 110 мың 591 отбасы оралман болып еліне оралды. Бұл шамамен 500 мыңдай адамды құрады. Ел халқының құрамында қазақтардың үлес салмағы арта түсті. Елбасы оралмандарды жұмысқа орналастыру, үймен қамтамасыз ету мәселесінде Германия мен Израиль мемлекеттерінің тәжірибелерін үйренуді ұсынды. Тарихи Отанына қайтқан оралмандарға құрылыс саласында жұмыс табу оңай болды. Себебі Қазақстан алып құрылыс алаңына айналған ел еді. Елбасы құрылтай делегаттарына Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы Қазақстанның мемлекеттік шекарасы туралы келісімшартқа қол қойғанын жеткізді. Осындай күрделі жұмыс Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерімен жүргізілді. Сонымен 2005 жылы Қазақстан өзінің 14,5 мың шақырым болатын алып шекарасында бірде-бір даулы бөлшекті қалдырған жоқ. Ел шекарасының толықтай заңдастырылуы Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың ең бас­ты факторына айналды. Жер тұтастығы мен егемендіктің күшеюі ел халқының тілінің, мәдениеті мен дінінің өркендеуіне жол ашты. Халықтың санының өсуі, оралмандардың көптеп келуі Кеңестік дәуірдегі демографиялық диспропорцияны жоюға мүмкіндік берді. Тәуелсіздіктің 14 жылында елде 2 мың мешіт бой көтерді. Ислам мешітінің Орталық Азиядағы алғашқы университеті «Нұр-Мүбәрәк» жұмысын бастады. Астана көркейе түсті. 1997 жылы Астанада 220 мың адам тұрса, 2005 жылы 600 мың адамға жетті. 2005 жылы Қазақстан өзінің әлемдік қауымдастықпен белсенді қарым-қатынастарын тереңдете түсті. Елбасы Астанада 90-нан астам шетелдік делегацияларды, жоғарғы деңгейдегі ресми адамдарды, шетелдік елшілерді қабылдады. Елде 100-ден астам түрлі халықаралық шаралар өткізілді. Оларға әлемнің басым көпшілік мемлекеттерінің өкілдері қатысты. Шетел басшыларын қазақстандық реформалар тәжірибесі қызықтырды. Олардың барлығы дерлік ірі жобаларды бірлесіп жүргізуге мүдделілік танытты. Әлемдік қауымдастық Қазақстанның даму жолын «демократияға экономикалық өсу арқылы» жолы ретінде баға берді. Қазақстанның ішкі, сыртқы ахуа­лын әлем халықтары жаңа телеарна «CaspioNet» арқылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде біле алатын болды. Спутниктік жүйе арқылы әлемнің қай нүктесінде болмасын Қазақстан жаңалықтарын білуге мүмкіндік туды. Әлемнің 11 мемлекетінде Ресейде, Түркияда, Англия, Германия, Австрия, Швеция, Венгрия, Украинада қазақ ұлтының мәдени орталықтары жұмыс істей бастады.

С.Борбасов, саяси ғылым докторы, профессор

2215 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы